Кімдер қажып, талмаған мұң кешкенде…
25.10.2015
2052
0

Рафаэль НИЯЗБЕК

АБЫЛАЙДЫҢ АТЫ

Абылай хан кей-кейде түсіме енеді,

Көңілімнің шарқ ұрған құсын көреді.

Ханның, бірақ, сайланып жауға мінетін

Аты неге кеудемде кісінемеді.

 

Сарттан туған жан деме сауда білетін,

Таулы елдің ұлымын тауда жүретін.

Хан Абылай түсімде айтшы, ағайын,

Атын неге қимады жауға мінетін?

 

Рухым артып тұрғанда қағып қанатын,

Қайшылықта мен емес арып, талатын.

Атын неге бермеді,

Мені, сірә,

Көрді ме, әлде көшеде қаңғып қалатын.

 

Батыр десең – батырмын жерін қорғайтын,

Ақын десең – ақынмын шерін толғайтын.

Хан Абылай кемеңгер көсем еді ғой,

Қандай қилы кезде де ерін қолдайтын.

 

Таудың бойға сіңірген артық қуатын,

Қазақта ұл көп тегіне тартып туатын.

Абылайдың тұсында

Алты Алаштың

От-жалыны жүзіңді шарпып тұратын.

 

Сағымдарын сарнатып Ұлы Даланың,

Қасына еріп ержеттім тұғырлы ағаның.

Сардар ерлер қашан да қамал бұзатын

Құрсағында жетілген нұрлы ананың.

 

Сарттан туған жан деме сауда білетін,

Таулы елдің ұлымын тауда жүретін.

Абылайдың атына қызықпас едім,

Атым болса егер де жауға мінетін.

 

Өзендері адасып кері ағатын,

Заман ғой бұл көңілде шері қалатын.

Жаяу Мұса секілді алдаспан ермін

Жаяу жүріп аттыдан кегін алатын.

 

ҒАСЫР ЖҮГІН КӨТЕРЕТІН ЖІГІТТЕР

Ерден ердің артықтығы – білігі,

Елден елдің артықтығы – бірлігі.

Түтіндері түзу ұшқан елдердің

Баянды болған тірлігі.

 

Арайлы мына ақ таңда,

Жаһандану төніп келе жатқанда,

Бірлігіңе бекем болшы, ағайын,

Өзендерің жаңа тұнып аққанда.

 

Өзегіне құрт түссе де ағаштың,

Өзегіне құрт түспесін Алаштың.

Арыстардың жалғасымын, ақынмын,

Толқынында тулап туған Таластың.

 

Дүниенің қас-қабағын баққалы,

Семсер сілтеп көрген жоқсың жатқа әлі.

Жаудың, бірақ, сынды қанша мылтығы

Өзіңді келген атқалы.

 

Уақыттың қара құйыны суырып,

Дүниені тұрған шақта қуырып.

Бір-бірінен мына жарық әлемде

Адам неге бара жатыр суынып.

Тазаратын күн туғанда күнәдан

Жаратқанның ақ нұрына жуынып.

 

Неден азды, ірі еді ғой ел кеше,

Азбай қайтсін жөн сөзге ерік бермесе.

Нардың жүгін көтеретін жігіттер

Керек емес, ендеше.

 

Ер салатын күреңге,

Елдің қарап тұрған жоқ па күні ерге.

Ғасыр жүгін көтеретін жігіттер

Керек енді бұл елге.

 

ТАРЛАНБОЗ

                Профессор Әжібай Керімге

Көңілінің көзінен нұр өшкенде,

Кімдер қажып, талмаған мұң кешкенде.

Жүрмін әлі ұмытпай

Жастық шақта

Жығып мені кетіп ең күрескенде.

 

Сардар ердің семсері кетілгенде,

Қайта қуат табатын бекінгенде.

Егеулі өткір найзаға айналатын

Жетім күрес үстінде жетілгенде.

 

Қабағыңнан көрді ме мұң арылып,

Күндер қайда жататын нұры ағылып.

Кекке малған семсерден өткір болған

Жетілгендер көз жасқа суарылып.

 

Қаңғып қалса бір бала шетінде елдің,

Ар-намысы тереңнен тебінді ердің.

Жауынгердің ұлы едің майданда өлген

Үйінде өсіп жетілген жетімдердің.

 

Қарсы алдыңнан ескелі жырдың лебі,

Азаматтың бірісің бұл күндері.

Қайда барма,

сен жүрген өңірде ылғи

Жұпар атып тұрады қыр гүлдері.

 

Ат үстінде жүрген соң ер мінетін,

Айбоз жанға айналдың ел білетін.

Шын достықтың белгісі шығар, бәлкім:

Мен кіремін ұрысқа сен кіретін,

Сен кіресің ұрысқа мен кіретін.

 

Тас тағдырдың шыдаған күйігіне,

Ей, Әжібай, өмірдің түйіні не?

Дүниенің дидарына бір қарашы,

Жетпіс бестің шыққанда биігіне.

 

Жалған сөйлеп көрмеген өмірінде,

Кісіні елдің күтеді төрі күнде.

Жүзге қарай тарта бер, тарланбозым,

Көктемдерің гүл жарып көңіліңде.

 

ӨРТЕНГЕН ӨЛЕҢ

                           (Баллада)

                        1

Жарқылдаған көзінде от өрілген,

Ердің бәрі қашанда төте жүрген.

Алтын таққа Қараулық жайғасқанда,

Бүкіл қазақ даласы көтерілген.

 

Алты Алаштың бұлттанып айлы аспаны,

Кімге жақсы есікті қайғы ашқаны.

Түсінбеймін, Адалдық тақтан тайып,

Қараулықтың бұ қалай жайғасқаны?!

 

Ар-намысы жігерін жанығанда,

Қай ер атқа қонбайды қаны барда.

Жастар түгел алау боп жанды алаңда,

Желтоқсанның ызғары қарығанда.

 

Бұғынғанын көргенде тұлғалы ердің,

Қабырғасы қайысқан құба белдің.

Жендеттерге тайсалмай қарсы атылған

Жүрек жұтқан қыздары туған елдің.

 

Бірі болып сөйлесем шерлі еркектің,

Кәне, жөнге салғаны тентекті елдің.

Шындығы елдің шыңғырып өлді қанша,

Табанының астында жендеттердің.

 

Алтын жаға қақырап сөгілгенде,

Қанша шындық тірідей көмілді елде.

Неге алаңның мұздары ерімеді,

Аналардың көз жасы төгілгенде.

 

Қарау күштер қорқаудан жаратылып,

Жас өркенін елімнің талады ұлып.

Сонда ызалы қаһарман өлең туған

Тұнық ойлы көзімнен қан атылып.

                       

2

Қатар құрбы, құрдастан ой асырып,

Күндер қайда жүретін тойға асығып.

Ертеңінде ауылға бет түзегем,

Қайтпақ болып біраз күн бой жасырып.

 

Артып тұрған шағы еді бағасының,

Түскем барып үйіне нағашымның.

Жасы кіші болған соң Досмұраттың,

Жүйрік мінген мен жиен ағасымын.

 

Сол бір күні жамырап ескен арай,

Ақша бұлт боп көгімнен көшкен талай.

Нағашымның үйіне жыр тыңдауға

Көрші-қолаң жиналған кешке қарай.

 

Сорлатса да көкте айым тумай қалып,

Жанарыма көрді ме мұң байланып.

Рухым артып тұрғанда тартынам ба,

Саңқылдағам ақ сұңқар жырға айналып.

 

Өлгендердің бағы артпай құны өтеліп,

Сырқат қоғам әлі де тұр жөтеліп.

Кенет өлең оқыдым Желтоқсанда

Шыққан қарлы алаңға ту көтеріп.

 

Кім қарасын жаныңның күйгеніне,

Көршілердің көңілге түйгені не?

Жыр оқылып біткенде сескенді ме,

Үнсіз тарап кетісті үйлеріне.

 

Қара тобыр не біліп, көп күледі,

Қыж-қыж қайнап ішіме от кіреді.

Кремльдің қылмысын бетіне айтқан

Расында, өжет өлеңім өткір еді.

Иә, өткір еді.

           

3

Қабағымда тұрған соң мұң қамалып,

Қаламымды жыр жазам қынға малып.

Нағашы інім мені ертіп жолға шықты

Бір тыныстап қайтқалы құмға барып.

 

Қарлы боран суырып қыс келгелі,

Кімге жақсы үрейлі түс көргені…

Жолға шыққан екенбіз құмда отырған

Жылқышының үйіне түстенгелі.

 

Жүріп жатса санамда майдан әлі,

Көңілімнің шырқалсын қайдан әні.

Құмға келген екенбіз білсең егер,

Іштің уын у ішіп қайтарғалы.

 

Тақымында тағдырдың жұмарланып,

Өмірде опық жемеді кім алданып.

Нағашы інім мені ертіп тысқа шыққан

Бұлдырағанда көз алдым мұнарланып.

 

– Желтоқсанның қым-қуыт күресінде,

Туған өлең, – деді, – әлі тұр есімде.

Өлеңді өртеп, жөн шығар көзін жойған,

Не күтіп тұр, сені, алда білесің бе?..

 

Өртегенде қалтамнан жырымды алып,

Көздің ағы түсті ағып, нұры қалып.

Бірақ дауыл жырымның екпінінен

Дүние әлі шайқалып тұр ырғалып.

 

Өзендері тау-тастан қарғып аққан,

Күндер қайда жарқылдап жалын атқан.

Құм ішінен, алайда, бір өрт көрсем,

Өлеңім бе деп тұрам жанып жатқан.

 

ӨЗЕН

Қазақстан Республикасы Су ресурстары

комитетінің төрағасы Ислам Әбішевке

Туған елдің арлы өмір аңсағаны,

Сен жоқ жерде тартылды қанша Аралы.

Сағынышын сарнатып саған қарай

Сардаланың есіп тұр ақ самалы.

 

Көңілінің құстары шетке ұшпаған,

Сардар ерсің найзасын текті ұштаған.

Қандай қилы кезде де

Туған елің

Семсер етіп өзіңді сертке ұстаған.

 

Қайшыласып қан жұтқан дүрбелеңде,

Туың әлі жығылмай тұр белеңде.

Сені көздеп атылған оқтар қанша,

Қызғаныштың иттері үріп жүрген елде.

 

Жүрген елдер қаншама нұрға апталып,

Кеудесінде асыл жыр тұр сақталып.

Сумен емдеп жазады иран халқы

Қалған кісі болса егер сырқаттанып.

 

Кие кетіп, бақ қашып қыраттардан,

Жақсылықтан жұрт қанша жырақ қалған.

Судың сәуле нұрымен сен емдедің,

Жараланған өлкені сынақтардан.

 

Ақсақалын, абызын төрден көрген,

Алты Алаштың  қамшысын көргенді өрген.

Өңірлерге өмір боп жеттің талай

Еріндері кезеріп шөлден өлген.

 

Орман, тоғай тұрғанда қуарғалы,

Өзен жоқта бұрқанған мың арналы,

Бәлкім, туған шығарсың қан жүгіртіп,

Жұмыр жердің тамырын суарғалы.

 

Құзға ақтарған мұң-шерін, құмға ақтарған

Ақын қанша алдыңа жырлап барған.

Өзен болып арқырап жеттің талай

Шөл далаға құрсағы құрғап қалған.

 

Тіршіліктің тамырын нұрға малып,

Болашаққа жол тарттың тұлғаланып.

Жұмыр жердің құрсағы құрғамайды,

Қабағының астына мұң қамалып.

Оу, Ислам, суарып жүрген кезде

Сендей өзен төсінде тулап ағып.

                                   

АЗАМАТ ЕР ЖОҚ БОЛСА…

Сардар ердің тұр сарнап жебесі әлі,

Шырқалатын күн туған белесте әні.

Тәуелсіздік үшін шайқаспаса,

Бастан неге айрылды Кенесары?!

 

Кімге тұтқа құмда өскен жасық неме,

Мына жауған жаңбырды жасы деме.

Ұлы күрес жолында өлмесе егер,

Махамбеттің қиылды басы неге?!

 

Байзақ датқа көздері шоқтай жанып,

Жұртын ылғи тыңдайтын тоқтай қалып.

Оның ұлы денесі зеңбіректен*

Жауға қарай атылған оққа айналып.

 

Дұшпанға оғын боратып қайдан да атқан.

Жұртпыз, сірә, түспеген майданда аттан.

Ұрыста өлген ер қанша

Ерлік іздері

Сардалада әлі өшпей сайрап жатқан.

 

Тозған тобыр бұл жайлы не біледі,

Дүр дүние соны ойлап егіледі.

– Тәуелсіздікті қорғайтын қазақта әлі,

Ер жоқ, – деп те біреулер еліреді.

 

Бар ма, жоқ па…

Ағайын, кім біледі,

Қазақ жүрген жерде ылғи мұң жүреді.

Азамат ер бар болса,

Қара тобыр

Неге, ендеше, қызынып дүрлігеді.

 

Жайшылықта бір өзін жасын көріп,

Сыпа қанша сөйлейтін қасын керіп.

Азамат ер жоқ болса қазақта әлі,

Алыптардың жетілген қасына еріп,

Болашақта асыл ер туар, бәлкім,

Тәуелсіздікті қорғайтын басын беріп.

*Қоқандықтар Байзақ датқаны тірідей зеңбіректің ұңғысына салып атып жіберген.

 

ӘЛИХАН БӨКЕЙХАНОВТЫҢ ҰСТАНЫМЫ

1

Алаш арыстарының бірімін,

Бірімін және ірімін.

Жауыз қолдар қанша мені атса да,

Рухымды өлтіре алмады.

Мен – Тірімін.

Жақсылыққа ұмтылғанда…

Бұ қалай?

Тұнығымды өткен бар ма былғамай.

Талай жерде есіл сөзім қор болды,

Ақымақ қоғам тыңдамай.

 

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай жалғыз  түйіні,

Алаш еді өзге жұрттың биігі.

Таңы арайлы атпайды,

Өзіне тимей қазақтың

Жердің барлық билігі.

 

Қолың сенің жетпесе егер күймеге,

Көңіліңде күңіренбесін күй неге.

Ендеше,

Жеріңнің түйір тасы да

Өңіріңе қадалсын

Айналып алтын түймеге.

 

Дұшпаның көріп күйінсін,

Достарың көріп сүйінсін.

Қойыңның бір уыс жүні де,

Киім болып тоқылып,

Үстіңе сенің киілсін.

 

Қарау қоғам ұнатпай,

Дарға асқалы тұрса да

кірпігіңді тұр қақпай.

Мақсатыңа жетем десең сен егер,

Өмір сүргін

Ұлтыңның рухын ұрлатпай.

 

Ойлаған сұмдар құлқынын,

Қасиетін қайтеді, айтшы, жұртының?

Салт-дәстүрін сақтап өскен өрендер,

Ұлылығын пір тұтады ұлтының.

 

Алты Алаш әлі жаралы,

Ақыл-ойдың тартылмасын Аралы.

Елдер ғана өркениетке қол артқан,

Ұрпақ өсірген саналы.

 

Ел тағдырын ойлап талмаған,

Ер басы қайда қалмаған.

Қазақ қалай көгереді қырсығып,

Білгеннің тілін алмаған.

 

Дүниенің ағартқалы самайын,

Кімге кінә тағайын.

Арыстарын тыңдамай

Сыртынан және көрсетіп,

Жендеттерге аттырған

Қандай елміз, ағайын?!

           

2

Ел билеген жақсы, жаман да,

Бүгінгі жарқын заманда.

Егеулі найза ерімнің

Шықпағаны қалай

                            үдесінен сенімнің,

Бөлшектеліп сатылып жатқанда

Жусаны жұпар жерімнің.

Ертең халқын сатпасына кім кепіл

Азаматтар

Тізгінін ұстаған елімнің.

 

АЭРОДРОМ

Көкірегімді қақ жарып Есілім ағып,

Жақсылықтың жүрсем де есігін қағып.

Жат жұрттарға сатылып кеткен сәбидің

Өксіп ылғи жылайды бесігі налып.

 

Аш-жалаңаш жүргенде онсыз да налып,

Үйлер қанша өртенген оқыста жанып.

Тәуелсіз ел болғанда шырқырап туған

Сәби неге өледі қоқыста қалып.

 

Туған жердің байлығын тонап жалмаған,

Жылпос қанша алдыңды орап қалмаған.

Елдің жарқын бола ма болашағы, айтшы,

Болашағына қамқор бола алмаған?!

 

Тереңіне көзімнің жалқыны батқан,

Өзен қанша бұл кезде алқынып аққан.

Ар-ұятты ұмытқан саудагер елде

Тек сәби ме ақшаға сатылып жатқан.

 

Қыздар – тәнін, еркектер – арын сатқалы,

Кімдер қайғы шекпеді қарғыс атқалы.

Қатер төніп тұрғанда

Қалай, ағайын,

Жұрттың бәрі үйінде қамсыз жатқаны.

 

Тау-тасқа сап тағдыры қалжыратқалы,

Жүрген жоқ па қазақтың сансырап бәрі.

Сүргін жылы атылған жауыз оқтардан

Жүрегінің тұр әлі тамшылап қаны.

 

Ақ самалдың есте жоқ қай күні ескені,

Елге бақыт ұрпақтың айбынды өскені.

Түсінбеймін,

бұ қалай ата қазақтың

Бақ қонатын мезгілде қайғы кешкені.

 

Елдің, сірә, содан ба мұңды баласы,

Азып-тозып барады…

Сұрын қарашы.

Әлдеқайдан ұшып кеп қайғы қонатын

Аэродром ба қазақтың Ұлы Даласы?!

 

АЛПАМЫС ЕРЛЕР

Көсемдердің көсеу болғанын кім көрген,

Көсеулердің көсем болғанын кім көрген.

Шидің мойыны жуандап,

Қамыс болғанын кім көрген.

Қоянның жалы тікірейіп,

Барыс болғанын кім көрген.

 

Оу, ағайын, көз көрген,

Дүние солай өзгерген.

Көлге айналды –

Теңіз тартылып.

Шөлге айналды –

Аққу жүзген айдын көлдер сарқылып.

Арман қанша қыршынынан қиылған

Қанаты отқа шарпылып.

Заман егер азбаса:

Жігіт қызға емес,

Дудар бас жігітке

Қыздың өзі тұрады ма артылып.

 

Ар-ұяттың құлатылып қорғаны,

Ақыл-ойдың отқа оранған орманы.

Жамандар мінеді деп

Кім ойлаған жалғанда

Жайсаңдар мінген жорғаны.

 

Бұрқасынды уақыт сұғынып,

Тұрған шақта құбылып,

Шара қайсы жүрмеске

Ел ішінде бұғынып.

Сардар ерлер шыбын жанын жүр сақтап,

Қатындарының етектеріне тығылып.

 

Ендеше, елдің бұлттан арылмай аспаны,

Қалай жазылсын ерлікке толы дастаны.

Хан Абылай аса алмаған асудан

Кәне, асқақтап асқаны.

 

Арайлы мына ақ таңда,

Елдің талай үмітін

             үсік шалды ақпанда.

Орманы қалай жайқалсын

Тамырын құрт жеп жатқанда.

 

Көш бастайтын жоқ болса егер сұлтаны,

Дүниенің тозбай қайтсін ұлтаны.

Бізден гөрі жетім торғай бақытты

Паналаған бұтаны.

 

Көтерем тоқтыдай келе жатқанда оңалып,

Ойда жоқта асқақ рухы тоналып,

Ата қазақтың кетпесіне кім кепіл,

Жер бетінен жоғалып.

Төнген қатер бұлтынан

Қорғап егер қалмаса

Тарлан тарих төрінен

Алпамыс ерлер оралып.

 

АҚЫН ҚАСЫМ АМАНЖОЛОВТЫҢ ҮЙІ

            Дегені қайда – басылды құйын?

Ақылым жетпей, ашиды миым:

Виноградов көшесіндегі

Қиратып жатыр Қасымның үйін.

Жүрсін Ерман.

 

Кімге дәрі жеке басымның күйі,

Жұрттың бәрі бұл күнге қызынып жеткен.

Бұзық заманда Қасымның үйі

Қарақшылық жасалып бұзылып кеткен.

 

Қайтем жырлап жеке басымның күйін,

Тағдыр талай бетімнен қағып жасқаған.

Қиратқан сұмдар Қасымның үйін

Есік-терезесін лезде шағып тастаған.

 

Күліп тұрғанда көгінде күні,

Қасымның үйі бұзылды неге?

Арлы ақынның естілмей көңілді үні,

Тарлан тарих бетінен сызылды деме.

 

Ақ алмастың жүзі неге кетілді,

Әлде асылдың білмей ме бағасын бәрі.

Жауыз қолдар жүрген секілді

Өр Қасымның жармасып жағасында әлі.

 

Бұрала өсіп, бұйратылған шынар,

Көңілдің қалай күйін толғасын.

Қасымның үйі қиратылған шығар

Қызғаныштың көзіне күйік болғасын.

 

Сағынғанда көз салам жиі далама,

Бәлкім, жүрмін түс көріп қызық ғаламда.

Қираған жалғыз

Қасымның үйі ғана ма,

Қарау күштер топтасқан бұзық заманда.

 

Ойлап көрші: не қалды қиратылмаған,

Құлауға шақ тұр көпірдің бәрі.

Қыл шылбырдай есіліп ширатылмаған

Қалмай барады өмірдің мәні.

 

Бәрі қайда жоғалған тұлғалы ерімнің,

Ақ кемемнің бұ қалай қиға батқаны.

Ұлттық рухы туған елімнің

Жанға батпай тұра ма қирап жатқаны.

 

Немкеттілік

жанымды ерен қинайды,

Қақталғаны қалай желге бетімнің.

Жұрт аманда неге қирайды,

Құндылықтары мемлекетімнің.

 

РУХЫМ АСЫП ТҰРҒАНДА

Төсек тартып жатырмын көптен бері,

Көптен бері еспеді көктем лебі.

Жаным күйіп барады,

Не істеймін,

Өмірімнің өртеніп өткелдері.

 

Сырқатымның, білемін, сұрқы жаман,

Неге осынша қинады нұрлы заман.

Рухымды ұрлап кетпесе жарар еді,

Жетім бала секілді құрт ұрлаған.

 

Жылпос көп те сығалап жылтылдаған,

Үннен, сірә, жалықтым сұңқылдаған.

Менің әрбір минутымды санап,

Бас жағымда сағат тұр сыртылдаған.

 

Жазды өткеріп, ызғарлы күзді өткеріп,

Көкірегіме жатырмын мұз бөктеріп.

Бірге туған бауырым жоқ ауылдан

Көңілімді сұрайтын іздеп келіп.

 

Арғымақтай арыдым, жарығым-ай,

Бұл өмірде жүйткіген бәрі құмай.

Жазылатын шығармын кім біледі,

Жар болса егер жалғыздың жары Құдай.

 

Не көрсем де көремін тағдырымнан,

Бірақ үміт үзбеймін таң нұрынан.

Дәрігерім кетеді қуат беріп,

Улы дәрі жіберіп тамырымнан.

Жаным қалай, білмеймін, жай табады,

Неге мөлдір тұнығым шайқалады.

Іштегі улы дертімді

Дәрігердің

Бәлкім, улы дәрісі қайтарады.

 

Күнім батпай мен неге жөнелемін,

Әлі талай жер шарлап, ел көремін.

Беу, дүние, өлмейтін өлең жазып,

Рухым асып тұрғанда неге өлемін.

 

КҮТЕМ СЕНІ, КҮНДЕРІМ

Қайғы, мұңның тербеліп қайығында,

Жүрмін елдің адасып қай қырында.

Күтем сені, күндерім!

Кеме салып,

Еркін неге жүзбедім айдыныңда.

 

Тағдырымның, ендеше, қай сасқаны,

Өжет,

          асқақ рухымның қайда асқары?

Күтем сені, күндерім!

Туған елге

Нұрын төгіп тұратын айлы аспаны.

 

Аламанға қосылмай атым арып,

Жүрем неге тірлікте қапы қалып.

Бақытты өмір кешіп жүр,

Не істеймін,

Бақытымды біреулер тартып алып.

 

Сенген барлық жақыным жатқа айналып,

Рас, ғұмыр кештім қақпайланып.

Сарсылмаған, тәйірі, күнім бар ма,

Мына ойсыз ортаға жақпай қалып.

 

Күндерімнің жүк артқан көшін түзеп,

Жүрсем де ылғи жақсының көзімін деп,

Кейде өзімді жоғалтып,

Көп сабылам,

Қалың елдің ішінен өзімді іздеп.

 

Қалай ғұмыр кешемін тұлғаланып,

Заңның өзі тұрғанда бұрмаланып.

Кімнің бағын ашады

Сұм дүние

Қызыл қанға тамырын тұрған малып.

 

Сағынышын сарнатқан туған Айдың,

Бәлкім, өзі шығармын нұрлы арайдың.

Күтем сені, күндерім!

Арман бар ма,

Шыңына егер шығарсаң ұлы Абайдың!

 

АМАНАТ

Сардаланың өскен соң жал, қырында,

Тылсым сыр көп тарланбоз тағдырымда.

Неге өжет болмайын

Жолбарыстың

Егер қаны тұрса ойнап тамырымда.

 

Ғұмыр кешкен төсінде сірі жердің,

Бәрі бірдей адал ма тірілердің.

Қалай шыдап тұрасың бетіне айтпай

Ұсақтығын көргенде ірілердің.

 

Жігер беріп тұрғанда жетелі аздап,

Туған елге қашан да жетем маздап.

Бүтін шықтым мен талай…

Туралықтан

Талай жерде туралып кете жаздап.

 

Рухым асқақ болса егер не істейін,

Жалғандықпен мен неге керіспейін.

Қоғам мынау бозарып көзі аларған

Тамырына құрт түскен жемістейін.

 

Соғыс жылы туған соң қайғы, азаптан,

Айтшы, мейірім күтесің қай қазақтан.

Арыстандар намысын ту ғып ұстап,

Мерт боларын білсе де Айға шапқан.

 

Намысына айналған туған елдің,

Бәлкім, бірі шығармын тұлғалы ердің.

Күмбірлеген күй тартып, өлсем егер,

Кеудесінде жатамын құба белдің.

 

Бірақ бақыт, байлыққа кенелгенде,

Неге ізгілік  жоғалды кең өлкемде.

Оу, ағайын, тірімде сыйласпаған

Көмеріңді білемін мен өлгенде.

 

Көктем болып көк шашқан көне белге,

Бір аманат айтайын өрелі елге:

Мені жерге көмсең де,

Жерге, бірақ,

Өжет, асқақ рухымды көме көрме.

 

Құлагерлер мертігіп өлген жердің 

Бағы қайтқан…  бірімін көрген ердің.

Көсегесі ешқашан көгермейді,

Жерге  ақынның өр рухын көмген елдің.

 

РАСУЛҒА

Сенсің менің жақыным, жанашырым,

Тура әкеңнің көзіне қарашы, ұлым.

Үйленгенің жөн шығар отау құрып,

Ағып түспей тұрғанда қарашығым.

 

Үйленгенің жөн шығар жүре бермей,

Найзаң сенің қайраққа тұр егелмей.

Күнің сенің, қарағым, не болады,

Қалсам егер төрімнен түрегелмей.

 

Өмір ғажап, 

                          жұлдызды аспан ғажап,

Жыр жазатын кезің бұл тасқа қашап.

Бақыт болып оралса арман бар ма,

Қара жолдың бойымен қашқан азап.

 

Көңіл күйі келгенде шабытқа еріп,

Кімді жолға салмадың бағыт беріп,

Неге, жаным, қыздардан сырт айналдың,

Өліп сүйген өзіңді бақыт көріп.

 

Өткелдің де қыр-сырын өткен білген,

Қыздар қанша көңілі көкте жүрген.

Ер жігіттің қадіріне жетсін қалай

Тұнық ойлы көзінде көктем күлген.

 

Досқа айналған мезгілде жат жарасып,

Үйленетін барасың жастан асып.

Сардар ердің басына қонбақ болып,

Жүгіретін ертеде бақ таласып.

 

Қақты қанша арайлы таң қанатын,

Бірақ сен бе сезімге арбалатын.

Қатын болар қыз көп-ау бұл қазақта,

Қызды таппай жүрсің бе жар болатын.

dsc01455

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір