Жеті кітап
25.10.2015
2076
0
581153_1762420742_12108144_460880800750698_5989804133814090763_nАлматыдағы Ұлттық кітапханасының Көрмелер залында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының бас ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының докторы, профессор Айгүл Ісмақованың «Тәуелсіздік және Алаш ғылымы»; «Жазған сөз жаным ашып Алашыма…»; «Қазіргі әдебиет пен әдебиетті зерттейтін қауым»; «Тәуелсіздік және Алаш әдебиеттануы»; «Қазіргі әдебиеттанудың теориялық мәселелері»; «Қазақ әдебиеттануындағы Тәуелсіздік идеясы»; «Қазақ әдебиеттануы» атты жеті кітабының және осы институттың аға ғылыми қызметкері Айсұлу Ойсылбайдың «Ахмет Байтұрсынұлы: «Әдебиет танытқыштағы» қазіргі әдебиет теориясы» атты кітаптарының тұсаукесер рәсімі өтті.

Басқосуды Ұлттық кітапхананың бас директоры, жазушы Әлібек Асқаров жүр­гізді. Жеті кітапты жарыққа шығарған «Дәс­түр» баспасының басшысы, белгілі ақын Қасым­хан Бегманұлы Айгүл Ісмақова­­ның бұл ең­бегін «рухания­ты­мыздағы ғылыми құбы­лыс» деп бағалап, тұсаукесер үшін ар­найы жасаған баяндамасында ғалым қа­ла­мынан шыққан туынды туралы былай деді: «Өткен ғасырдың басында Алаш туын көтер­ген аза­мат­тарды біз тек Алашордашылар деп ғана білер болсақ, ғалым Айгүл Ісмақова олар жайлы Алаштың ғалымдары деген кон­­цепция енгізді. Автор осы кітабын­дағы «Алаш  зиялылары және ғылым» деп аталатын бар-жоғы 9 беттік шағын мақалаға ке­мінде үлкен 300 беттік  жеке еңбек болатын ғылыми деректердің жүгін арқа­латып жіберген. Осынау 9 беттік шағын мақалаға Жүсіпбек Аймауытовтың сонау 1926 жылы жарық көрген «Психологиясы», Мағжанның 1927 жылы шыққан «Педа­гогикасы», Әуезов­тің 1929 жылы шыққан  «Новый аул. Русс­кий бук­варь для казахских детей» дейтін бұл күн­дері көп айтыла бермейтін еңбегі, Ермеков­тің қазақтың тұңғыш есеп оқулығы,  Ақ­паев­тың құқық беру саласы жай­лы ғылыми еңбектерін бүгінгі тәуелсіз, жаңар­ған Қазақ елінің биігінен қарас­ты­рады. Ал 1912 жылы шыққан  Ахмет Бай­тұрсын­­ұлының  «Оқу құралы», 1914 жы­лы шық­қан «Тіл құ­ралы», 1914 жылы жарық көр­ген «Әліпбиі», 1926–28 жылдары шық­қан «Жаңа әліппесі», 1920 жылы шыққан «Әде­биет танытқышы», 1926 жылы шық­қан «Баян­шы» атты тұңғыш оқулық­тары­мен бір­ге 1926–27 жылдары  Телжан Шо­нан­­ұлы­мен бірлесіп жазған «Оқу құра­лы» деп ата­латын әдістемелік оқу құрал­дары жайлы жан-жақты сөз етіледі. Бұл басылымдар бас­тауыш мектепте оқы­ты­латын қазақ тілінде оқу, жазу, ұлт тілі, ділі, ұлт тарихы, жа­ғы­рапия, мәдениеті мен әдебиеті, шаруа-кәсіп, жаратылыс, т.б. ғы­­лым салалары жа­йынан көп мазмұнды мағлұ­маттар беріп, кейінгі ұрпақты оқыту ісі барысында аса маңызды роль атқарды. Қазақ бала­сының  өз ана тілінде сауат ашуы­на негіз қалаған ұлттық білім беру  бас­тауы бола білген Ахмет Бай­тұрсын­ұлы 15 әліппе-оқу құрал­да­рының авторы екені осы кітапта баса айтылады. Бұған қоса, Телжан Шонан­ұлымен бірге жазған үш «Оқу құралы» және бар. Сонда «Тіл құралын» есептемегенде, Ахаң 18 кітап жазғанын осы кітап арқылы біле­сіз. Алаш тұлғалары тар жол, тайғақ заманда қазақтың ата бабадан қалған дінін, ана тілін, ұлт тарихын жазып, ғылымын қа­лып­тастырып, бір жүйе­ге түсіріп  береді. Сон­дық­тан Алаш ғалым­дарын Отаны үшін құрбандыққа саналы түрде барған шаһид­­тер деп санау қажет деп жазады ғалым Айгүл. Осы кітаптарға енген әрбір зерттеу мақалалар дарынды ғалым­ның санасында әбден сығымдалып, екше­ле­ніп барып қа­ғазға түскендігін аңғару қиын­­ға соқпайды. Бұл кітаптарды аттың жа­лы, түйенің қомын­да жеңіл-желпі оқи са­лу­ға болмайды. Бұл кітаптарға ауық-ауық қайта оралып, ескі досымызбен қайта  қауыш­қандай  әсерде боларымыз хақ! Сон­дық­тан жеті томдық аса құнды ғылыми ең­бек­ке баға беруде тартынбағанымыз абзал…».
Тұсаукесер рәсімінде Алаштың айтулы азаматтарының артында қалған жесір­лері, балалары мен немерелері: Х.Бекмаханова, С.Жансүгіров, А.Байтұрсынова, Г.Кемең­ге­рова, т.б. сөз сөйлеп, кітап авторына жылы лебіздерін білдірді. Сондай-ақ, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Уәлихан Қалижанұлы, шығыс­тану­шы ғалым, профессор Әбсаттар Дер­бі­с­әлі, жазушы Бексұлтан Нұржеке-ұлы, филология ғылымдарының докторы, про­­фессор Нағима Сағындықова, ақындар Шөмішбай Сариев пен Аманхан Әлім, жур­налист-жа­зу­шы Қымбат Әбілдақызы, т.б. А.Ісмақ­о­ваның жеті кітабы мен оның қай­рат­керлік тұлғасы жайындағы ой-пікірлерін ортаға салды. Ғалымның шәкірті, С.Демирел уни­верситетінің кафедра меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Ұлан Ер­кін­­байұлы ұстазының жаңа еңбегі, ға­­­лым­­ның азаматтығы туралы: «Жалпы, әде­­биет деген – өте кең ұғым, әр дәуірде әр­­түрлі түсіндіріледі. Мәселен, Ахмет Бай­­тұр­­сынов әдебиетті «жан азығы», алаш­тықтар «асыл сөз» деп түсіндірген. Жалпы, әдебиетке қатысты үш түрлі сана бар: сенім санасы (діни сана), тарихи сана және ұлттық сана. Осының бәрі әдебиет қарастыратын, сатылап келетін қағидаттар. Мұны айтып отырғаным, Айгүл Серікқызы өзі жетекші болып мені 2002 жылы Ресейге, Новосибирск қаласына, Ахмет Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» кітабын орыстың ғұ­лама теоретиктерінің кітаптарымен салыс­тырып келсең» деп, оқуға жіберді. Ол жақта «қазақта не бар дейсің» деген менсін­беу­шілік байқалды. Айгүл апай анықтап берген негізгі ұғымдардың бірі – мәтін теориясы еді. Байтұрсынұлы сөздің бәрі ауызша бол­сын, жазбаша болсын шығарма деп айтылады дейді. Бұл қазіргі мәтін теориясымен тұспа-тұс келеді. Осындай қазіргі ұғым теориясына тұспа-тұс келетін Байтұр­сы­нұлына тән талай ұғымдарды ресейлік ғалымдарға жүйелеп бергенімізде олар қатты таңыр­қады. Сөйтіп, мені өздері қор­ғатып шығар­ды. Бұл да Айгүл апайдың жас­тарды дұрыс бағыттауының арқасы. Мен ұс­тазымның тәуелсіздіктен кейінгі жа­сал­ған әдебиеттің динамикасын тап басқан та­мыршыдай ба­қы­лап отыратын қасиетін ерекшелеп айтар едім. Мұның бәрі айналып келгенде Отаны­мыздың, еліміздің, ұлты­мыз­дың әдебиетіне, арына деген адал­дық­тан туатын үлкен қасиет», – деді.
Айгүл Ісмақованың сегізінші кітабы таяу­да орыс тілінде Мәскеу қаласынан жарық көрмек.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір