Әмбиенің емі
25.10.2015
2468
0
709262_249051128_066_Asabaev_ZakirӨзбекшеден аударған
Зәкір АСАБАЕВ.
Күркілдекте біреу пайда болды. Анау-мынау емес, нағыз әмбиенің өзі дерсің. Барлық кеселді емдеп, жазып жібереді-мыс. Сондықтан оны алыс-жақыннан іздеп келушілерде сан жоқ деседі. Ауланың іші-сырты құжынаған машина көрінеді. Тек ақша берсең бітті, көзі ашық «әулиенің» көмегі қолма-қол әзір. Ал енді ол өзі әлемнің ең алыс түкпіріндегі тып-тыныш жатқан осынау мекенге қай жерлерден келді екен? Дұрысы, бұл жөнінде Рәбия тәтейден сұраған мақұл.


Мирмухсин,
өзбек жазушысы

Бір жолы Рәбия тәтей түн жарымында әлде­неден елегізіп, шошып оянсын. Біраз уақыт терезеден сыртқа қарап, сұлқ жат­ты. Ай сәулесіне малынған айнала төңі­рек сүттей жарық. Әсіре­се, жақын маң­дағы ескі мешіттің өрмелі қабыр­ға­лары мен зәулім теректер көзге ап-айқын кө­рінеді. Кенет Рәбия тәтейге медресенің өрме қабырғасынан әлдекім жоғары қа­рай көтеріліп бара жатқан сияқты сезілді. Ба­сын қалт көтерген ол көздерін сүртіп, анықтаңқырап қарап еді, жаңыл­мапты. Дәл солай. Тірі әруақ тәрізді бірдеңе мешіт күмбезінің ұшар басында ербең қағып, қалтаң-құлтаң етеді.
Рәбия тәтей аузын жыбырлатып, құ­ран оқи бастады. Көздері жұмулы. «Осы құрылысшы­лар­дың жүрмейтін жері жоқ, түге. Дүниенің астаң-кестеңін шығармаса қайтер екен? Ауылдың о шеті мен бұ шеті­не шейін үй салып, әруақ атаулыны үркі­тіп, берекені қашырып бітті бетпақтар. Әруақ сорлылар мешітті сағаламағанда қай­тсін енді», – дейді өзінше ой түйіп. Кө­­зін ашса, әлгіде­гі елес ғайып болыпты.
Таңды әрең атырған Рәбия тәтей түн­дегі көргендерін ертемен мектепке бару­ға әзірленіп жатқан немересіне айта бастап еді, сүлесоқ тыңдаған ол: «Жейтін не бар?» – деп күңк етті де, тамақтанып бо­лысымен портфелін арқалап кетіп қалды.
Шыдамы таусылған Рәбия есік алдына атып шықты. Өз үйінің есігінен басы қылт еткен көр­шісі Фатима:
– Рәбия тәтей, неге мұнша ерте тұр­дыңыз? – деп дауыстады.
– Бері кел, – деді тәтей оған ымдап. – Мед­ресе жаққа қарашы. Бүгін түнде бар ғой, ә…
Сөйтіп, түндегі оқиға бұл ауылға қас пен көздің арасында тарады да кетті. Қақпалар сықырлап, есіктер тарс бекі­тіліп, әйел  біткен бірінен соң бірі Рәбия­ның үйіне жүгіріссін. Рә­бия көрген-біл­гендерін бояуын қалыңдатып, майын тамыза баяндаумен әуре.
Әрине, оның сөзіне күмән келтіру­ші­лер де болды. Бірақ осы түні әдетте күзет кезінде тірі өлік боп ұйықтап жататын мешіт қарауылы да оқыс­тан оянып, бас айналардай биік дуал қа­быр­ғасымен жоғары қарай өрмелеп бара жатқан елесті ол да өз көзімен көріпті. Ақ киімді жұмбақ елес онан соң жақын маңдағы Күркілдек өзеніне қарай зып беріпті. Қатты қорықса да, соңынан білдірмей еріп отырған қарауыл әлгі елестің өзен үстіне асулы темір арқанмен жүгіріп өткеніне де куә болып, өзі былайырақтағы үлкендеу көпірден тез айналып өтіп, оның кірген үйіне шейін ілесіп барыпты. Сөйтіп, елестің кім екенін анық біліп алыпты. Ол осы ауылға таяуда әл­деқайдан келген Дуадақ-қари деген жеке басты адам-тын. Өзінің есімімен бас­тап тұла бойы түгел жұмбақ дерліктей бі­реу.  Дуадақ-қари. Шын есімі солай ма, әлде лақап ат па, бел­гі­сіз. Бірақ әйтеуір, сырт пошымының кә­дімгі денесі үп-үлкен де, басы кішкентай дуа­дақтан айнымайтыны рас. Қысық көз­дері аздап қитарлау. Жыл­тыр бетінде ұзын-ұзын үш қылы бар меңінен бөлек, бір тал сақал, не мұрт жоқ. Бір нүктеден көз алмай, бірнеше сағат үнсіз отырады. Жалпы, оның үнін естігендер сирек.
Қарауыл бұл адам туралы өзіне бел­гілі тағы да біраз жайларды есіне түсірді. Шамасы, ол егеуқұйрықтар мен тышқан­дар­ды жоятын әлде­бір мекемеде жұмыс істесе керек. Аздап қар­жы жинаған кө­рінеді. Туған-туысқаннан жұрдай, ата тегін өзі де білмейді.
Түндегі оқиғалар ойынан мүлде шық­­пай қойған қарауыл тәуекелге бел буды. Күндіз Дуадақ-қаридың үйіне барды. Сөзді әріректен бас­тап:
– Ұлым, мен өткен түні сенің Күр­кіл­дек­тен қашып өткеніңді көрдім…
– Немене, одан өтуге тыйым салынған ба еді?
– Жоқ, ә! Олай емес қой. Темір арқан­ның үстімен қорықпастан, құламай өткеніңді айтам да.
– Бәлкім, түсіңізде көрген  боларсыз.
– Көрген жалғыз мен емес, адал пен­деңіздің айтқанына шәк келтірмеңіз. Сіз ту­ралы бірінші болып хабар таратқан әлгі Рәбия емес, мен боламын. Ғажап оқиғаны бірінші көрген менмін.
Сөйтті де, қарауыл Дуадақ-қаридың қолынан шап беріп ұстай алып, бас бар­ма­ғын сипалап байқады. Көріпкелдің бас бармағында тырнақ болмайды демеуші ме еді. Әрине, мінекей, дәл солай екен.
– Сіз көріпкелсіз! Қолыңыздан бәрі келеді! – деп айқайлап жіберді қа­рауыл.
– Ал солай-ақ болсын, – деп мің­гір­леді Дуадақ-қари. – Одан сізге не пайда?
Қарауыл үстіндегі май-май жұқа шапанын шешті. Иығы мен көкірек тұсына қып-қызыл ұсақ бөртпелер қаптап ке­тіпті.
– Есекжем дейтін індет көрінеді бұл. Дәрігер­лер түк істей алмай отыр. Бұршақ сорпа немесе машаба жедім-ақ, денем сол бойда қыши бас­тайды. Жаңғақ жесем де солай.
Дуадақ-қари кесеге шай құйды.
– Алыңыз.
Өзі тысқа шығып кетті де, ұзамай күйе­леш­тен­ген ағаш қасықпен аздаған балшық алып қайта келді. Қарауылдың денесінің кей жерле­ріне там-тұмдап балшық жағып, әлдене деп күбірледі. Сонан кейін:
– Қайта беріңіз. Алла жар болса, қыс түсе дертіңізден сауығасыз, – деді қа­ра­уылға. – Бірақ кімнің арқасында дауа­лан­ғаныңызды жұртқа айта жүруді ұмыт­паңыз.
Шынында да, мұндай хабар көптің құлағына құстың ұшқанынан да жылдам жетті емес пе?

ІІ
Бірде алыстағы басқа ауылда бір топ әйел бас қоса қалсын. Алтын тістері жалт-жұлт еткен Мехиргүл тым есіріңкіреп:
– Міне, сендердің барлығыңның ештеңеден хабарларың жоқ. Күркілдекте ғажайып тәуіп пайда бопты. Емдемейтін ауруы жоқ дейді. Барушыларда қисап жоқ. Есігінен аттап кіру мұң екен, адамдар дертінен дереу айығады екен, – деді жаңалықты жария етіп.
– Бала таппайтындарды да емдей ме екен? – деді нәзік денелі Дүндікхан сәл қысыла сөйлеп.
– Емдегенде қандай! Адресін менен аласың. Бірақ құр қол баруға болмайтынын есте сақтаңдар. Әмбиеге арнап атағаның болсын!
…Бірнеше он сомдықты орамалға мұқият түйген Дүндікхан Күркілдек қай­да­сың деп жолға шықты.
Кезек күтушілер көп екен. Әмбие туралы Дүндікханның құлағы небір ғажап­тар­ды естіді. Ол дегеніңіз медресенің ұшар басына құсша ұшып көтеріледі дей­ді. Өзен үстімен де әрлі-берлі қалықтап ұшып өтеді-мыс. Баяғы дүкеннің қа­рауылы ол жұмысын біржола тастап, қазір осында әмбиеге қызмет етеді екен. Кезек күту­ші­лерге нан, шай, сал­қын су сатып, осы аймақтың одан да бас­қа қаншама адамдары сабылып жүр десейші!
Дүндікхан кілем төселген күңгірттеу бөлменің төр жағында көздерін аспанға қаратып, тәңірге сыйынып отырған Дуадақ-қариды көрді. Ол ұсынған ақ­шаны маңғаздана алды да, жас әйел­ге қағазға оралған дәрі-дәрмек берді.
– Кәнеки, қалқатайым, мен сізді жақсылап тексерейін. Мына көрпенің үстіне жалаңаштанып жата қойы­ңыз…
Шаштары ұйпа-тұйпа болған Дүн­дікхан әм­бие отырған бөлмеден есік алдына ашуға сыймай атылып шықты:
– О, тәуіп болмай, әдірем қалғыр! Жігітіңде желкең үзілгір жексұрын! Осыны да әулие деп!.. Ұятсыз әбілет!..
Қарауыл қарт қалбалақтап оның соңынан ұмтылды:
– Жап аузыңды, сайқал! Әмбиенің емі ұна­маса, үн-түнсіз кете бермейсің бе?
– Кете бермеймін! Айтамын!.. Жұрт­қа жаямын!..
Қақпаға қарай жұлқына адымдаған Дүндік­хан қалтасындағы дәрілерді ал­ды да, лақтырып жіберді…

ІІІ
Әйтсе де, әзірге әмбиеге келушілер көбей­месе, азаяр емес. Жүк машина­сының жүргізушісі Омар да бірде нау­қас әйелін «әулиеге» алып келіп кіргізіп жіберді де, өзі кабинада күтіп отыр­ды. Ұзамай ойбай сала бажылдап, қатты ренжіп отырған әйелінен «әулиенің» қалай «емдемек» болғанын естіп, өз құла­ғына өзі сенбеді. Кезек күтушілерді  жарып өтіп, «әулие» отырған бөлмеге баса-көктеп кіріп барды.
– Сен осылай емдеуші ме едің? Қарғыс атқанның тұқымы!
Дуадақ-қари беті бүлк етпеген қал­пы жаймен ғана:
– Күнәһар! Мен қасиетті тұқым­нан­мын, тіл тигізбе! – деді безірейе.
Омар бұл «әулиені» енді ғана таныды. Есіне түсті. Осыдан екі жыл бұрын жол шетінде дал­баңдап бара жатқан кемпірді қағып кетіп, еңбек түзеу колониясында бір жыл отырып шыққаны бар-тын. Сонда ұрлық жасағаны үшін алты жылға сотталған Тоймасов деген біреумен та­ныс­қан болатын. Ал ол өзінің түн жарымында төсектен тұрып, ұй­қылы көзбен жол тауып жүре беретін аруағы бар екенін айтқан-ды. Егер де мынау темір торлар мен ауыр болат есіктер болмаса, айлы түнде биік дуалдар мен үйлердің басында жүре беру оған түк те емес екен.
Омар әулиенің жағасына жармас­ты.
– Қолға түстің бе, бәлем! Ендігі кәсібің осылай дегін!
– Есіңді жый, оңбаған! Қарғаймын! Өзіңді де, балаларыңды да түгел қар­ғай­мын! – Сөйтті де Дуадақ-қари түсініксіз бірдеңелерді айта бастады: «…илло Али…»
Әулиенің сандырақтарын жас кезінде әкесінен жиі естіген құран сү­ре­лері деп ойлады ма, қайдам, әйтеуір Омар әулиенің жағасын босатып жіберді.
– Уа, жарандар! – деп айқайлады сонан соң: – Бұған сенбеңдер! Ол ұры! Оны көптен бері милиция іздеп жүр!
Айқай-шуға жұрт лезде жинала қал­ды. Мән-жайды білісімен, бір-біріне қарамай, әркім өз машинасына ұмтыл­ды. Машиналар қора ішінен шұбатыла сыртқа шығып барады…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір