1. «Жамбыл» журналы. Тарландар мен таланттар
25.10.2015
2537
0
577127_631146688_______________________10001«Жамбыл» журналын оқығанда менің көз алдыма санама өмірі өшпестей жазылып қалған бір сурет елестейді. Есіңізде ме, сонау Түйеөркештегі ғажап көктем кеші. Бозбала Абайдың жас Тоғжанды алғаш көруі. Сүйіндік үйіндегі қонақасы. Қалай еді? «Қарабастың өткір сары кездігі қыстан қалған семіз жаяны да, алтындай сары уілдірікті де лып-лып сызып жапырақтап жатыр. Жалғыз сүр емес, сарала қып асқан екен». «Жамбыл» журналы да оқырманға сол «сараланы» тартып отыр ғой. Тамсана оқымасқа амал қайсы? Сыртқы сәні мен сапасы, безендірілуі, материалдарының сұрыпталуынан бастап ерекше «Жамбылдың» ішкі нәрі, сыры қандай? Журналда ұқыпты жинақылық, нақтылық, тиянақтылық бар. Қазақша айтқанда, «қыздың баласындай» сүйкімді. Ерекше бір қасиеті, ұтымды әдісі – тарландар мен таланттарды қос өрімдей қатар беруі. Қараңыз: Әбіш Кекілбайдан кейін бүгінгі күннің жас прозашыларының берілуі, Жұмекеннен соң Сағыныштың, Әбубәкірден соң тағы бір жас ақынның келуі… Алдыңғылар – танымал тарландар, соңғылар – тас жарған таланттар. Кездейсоқтық емес, көрегендік. Біріншіден, «Е, олар кезінде танылған, оқылған, аларын алған, жетеріне жеткен» демей, танымалдардың туындыларын қайталап беруі. Әбіш ағаның «Аңыздың ақыры» романын кезінде сабылып, табынып оқыған оқырман бүгін сағынып оқиды. Көптен көрмеген туысын көргендей құшақ жая қауышары хақ. Екіншіден, танымалмен қатар тұрған жас талант «Япыр-ау, ол қалай жазды, мен қалай жаздым, ол неге танымал?» деп бір сәт ойланады, салыстырады. Сөйтіп, өзіне-өзі сын көзімен қарап, талғам таразысы қалыптасады. Үшіншіден, оқырман аузы тұшып оқитын дүние табады.

Әмина Құрманғалиқызы

Осы әдісті, әсіресе, «Поэзия» бөлімінен анық көреміз. Соның ішінде аз ғұмырында өлеңсүйер қауымның көз қуанышына, сүйіктісіне, ер­ке­сіне, кейін мәңгілік сағынышына айналып үлгерген Жұмекен жырлары берілуі қандай ғанибет. Жұмекенді тағы бір оқисың, тағы да бір табы­насың, тағы да бір сағынасың. Жұмекенді Жұмекен еткен не? Кей­біреулер айтқандай «Өлгеннің бәрі керемет» дейік деп тұрған жоқпыз. Егер өлеңі орашолақ, жыры жасық болса, жастай өлу ғана атақ әпере алмас. Тегінде, мықты ақынның да, мықты жазушының да өзінің ішкі рухы болып жаралып, соншалықты етене, айқын, сүйікті болып, шығар­машылық тағдырында Александр маягындай адастырмай сәуле түсіріп, шабыт беріп тұратын бір ғажап қуат көзі, құбыланамасы, құпия әлемі болады. Қаламгер сол өз бағытында жазғанда ғана құдіретті. «Теңізден толқын атқан меруерттей, сол шақта найзағайдай сөз зулайды» деп Әуезов айтқандай, сол шақта қаламгер құдіретке айналады. Ал сая­саттың, не қоғамдық көзқарастың әсерімен «өз әлемінен» сәл ауытқыса, әлгі құдірет күшін жоғалтады. Шабыттан тумай сұраныс пен тапсырыстан туған дүниеде нәр болмайды. Ол бейне қаламгердің «өгей баласы» дерлік дүние. Мысалы, «Абай» романынан кейін-ақ солақай сынның сойылы қа­жытқан Әуезов «Жаңа дүние жазам» деп уәде береді. Анау «Өскен өркеннен» бастап «жаңа дүниелеріне» қараңыз. Әуезов жазды деуге қиналасың, Әуезовті қимайсың, аяйсың. «Жазбаса нетті» дейсің. Бірақ басқа ештеңе жазбаған күннің өзінде жалғыз «Абай жолы» Әуезовті ғана емес, қазақты әлемге танытты. Осы бір ғана туындыға Әуезовтің адам­дық ­та, қаламгерлік те қуаты, дене қуаты, тілдік қуаты, бүкіл жүрегі, жаны, қаны бір-ақ сарқып берілген сияқты. Кейде осылай бір буырқанып, ша­мыр­қанып, түйдектеліп, құйылып келген дүние иесін «алып жейтіні де» бо­лады. Жалғыз демекші… Жалғыз «Көңілашар» Түркешті танытса, жал­ғыз «Жиырма бес» Зілғараны танытса, жалғыз «Полонез» Огинскийді та­нытса, жалғыз «Интернационал» француздың қарапайым жұмысшысын әлемге танытты. Жалғыз өлең де кейде ақынның бағын ашады. Жалғыз өлең де ақынды бағалауға жетеді. Жұмекен сондай ақын. Осынау жарық жалғанға, Табиғат-Анаға, барша адамдарға сәбидей пәк, аңғал да таза сеніммен еркелей, таңдана келген ақын, тіршіліктің қас-қағым сәтіне дейін қалт жібермей жырлаған ақын, пендешіліктің, дүние уайымының бат­пағына батып үлгермеген ақын сол тап-таза, аңғал, пәк қалпында, сәл нәрсеге қуанған, сәл нәрсеге жұбанған қал­пында кете барыпты. Та­биғат-Ананың құрсағынан жаралып, Табиғат-Ана­сын жыр етіп, Табиғат-Анасына кете барды. Ешкімге өкпе де, наз да, міндет те артпады. «Ке­реметпін» демек түгілі, кереметтігін түсіне де алмай кетті. Журналда бе­рілген «Ғұмыр ертегісі» өлеңінде ұйқас, буын, бунақ жағынан барынша көсілген еркіндік бар.
Кемерінен лықсып асып төгілген өлең ақын­ның өзіндей еркін, ерке. Кейде 4, кейде 7, тіпті 17, 19 буын болып кететін жолдарды көріп сәл тіксінгеніңмен, оқығанда бір ке­містік, кетік, ақсау сезіне алмайсың. Жұ­ме­кенде сөз бөлінгенімен, ой бөлінбейді, әсем жымдасады. Қай өлеңін оқымаңыз, бір­де-бір бұралқы сөз, бұралаң жол, «ойна­ған, секірген, билеген» сөз таппайсың. Жа­да­ғай, жалаң, жұтаң сөз де жоқ. Ата қазақ­тың иісі аңқып тұрған, қаны сорғалаған сөз­дер. Өлең емес әңгіме айтып отырғандай өз-өзінен оп-оңай, рахат құйылып тұрады. Міне, осы төкпелік аралас буынды да сез­дір­мей жібереді.
– Бір жай менің бауырымды езіп жүр.
Жауыздық пен арамзалық бүгінде
Әр есіктің түбінде,
Аузын аңдып әр іннің,
Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын,
Аш мысық боп дүниені кезіп жүр.
Кәдімгі 4 тармақты, 11 буынды, қазақы қара өлең ұйқасы. Ақын осы өлеңді үш жолдан кейін үзіп тастап, арасына үш қыстырма сөйлем кіргізеді. Ал керек болса. Буын саны да әртүрлі, ұйқасы да ала-құла. Сонымен 7 жол­ды шумақ шыға келді. Ал бірақ оқығанда осы ала-құлалық білінбейді.
– Әр есіктің түбінде,
Аузын аңдып әр іннің,
Әр елдің бір сылдырлатып бұтасын, –
деген «өгей» үш жол градациялық әдіспен екпіндеп, түйдектеліп келіп, мағынаны кү­шейтіп, бояуын қоюлата түседі, ырғаққа да сыйып тұр. Мазмұн мен форма үйлесе кетіп, бар жағынан құйылып түскен өлеңге риза болған Абай:
– Тасбұлақтың суындай
Сылдырап өңкей келісім, –
десе, Маяковский: «Поэзияда ырғақ билік құрады» деген. Осындай бір еркін көсілген Шығыс шайырларының ғазалдық-рубайлық сипаты о баста Қуандық Шаңғытбаев пен Мұхтар Шахановтан көрінсе, Жұмекенде де ол баршылық. Жұмекен «Ғұмыр ертегісі» өлеңін­де осы бір тамаша формалық сипатпен қоса ежелгі халық даналығын филосо­фия­­лық түйін етіп алады. Ол әр өлеңінде бар. Мысалы, «Жүз жасасаң да өтеріңде өмір аз көрінеді» деген әркім-ақ айтатын сөз. Жұмекен осыны:
– Жетпіс, сексен, тоқсан, жүз де – кәрі, рас.
Бірақ-бірақ… өлу үшін бәрі жас, – деп, оп-оңай афоризмге айналдырады.
Тышқан аңдыған мысықтай адамды да өмірбақи аңдып жүретін пәле бар екен.
– Мысық – тәбет
Мысық – тілек
Мысық – көз
Мысық – табан саясат, – деп, бір ғана сөз­ден туындаған әлденеше метафорамен береді. Абайда:
– Адасқан күшік секілді
Ұлып жұртқа қайтқан ой, –
деген бар. Осы «күшік» сөзі Жұмекенде қалай түрленеді.
– Аш күшік боп бұл сұрақ
Ірге жақты тырнап жатыр қыңсылап
Немесе:
– Қызу дарып бойына шым-шым ағын.
Шуаққа аунап күшік-тірлік қыңсылады.
Не деген астарлы әрі жанды сурет! Дәл осы жерде әлдебір басқа хайуанды алса дәл күшіктей образды ой шығар ма еді. «Жұмекен жұмбағы» деп жүрміз ғой бүгінде. Сол жұм­бақ­­тың бір шешуі – Жұмекеннің тереңдігінде, соны сөздердің саралап алудағы сұңғылалы­ғында. Мысалы, ауыл, дала, қазақ иісі, қазақ рухы, келмеске кеткен қазақы құндылықтар, таза қазақы адам, қазақы тіл – осыларға деген сағыныш қалай көрінеді?
– Жамырап жатқан жас төлдің үнін аңсадым, – дейді Мұқағали.
– Бұлбұл қайда, ай қайда, Маржан қай­да? – дейді Ғалым.
– Табиғаттың өз дауысын аңсадым, – дейді Жұмекен. Қайсысы тереңірек?
Қозының дауысы мен бұлбұлдың үнін әр­кім де естиді. Ал мықты болсаңыз табиғат­тың дауысын естіп көріңізші. Жоғарғы екі са­ғынышта нақтылық, ал соңғысында абст­рак­тылық-ғайыптық басым. Осындай таң­дандыратын соны сурет көп-ақ. Мысалы:
– Құламай тұр, Құдай-ау, тамшы на­ғып?
Тамшы тамады, жауады, ағады, тырсылдайды. Ал қалай құлайды? Айтам ғой, Жұме­кенге ғана жарасар кешірімді тентектік.
– Тікірейіп шырша тұр үркіп, тегі.
Жа­сыл сырға малып ап кірпіктерін. Шыр­ша емес, кінәмшіл, үркек бойжеткен секілді ме, қалай.
– Қара суға қаз кетті түсіп есіп
Тасбақалар табысты кісінесіп.
Тасбақа емес, үйірлі жылқы секілді.
– Гүл еріні түріліп кімді өбеді
Кімді өбеді? Ешкім де үндемеді.
Уа, сүйінші, табиғат! Күрең мініп,
Көктөбені айналып күн келеді.
Жұмекен көп өлеңінде адаммен сөйле­сіп, адаммен қуаныш-қайғысын бөліспейді. Тек табиғатпен, соның ай-күнімен, аң-құсы­мен, тау-тасымен тілдеседі. Сондықтан да ғай­баттан, қызғаныш-күндеуден аулақтау болған шығар. Жалпы әр адамның бір стихиясы болады дейді ғой. Әр ақынның да өз стихиясы, құпия киесі бола ма деймін. Мұқа­ғали тауды көп жырлады, Ғалым ақ қысты, Аманхан күздің желін, Жұматай Ләйланы, Тұманбай көктемді дегендей.
– Ығысыңдар, ей, таулар, ығысыңдар.
Орын сайла ортаңнан, жұмысым бар, – деген Мұқағали. Таулардың Мұхаңа ығысып орын бергенін көзіміз көрді. Ал Жұмекен жырының айналып соға беретін Темірқазығы – Күн. Тіршіліктің жалғыз қуат көзі – Күн. «Уа, күн келеді» өлеңі. Ақынның ештеңесін оқы­май-ақ,  жалғыз осы өлеңін оқысаң, оны тануға жетіп жатыр. Физули «Алла бағының» күнді сипаттаған тарауын «Күн гимні» деп атапты. Шайыр «Қырғауылдың қанатындай қып-қызыл өрт шығысты шарпыған» кездегі жер үстіндегі ғажап құбылысты суреттейді. Жұмекен де өз өлеңінде Құдіретті күн жер үстін алқызыл нұрға бөлеген сәттегі ғажап сұлулықты, табиғаттың мыңдаған үндерден тұратын симфониясы мен гармониясын жыр етеді. Табиғат дауысы өзі бір оркестр, одан төгілген симфония. Осы симфонияны қара сөзбен Сәбит Мұқанов суреттеп еді-ау бір кезде («Есіл бойында»). Сол оркестрдің жалғыз дирижері, қапысыз қожасы-ақын­ның өзі. Табиғатпен тілдеседі, әмір етеді, өтінеді, бұйырады.
– Бір жақсы жыр оқышы жатқа, бұлақ.
Сары шымшық, сен де тыңда, ақпа құлақ
Тақылдақ, таңдайыңды қақпа бірақ, – деп олардан бір өтініп алған соң,
– Оятшы шыңдарды ана, бала бүркіт,
Бір тоқты қозы тапсын қара кірпік
Толғатып жусан тусын дала бір түп, – деп әмір етеді. Қызық. Тоқты қозыны табады, дала жусанды туады. Табады, туады си­нонимдерін де талғаммен таңдаған ғой. Қой қозы тапса, қазақ үшін көз үйренген көрініс. Ал даланың толғатуы, содан соң жусанды тууы – не деген соны сурет! «Бір қой егіз тап­са, бір түп жусан артық шығады» деген халық даналығы Жұмекенде осындай тірі суретке айналған. Тіпті «қара кірпік қозысы» да тосын. Қозыда кірпік бола ма, болса қара бола ма – ойға келмеген. Қыздың кірпігі туралы көп естідік, ал қозының кірпігін алғаш естуім.
– Күн көзі жалт етіп бір қарағанда-ақ
Күл болып жанып кетті қара қаңбақ.
Шаңқ етті бала бүркіт. Сонда Алатау
Желіп кетті өркеші ағараңдап.
– Күлдірді ақ бұлақты қытықтап нұр
Тастың дағы сабыры бітіп қап тұр
Ылғи бір жанды әрекет, сылдыр-сыңғыр үн, сиқырлы әлем.
– Судың жырын жырлайын күмбір етіп
Гүлдің жырын жырлайын үлбіретіп
Жалғыз сәтке тым құрыса, уа, табиғат,
Қондыр мені бұтаңа бұлбұл етіп.
Жаратқаннан бақыт емес, байлық емес, атақ емес, тек жырлап өтуді сұраған ақын рухы бұлбұлға айналып, өзі сүйген табиғатын мәңгілік жырлап отыр ма, кім білсін…
Әбубәкір Қайран «Аспаннан түскен аяттар». Жұмекен, Әбубәкір, Несіпбек, Аманхандар ініліктен – ірілікке, таланттан – танымал­дық­қа жеткен ақындар. Бұл күнде өз сти­лі­мен, өз үнімен, өз үнімен, өз тілімен, өз өр­нек-нақышымен дараланып, өз оқыр­манын тауып, халық жүрегінен орын алған ақындар. Өмірден алмаса алмаған шығар, бірақ өлең деген өлкенің төрінен ойып тұрып орын алған, өз еншісі, өз сыбағасы, өз бағасы бар ақындар. А дегенде қалың нөпір болып шапқан аламан бәйгеден ақыр­ғы айналымда шашасына шаң жұқтыр­май сандалкерлер сытылып шықпаушы ма еді. Бұлар – солар. Егер мен Әубәкірді мақтасам, басқа ақын жаман деген сөз емес. Кейде ой­лайсың: ай ортақ, күн ортақ, басқан то­пырағы, жұтқан ауасы, өмір сүрген ортасы, қоғамы, саясаты, көтеретін проблемалары бәрі ортақ. Содан да бәрінің өлеңі біртекті шығар. Бірақ мықты ақын осы «стандарттан» қандай да бір қасиетімен дараланып шық­паса, несімен мықты? Әбубәкір өлеңінен үш түрлі тазалық көрем.
1. Дін тазалығы. 2. Діл (менталитет) таза­лығы. 3. Тіл тазалығы. «Аспаннан түскен аяттарда» Әбубәкір «Менінің» таза имани ұс­танымы көрініп тұр. Оның өлеңі әсіре софизмнен, әсіре мистикадан, әсіре пессимизм мен әсіре консерватизмнен, әсіре натурализмнен де ада. Шайқы-бұрқы дуа­налықтан да аман. Әруақ та шақырмайды, мола да кезбейді, түңіліп өлім де іздемеді. Басыма бақ, астыма тақ мінбедім деп, жын­ға жалынып, шайтанмен келісімге де кел­мейді. Әбубәкір өлеңіндегі діни сезім сонау бала кезінен сүтпен кіріп, сүйекке сіңген таза қазақи наным-сенім. «Құдай – бір, Құран – шын, Пайғамбар – хақ» деген қа­зақы қағида. Пенде қанша қол созғанымен, Жаратушы құпиясына бойлай алмақ емес. Абайдың өзі:
– Құмарсыз құр мүлгуге тоя алмаймын
Сонда да соны ойламай қоя алмаймын, – деген ғой. Ақын да «Біз кімбіз осы, өткенде кім болдық, келесі дүниеде кім әлде не боламыз» деп көп толғанады. Ақыры мынандай түйінге келеді:
– Адалдап жеген асымды
Адам боп қалғым келеді.
Жаратушы енді бір өмірге әкеліп, кім бол­ғың келеді десе, ол бәрібір сол бастан кеш­кен бағымен, сорымен, адами әлсіз­ді­гімен адам болуды таңдайды екен. Еріксіз Жаратушыдан соңғы ұлылық – адам екен-ау дейсің. Ақын соны мойындайды. Орайы келгенде (тақырып дін-иман туралы болған соң) айта кетейін. «Кеңес кезінде адамдар құдайсыз болды» деген жалған. Коммунис­тер мен атқамінерлер амалсыз уралаған­мен, әр қазақтың жүрек түкпірінде жалғыз Жаратушы құпия сақталды. Өз үйінде отырып айтқан аллауакбары, жасаған дұғасы әлдеқайда сауапты болды. Ол кездегі дін әлдеқайда берік, әлдеқайда таза еді. Кө­кіре­гінде бұрыннан діни негізі қалып­тас­қандар сол қалпында. Ал діни сауаты жоқтардың мұсылман болуға кірісуі тіпті әлей. «Әсіресе діншілдік» те бір сор. Олардың ұғымынша: мұсылман болу үшін қаба сақал өсір, шолақ шалбар ки, қатыныңды қара желеңге орап таста, 2-3 әйел ал, не істесең ол істе, тек Құрбан айтта қызыл ала қанға бөк­­тіріп, өкіртіп өгіз бауыздасаң – кешіріл­мей­тін күнәң жоқ. Шіркіндер-ау, ойласаң­даршы, мұсылман болғың келсе, алдымен араб бол деп кім айтты? Әлде Алла арабтың меншігі ме? Әлде қазақ болып, өз киімімізбен тұрып еткен құлшылығымызды Алла қабыл ет­пей ме. Әлде біз ұлт емеспіз бе? Бізде тарих, ата-баба, салт-сана жоқ па? Әлде біз­­дің қазақтығымызда, тарихымызда ұяла­тын бірдеме бар ма? Қиян даланы тұлпа­рының тұяғымен үш мың жыл дүбірлетіп, Кир мен Дарийдің басын кескен, «ағаштан үйі бар, биенің сүтін ішкен ғұндар пәле болды ғой» деп Қытай патшасын зар илеткен біздің ата-бабаларымыз емес пе еді. Сол ба­ба­мыз­дың заңы, салт, сәні, киімі, тегі кімнен кем еді? Әрі-беріден соң адамды құрбанға шалған, адамға таңба басып құл еткен, мал орнына сатқан да, гарем ұстап, көп қатын алған да, бір үйде дүниеге келген әрбір үшін­ші қызды тірідей жерге көметін де, тіпті күні бүгінге дейін соғыстан көз ашпай, тірі адамды «аллаһ акбар» деп бауыздай салатын да сол елдер емес пе. Қара желең араб, иран, ирак әйелдерінің ұлттық киімі. Таби­ға­тына, ауа райына қарай солай киінетін шығар. Ал қазақ қызы қара желеңге оранбаса, мұсылман бола алмай ма? Айтың­дар­шы, неге біз өз киімімізбен (әрине, ашық-ша­шық емес) мұсылман бола алмаймыз? Президенттің өзі осыны эфирден айтқан еді.
– Жұрт айтса – болды
Көп айтса – көнді
Әдеті надан адамның, – деп Абай айт­қандай, «әсіре діншілдерден» шығады не шықса. Ар жағы ділі берік болмаған соң, үгітке тез ереді. Тағы да Абай «Иман көкі­рекке берік байланбақ керек» деген. Әсіре діншілдер, қазіргі мұсылман Әбубәкірде қалай бейнеленеді:
–  Алла атымен ақиқатқа бас ұрам.
Сөйте тұра көп күнәмды жасырам
– Мүттәйімдей мүләйімсіп, монтансып,
Дәме етемін періштенің ернінен.
– Үйіріліп, үйірілмей иманым
Әрі-беріден соң мұсылманшылық де­ген­нің өзі – адамгершілік, ар тазалығы. Ұлттық құн­дылығыңды, ұлттық намысыңды, салт-санаңды дін жолына құрбан ет деген сөз емес. Тобықтай түйін – Жаппар Хаққа қазақ болып сыйын. Әбубәкір жыр жазған сәтін анасының Аллаға мінәжат сәтімен салыстырады. Екеуінде де бар жанымен Жаратушыға жақындау бар.
– Анам жатыр жығылып намазына.
Мен отырмын үңіліп қағазыма
Кейуанамның күбірін Алла естір-ау,
Менің жырым жетер ме саналыға, –
деп қиналады. Ана алдында – жайнамаз, ақын алдында – ақ қағаз. Ана аузында – мінәжат, ақын аузында – рубаят. Егіз ұғым – параллелизм десеңші.
Діл тазалығы неде? Ата-баба аманатына адалдығы, ұлттық құндылыққа адалдығы, ұлт намысына адалдығы. Адамдықты, әділдікті, ар-ұятты, Ананы жыр етуі. Жаһан­дану­дан, космополиттен, постмодерннен аман болуы. Әсіресе әйел-Ананы Тәңірдей пір тұтуы, құрметі.
– Әйелдер бар… Арлы, нұрлы, ұятты
Тірегі олар тіршіліктің миятты.
Осы «арлы, нұрлы, ұятты» деген үш сипаты бар әйелге басқа не керек?
– Кім айтады әйел Тәңір емес деп.
Тәңір десең, анаң тұрар елестеп.
Күші әйелдің күллі әлемдік тартылыс,
Күші әйелдің көз жасында емес тек.
Қоғамдағы барлық келеңсіздік ақын жүрегінен өтіп, жанына «мың тебен» болып қадалады.
– Қарап тұрсам, қала – түнек, дала – қор
Жұрты – жуас, төрелері – парақор.
Сарғаяды санам менің, шіриді,
Ши түбінен шие бөрі ұлиды.
– Қызған қымыз секілденіп тасиды  Ар
Жұлған жуа секілденіп жасиды  Ар.
Ақын атаулыны айналып өтпейтін әділетсіздікке налиды.
– Көк жүзінен бір жұлдыз үзсем деп ем
Көк теңізден дүр маржан сүзсем деп ем.
Ақбозымды ойнатып кең қолатқа,
Ақ ордамды апарып тіксем деп ем, –
деген ақын келер сәтте:
– Мен алатын маржанды басқа жұтып,
Бүлк-бүлк етіп жемсауы жыбырлады.
– Мансаптылар мас болған мырза төрлер,
Маңайына біздерді жолатпай ма, –
деп сәл мұңға-элегияға берілсе…
– Гүлден тұрған
Кірден тұрған – Жер осы
Сіз баратын, біз баратын – Көр осы! – деп пессимизмге кетеді. Дегенмен тез ес  жиып, сабырға жүгінеді:
– Қарашы, дос, пендемін мен де қандай.
Не күн туды соншама зарланардай.
Жұлдыз-қыздың жанына бармағандай
Теңіз-жырдың маржанын алмағандай.
– Мінбегендей күлікке, түспегендей.
Жатып қымыз жайлауда ішпегендей.
Тәуба дейік! Шынында қайтер едік,
Мына өмірден өткенде түк те көрмей, –  деп тәубаға келеді. Біз де осыны айтпақ ек.
Тіл тазалығы. Кез келген қаламгер әде­би тіл нормасын игеруге міндетті. Әйтпесе өз ауылы ғана білетін бір диалектіні кіргізеді де, «мұның қалай?», – десе, е, біздің жақта солай – деп қарап тұрады. Қаламгерді өз аймағы не ауылы ғана оқи ма? «Тұтақ! – деп кіріп келген тырли қара қатын» жазушы үшін кешірімді болғанмен, ақын үшін әбестік болар еді. Ақын жергілікті диалектіден, бұралқы сөзден, жаргоннан, оралман ағайын­дармен ілесе келіп жатқан кірме сөзден аулақ болғаны жөн. Әбубәкір бұл жағынан да мақтауға сияды. Күндіз шам алып іздегенімізде «Когаршын» деген жалғыз Шығыс өңірлік диалект таптық. Бірақ… Көп болмаса да стильдік, контекстік, логикалық ауытқулар бар. Мысалы, «Аспаннан түскен аяттарда» Жаратушының ешбір пенде баласының ақылы жетпес ұлы құпиясын ойлап сарсаң болған сәтін:
– Жатамын ылғи таңырқап,
Түбінде сезім-теңіздің, – дейді. Егер ма­хаб­бат туралы ойласа сезім – теңізге бат­қаны дұрыс. Ал Жаратушы және сезім… Бір орынға сыймайтын контраст, кереғарлық. Қыз­ды ойлап сезімге батса бір жөн, Жаратушыны ойлап сезімге бату күнә ғой.
– Деуші едім-ау тауды бұзып, мұз жарам.
Тілімізде ежелден бар тіркес «тауды бұзып, тасты жарып» еді. Әбубәкір соны «мұзды жарам» деп өзгертеді. Тасты жару – ерлік, ал мұзды жару мықтылық па. Бұл жерде ақын екі түрлі қателік жіберіп тұр: біріншіден, сингармонизм заңы бұзылып тұр. Екіншіден, эмоциялық реңк солғындап тұр. Тағы да мұзға байланысты:
– Жынданып кетсін сіреу мұз
Сенделіп кетсін сең-сең боп.
Мұз сетінеуші еді, қақ айырылып, қарс-қарс жарылушы еді. Жынды желді көрсек те, жынды мұзды көрмеппіз ғой.
– Сетінеп кетсін сіреу мұз
Сенделіп кетсін сең-сең боп, – десе, қандай тамаша аллитерация шығар еді.
– Сезім-сынды өлең болып тәп-тәуір
Бір когаршын ұшып өтті ақ бауыр
Жалғыз нүкте сіңіп кетті ауаға,
Сол бір нүкте жүрегіме батты ауыр.
Аллегориялық әдіспен берілсе де Ақ­бауыр­дың құс емес, бұл күнде көкіректегі күрсінге айналған, ақынды адастырып кеткен арман екенін білдік. «Көзіме бір көрінші бала ғашық» дегізіп, жігіт атаулыны сағын­дырып өтетін бейкүнә бір сезім ғой. «Күйік те емес, жар да емес». Кейде бір ғана ақын жүрегінен дірілдей шыққан арманды күрсін шығар. Әйтеу бір таза,періште сезім.
– Сол ақбауыр тапты ма екен серігін
Бағы ашылып, басты ма екен жерігін.
Қап, осыншама сұлу сезімді бүлдіргені-ай мына баланың! «Бағы ашылыптан» ары бір қадам басқың келмейді. Көк аспанға сіңіп кеткен ғайып текті ақбауыр құстың орнына жерігін баса алмай жалаңдап жүр­ген кексе келіншек елес береді.
– Ыстық от ойнап төбемде. Егер бұл жер­дегі төбе – бас болса, онда басқа ақыл, ми сөздері тән. Ал ыстық от жүректе ойнаса жараспай ма? Дүниеге періштедей пәк сәби көзімен қараған шағын ақын:
– Жыры – жыр,
Нұрын – нұр,
Түнін – күн (әлде күнін – түн бе екен) жү­ріп­пін дейді. Егер жырын – жыр, нұрын – нұр десе, неге күнін – күн, түнін – түн де­мейді? Күн орнына – түн көрсе, демек сонша періште болмағаны ма?
– Көк ши едім, ақ ши болдым, – дейді. Жетілдім, жеттім, толыстым, кемеліне кел­дім дегендегі жеткені ақ ши ғана болғаны ма? Бұл неғылған әсіре қарапайымдылық? Емен, терек, қарағай, арша, шырша, то­был­ғы, жиде, сексеуіл, жыңғыл секілді төзім мен қайсарлық, асқақ беріктік символдарының бірі болса нетер еді.
Ақынның өрістегі малы, сандығындағы қазынасы ол – өлеңі. Бір сөзі – бір қаралық. Малы барымтаға кеткен қазақ сойыл алып соғысқа шығады. Бір бас мал жоғалса із­дейді. Ал айдың-күннің аманында сөзі ба­рым­тағы кеткен ақын неге тыныш жатады? Сөз қадіріне жетпеген өз қадіріне жетпейді. Бір қызық жай еске түседі. Сәбит Мұқанов «Сырдариясында» канал қазып жатқандар­дың 40 000 есегі бір мезгілде ақырғанда, Сыр бойы күңіреніп кетеді деп жазса керек. Редакциялаушы адамға бұл сан оқшаусыз көп көрінеді де, бір нөлді сызып тастайды. Содан бір мезгілде 40 000 емес, 4 000 есек ақырады боп кітап басылып кетеді. Ал Сә­бең болса «қалған 36 000 есекті қайда жі­бер­діңдер» деп қайта-қайта қоңырау шалса керек. Сол секілді ақын әр сөзіне сұрау сал­са кәнеки. Осыдан біраз жыл бұрын Әбу­бәкір­дің:
– Жабайы аттай жатағандау болғасын, – деген жолын біреу бұлай болмау керек, былай болу керек деп:
– Жабағыдай жатағандау болғасын – деп түзетеді. Түзетуші «Жабайы ат жатаған болушы ма еді, жабағы жатаған болады» деп ойлағаны көрініп тұр. Ал Әбубәкір үндемеді. Білмегендіктен емес, әрине. Білмесе о баста «жабайыны» алмас еді ғой. Аға алдындағы әдеп-ибасы ма екен. Менің төрелігім мынау. Бұл жерде Әбубәкірдікі әбден дұрыс. Жабайы жылқының жатаған болатыны рас. Батыста оларды мустанг дейді. Құланнан – үлкендеу, кәдімгі жылқыдан – кішілеу. Қазақ кейде құлан, кейде қашыр деп атайды. Айғырын тарпаң дейді. «Тарпаңдай асау тағымын» деген Махамбет. Тарпаң – өте асау, шідерлеген, қақпайлағанға, қалаған жағына қайырғанға көнбейді. Тарпаң мінезбін десе, Әбубәкір өзін емес, өлеңіндегі мінезді айтады. Енді жабағы сөзіне келейік. Жабағы жылқы төлінің құлыннан үлкен кезі. Жылқы төлі құлын кезінде сүп-сүйкімді болғанмен, жабағы кезінде үстінен өлі жүні түспей, түсі күлдібадамданып өзгеріп, кес­пірсіз болса, тай кезінде қайтадан жұнттай болып жұмырланып алады. Ендеше өлеңдегі мінезі де, өмірдегі мінезі де басқаша Әбу­бәкірді құлын емес, тай емес, жалпыл­даған жабағыға теңеп не көрініпті? Әбубәкір, Не­сіп­бектей ақындар мынау алмағайып заманда «жабыдай жалтаңдап» күн кешуі мүм­кін, бірақ жабағыдай жалпылдамайды. Әбубәкір өлеңіндегі мінезге бұл сипат тән емес.
Ешбір ақын да, жазушы да жазған кезде «мына жерде мына әдісті пайдаланайын» демесе де, соны пайдаланып отырғанын өзі білмесе де, ішкі қуатының көзі, құнарлы рухани дүниесі, нәрлі сөздік қоры – бір сөз­бен айтқанда, Алла қанға берген тектік, нәсілдік коды оны өзі жетелейді. Ал ақын шеберлігін іздеп тауып, саралап таныту – сыншының міндеті. Белинский замандас жазушының сан шеберлік тәсілін ашып, мынандай-мынандай әдіс қолданған деп жазғанын оқығанда, ол таңғалып, «Жазып отыр­ғанда мұндай әдістің бар екенін де білген емеспін» депті. Сол секілді Әбубәкір өлеңінде символика, гротеск, метонимия, психоло­гия­лық контраст пен параллелизм, аллего­рия­лық сипат, ғажап метафора мен қызықты синекдохалар қаншама… Байтұрсыновша айтсақ, астарлау, құбылту, шендестіру, қайталау, түйдектей қайталау, еспелей қайталау. Мысалды көп келтіруге болар еді. Әттең, не керек, ақынның өзі айтпақшы «Сыймаймын шағын көлемге». Сонда да мына ағылып, төгіліп тұрған ассонанс пен аллицерациясын көзім қиып кете алмай тұрғаным. Тағы бір оқиықшы:
– Күрсініп күндер, күреңітіп барып, түн болған
Қазан ат арып, қарға адым жер мұң болған
Қасарып тиіп қас дұшпан елдің шетіне,
Қарындас қанын қасықтап ішкен күн болған,
– Өкіріп ақты өзендер бейне қанды жас
Өшігіп бақты өртенген бұлттар қаңғыбас
Өлігін сүйреп жөнелген жаудың жолдары
Өшпейтін із боп тарихта мәңгі қалды рас.
Иә, тарихта жаудың жолы қаншалықты қаларын кім білсін. Ал ақынның жыр жолы – мәңгілік. Ақын бақыты да, жұбанышы да-осы.
Несіпбек Айтов. «Қағып ап қарағайдай мүйізімді» өлеңдер топтамасы. Қарағайдай мүйізді ақын екені де рас. Топ елік жосыла, жөңки жөнелгенде, ішінде біреулері алтын мүйізі айға шағылып, тәкаппар басын кекжите көтеріп бара жатпаушы ма еді. Бекзат тәкаппарлық! Ақындық әлемінде «Қарға бойлы Қазтуған» атанған Несіпбек емес пе. «Дариға – дәуренді» егіліп тыңдаған қазаққа «Шіркін-ай, осындай өлең жазған ақында да арман бар ма екен» дегізген Несіпбек… Енді бүгін әр өлеңінен Қасым-тағдыр сығалап, Мұқағали-мұң тамшылап тұрғаны несі? «Ойлы адамға қызық жоқ бұл жалғанда» деп жұбатамыз ба әлде, «Сұм өмір абақты ғой саналыға» дейміз бе. Сен ойлысың,  сана­лы­сың – сондықтан төзе бер дейміз бе. Ақын­ның «Құралай-ғұмыр» өлеңі ақындар тағдыры секілді. Ақын дегендер қоғамның ең нәзік, қорғансыз, ең өмірге икемсіз баласы. Қашан солар алаңсыз жыр жазатын күнге жетеді? Бал беретін араны да, бәйгеге қосатын атты да баптаушы еді ғой. Тіпті өлуге де дайын емес, өйткені «табақ тесік, қасық кем, қазан кетік». Бұл бір ғана ақын­ның күйі ме? Ішінара айы оңынан туып, асығы алшысынан түскен бірен-сараны болмаса, алшаңдап жүргені аз. «Ер-тұрманы бүтінделмеген» қалпында өмірден өтіп кете барғандары қаншама…
– Баймен де, патшамен де тең жүр едім
Төбеме кедейшілік төнді менің
Көрініп өз мүйізім өзіме алтын,
Қолына әлдекімнің телміремін
– Мүсіркеп бірақ ешкім жарылқамас
Қырқысқан қайда барсаң қалың талас
Қол сынса, жыртық жеңнен қайыр бар ма,
Бүркейтін бөрік те жоқ жарылса бас.
Осыдан өткен ащы шындық бола ма? Әлі сол, әлі баяғыдай:
– Қу тірліктің жармасып жалына әлі
Ақын жүрек қансырап қабынады. Бұл – қоғамның дерті, әлсіздігі. Не дейміз?  Қасымша:
– Иран Шахқа мұңың шақпа, Низами
Біздің шақта гүл құшақта, Низами, –
десек пе, әлде Мұқағалиша:
– Не жетпейді, не керек осы маған
Қолым аман, аяғым, басым аман
Шаруаның баласы емес пе едім,
Кетпенменен өз-өзін асыраған, –
дейміз бе, әлде Әбубәкірше:
– Қайтер едік ештеңе көрмей кетсек, – дейміз бе. Сабыр, сабыр… Әр нәрсенің екі жағы бар, әр қиындықтың бір қайыры бар. Жаратушының да бір білгені бар шығар. Әуезов:
– Тыныштықта мезгіл бедеу, жыр тумайды.
Сәттер бар қасіреттен ой тумайды
Теңізден толқын атқан меруерттей,
Сол шақта найзағайдай сөз зулайды, – деп еді ғой. Кезінде жалын атып, жасындай жарқылдаған бір ақындар бар еді. Соларды ұзақ жыл көрмей, естімей кеттік. Оқырман елеңдеп баспа беттерінен ұзақ іздеді. Ақыры үмітін үзді, ұмытты. Сөйтсек олар атақ-мансап, бақ-байлық жолындағы жан берісіп, жан алысқан «ұлы сүргінге» түсіп кеткен-ау шамасы. Оған да жетіпті. Соңғы кезде сол ақынның бар бітірер шаруасы – өйтіп-бүйтіп телеарнадан көрініп қалу. Жоқ, өлең оқымайды. Салған екі этаж үйін, екі метр ірге тасын, шатырын, қақпасын, итін… Иә өзін де көрсетті. Аппақ шашты, сары тісті, қызыл көзді, жағы пышақ жанығандай бейбақ кабинетінде зерлеген кітаптарына қарап отырды. Байлыққа жету жолы оңай болмағаны да. Бәрінен бұрын құрбан боп кеткен жастық жылдары мен жалын жырларын айтсаңшы. Өзі секілді жүдеу әйелі де әлдеқандай ұлы адамның жұбайының образына кіріп, «Ақынның жары болу оңай емес. Бәкең өлеңді мына уақытта жазады» деп сартап болған сөзбен жас тілшіні мәз ғып қайтарды. Бұл ақын баспасөзге өлең бермейді, өйткені оны өз басына ар санайды. «Мен танымалмын» деген бір ой көкі­ре­гіне ұялап алған. Қолжетімді баспасөзден өлеңін оқып тұрмаған соң, халық оның алған атағын, шетелге барғанын, кітабын шетелде шығарғанын қайтсін. Өйткені, ол кітап халық қолына жетпейді. Міне, қолы жеткен ақын­ның бейнесі. Ақын атақ, байлыққа жетем деп жүріп, оқырманын, отты өлеңін қалай жоғалтқанын өзі де білмей қалады. Егер Несіп­бек те сондай күнге жетсе, мына өлең туар ма еді, тумас па еді.
Несіпбек тіліндей шұрайлы тіл сирек. Шіркін-ай, әр сөзінің мәйегі сорғалап, майы тамып тұрады-ау. Ең жақсы өлеңін іздеп әуре болмайсың, шетінен-ақ ала бер. Әр жолынан арлы ақиқат, терең мағына, шешен тіл, мөлдір сезім, мөлтілдеген мұң, ащы жас төгіледі. Әр сөзінен қазақтың ежелгі құ­нарлы тілінің інжу-маржаны саналатын тұ­рақты тіркестер атой беріп тұр. Әдетте ма­қал-мәтелдер мен фразаеологиялық, идиомалық тіркестерді өлең ішіне иіп кіргізіп, сіңдіріп жіберу шеберлікті керек етеді. Ал Несіпбек бұған еш қиналмайды. Әр жол сайын тіркес. Және нәрін, құнарын жоймайды. Қаралық: ауыз бағу, алтыбақан алауыз, қырық пышақ, төбеге шай қайнату, тоқсан толғау, қабақ шытпау, иненің жасуындай, қытығына тию, құлақкесті құл, сүтке тиген мысықтай, шоқтығына қол апартпау, көзден өткеру, жауырды жаба тоқу, айдарынан жел есу, сең соққан балықтай, сырты бүтін, іші түтін, тұяқ серпу, су аяғы құрдым, қылы­шынан қан таму, анадан қайта туған­дай, басыңды тауға да, тасқа да ұру, құлқынға құл болу, бірің өліп, бірің қал, іштен тыну, т.б. ал кейбірін өзгертеді. Негізі өзгертуге болмаса да, Несіпбек өзгертуінде тіркестің мәні солғындамай, керісінше күшейе түседі. Мысалы, «Екі бүркіт таласса, бір құзғынға жем түсерді» «Екі жылқы тебіссе, бір есекке орын босайды» деп, «Ұзын арқан, кең тұ­сауды» «Шолақ арқан, тар тұсау» деп, «Қылы­шынан қан тамдыны» «Қылышынан қан сорғалады», «Сүтке тиген күшіктейді» «Сүтке тиген мысықтай» деп өзгертеді. Әбубәкір ашуды «қызған қымыз» десе, Несіпбек «ашыған іркіт» дейді. Ал Абай «ашуым-ашыған у» деп еді-ау. Өлеңдегі қазақ таби­ғаты қандай? Мен бұл арада флора мен фау­наны айтайын деп тұрғам жоқ. Қазақы мінез, қазақы тіл, қазақы менталитет, қаза­қы салт-сана… Көз тұнады. Бір кездері бір сын­шы «Евгений Онегиндегі» Абай аудармасын:
– Қаймақ еді көңілімде,
Бізге қаспақ болды жем, – дегенді:
– Немене қаймақ жалап, қаспақ қырып отыратын Татьяна қойшының қызы ма? – деп сынапты. Абайды сынаған әлгі бейбақ ұлттық тіл, ұлттық бояу дегенді Абайдан артық білем дей ме екен. Енді сол заманда кейіпкерім орыс екен деп:
– Каша еді көңілімде
Бізге борщ болды жем, – деуі керек пе еді. Несіпбектің тілі де сол Абай тілі.
Қазақтың бүлінбеген құнарлы тілі. Бәрі­мізге таныс сурет.
– Жетім күшік сықылды жұртта қалса,
Балам мені, білмеймін, түсіне ме.
– Ашына алмай, айғайлап ашыла алмай,
Іштен тындым, іркіт боп ашығандай.
– Алқымымнан алса да ауыз бақтым
Ашуымды төзімге бауыздаттым.
Сүтке тиген мысықтай сыртқа тепсе,
Таңдайыма қара су тамызбақ кім
– Әкімдері қазақтың көлеңкелеп,
Ақындары қаңғиды пана таппай.
– Осып түскен қамшыдан шұбар ала
Жолбарыстың жүніндей жан бауырым.
– Арқа жауыр екені және де аян
Жаба тоқып несіне мен жасырам.
– Сауырыма сауыс боп тер қатады
Қатқан тердің астында сор жатады.
– Қыр соңымнан туғалы қалар емес,
Шұбар жылан күміс құйрық, алтын бас.
– Сылдырына зар боп жүрмін бұлақ­тың
Сыбдырына зар боп жүрмін тоғайдың
– Қаралы бір қара сызық тартылар.
«Несіпбек сонша біз айтпаған нені айтыпты», – дер біреу. Көп ақын (тіпті бәрі) арақ, шарап, сауықхана, сырахана, шарапхана дегендерді жастық шақтарының бір ерлігіндей, ақынның бір серілігіндей мақтан көре жыр етеді. Қарт майдангер 41 жылғы соғысты қалай мақтан ете әңгіме етсе, Әбубәкір де тура сондай бір көңіл күймен:
– Ішу де майдан, о, жастаар
Ол жерде соғыс, тозақ бар.
Оралды содан молақтар,
Оралды содан шолақтар,
Соғыстан қайтқан солдаттар
Отырған біздер қонақтар, – десе, Несіпбек мүлде басқа. Мейрамхана, Казиноны қазақтың соры, ал Алатауға қарай жылдан-жылға өрмелеп бара жатқан сауықхана ғимараттарын «Алатаудың денесіне өрмелеген құрт» деп суреттейді.
– Мейрамхана бай-мырзасы, сырахана сұлтаны
Қашан көрсең қалқып жүрген біздің  қазақ ылғи мас.
Шарап буы бұрқыраған дыр-думанның ошағы,
Маскүнемге қаскүнемнің қазып қойған орындай.
– Қара қазақ құлап түссе, сұлап жатып жөн айтар,
Кеңірдегі бүлкілдеген, күркілдеген сары Иван, – деп қамығады.
– Кете барам кенеттен қалғып бір күн,
Көбелектей басымды гүлге сүйеп
– Мен де бір құспын шағала
Зар болып жүрген панаға
– Ғұмыр бейне жезкиіктің лағы
Ортасында өмір менен өлімнің,
Күндіз-түні елеңдеген құлағы, – деп баз кешеді бір сәт көбелек-көңіл, шағала-қанат, жезкиік-ғұмыр ақын. Кезінде «Біз – Сарамен екеуміз» деген өлеңдер топтамасы үшін Әбділда Тәжібаев сынға ұшыраған. «Әбділда бірінші орынға өз басын қояды. Әйелінен басқаны неге жазбайды. Отанды, қоғамды, адамды» депті. Сонда Әбділда:
– Ау, менің әйелім адам емес пе, – деген екен. Бір қарағанда Несіпбек те өз басының мұңын жоқтаған, өзімшіл болып көрінуі мүмкін. Бірақ ақын мұңы – қазақ мұңы. Бұл – бүгінгі қоғам кінәсі. Ал тіпті жеке басының мұңын айтса да неғылады? «Алдымен өзім, сонан соң қоғам» депті ғой Хемингуэй.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір