Жыраулық поэзияның ұлы тұлғасы
25.10.2015
4314
0

Арғы атам аруақты ер Қарасай,
Теңселген дүбірінен тау менен сай.
Пірім бар жыр нөсерін аспанға атқан
Сұңқардай саңқылдаған ер Сүйінбай.

Жамбыл.


Рафат Әбдіғұлов

Жыраулық дәстүр, жыраулық тұлға, жы­раулық таным, жыраулық поэтика туралы түсінік қалыптастырам деген ізденуші әде­биет тарихын қарастырған кітаптарды, энцикло­педиялық еңбектерді, әдебиеттану сөздіктерін, т.б. жұмыстарды парақтағанда таза теориялық бір бет – жарым бет көле­мін­де ғана мазмұндық дерек, ой, пікір бар еке­нін байқайды. Сондағы жыраулық поэ­зияға қатысты ойларды бірнеше пункттерге бөлсек:
1. Жырау – ауыз әдебиетінің ежелгі өкілі.
2. Шығармаларында ірі қоғамдық мә­се­лелерді көтерген көркемдік тұлға.
3. Елдік, ерлік тақырыптарын көтерген өлең, толғау жырлардың авторы, айтушысы.
4. Өз кезі үшін алдыңғы қатарлы ойшыл, ақылшы, танымдық деңгейі жоғары тұлға.
5. ХV–ХІХ  ғ.ғ. өмір сүрген шығармашылық тұлға.
6. Қоғам қайраткері, дипломат, ел қор­ғау, мемлекеттік істерге қатысқан ақыл­шы.
7. Халық ауыз әдебиетінің идеялық, эс­те­тикалық деңгейінің артуына әсер етуші.
Қысқаша, шақтап алғандағы осы шарт­тар­ға салып қарағанда алдыңғы қатарда, бі­рінші орында Бұқар жырау тұр. Жыраулар қатарында аталып жүрген тұлғалардың кейбірі Абылай сияқты ұлттық деңгейдегі тарихи тұлғалардың тұсында болса, кейбірі ру-тайпалық, өлкелік аймақта көрінеді. Соңғы топқа негізінде Абылай хан өмірден өткен кезеңдегі, орталық хандық билік жойылған кездегі шығармашылық тұлғалар жатады. Жыраулық мазмұн ерлік поэзиясымен (рыцарлық поэзия), зар-заман ағымы сарынымен кірігіп келе жатты. Осы үрдісті басқа ұлттардың ертеректегі әде­бие­тінен, европалық рыцарлық поэзиядан, Ба­тыс Европадағы ең соңғы көшпелі мал шар­уашылығымен айналысқан ұлт венгр-мадьярлардың әдебиетінен, солтүстік Кав­каз халықтарындағы қазақ жырларынан (жанр) түркмен, қырғыз, т.б. ұлттар әдебиет­те­рінен кездестіруге болады.
Ұзақ өмір сүріп ХІХ ғасырдың соңына қа­рай өмірден өткен Сүйінбай Аронұлын мез­гілдік есебіне қарап көбіне жыраулар легіне жатқыза бермейді. ХІХ ғасырдың ортасында дүниеге келгенмен, мұнда
ХХ ғасырдың ортасында өмірден өткен Жам­был­дың  ұстазы ретінде де Сүйінбайды заманауиландыру үрдісі болды.
ХІХ ғасырдың басында туған Сүйінбай Дулат, Махамбет, Шортанбайлардың замандасы. Сүйінбай өмірінің сапалы, ақын­дық қуаты шарықтаған кезінде Жетісу қа­зақ­тарының әлі орнығып болмаған, сол­тү­стігінен Ресей әскері жылжып келе жатқан, шығысынан қытайлар көз алартып, қалмақтардың қалдықтарының әлі де  оқтын-оқтын барымта шабуылдары болып тұратын, оңтүстігінен Қоқан хандығы да бекіністерін салып, зеңбіректі гарнизондарына сүйеніп отаршылдық әрекеттерін жасап жатты. Сонымен қатар, қазақ ру-тайпаларының арасындағы жер даулары да өршіп тұрды. Жыраулық дәстүр тарихи категория болса, Сүйінбай өмір сүрген кездегі Жетісудағы тарихи ситуация жыраулық мазмұнның, жыраулық поэтиканың өмірге келуіне әсер етті.
Жыр алыбы Жамбыл:
Жетісуда қазақтың
Күлген күні кем еді.
Жан-жағынан күнде жау,
Елге тыныштық бермеді.
Бір жағында қалмақтың,
Ұрылары бар еді.
Бір жағынан қырғыздың,
Орман ханы анталап,
Күнде мазаны алады, –
деп сол кездегі ел жағдайын, тарихи сит­уа­ция­­ны қысқа штрихтармен атап өтеді. Бұл Ресейдің отарлық әрекеттері Іленің күн­шығыс бетіне келген кезі. «Қаратал мен Көксудан, ел бері қарай ауғанда», – деген жолдардың ар жағында қазақ тарихында көп ізі  қалған неше түрлі сойқан оқиғалар жатыр.
П.П.Румянцевтің 1913 жылы С-Петер­бург­те шыққан көптомдық «Материалы по облседованию туземного и русского  старожильческого хозяйства и землепользования в Семиреческой области» атты жұмы­сында «Киргизы населяющие ныне Вер­ненский уезд, в  большинстве своем, живут  здесь не больше 50-60 лет. Представители всех крупных родовых групп Албан, Дулат, Чап­рашты, Сты и Сарыюсюнь рассказывают, что они пришли сравнительно недавно из-за Или, где вес они кочевали в предгорьях и песках между Караталом и Или», – деген деректер берілген. Дәл осыған келетін деректер Шоқан Уәлиханов еңбектерінде де айтылады («О киргиз-кайсацкой Большой орде», Ш.Уәлиханов, 5 томдық шығармалар жинағы, 1 том, 180-181 б.б.).
П.П.Румянцевтің аталған еңбегінде Ша­пыраштыларды Қапал, Лепсі өңіріне Қараш батырдың бастап келгені жайында бірнеше рет айтылады. Бұл жоңғар қалмақтарының қазақ жерінен толық аласталған кезі болуы керек. Шамамен 1760-1780 жылдар. Тарих­шылардың бір  анықтайтын жайы осы. Тарихи деректерге қарағанда Жетісуды мекендеген қазақ тайпалары жоңғар шап­­­­қын­шылығынан үріккенде оңтүстікке қарай, Сыр бойына ауған. «Ақтабан шұбы­рын­ды» кезінде, 1723 жылдары Шапырашты тайпасы Бұхара маңында болып, әрі қа­рай Сырды өрлеп, Солтүстікке қарай ойысып, Ырғыз, Торғайды басып, қазіргі Ақмоладан шығады. Қалмақтар шегініп, қазақ жері босай бастағанда Балқаштың батысындағы далада аялдап, Іледен өтіп, Қапал, Лепсі өңіріне келген болуы керек. Қазір тарих­шы­лардың алдына өкімет тарапынан қойылып жатқан талаптар еліміздің осы сипаттағы тарихи жолын анықтау.
Біз ел тарихындағы осы «Ақтабан шұбы­рынды» жолдарын көбіне ұлы Абайдың елі Тобықты тайпасының өткен жолы арқылы білеміз. Бұл жолды Кеңгірбай, Ырғызбай аталары арқылы мөлшерлеп, тобықтыларды Шыңғысқа Мамай батыр бастап келгені белгілі. Одан кейінгі Кеңгірбай мен Құнан­бай кезіндегі жер даулары, аламан шабыс­тар әріде архив деректерінен, беріде
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопея­сынан оқимыз.
Бұл әңгіме айтыстағы Саурық жыры мәті­ніндегі «Қаратал мен Көксудан ел бері ауғанда» деген жолдарға қатысты. Тыныш­тық кезде де қазақ ру-тайпаларының, елдерінің арасында жер дауы, барымта-сырымта болып отырғаны белгілі.
Ал жоңғардан кейін елдің жерлерге орна­ласа бастаған кезінде мұндай жағдай­лар ушығып, соғысқа ұласып кеткендігі тарихи фактілерден аян.
Ілияс Жансүгіров «Жетісу» (1730-1916) атты шығармасында (А., 2001 ж. 178-б.) Же­тісуды орыс алардың алдында осы күнгі Садыр, Матай жүрген жер (Лепсі, Талды­қор­ған уезі) түгелімен Ұлы жүздің жері еді. Леп­сі, Алтынарық, Ақсу, Мақаншы бойларында Шапырашты, Сарыүйсін деген елдер қоныстап, Матай Ұлы жүздің жаңағы руларымен өрістес еді. Күркілдектің (Аягөз) құйғанынан осы күнгі қонысына шейін Қаратал, Көксу бойында Жалайыр жүруші еді. Осы күні Іле көпірден өрге қарай Құл­жаға  шейін беті ашық – өзеннің екі жағын өрістеп Ұлы жүздің Албан-Суаны жатушы еді. Талас суының кеудесінен төмен қарай Шудың бойы, Қордайдың аяғын баса Дулат қоныстанушы еді», – деп, дәл деректер бер­ген. Бұл схема сол кездегі орыс деректерінде де, кейінгі тарихшылар жұмыстарында да осыған дәл келеді.
ХІХ ғасырдың басы Жетісуға Шығыстан Ресей империясының отарлаушы әкімшілігі мен әскері қару күшімен де, айлалы аяр саясатымен де сұғынып келе жатқан кез. Қазақстанның оңтүстігін елден аяусыз са­лық жинайтын, осының негізінде тұрақты әскер ұстайтын, жеткен жерлерінде бекініс­тер салып, зеңбіректі гарнизон ұстайтын Қоқан хандығы да ентелеп келіп, елді ығыр ғып тұрды. Бұл кез Жанкісі жырау айтқандай, «әкімі жоқ» қазақ тарихындағы ауыр, аласапыран кез. Екі жақтан екі отарлаушы ел де қазақ жерін қарпып қалуға барынша әрекет етіп жатты.
Тарихшылар зерттеулерінде Ресей отарлау саясатының бір әдісі – өзіне бағын­ған ру-тайпаларға күш-көмек, қару беріп, өзіне әлі бағынбаған немесе Қоқан хандығы ықпалындағы ру-тайпаларға айдап салып, тұрған жерлерінен ығыстыруға мүмкіндік беретіні тарихи деректер негізінде көрсетіл­ген. Ресей әкімшілігі өздерінің ықпалына бұрынырақ өткен уақ, керей, арғындарды айдап салып наймандарды ығыстырса, кейін Ресей қарамағына өткен наймандарды қаруландырып, үйсін ру-тайпалары мекендеп отырған жерлерді басып алуға ай­ғақтап, қағаз ұстатып мүмкіндік берген. Бұл кезде жері тарылған үйсіндер Іленің сол жағына қарай ығысып, Қоқан хандығы­ның ықпалына түсуге мәжбүр бола бастайды.
Шоқан Уәлиханов «Большая орда киргиз-кайсаков» атты жұмысында Ұлы жүз ру-тайпаларының орналасуы жайлы айта келіп:  «Хотя появление русских войск в этой части степи Большая орда и считалась под покровительством России// с 1824 года, но китайцы не переставали посылать в Заилийский край свой отряды для сбора нич­то­жной дани до 1840 г., в который они потерпели горнестное и плачевное поражение от здешних чапраштов при урочище Терен-Узек.
Отряд состоял из трех тысяч китайцев и, собирая ясак, намеревался пробраться к ташкентскому аксакалу для переговоров. Еще до сих пор китайцы не могут забыть это­го поражения и с глубоким негодование отзываются о всяком кайсаке чапраштинского поколения», – деп жазған.
Шоқан Уәлихановтың келтірген дерек­тері де сол кездегі Сүйінбай өмір сүрген уа­қыт­тың, тарихи жағдайдың сырын аша түседі.
Сүйінбай Аронұлының атасы Күсеп туралы ел арасында сақталған әңгімелерде оның жоңғар қалмақтарымен болған жой­қын соғыстардың кезінде жорық жыршысы болғаны жайлы айтылады. Күсеп жайында алғаш 1980 жылдардың алғашқы жартысында Жамбыл Жабаев музейінде жұмыс істеген кезімде Тезекбай Жамбылұлынан естіген едім. Әкесі Жамбыл сияқты іштар­лық­тан ада Тезекбай аға Күсеп айтты деген бірер шумақ сөздерді де айтушы еді. Өкініш­ке орай жазып алмаппыз.
Сүйінбайдың атасы Күсеп жоңғар қал­мақ­тарымен ұзақ жылдарға созылған соғыс­тарда, жорықтарда үнемі туыстары, ағайындары шапырашты Наурызбайдың, Дәулет, Қаумен, Жәпектің, Сатай, Бөлектің жанында болған.
Атадан келе жатқан жыраулық дәстүрді, елдік, ерлік тақырыбын жырлау үрдісін Сүйінбай да өмір   бойы ұстанған. Сүйінбай­дың да, Сүйінбайдың шәкірті  Жамбылдың да ұзақ жылғы ақындық жолдарындағы үзілмейтін тақырып – Қарасай тақырыбы.
Сүйінбайдың елдік, ерлік тақырыбын же­ке бастық идеядан, ру-тайпалық намыс­тан, тіпті ұлттық идеядан да кеңге шығып, ел­дік пен ерліктің әлемдік деңгейінде сөй­ле­ген «Бөрілі менің байрағым» тол­ғауында:
«…Жау тисе жапан далада,
Бөрілі найза аламыз.
Қарасайлап шабамыз,
Қызыл қанға батамыз…», –
десе, «Ту алып жауға шықсаң сен» өлеңінде Дулат елінің Тілеуқабыл руының Қоқан қолының астында қалғаны жайында хабар келгенде:
Ей, Сұраншы, Саурық!
Қоқанның қолы мықты деп,
Жатырмысың жабығып?!
Тілеуқабылдың қос шалы
Жылап келді сабылып.
Дулат елі қалыпты
Сарыкемерде шабылып.
Батыр елден шығады –
Ұрандап жауға шабатын,
Жауыңа ойран салатын.
Ақын елден шығады –
Айтыста жығып, шалатын.
Жеңіп бәйге алатын.
Ей, Сұраншы, Саурық,
Қоқанның қолы қаптады,
Қасиетті жерімді
Тозаң қылып таптады…
десе, әрі қарай батырларды қайрап:
Кешегі өткен Қарасай
Сансыз мың дұшпан келсе де,
Ұрандап жауға шапқанда,
Тамам қалмақ жабылып,
Қазаққа қайта батпады.
Сол Қарасай бабамыз
Еменнен найза алатын,
Қорамсаққа қол салатын,
Қырық мың дұшпан келсе де,
Тайсалмай қарсы алатын… –
деп суреттеп, әрі қарай:
Қызыл қырғын қан көрсе,
Тайсалмай барып кіретін.
Еңіреген ерлер қайда екен?! –
деп армандайды. «Ақтұяқ атқа мінесің, Бүгін маған ересің», – деп, әрі қарай «Қаншама халқың ереді, Оны да көресің», – деп діт­тейді.
Өлеңді сөзді:
Ту алып жауға шықсаң сен,
Іледе жатқан Жалайыр,
Шапырашты, көп Дулат
Олар да атқа мінеді.
Өздеріндей болған соң,
Сұраншы – Саурық тірегі… –
деп аяқтайды. Жыраулық поэзияның асыл үлгілерінің бірі осы емес пе? Тек халқы кейде қолдап, кейде бұғып қала бергені болмаса.
Сүйінбайдың бізге жеткен «Қарасай ба­тыр» жыры кезінде кең-мол айтылған көлемді жыр болғаны анық. Жырдың мәтініне барлай қарағанда кейбір мағы­налық бөліктердің дараланып, қиыспай тұрғаны байқалады. Бұл кезінде үлкен көлемде жырланған шығарманың кейінге толық жетпегеннің әсерінен болу керек.
«Ерлердің жақсылығы ұмытылмайды,
Шындықты дұрыс айтса ел тыңдайды.
Ертеде өткен екен Ер Қарасай,
Айтайын тыңдаушыма сол туралы.

Ер есімін шалқыған көл айтады,
Еркін өскен самалды жел айтады.
Батырға ескерткішке халық қойған,
Өзен, сай, тау мен сазды жері айтады.

Ерлігін, батырлығын құрметтеген,
Қалың жұрты – ұрпағы, елі айтады.
«Қарасай – қасиетті бабамыз» деп,
Мен білетін қазақтың көбі айтады…» –
деген жолдар жырдың ақындық экспозициясы болса:
«…Қалың Жоңғар Шығыстан қаптап келген,
Болыпты ел күйзелген бір қиын кез.
Қыл бұрау сап қинады батырларды,
Қорлады жас қыздар мен қатындарды.
Жақсының жағасына қолын салып,
Алдына сап айдады ақындарды.
Жазықсыз жас сәбиді найзаға іліп,
Арсыз жау шімірікпей жүріп кетті… –
деген жолдар жырдың оқиғалық экспозициясы.
«Үйсіннің бір руы – Шапырашты,
Жауына жаны ашымас қаны қасты.
Соларда бір ұл өсті – Ер Қарасай,
Қақ жарған атқан оғы қара тасты…» –
деген шумақпен басталатын жырдың негізгі оқиғалық бөлігінде Қарасайдың бір соғысын ғана суреттейді. Оқиғалық бөлік Қарасай батырдың  өмірінде болған көптеген ерлік істерінің  типтендірілген көркемдік баяны.
Қарасай Алтынайұлы (1598–1671) өмірі ел қорғаумен жорықта өткен, Еңсегей бойлы Есім хан қазақтың Қарасай батыры деп  марапаттаған, ұрпағы өсіп-өнген, бір тайпа елдің ұранына айналған хан батыр. Батыр­дың төрт ұлы туралы ел арасында әдемі аңыз, әңгіме сақталған. Қарасай батыр бірде өзінің төрт ұлын сынамақ болады. Әуез, Түрікпен, Өтеп, Көшек деген төрт ұлы атқа мініп, жауға шабатындай жас­қа келіп қалса керек. Қаңтардың аязды кеш­терінің бірінде төртеуіне төрт ішік беріп:
– Сендер батырдың ұрпағысыңдар! Анау жылқының шетіне барып ішікке оранып түнеп шығыңдар. Суық қар мен сары аяз кеуде сарайларыңды ашып, күш-қуат­тарыңды тасытады, қара жер қасиет береді, – деп бұйырады да, өзі жылқы­шылармен қоста қалады. Таңға жуық аяз күшіне әбден мін­ген кезде балаларым қалай жатыр екен деп сынауға шығады. Төртеуіне жақындай берсе, Әуез ұйықтамай ояу жатыр екен.
– Әуез, сен  өмірі  ел  ішінен ұзап шықпай, ортада ғана отыратын ел болады екенсің, – депті батыр әкесі.
Түрікпен ішікті айқара ашып тастап, кеудесі көріктей көтеріліп, үстінен буы бұр­қы­рап, екі қолын екі жаққа керіп, кіжініп ұйықтап жатыр екен.
– Түрікпен балам-ау, қолың жетер жерді сұрайсың-ау. Сенен жаужүрек батырлар көп шығып, қара ормандай көбейіп, еліңе қорған боларсың түптің түбінде, – депті.
Өтеп екі жұдырығын түйіп ұйықтап жатыр екен.
– Өтеп балам есесін ешкімге бергіз­бей­тін, ішіне бөтен жанды кіргізбейтін ақ адал малыңмен күн көреді екенсің, – деп сынапты.
Кенжесі Көшек ішікті түгел қымтай оранып, басын ішке бүгіп, пысылдай ұйықтап жатқанын көріп:
– Көшек ұя бұзбас, еңбегі бойына даритын бай, сөзі ісіне сай, атағы күн мен ай бо­лады екенсің, – деп Қарасай батыр Көше­гіне баға беріпті.
Баспасөз бетінен американдық ғалым­дар­дың аса қуатты компьютерлердің кө­ме­гімен Шыңғыс ханның жер бетіндегі қазіргі ұрпағының саны  бірнеше миллион екені жайлы оқыған едік.
Қазір Әуез, Өтеп, Көшектің ұрпақтары бір-бір үлкен рулы ел болып өсіп кетті. Түрік­пен­нің ұрпақтары да қарқынды өсіп бірнеше рулы ел болып кетті.
Қарасайдың тікелей ұрпақтарынан Қау­мен, Дәулет, Жәпек, Қараш, Қастек, Кәш­ке, Атығай, Саурық,  Сұраншы, Атамқұл, т.б. да көптеген батырлар шыққан.
Сүйінбайдың жыраулық тұлғасын аша түсетін бір дәлел Саурық батырға қатысты. Ақынның Саурық туралы жеке жыры бізге жетпегенмен, «Руы Шапырашты – Саурық ба­тыр», «Батырларды жоқтау», «Батырлар жау­дан қайтқанда», «Ту алып жауға шықсаң сен» өлең-толғауларында, айтыстарында үнемі Саурық Ыстанбекұлының ерлігі жырланады.
«Батырларды жоқтау өлеңінде:
Әуелі баста келіп Керімді алды,
Жас батыр Қырбастайын өрімді алды.
Сұраншы, Саурықпенен қабат өліп,
Опасыз дүние, сенен көңілім қалды!
Жеріме жау шапқыны келген шақта,
Қорған болған халқына асыл жанды;
Еліне қамқор болған туғанынан,
Дейсіңіз кім жоқтамас осыларды…» –
деп таусыла толғайды.
Сүйінбай мен Саурық батырдың қа­ты­насы жайында ерекше тоқталатын бір оқи­ға – қырғыз-қазақтың арасындағы жер дауы. Қырғыз-қазақтың арасында үлкен жортуыл, шабуылға айналып кете беретін соғыс­тар­дың көбі барымта, мал алу мақса­тында болған. Бір-бірін түбегейлі басып алу, отарлау мақсаты болған емес. Бірақ қазақ­тың шапырашты тайпасы мен қырғыздың солты саяқ, сарбағыш тайпаларын бөліп тұрған таудың үсті жүріп тұруға, жаз жай­лауға өте қауіпті болған. Қырғыз-қазақ кез­дессе көбіне шатаққа ұласып кететін. Сүйінбай­дың, Жамбылдың Саурық, Сұран­шыға қатысты шығармаларында «Асулы жерді күзеткен», «Кезеңді жерді күзеткен» деп жиі айтылатыны осыдан.
1846–1847 жылдары қазақ пен қыр­ғыз­дың арасында осы қиын жердің басын ашып анықтап алу үшін, елді қинап зәрезеп қылып жіберген барымтаны тию үшін келіссөздер жүреді. Шапырашты жағын Сау­рық батыр бастап барған.  Бұл топта  сөзге алғыр, табанды жігіт ретінде Сүйін­бай да  болған. Осыған қатысты әңгімелерді 1980 жылдары Смақов Қойкел (1906–2003), Жылқыбаев Мұқаметжан (1911–2001), Сүлейменұлы Әділбек (1919–2004) деген кісілердің айтуынан жа­зып алыппын. Аталған кісілердің сондағы қырғыз-қазақ арасындағы шекарасын белгілеуге қатысты айтқан деректері бірдей дерлік. Сол шекара негізінде қазіргі шекара сызығына өте жақын.
Сүйінбайдың Қатаған – Арыстанбекпен айтысы нұсқаларының бірінде «Саурықтай батырыңды  Күрпік құлым өлтірген. Кәне қай­сы кегіңді алғаның» деген жолдар бар.
Жамбылдың «Саурық батыр» жырында:
Қырғыз Жантай жіберген,
Ақ найзалы бәрі де,
Қабақтары түнерген.
Жылқыны тиіп айдады…
Әйелі сонда сөйледі:
«Асықпа, батыр, сабыр қыл,
Жетерсің қиып кезеңнен.
Күтініп келген жау екен,
Садағын жауға безенген.
Сауытыңды ки», – деді…
Оған Саурық қарамай,
Қойторымен жөнелді…
Қарақыстақ өзенді.
Қасмойнаққа жеткенде,
Артынан қуып Саурық ер,
Айқасып жауға кез келді.
Оншақтысы жылқы айдап,
Ілгері қарай жөнеді.
Қалғандары жол тосып,
Тобымен алды кезеңді.
Найзаларын салысты,
Ат үстінен алысты.
Ақылдасып барлығы,
Істелік дейді әдісті.
Саурықтың кеп жан-жағын,
Қауғалады найзамен,
Бәрі бірдей шанышты.
Қойторы сонда сүрініп,
Жығылып тасқа қалысты.
Жерге атынан түскен соң,
Шаншыды Күрпек бүйректен…
Бұл үзінді Саурық өмірінің соңына қа­тысты ел есінде сақталған әңгімелерді дәл қайталайды, өмір шындығына өте жақын. Кенесарының қырғызға келуінен көп жылдар бұрын Алатаудың теріскейінде жатқан қазақ рулары мен күнгейіндегі қырғыздар­дың арасында екі елді де титықтатып жібер­ген барымталар, өлім-жітімді соғыстар болып жататын. Кенесары әскері қырғызға келер­дің алдында қырғыз бен қазақ арасында келіссөздер өтіп, екі жақ бір-бірінен кепілге ақ үйлі етіп адамдар алған. Қырғыз­дан  кепілге келгендер бір аңыздарда Жа­ман­қара батыр дейді, бір әңгімелерде Жа­ман­қара, Болат бастаған 12, 13, 15 адам деп айтады. Осының ішінде дұрысы 12 адам болу керек. Сол кездегі көшпелі қазақ, қырғыздың халықтық заңы, этикасы бойынша қарсыласы келісімді бұзбаған жағдайда кепілге тиіспеуі керек, олардың өмірі үшін жауапты.  Өлтіріп алса, кепілді ұстаушы құныкер болған.
Кенесары әскері тұтқиылдан келіп басып қалып, Жаманқара, Болат бастаған 12 кепіл адамды өлтіреді.  Сол кездегі әдет бойын­ша өлтірген Саурық деп есептеледі.

(Жалғасы келесі нөмірде).


Сүйінбай дәстүрін жалғап…
Сүйінбай Аронұлының туғанына 200 жыл толуына  орай өткізілген «Сөздің пірі – Сүйінбай» атты ақындар айтысы – жер жаннаты Жетісу аспанын ән-жырға бөлеп тұрды. Алматы облысы әкімшілігінің тікелей қолдауы арқасында өткен сөз сайысы  жиналған жұртшылықтың көңілінен шықты. Еларалық мәнге ие болған шараның меймандары Қытай, Қырғыз, Моңғол және еліміздің бірқатар облыстарынан келген  ақындар жыр көрігін заманауи талаптарға сай қыздыра түсті.
От ауызды Оразәліден, Балғынбек пен Айнұрдан кейін жаңа бағытқа бет алған қазақ айтысының тағы бір толқынының өнері жұртшылықты зор ризашылық сезімге бөледі. Алматы облысының ақыны Жандарбек Бұлғақов бас жүлдені жеңіп алса, бірінші орын астаналық Сырым Әуезханға бұйырды. Сыпыра жыраудан Сүйінбай ақынға дейінгі жыраулық поэзиясының үлгісін жалғайтын ақындар қазақ өлеңінің жаңа толқыны өсіп келе жатқанына көзімізді жеткізіп, көңілімізді марқайтты.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір