ӘКЕМДЕЙ БОЛҒАН ӘБЕКЕМ
30.10.2015
1724
0

l_f3b08b13

Өткен ғасырдың 60-шы жылдарының бас кезінде жоғары оқу орнына түспек ниетпен Алматыға келдім. ҚазМУ-дың журналистика факультетіне құжаттарымды өткіздім. Арада бір апта өткенде ел қатарлы емтихан тапсырдым, бірақ жолым болмады, ауылға қайттым.

Екі аралыққа бірер айды өткізіп барып, Райымбек ауданының (бұрынғы На­­рынқол) Са­рыжаз ауылындағы Рес­пуб­ли­калық дең­гейдегі жүйке ауруларын ем­дейтін ау­ру­ха­наға жұмысқа тұрдым. Бі­ріне-бірі жал­ғасқан жадағай күндер өтіп жатты. Қолым қалт еткенде ауылдағы кі­тапханаға бас сұ­ғып, газеттерді ақ­та­ра­тынмын, жаңа түс­кен кітаптарды үйге әке­ліп оқитынмын. Сон­дай күндердің бі­рін­де атақты ақын Әбу Сәр­сенбаевтың 1964 жылы «Жазушы» бас­пасынан жа­рық көрген «Жазылмаған дас­тан» дейтін кі­­табы қолыма түсті. Кітап­тағы «Шие аға­шы», «Ұлым туралы ой» атты поэ­ма­ла­ры­мен қатар, «Ақша бұлт», «Атырау тол­қын­дары», «Қиаш бойындағы толғаныс» деген жеке өлеңдері қатты ұнағанын ұмыт­қан емеспін. Әлгі кітаптың соңғы бетіне оқыр­манға арнап, «Осы кітап туралы ойыңыз­ды мына мекен-жайға жазып жібе­ріңіз­дер» деген ескертпеге орай авторға ар­нап хат жаздым. Шығармадан алған әсе­­рімді баяндадым. Бірақ даңқты жазушы ма­ған жауап-хат жазады деген ой үш ұйық­тасам түсіме кірген жоқ еді. Арада бірер ай өткенде Әбу ақыннан хат алдым. «Сен әдебиетке әуес бала көрінесің, ол үшін көп оқы, жаныңа жақын жақсы ақын­дардың жаз­ғанын қадағалап қарап жүр. Алматыға жо­лың түссе келгін. Есі­гіміз ашық» деп ізгі ние­тін таныта отырып, үйіндегі телефон нө­мірін де хатқа жазыпты. Ақын ағаның үйі­нің телефон нөмірі қо­лымда бола тұрса да, атақты адамды көр­мей тұрып, сөйлесуге батылым бармады. Араға үш-төрт ай салып барып, Ал­матыға жолым түсті. Бұл – 1965 жыл­ғы ақ­пан айының алғашқы аптасы еді. Ақын аға­ның құтханасында біршама уақыт бо­лып, жазған өлеңдерімді тыңдатып, өзі ұнат­­қан төрт-бес өлеңімді қалдырдым да, ауы­­лыма қайттым.
Әбу ақын секілді ардақты адамның жа­са­ған жақсылығын осы арада айтпай, қа­лай ғана қалтарыста қалдырайын. Әбе­кеңе қалдырып кеткен үш-төрт өлеңім Ал­маты об­лыстық «Жетісу» газетінің 1965 жыл­ғы 16-шы наурыздағы нөмірінде жа­рық көрді. Осындай қамқорлығы мен қайы­рымдылығы үшін Әбекеңді туған әкем­дей жақсы көріп кеттім.
Дәл сол 1965 жылғы жазда ҚазМУ-дың есі­гін қайта ашып, емтихан тапсыруға дайын­дала бастадым. Рас, Алматыға кел­ген күннің ертеңіне Әбу атаға арнайы ба­рып, сәлем бердім. Оқуға келгенімді баян­дадым. Бөлмеден сыртқа бет ал­ғанымда қарт ақынның: «Балам, үн-түнсіз кетпей, ха­барласып тұр», – дегені де есім­де. Сондай күндердің бірінде мені Әбекең атал­ған оқу орнының қазіргі Бөгенбай батыр (бұ­рын­ғы Киров) атындағы көшенің бойын­да­ғы бас ғимаратына ертіп апарды. Бірінші қа­баттағы шағын бөлменің есігін ашқа­ны­мыз­да, көздері баданадай, қою қара шаш­ты, ажарлы келген жігіт ағасы орнынан атып тұрып, Әбекеңе сә­лем берді. Жай­ға­сып отырған соң, негізгі бұйымтайына бұ­рылған Әбу аға жаңағы бейтаныс адамға менің  жай-жапсарымды баяндады. Сөз ара­сында бұл ағаң атақты жазушы, ғалым Зейнолла Қабдолов деп атап өтті. Жасырып, жабары жоқ, Зекең­нің қорғап, қол­дауы­мен сол жылы ҚазМУ-ға оқуға түстім. Оқып жүрген кезімде Зей­­нолла ағаммен жиі кездесіп тұрдым. Ұшы­раса қалғанда: «Әй, Әбекеңнің баласы, емтиханнан құлап, жы­ғылып-сүрініп жүр­ген жоқсың ба? Жағ­дайың қиындаса жа­сырма», – деп ағалық ақылын айтып, ар­қамнан қағып қоятын.
Бірде жақында ғана дүниеден озған ғалым, жазушы, ұс­­таз Тұрсынбек Кәкішев­тің емтиханынан сү­рінгенім бар. Мұны естіген Зекең ер­­те­сіне мені әріптесіне ертіп барды. Екеуі түй­дей құрдас болатын, содан да бо­лар, Зе­кең әріптесіне батыл сөйлеп, «Ей, Тұр­сынбек, бұл бала атақты ақын Әбу Сәр­­сен­баевтың номенклатурасында тұ­рады. Іздейтіні ірі адам», – деп әзіл­дегені бар. Мә­селенің мән-жайын түсін­ген Тұрсынбек аға менен теріс айналған жоқ, көмек қо­лын созды.
1977 жылы қараша айының алғашқы ап­­тасында Әбу аға ауылдағы маған телефон соқты. Мен ол кезде Райымбек ау­дан­­дық (бұрынғы Нарынқол) «Советтік ше­кара» газетінде қызметте едім. Аман­­дық-сау­лық­тан соң: «Балам, – деді Әбу аға әдеттегідей жұм­сақ үнмен. – Сен бір­сыпыра жылдан бері жыр жазып жүрсің. Өзің қатар­лы­лар­дың қайсыбірі таңда­малы кітабын шығарып алды. Дегенмен, әлі де кеш емес, жаз­ған­дарыңды жиып, ма­шинкаға бастырып алып кел. Жаңадан құрылған «Жалын» бас­­пасына ұсынып кө­релік», – деді.
Арада бір-екі апта өткенде Алматыға кел­дім. Әбу ағаның қасына ілесіп, «Жалын» баспасының босағасынан аттадым. Бізді аталған баспаның сол кездегі директоры, ақын Қабдікәрім Ыдырысов қа­былдады. Әбекең арқылы менің жай-жапсарымды ұққан директор: «Әбеке, бұл жаңадан құ­рылған баспа. Кітаптардың та­қырыптық жос­пары бекіп кетті. Сон­дық­тан бұл жі­гіт­тің жинағын келесі жыл­дың қоржынына қо­сайық», – деп қоштас­пақ ниетпен қолын ұсы­на бергенінде Әбекең: «Әй, Қабдікәрім, ме­нің байқауым­ша қағаз да, қаржы да тап­шы емес, маған деген көңілің тапшы бо­лып тұр-ау», – деп ор­нынан тұра бергені сол еді, директор ұшып түрегеліп: «Әбеке, мына сөзіңіз ар­қы­лы мені аттан аударып тас­тағандай бол­­дыңыз. Сәл отырыңызшы», – деді де, телефонмен бір адамды өзіне шақырды. Сәлден соң бөлмеге ақын Есләм Зікібаев келіп кірді. Осы арада оқырманға айтар бір сөз бар. Оны баспа директорының қа­был­дауынан соң барып білдім. Жоға­рыда аты аталған ақын Есләм Зікібаев осы баспадағы поэзия редакциясын бас­қарады екен. Кейін осы ақын ағамен ара­қатынасым жақсы болды. Бір мәрте На­рынқолға жолы тү­сіп, біздің үйден дәм татты. Алматыға қо­ныс аударғанымда кез­десіп, әңгіме-дү­кен құрғаным да есім­де. Өкініштісі – ол өмір­ден ерте өтті. Бәрі бүгінгідей көз ал­дым­да. Есләм ақын қо­лын­дағы қағазды ди­ректордың алдына қойды. Әлден уақытта үс­телдің үстіндегі қы­зыл қарындашты қо­лына алған Қаб­дікәрім аға бізге беймәлім біреудің атын сызып тастады да, маған қарап, аты-жө­німді сұрап, қағазға түсірді. Әбу ақынның жанашырлығы мен Қабді­кә­рім ақынның қайырымдылығының арқа­сын­да алғашқы жыр-жинағым «Тұңғыш» деген атпен 1978 жылы жарыққа шықты. Одан кейін де осы баспадан «Шалқия», «Жыр­ға сапар» дей­тін екі жинағым жарық көрді.
Әбекең жаны нұрлы, жүрегі жұмсақ, ар­­дай таза адам еді. Оның бойындағы асыл қасиетті, таңғы шықтай тазалықты жаз­­бай таныған тамаша ақын Хамит Ер­ға­лиевтың:
Әбу ақ шағала желкеннен де,
Қуанғанда сүйеді ол желкеңнен де.
Ақша бұлтқа қарайды аспандағы,
Жердегі бір пасықтан жеркенгенде, –
деп жырлауында терең мағына жат­қа­нын көзіқарақты оқырман сезінер деп ойлаймыз. Ал ақиық ақын Қадыр Мырзалиев:
Әбеке орның бөлек қой,
Бөлек қой орның әманда.
Құдайдай адам керек қой,
Құдайсыз мынау заманда! –
деп өлеңмен өрілген ойын Әбекеңе арнауында ақын ағасының адал, турашыл адам екенін еске салып тұрғандай.
Әбекең қайырымды жан еді. Қолына қа­лам ұстаған қазақтың ұл-қызына кө­мегін аямайтын. Олардың қайсыбірінің жаз­ған­да­рына сәт-сапар тілеп, аталық ақ батасын беріп отыратын. Әбу ақынның сонау 1936 жы­лы шаңырақ көтерген қазіргі «Мектеп» бас­пасының тұңғыш директоры екенін бүгін біреу білсе, біреу біл­мейтін. Қан са­пырған қасіретті со­ғыс­қа бастан аяқ қатысып, Алматыға аман-сау оралған соң, «Көркем әдебиет» баспасын (осы күнгі «Жазушы») 12 жылдай бас­қарып, талай та­лантты қалам­гер­дің жо­лын ашқанын атап кетсек артық болмайды. Менің жерлес ағам, даңқты жазушы Бердібек Соқ­пақбаевтың бірде: «Мен әдебиеттегі жолымды ақындықтан бастағанмын. Сонда қайырымды қалам­гер Әбу Сәрсенбаев өзі басқарып отырған баспадан «Бұлақ» дейтін өлеңдер жина­ғым­ды шығарып беріп, ең­бе­гімді жандыр­ғаны жадымда жүр», – деген еді. Әбекең маған туған әкемдей жақ­сы­лық жасады. Жоғары білім алуыма, жыр-жинақтарым­ның жарық көруіне жәр­демдесті. Бір мен ғана емес, өзге де қалам иелеріне қайы­рымдылық көрсетті. Әбе­кеңнің алдындағы қарызымды қаншалықты қайтарғанымды ашып айта алмаймын.
Әбу ағаның жан жары Ләзиза Сер­ға­зи­на апай қаламы қарымды журналист бо­­ла­тын. Ол кісі «Жетісу» және қазіргі «Еге­­мен Қазақстан» газеттерінде көп жыл ең­бек етті. Өмірінің соңғы жылдарын­да «Қа­зақ­стан әйелдері» журналында жауапты хат­шы болды, аудармамен айна­лысты. Әбе­кеңнің жан жары мен отба­сын­дағы сый­ластығы, тату-тәттілігі кісі қы­зығарлық­тай еді. Ләзиза апамыз 76 жа­сында өмір­ден озды. Көзі тірісінде көп­теген дәмді ма­­­қалалар, көркем әң­гімелер жазды. Жан жарының сол жаз­ғандарын електен өт­кізген Әбекең «Түнгі жыландар биі» деген ат­пен Ләзекеңнің бір кітабын «Жазушы» баспасынан жа­рыққа шығарды. Бір шаңы­рақтың астында ғұмыр кешкен ерлі-зайып­ты­лардың сыйластығы осындай-ақ болар.
Әбу ақын қысқа лирикалық өлеңдер­мен қа­тар, «Ақмаралдың жүрегі», «Шие ағашы», «Жазылмаған дастан», «Қасиетті ма­хаббат» секілді шоқтығы биік поэмалар жазды. Әбе­кең проза саласында да ерен еңбек етті. «Толқында туғандар», «Теңіз әуендері», «Офи­цер күнделігі», «Жауын­гер монологі», «Ба­тырлардың ізімен», «Ұстаздармен тұс­тас­тар» секілді құ­нар­лы шығармалар дү­ниеге келді. Әбе­кеңнің қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегі лайықты бағаланды. Оған Қа­зақстанның Халық Жазушысы атағы бе­рілді. 1-ші Дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, Ха­лықтар достығы, «Қызыл жұл­дыз», «Құр­мет», «Парасат» ордендерімен ма­ра­патталды. Әбу ақынның қан майданда жү­ріп жазған атақты «Ақша бұлт» атты өле­ңін үлкенді-кішілі қазақ оқырманы жақ­сы біледі. Аталған өлең туралы ке­зін­де классик жазушы Ғабит Мүсірепов жо­ғары баға берген болатын.
Әбекең 90 жасқа толып барып, өмір­ден озды. Бүгінде Алматыда, Атырауда бір-бір кө­ше, Құрманғазы ауданындағы бір мектеп ақынның есімімен аталады. Алматы­да­ғы ұзақ жыл тұрған үйінің қа­бырғасына ескерткіш тақта орнатыл­ған. Әбу Сәрсен­баев 1905 жылы дүниеге кел­ген, туғанына 110 жыл толуына орай, үкімет тарапынан ақын­ның 7 томдық шы­ғармалары жарық көр­мек. Ақын аға ұзақ ғұмыр кешті. Өзі танып білген жандардың тағдыры жайлы жыр да, мақала да жазды. Солардың қай­сыбірі кітаптарына кірмей, мұрағатында қалып қойыпты. Сол дүниелерін іріктеп-сұрып­таған қызы Райхан апамыз кейінгі жыл­дары әкесінің бірсыпыра шығар­ма­ларын баспасөз бетінде жария етті. Ақын­ның алдағы ке­зең­де жарық көретін 7 том­дық шығар­маларын да баспаға Райхан Әбуқызы әзірледі.
Теңіз жағасында дүние есігін ашып, ес біліп, етек жапқанда әкесімен бірге теңіз­ге шы­ғып, балық аулап, көзін еңбек­пен аш­қан ақын ғұмыр бойы теңізді жыр­лап өтті. Атыраудың ақжал толқынындай буырқанған бұйра шашын желге желпіп, айналасын адам таңғалардай әсемдік әлеміне айнал­дырған ардай таза ақынды енді қайтып кө­ре алмайтынымыз жанға батады. Дегенмен, әкемдей болған Әбе­кеңнің артында том-том шығармалары қалды. Сол шы­ғар­малардың қазақ хал­қымен бірге жасай бе­ретініне сеніміміз берік. Шүкіршілік ете­тініміз де осы ғана.

Мінуар Әкімханов,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір