Табиғатпен егіз жазушы
25.10.2015
1716
0
574391_1125477116_DAЖаратқан Ием бір басына сан өнерді үйіп-төгіп бере салған, дарабоз дарын иесі Ерсінбек Қойбағарұлының шығармашылығы дәл кемелдену үстінде өмірден озды. Оның қазасы отбасының ғана емес, қазақ әдебиетінің қабырғасына батты. Бұл жайында жазушы Тұрысбек Сәукетаев: «Сайрам жеріндегі әдебиетіміздің шырақшысы, қасиетті сөздің жоқшысы қайтпас сапарға аттанды», – десе, Әбдірахым Пратов: «Өзбек әдебиеті мен ақын-жазушыларының досы болатын… Туған ағам еді», – деп қайғырды.

Жүз орындық балалар бөлімшесінің меңгерушісі қызметінен өз еркімен босап, курорт жүйесіне қатардағы дәрігер болып жұмысқа тұрған ол, мұны: «Жазу­шылы­ғыма қолайлырақ», −  деп түсіндірген еді. Сол жылы, яғни 1984 жылы тұңғыш жинағы басылып, өмірінің соңына дейін шығармалары үздіксіз жарияланып келді. «Әрине, «Манкент» сияқты дертке дауа, жанға сая жер – шығармашылық адамы үшін құтты қоныс болғандығы да сөзсіз. Әуезовтің сөзімен айтсақ: «Орыс әдебиетінің шырқау биігі болған П.А.Чехов жазушылық-дәрігерлік еңбегінің ең бір жемісті, жеңісті кезеңін Ялтада өткізгенді­гінен бәріміз де хабардармыз. Ерсіннің де шығармашылық  дүниелерінің шоқтығы сияқты, ең құнарлы дүниелерінің осы кезеңде біздің Ялтамызда жазылғаны күмәнсіз», − дейді филология ғылымдары­ның докторы Керімбек Сыздықов.
Е.Қойбағарұлының туындылары 18 жеке кітап болып және 10 ұжымдық жинақта жарияланды. «Қарашаш», «Еш­кінің сирағы», «Доктор Арсений», «Терістік шұғыласы», «Тағдыр тауқыметі», «Суицид» хикаяттары мен «Махаббатым – ғайы­п-е­ре­нім», «Мылқаудың досы», «Тоқсаныншы жылдың жазы еді», «Ем қонбайтын келін­шек», «Балауыз шамдар», «Медиатор», «Қоқысшы», «Қалдан ата» әңгімелері оқыр­ман жүрегіне адамдық қасиеттер ұялататын үздік прозалық туындылар қатарына жатады.
Е.Қойбағарұлының шығармашылығы­мен танысқан әрбір оқырманды экология және табиғат мәселелері толғандырады. Оның барлық шығармаларының ішінде құрт, құмырсқа, бақа, тасбақа, ит, мысық, жылан, балық, сан түрлі құстар, алуан түрлі гүлдер, өсімдіктер, сондай-ақ «Қы­зыл кітаптағы» жан-жануарлар мен үй жануар­ларының жайы сөз болады. Бар­лық тіршілік иесінің өмір сүруге деген құл­шынысын айшықтап, адамзатты таби­ғат­пен етене араласуға шақырады. Прозадағы негізгі тақырыптары – отан­шыл­­дық, достық, махаббат, экология және адамдар арасындағы ізгі қарым-қатынастарды реттеуге бағытталған.
Оның оннан аса өлеңдеріне танымал сазгерлер ән жазып, ол әндер халық ара­сына кеңінен тарады. Сол әндерді атап айтар болсақ, «Сен бе деп қалам», «Ман­кенттің түнін есіңе ал», «Офицер мырзалар», «Ән – Хадиша», «Махаббат серенадасы», «Оу, сұлу қыз тапшы емін», т.б.
«Қасірет қақпаны» атты балаларды есірткіге қарсы тәрбиелейтін трагедиялық пьесасы және «Бала мен қайыршы», «Қызғалдақты жұлмаңдар», Костинскийден аударған «Тосын сый», жапон дра­ма­тургі Дзиндзу Кипоситоның «Тырна ұлпа­лары» атты шығармалары қойылып, дра­матург ретінде көрермендердің ыс­тық ықыласына бөленген.
Жазушының әңгімелері мен повес­тері өзбек, қарақалпақ, түрік, орыс тіл­де­ріне аударылған. Үш томдық таңдамалы шығармалар жинағы оқырмандар назарына ұсынылған.
2013 жылы «Суицид» атты хикаяттар мен әңгімелер жинағы Алматы қаласын­дағы «Баянжүрек» баспасынан жарық көрді. Хикаятта өмірден түңіліп жүрген Жалғас есімді жас жігіт ойда-жоқта Тоты деген қызбен танысады. Араларында достық қарым-қатынас орнайды. Достық нығая келе, махаббатқа ұласады. Қайта-қайта өлмек болып, қыл арқанға жүгіріп жүрген жас жігіттің өмірін ұлы махаббат сезімі аман сақтап қалады. Жазушы осы туындысы арқылы аутоагрессиядан құ­тылу­дың амалын қарастырады және оны түбегейлі зерттейді. Жасы бар, жасамысы бар, мына жалғаннан баз кешіп, ана дүниеге ерте аттанып жатқандарға жү­регі сыздаған жазушы қоғамдағы келең­сіз­дікке қарсы осы хикаятты жазған еді. «Адамның өмірі – Алланың аманаты. Өз-өзіне қол салып, өмірін қиған адам үлкен күнә болып есептелініп, мұсылмандарда оның жаназасы шығарылмайды екен. Құранның «Ниса» сүресінің 29-аятында: «Өз-өздеріңе қол жұмсамаңдар және оған апаратын бұзықтыққа бармаңдар. Алла сендерге ерекше мейірімді», – деп хикаяттағы оқиғаны ширата түседі. Прото­типтер – Диана, мысық, тырна қатысқан түрлі оқиғалар хикаяттағы Жалғас пен Тотының бет-бейнесін, мінез-құлқын аша түседі. «Автор – медпсихолог, психотерапевт болғандықтан да, өзіне етене жақын, таныс тақырыпты таңдап алған. Негізгі екі кейіпкердің сұхбатына құрыл­ған хикаятта адам жанының ты­ғы­рыққа тірелуі, күйзеліске ұшы­ра­уының салдарына үңіліп, оған тиісті дәрежеде ем жүргіз­бесе, өлім жайлы ойлаған адамның соған жетпей тынбайтындығына алаң­дау­шылық білдіреді. Негізгі оқиғаның бел ортасында жүретін Тарғыл атты мысық арқылы жазушы мысыққа деген әлем елдерінің көзқарасын орынды кел­тірген. Мысықты көркем деталь ретінде алған­дықтан оған деген Тотының қам­қорлығы, жалпы мысық туралы көз­қарасы кеңінен суреттеледі. Сондықтан жазушы мысық туралы екі кейіпкердің естіген әңгімелерін молынан келтіреді.
Хикаяттың негізгі идеясы – бүгінгі таң­да белең алып бара жатқан суицидтің ал­дын алу, қоғам мен заман қыспағынан тығырыққа тірелген жандардың жанына шипа іздеу, оларды емдеу», − деп қазақ әдебиетінің қазіргі прозасы жөнінде зерттеп жүрген әдебиетші ғалым – Гүлжаһан Орда Ерекеңнің шығар­ма­шылы­ғына қызығушылық танытқан.
Жазушы Е.Қойбағарұлы – өз шы­ғар­ма­ларында заманмен бірге өмірге, адамға, табиғатқа деген көзқарастың өз­гергенін шынайы суреттей білген жазушы. Е.Қойбағарұлының қаламынан туған табиғат суретін кітаптан оқып отыр­ған оқырман сүйсінбей қалмайды, әрине. Қай көріністі де көзіне елестетіп, сұлулы­ғына көңіл көзін қоса суғарып, жазушымен бірге өртеніп, лапылдап, рахат сезімге бөленіп отырады. «Автордың қаламгерлік шеберлігіне, ғылым-білімі­нен хабары мол білімдарлығына, азамат­тық өресінің биіктігіне сүйсінесің», − дейді Қуанбек Боқаев. Әрі ол жазушының шығармашылығына «Махаббаттың құпиясын ашқан қаламгер», − деп баға береді.
Аяулы ақын қарындасы Тұрсынай Оразбаева: «Ерекеңмен сонау жастық шақтан ағалы-қарындастай болдық. Екеуміз көршілес ауылдардан: мен − Қайнарбұлақтан, ол − Құрлықтан едік. Біз бір-бірімізді қажет кезде демедік, жетек­тедік, қамшыладық, пікірлестік. Оның мәдениеті мен түсінігі, білімі өз ортасында өзгелерден озық тұратын. Сол даралы­ғын көзіқарақты оқырман шығар­мала­ры­нан байқар. Жайсаң азамат еді, жа­рық­­­тық. Менің Ерекең жайлы айтарым ішіме сыймайды. Өте көп…», − деп еске алған болатын қамығып.
Ерсінбек Қойбағарұлының жарқын бейнесі, оның өмірі мен шығармашылығы оқырмандарының жадында мәңгі сақ­та­лады.

Гүлдәрия Әшірбаева,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір