ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ЖАН ІЛІМІ
30.10.2015
3177
0

I. Қазақ халықтық психологиясының бел-белестері

182449_1432854023_3-___________3Қазақ жерінде психологиялық ой-пікір­лердің үдере дамуының басқа Ортаазиялық ағайындарға (қырғыз, өзбек, түрікмен, т.б.) қа­рағанда өзіндік бірнеше ерекшеліктері бар. Соның ең бастысы – ұлан-ғайыр жерді мекендеген балажан, ақкөңіл, төзімді хал­қымыз өз ұрпағын жақсы адам, абзал аза­мат етіп тәрбиелеуге ерекше мән беріп, мұны басты мақсат тұтқан. Қазақ  даласын­дағы жау десе қару-жарағын сайлап, ел де­се еңіреген ерлер, әділдік пен шындық, адам­дықты ту еткен ақын-жыраулар, бар­ма­ғынан бал тамған ісмерлер мен зергерлер, от ауызды, орақ тілді би-шешендер мен ақылман ақсақалдар, еміренген абзал ана­лар ғасырлар барысында сұрыптала қа­лыптасқан қазақи тәрбиенің жемісі екендігі хақ. Келесі ерекшелігіміздің тағы бір дерегі қазір «Мәдени мұра» аясында жарық көріп жатқан 100 томдық «Бабалар сөзі» болса керек. Қазақ халқындай фольклор мұра­сы­на аса бай елді әлемнен табу қиын. Ал «фольк­лор – халық психологиясының айнасы» дейтін қағида ертеден айтылып жүр.
Қазақ топырағы жантану ілімі жайында же­ті трактат жазған әл-Фарабидей ой алыбын тудырғаны да, мұның психологиялық ой-пі­кірлерінің үдере дамуына айтарлықтай әсер еткені де даусыз.
Егемен, тәуелсіз Қазақ елі жағдайында қазір жалпыадамзаттық құндылықтарға қол жеткізіп, біртұтас мәдени жүйе қа­лып­­тастыру үшін өткен жолымызды, шық­қан тегіміз бен биігімізді бағалай білуіміз қажет. Өйткені, өткенін бағалай білмейтін ел келешегін де болжай алмайды. Біздің өт­кен жолымыз, шыққан биігіміз – Еуразия даласын дүбірлете өтіп, Еуропа әле­мін оятқан жасампаздыққа толы тарих.
Ежелгі ата-бабаларымыздың күмбір­ле­ген күміс күйімен, жан тебірентерлік сы­бызғы үнімен, асқақтата салған әсем әні­мен, ғашықтық, лиро-эпос жырымен, «қыс­­қа болса да, нұсқа» мақал-мәтелімен, ше­шендік сөз, айтыс, жырларымен сан ға­сырлар бойы өз ұрпағын «сегіз қырлы, бір сырлы», өнегелі де, өнерлі, имандылық-адамгершілік ар-ожданы жоғары, намыс­қор азамат етіп тәрбиелеп келгені психо­ло­гиялық тұрғыдан аса мәнді тарихи де­­­­­рек.
Халқымыздың психологиялық ой-пікір та­рихының қалыптасып, даму жолын қа­зақ елінің азаматтық тарихымен орайлас­тыра отыра, бұл үрдісті негізгі төрт ке­зең­­ге бөліп қарастыруды ғылыми тұр­­­ғыдан дұрыс тұжырым деп есептейміз.
Мұның бірінші кезеңі – VІ-ХIV ғасыр­лар­дан басталатын қазіргі түркі тектес ха­лықтардың бәріне ортақ психологиялық ой-пікірлердің ілкі бастау, түп-төркініне ежел­гі түркі ескерткіштері «Күлтегін», «То­ныкөк», «Білге қаған», Орхон-Енисей жазу­лары мен Қорқыт ата, Әбу Насыр әл-Фа­ра­бидің, Ж.Баласағұни, т.б. та­ғы­лым­дарын жатқызу ләзім.
Екінші кезең – қазақ хандығының құ­рылу дәуірінен басталып, Қазан төң­ке­рісіне дейінгі психологиялық ой-пікір­лер­дің дамуын қамтыса, үшінші кезең – психология ғылымының кеңестік Қазақстанда маркстік идеялармен рухтанған, яғни ком­мунистік идеологияның дәурендеген кезеңіне тұстас келеді. Төртінші кезең – бұл – тәуелсіздік жылдарынан бастау ала­тын, қазіргі егемен елдің психологиясы.
XV ғасырдың бірінші жартысындағы пси­­хологиялық ойлар дала философы атан­ған Асанқайғы толғауларында, қара үз­ген шипагер Өтейбойдақ Тілеуқа­был­ұлының «Шипагерлік баянында» ерекше кө­рініс тапқан. Дала ғалымы аталған ең­бегінде адамның жан құбылыстары (түй­сік, ойлау, сөйлеу, қиял, дағды, мінез, қа­­­білет, т.б.) туралы біраз мағлұматтар кел­тіреді. Ғұлама адамның иіс түйсігін – мүңк (қазіргіше иіс), татым (дәм), ойлауды «ойламалық», сөйлеуді «сөйлемелік», ми­ды «мияқ» атауларымен өрнектейді. Ол өзі­нен бұрын өмір сүрген ұлы ғұлама­лар­дың (әл-Фараби, Жүсіп Баласағұни, т.б.) жан туралы түсініктеріне сүйене келіп, дү­ниедегі тіршіліктің басқарушысы, рет­теушісі жүрек десе де, мидың атқаратын ролін жоққа шығармайды. Оның адам есіне, ойлауына байланысты ой-түйіндері мен келтірілген нақты мысалдары қазіргі ғылым тұрғысынан дәйекті де нанымды. Осындай психологиялық ой-пікірлерді екін­ші дала ғалымы Мұхаммед Хайдар Ду­лати да айтқан. Оның қазақ халқының өзіндік психологиясы, ел басқару, дін мен денсаулық, ұрыс жүргізу туралы айтқан­дары психологиялық тұрғыдан ерекше назар аудартады.
Дала психологиясы тұрғысынан қа­ра­ғанда ерекше орын алатын, елді таң­қал­ды­ратын жайт – бұл қазақ хандарының жан ілі­мінен жақсы хабардар болғандығы. Мә­селен, Жәнібек ханның түйіндерінде, қазіргі тілмен айтқанда, психогигиеналық, психопрофилактикалық ұстанымдар бай­қалады (Шипагерлік баян. Ө.Тілеуқа­был­ұлы. Алматы, «Жалын». 1996, 43-б.). Ол «Же­ті атаға толмай қыз алыспауға, адам­дар­дың бір-бірімен сүйіспеуіне, зина­қор­лық­қа бармауға және кез келген үйде та­залықтың сақталуына пәрмен беріп, үкім шығарады. Ал мұны орында­ма­ған­дар­ға өте қатал жаза қолданған (мас­қа­ралау, дүре соғу, дарға асу, т.с.с). Осындай елдегі тұрақтылықты сақтау үшін, заң нор­маларын дала өркениетіне сіңіру не­гізінде дайындалып, сол кезеңдерде Ата заңға айналған кодекстердің ішінде: «Қасымханның қасқа жолы», «Есімханның ескі жолы», Тәуке ханның «Жеті жарғысы» бұ­қара халықтың тіршілігіне қажетті гу­манистік идеялардан туындаған, әлеу­меттік мәні осынау қағидалар дала пси­хологиясында ұрпақтар сабақтастығының болғанын дәлелдейді. Мұның бәрі ха­лықтың өмірі мен тұрмысына деген үлкен қамқорлықтан туындағанына еш күмән жоқ.
Елімізде инновация ұғымы ертеден, сонау Қасымханның тұсында Керей мен Жә­нібек хандар Шу мен Талас бойын­да­ғы елмен шектелмей Ұлы Даланың әр түкпірінде тарыдай шашылған ұлыстардың басын біріктіру үшін, қазірше айтқанда, мем­лекеттік басқару мен салықты әкім­шілендірудің жаңа үлгісін, экономикалық ықпалдастықтың жаңа түрін қалыптас­тыр­ғанын байқатады. Осының нәтиж­е­сін­де қысқа уақыт ішінде жаңа хандыққа бірік­кен халық саны миллионға жеткен. Инновацияның түрлері көп емес пе? Мұ­ны ұйымдастырушылық инновация деуі­мізге болады.
Ал қазіргі кезде бірімен-бірі жарыса шы­ғатын заңдар мен заңнамалық акті­лер­ден және күнде ауысатын үлкен-кіші басшылардан халыққа келетін пайдалы түйіндер мен істер жоққа тән.
XVIII ғасырдағы Тауасарұлы Қазыбек би­дің «Түп тұқияннан өзіме шейін» дейтін еңбегінде сол заманның әлеуметтік, рухани өмірін баяндаумен бірге жекелеген пси­хологиялық мәселелері әрі қазақ хал­қы­ның соғыстық өнерінің психологиялық жақ­тары сөз болған. Сөйтіп, жауға қарсы ұрыс салудың оннан астам әдістері («ошақ соғысы», «ай қораланды», «қаша ұрыс салу», «жүре соғысу», «қоян-қолтық соғыс», «шұ­быртпалы соғыс», «екі аша соғысы», «үш тоғыс соғысы», «аламан соғыс», т.б. со­­ғысу тактикалары) баяндалған. Хал­қымыздың осындай жауынгерлік тактикасын кешегі Ұлы Отан соғысында Бауыржан Момышұлы сынды батыр тұлғалар ұрыс даласында жаңаша тактикалық әдіс ретінде қолданғаны даусыз.
Халқымыздың азулары алты қарыс фи­лософ-жыраулары – Шалкиіз, Жиембет, Ақтамберді, Шал ақын, Бұқар Қал­қа­манұлдарының көшпенділер психоло­гия­сының сан қырларын суреттейтін тол­­ғау­лары дала дипломаттары атанған ұлы үш биіміз – Төле би, қаз дауысты Қа­зыбек би, Әйтеке билердің психологиялық тұрғыдағы аса құнды ойларымен тоқай­ласып жатқаны рас.
ХІХ ғасырдың екінші жартысындағы психологиялық ой-пікірлердің дамуы қа­зақ­тың үш ой алыбы – Ыбырай, Шоқан, Абай есімдерімен байланысты екендігі бел­гілі.
ХХ ғасырдың бірінші ширегіндегі пси­хо­логиялық ой-пікірлердің дамуына – Ш.Құдайбердіұлы, С.Торайғыров, А.Бай­тұрсынов, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Мәшһүр Жүсіп Көпеев, т.б. еңбек­те­рі зор әсерін тигізді.
Қазақ топырағында XX ғасырдың ба­сында тәлімдік ой-пікірлерімен ұлттық ко­лоритке толы психологиялық көзқа­рас­тарымен барша жұртты тәнті еткен, қазақ жантану ілімінің көшбасшысы ретінде танылған Ж.Аймауытовпен қатар оқу-тәрбие ісіне тікелей қатысты педагогика­лық психологиялық тұрғыдан ерекше ден қойып, М.Жұмабаевтың қосқан үлесін ерек­ше атап өтуге болады.
Ж.Аймауытовтың психология сала­сын­дағы еңбектерінің («Тәрбиеге жетек­ші», «Психология», «Жан жүйесі және өнер таңдау», «Комплекспен оқыту жолдары», т.б.) басты бір ерекшелігі – бұлар төл тілі­міздегі тұңғыш психологиялық туындылары болуымен қатар бұрынғы Кеңес елін ме­кендеген түркі тілдес халықтар ­тіл­де­рінде (қырғыз, өзбек, түрікпен, әзір­бай­жан, қарақалпақ, татар, башқұрт, т.б.) ал­ғаш жарық көрген бірден-бір ғылыми ба­сылымдар екендігінде.
М.Жұмабаев сынды жыр дүлдүлінің тә­лім-тәрбие ғылымының (педагогика, пси­хология, т.б.) теориялық мәселелеріне бой ұруы аса таңғаларлық жайт. Өйткені, бұл салада ғылыми еңбек жазған әлемдік ақын-жазушылар некен-саяқ. Осы тұр­ғыдан алғанда Мағжанның «Педагогика» (1922-1923 ж.ж.) атты кітап жазуы өмірде өте сирек кездесетін, тек аса талантты, данышпан адамдарға ғана тән қасиет.
Кеңестік кезеңде Қазақстанда психология ғылымының дамуына өзіндік үлес қо­сып, осы салада артына мол мұра қал­дырған академик Т.Тәжібаев екені бел­гілі. Қазақстандағы ғылыми психология­ның дамуына ерекше үлес қосқан енді бір ғалым – М.Мұқанов. Оның 1979 жылы жарық көрген «Дәстүрлі мәдениет өкіл­де­ріндегі когнитивті эмпатия мен рефлек­сияның зерттелуі» атты ғылыми мақаласы мен 1980 жылы жарық көрген «Ақыл ой-өрісі» кітабы – Қазақстан психологиясына қосылған құнды мұра. Ол өзінің артына 10-нан астам жеке кітап (оқу құ­рал­дары, монография, әдістемелік жи­нақ­тар, т.б.) қалдырды. Ғалым тота­ли­тар­лық жүйенің қылышынан қан тамып тұрған кезінде-ақ ешкімнен тайсалмай, жасқанбай қа­зақ­тардың ұлттық психологиясын зерттеуге бар­ды. Өзінің 20 жылға созылған этноп­сихологиялық зерттеу­лерінде қазақ хал­қының сонау ерте за­ман­дардың өзінде-ақ ой-өрісі өте жоғары болғанын экс­перимент арқылы дәлелдеп берді.

II. Қазақ психологиялық қоғамы

Соңғы кезде қазақ елінің бас ұранына ай­налған, тұңғыш мемлекеттік ресми идео­логия, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жа­риялануы әлемдік кеңістікте түркі­тіл­дес елдердің бірлігіне негізделген идея­ның ортақ психологиялық үндестігінің бар екенін жақсы байқатады.
Елбасы жариялаған «Мәңгілік Ел» идея­сы – қазақ өркениетінің, сайып кел­генде, оның сан ғасыр бойына қордалан­ған психологиялық ой-түйінділерінің алтын діңгегі.
«Мәңгілік Ел» – түрік жұртының дана­гөйі, үш бірдей қағанның кеңесшісі бол­ған атақты Тоныкөк (Тұй-ұқық) негізін қа­лаған идея екендігі белгілі. Елтеріс Құт­лық қаған екінші Түрік қағанатын құр­ғаннан кейін Тоныкөк «Мәңгілік Ел» идеясын қолға алады. Түрік елінің билігі деп осы­дан 14 ғасыр бұрын жарияланған идея­ны, елдің қауіпсіздігін қамтамасыз ете­тін геосаяси және ішкі, сыртқы қор­ға­ныс шеңберін жасау арқылы Көк Түріктер жүзеге асырды. Сол идея, сол мұрат бү­гін­гі қазақ елінің бас ұранына айналуда.
Көк түркілердің ұраны болған «Мәң­гілік Ел» идеясы сол кездегі саяси әскери психологиялық ұстанымдардың болғанын, ел басқару жүйесінде ішкі тұрақтылыққа негізделген ортақ идеология.
Дала өркениетінде дүниетанымдық идеялардың пайда болуына себепші бол­ған ішкі беріктікке ұмтылған, жан ты­ныш­тығы мен ел бірлігін дәріптеген ойшыл ғұламалардың психологиялық мұрасы ұшан-теңіз деуге болады. Мысалы, атақты сазгер, ғұлама Қорқыт бабамыздың өлім­ге қарсы тұрып, мәңгі өмірге ұмтылуы сол замандағы ел билеушілерінің, ха­лықтың мәңгі өмір сүруін арманда­ғанының дә­лелі. Қорқыттың мәңгі өмірді іздеген идея­лары Жерұйықты іздеген Асан­қай­ғы­ның армандарымен сабақтасып жатыр.
Қазақтың халықтық психологиялық ой-пікірлерінің қалыптасуы сонау VI-VIII ғасырлардан басталып, XX ғасырдың 20 жыл­дарында орта ұлттық ғылыми психо­ло­гиясына ойысты. Үстіміздегі XXI ға­сыр­дағы қазақ психологиясын өрістету – бізден кейінгі ұрпақтың еншісі болмақ.
Кеңес үкіметі аясында психология ғы­лымының дамып, өркендей түсуіне бі­раз тұсау салынып, кедергілер болғаны да рас. Мәселен, 1947 жылы КазГУ-де ашыл­ған логика және психология бөлімі 1953 жылы жабылды. Содан 35 жылдан кейін ғана (1988) жұртшылықтың үлкен дабылынан кейін орыс тілді 25 шәкіртке пси­хологиядан білім алуға мүмкіндік ту­ды. Ал оның қазақ бөлімі төрт жылдан ке­йін ғана ашылғаны бізді ойлантады.
Осы кезге дейін елімізде психоло­гия­лық ғылыми-зерттеу институты түгіл дер­бес кафедралардың өзі саусақпен са­нарлық. Бұлардың өзі де әлі күнге дейін АҚШ пен Батыстың ықпалынан шыға ал­май келеді. Психологиялық кадрлар (бакалавриат, магистратура) республиканың 13 университетінде даярлануда. Бірақ бұларға берілетін гранттар өте аз. Сон­дық­тан бұл мамандыққа келушілердің қа­тары жыл сайын кеми түсуде.
Психология ғылымының жағдайы елі­міз тәуелсіздік алғаннан кейін оңалар де­ген үмітіміз де әзірше ақтала қойған жоқ. Осы айтқанымызға дерек келтірсек, олар мына төмендегілер:
Біріншіден, тәуелсіздік алғаннан кейін осы ғылымды елімізде дамыта түсу жо­лын­­да біздер, ғалымдар біраз әрекет­тен­дік. Алдымен Алматы облыстық қауым­дас­тығы (1991 ж.), кейінірек, академик Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология орталығы (1998 ж.) ұйымдас­ты­рыл­ды. 14 рет ғылыми конференциялар өткі­зілді. Олардың төртеуі халықаралық, тоғызы республикалық деңгейде. Бір әттеген-айы, Орталық ұйымдастырған осы шаралардың бірде-біреуіне мемлекет тарапынан, нақ­тылап айтсақ, Білім және ғылым ми­нистр­лігінен қолдау болмады.
Екіншіден, өркениетті елдерде жас ұр­паққа психологиялық білім беру ертеден келе жатқан дәстүр және ол жақсы жолға қойылған. Бізбен тағдырлас Ресей, Украина, Өзбекстан, Армения, т.б. ТМД елдерінде психология пәні орта мектептерде оқытылып жүр. Біз де осы үрдіске үн қосып, 1994 жылы психологиядан «Әдеп және жантану» атты оқу құралын хрес­томатиясымен қоса, әрқайсысы 100 мың данамен жарыққа шығардық. Бірақ, бұл пән әр түрлі себептермен Қазақстан мектептерінде оқытылмай келеді. Кейін­нен аталған оқу құралы 2 мәрте («Жан­тану­ға кіріспе», 2000 ж., «Қазақ этнопси­хологиясына кіріспе», 2014 ж.) тағы да жа­рық көргенімен алғашқы басылымның күйін кешіп,мектептерде әлі де оқы­тыл­майтыны өкіндіреді.
Үшіншіден, қазақ елінде психология­ның ғылыми-зерттеу институтын ашу мә­селесін көтергенімізге де 25 жылдай уа­қыт өтті. Бұл мәселе де әзірше шешімін тап­пай отыр.
Төртіншіден, психология пәнін жоға­ры оқу орындарында оқытудың көпжыл­дық тәжірибесі бар екені белгілі. Ал не­сие­лі оқу­ға көшуге байланысты осы пән келешек мамандар үшін керексіз ғылым­ға ай­нала бастады. Мәселен, университеттерде бұрын жеткілікті көлемде оқыты­лып келген психология академиялық пән (қазір 15 сағат көлемінде оқытыла­ды), арнаулы курстардың оқу жоспарынан алы­нып тасталғаны түсініксіз. Ал ұлттық психология курсын оқытуға байланысты «әл-Фарабидің психологиялық жүйесі», «Қазақ психологиясының тарихы», «Салт- дәстүр психологиясы», «Қазақ этнопсихологиясы (қазақ,орыс тілдерінде жарық көр­ген оқу құралдары мен бағдар­ла­малары) психология бөлімдерінде оқыту жоспарынан неге алынып тасталған?!
Бесіншіден, Қазақстанда сегіз мың­дай мектепте үш миллиондай оқушы бар десек, бұл салаға мыңдаған педагог-пси­холог мамандар қажет екені белгілі. Бұл мә­селе ТМД елдерінде жақсы жолға қойыл­ған. Мәселен, Ресейдің әр губер­ния­сындағы жоғары орындарында психология факультеті, оларда мыңдаған жас мамандар даярланады, алпыстан астам психология кафедралары, бірнеше ғы­лыми-зерттеу институттары, 70 мыңға жуық психолог мамандары бар. Бізде бұл көр­сеткіш өте мардымсыз, ал ЖОО-дары арқылы психолог кадрларын даярлау ісі сын көтермейтінін жоғарыда айттық.
Айта берер болсақ психология ғылы­мының дамуына кедергі келтіріп отырған көлеңкелі мәселелер баршылық. Бұл жай­лар ұлттық мемлекетте, тәуелсіз елі­мізде осы ғылымды тікелей қамқорлыққа алатын психологиялық Қоғамның керек екенін айқындай түседі.
Бір сөзбен айтқанда, халқымыздың пси­­хологиялық сауаттылығын арттыру­жә­­не психологиялық мәдениетін көтеру үшін Қазақ психологиялық қоғамының құрылуы өмір талабынан туындаған қа­жет­тілік екені шындық.
2015 жылдың 15 мамырында академик Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология және этнопедагогика оқу-зерттеу орталығында ҚР Әділет министрлігінде бекітіліп (2015 жылдың 21 сәуір), тір­келуіне байланысты Қазақ психологиялық қоғамының тұсаукесері болды. Бұған Алматы қаласындағы ЖОО және орта, арнаулы оқу орындарының оқытушылары, ғылым кандидаттары мен докторлары, профессорлар мен доценттер қатысты.
Жиынды кіріспе сөзбен Орталықтың ғы­лыми жетекшісі, профессор Қ.Жа­рықбаев ашты. Ол өз сөзінде: – Әділет ми­­нистрлігінің Қазақ психологиялық қоға­­мының Жарғысын бекітуі айтарлық­тай оқиға. Қоғамды құруға мүмкіндік бер­­­ген қазақ халқының сан ғасырлық, бай психологиялық мұрасы. Көптеген объек­тивтік және субъективтік факторлар (елі­міздегі аштық, репрессия, геноцид, т.б.) қазақтың ғылыми психология­сының дамуын біраз тежеп келген еді. Өткен ғасыр­дың 20 жылдарынан бастап ол дербес ғылым ретінде жұтшылыққа белгілі бола бастады. Қазіргі кезде елі­міз­де 40-қа жуық психология ғылым­дарының докторлары мен профессорлар, 150-ден астам психология ғылымының кандидаттары мен доценттері бар. Бұл арада ерекше атап өтетін жайт – елімізде психология саласындағы ғылым доктор­ларының саны Орталық Азиядағы 4 рес­публикалармен, Әзірбайжан еліндегі осы мамандық өкілдерінен сан жағынан асып жығы­ла­тындығы. Бұл бізге үлкен мақ­таныш болу­мен қатар құрылып отырған Қоғамның ғылыми потенциа­лының жоғары екенін көр­сетеді.
Қазақ психологтары әртүрлі халық­ара­лық ғылыми конгрестерге қатысып, баян­дамалар жасап жүргендігі, алыс-жа­қын шет елдердің психологиялық орта­лық­тарымен ғылыми шығармашылық бай­ланыста екендігін атап кеткеніміз аб­зал. Қазақ елінде кеңес дәуірінде де КСРО психологтар қоғамының Қазақстан­дық бөлімшесі болған. Ол 1958 жылы қыр­күйекте құрылып, 1991 жылы желтоқ­санда өз жұмысын тоқтатқан болатын.
Елбасы Н.Ә.Назарбаев біздерге өрке­ниетті 30 елдің қатарына қосылуға бағыт бе­ріп отыр, ал бұған кіру – елімізде пси­хо­логиялық қоғамның болуында қажет ететіндігінде. Бұл жайт келешекте осы қо­ғамның бүкіл дүниежүзілік психоло­гия­лық қоғамдарды (олар 100-ден астам) біріктіріп отырған халықаралық ғылыми психологияның қауымдастығына мүше болып енуге түрткі болу – осы Қоғамның не­гізгі мақсаттарының бірі.
Пленумда Қазақ психологиялық қоға­мының негізгі мақсаты – Республика хал­қына психологиялық ілім-білім­дерді на­сихаттау, елімізде психоло­гиялық мә­дениетті қалыптастыруға ықпал ету екен­дігі баса айтылды.
Болашақта Мәңгілік елде жайсаң жан­дар қатары көбейе түссін десек
пси­хо­логияның теориялық және қолдан­балы проблемаларына ерекше назар аударуымыз қажет болып тұр. Осылардың ішінде негізгілері мына төмендегілер дер едік:
– «Қазақстан ұлты»  атты қауымдастық­тың қалыптасуының психологиялық механизмдерін зерттеу;
– «үш тұғырлы тіл» проблемасы, оның білім беру процесіндегі роліне психо­ло­гиялық сараптама беріп, негіздеу;
– полиэтностық қоғамдағы аралас некенің сыр-сипатын психологиялық тұр­ғыдан талдау;
– республикамызда тұратын әр түрлі этностардың ерекшеліктерін, оларды бір­тіндеп біртұтас қауымдастыққа бірік­тіру мәселесінің психологиялық астарларын зерттеу;
– мемлекеттік тілдің қалыптасу бары­сындағы түрлі түйткілдердің себептерін психологиялық тұрғыдан зерделеу;
– қазақ   халқының ұлттық мәде­ние­тінің сан-саласы, түрлеріне (айтыс, ән-күй, му­зыка, т.б.) психологиялық зерттеу жүр­гізу;
– еліміздегі әр түрлі діндердің, әсіресе мұсылман дінінің психологиялық астарларын қарастыру;
– коррупцияны (сыбайлас  жемқорлық) психологиялық проблема ретінде зерттеуге алу;
– экстремистік, террорлық, теріс діни ағымдардың ықпалына түсіп кеткен ин­дивидтерді түрлі әдістермен қоғамнан оқ­шаулау, оларды дұрыс жолға түсірудің пси­хологиялық механизмдерін талдауға алу;
– түрлі деңгейдегі қылмыскер а­за­мат­тардың іс-әрекетін пенитенциарлық пси­хо­логия аясында зерттеу;
– ақ халатты адам жанына араша бо­лып жүрген жандардың, жас ұрпақты жа­ра­сымды мінез-құлыққа тәрбиелеп жүр­ген ұстаз, тәрбиешілердің психология­сын зерттеу де үнемі назарда болатын пси­х­ологиялық проблема, т.б.
Осы секілді Қа­зақстанға тән проблемалар әлемдік психологиядағы тарихи-мәдени және іс-әрекеттік, теориялық тұр­ғысынан зерделенбесе, бұлардың жү­зеге асуы тек концепциялар, бос сөз бо­лары хақ дегіміз келеді.
Жеріміздің ұлан-ғайыр кеңдігі ғасыр­лар бойы қалыптасқан имандылық пен дар­қан­ды, қайырымдылық пен адам­ға де­ген мейірімділік, қазақ биос­фера­сының өзіндік ерекшелігі. Жой­қын соғыс пен ашаршылыққа, жұтқа ұшы­рау­дың салдарынан ғасырлар бойына тір­нектеп жинаған тәлім-тәрбиелік мұ­ра­лары ұр­пақтан-ұрпаққа жеткізілуі тиіс. Мың өліп, мың тірілген ке­зеңдегі төзімділік пен шыдамдылық біздің ұлттық мінезіміздің жоталы беттері, халқымыздың ұлттық мақтанышы болумен қоса, алдағы уақытта тереңдете зерт­теуді қажет ететін психологиялық проб­лемалар.

Құбығұл Жарықбаев,
педагогика ғылымдарының
және психология ғылымдарының докторы, Қазақстанға еңбегі
сіңген ғылым және техника қайраткері, академик,
Т.Тәжібаев атындағы Этнопсихология және

этнопедагогика орталығының ғылыми жетекшісі,
профессор.

Мұқан Перленбетов,
Қазақ психологиялық
қоғамының президенті,
психология ғылымдарының докторы, профессор,
Қазақстан Ұлттық
жаратылыс­тану ғылымдары Академиясының академигі.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір