Ұстаз
25.10.2015
1489
0

574228_1281111449________________________________Адам баласының ғұмыры қысқа болғанымен, Алла сүйген пенделердің дұрыс жүріп өтетін өмір жо­лы әрбір қайырлы ісімен ұзара түсетін сияқты.
Мың жасаудың Лұқман хаһім айтқан құпиясында бұл құбылыс та қамтылған болар…
Тұрсынбек аға Кәкішұлы өзі айтатын «өртеңге шыққан ұрпақтың» өкілі еді.
Уақыт солай қалыптастырды ма, әлде ата-тек – арғы қазақтан дарыған артықшылықтары ма – осы буынның енді қайтып оралмайтын айрықша бітім-болмысын, мінез-мәдениетін кейінгілер жоқтай да бастадық.
Ұлтымыздың рухани қорған-жанашыры, қабыр­ғалы ерлерінің бірі Тұрсынбек ағаның соңғы ширек ғасыр уақытта даңқы зор, дәстүрі бай шаңырақта – әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық  университетінің Қазіргі қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасында адамшылық тағылымын алып, ғылымға баулыған шәкірттерінің арасында болғанымды бір қоспасыз тағдырдың сыйы деп қуанамын.
Біреуді аспандатып, біреуді аласартып отыратын ала мінезі жоқ, ел дегенде ішкен асын жерге қоятын кең жүрек, көп дүниеден кенде қалған, кенжелеу дамып, кем бақыт күйге тап болған ұлтының шын жа­нашыры Тұрсынбек ағаның жақсыға құмар жас­тық көңілмен, бәлкім, қанда бар өзін-өзі сақтау түйсі­гімен, Алматысыз өмір сүре алмайтындай, құш­тар дүниенің қақпасы ашылатын қалаға ынтығып жететін іні-қарындасқа деген ілтипат-пейілі ерекше болды. Шәкірттерін қолынан жетектеп жүріп, елдің игі жақсыларының ортасын көрсетті. Қатарға қос­ты.
Өгей пейіл заманның «тұрақты» тұрғыны бар, қазаққа қақпасы жабық бас қаладан даладан келгендерге орын дайындап қоймайтыны ойына да кіріп-шықпайтын ауылдың оқу аңсаған аңғал, тәуе­кел­шіл баласына бар жақсысын беруге даяр болған рухы биік ұлт жақсыларының, елдіктің ұйытқысы болған ірі буынның өнегесін өлтірмей, өріс кеңіткен тұлғалардың бірі болды.
Небір алапат ауыртпалықтарда сағы сынбаған халқымыз – қазақ баласы қауымшыл, қарындасшыл еді. Бір-біріне қамқор еді.
Сол қамқорлықты мен де көрдім…
Былайғы көпшілікке беймәлім қилы басылымдар­дың атын атап, ашылмастай болып жабылған парақ­тарын көтеріп, тапқанын жұртқа дүние «өлі тыныш­тықта» жатқанда жариялап жүрген Тұрсынбек Кәкішұлы заман көшін түзей бастағанда сол жабық алқапқа ғылымға баулып жүрген шәкірттерін салды. Ә дегеннен-ақ «Дала уәлаятының газеті», «Қазақ», Айқап», т.б. зерттеле бастады.
Тұрсынбек Кәкішұлы қазақ әдебиеті кафедрасын шын мәнінде дүниежүзі қазақтарының рухани орталы­ғына айналдырды.
90 жылдардың басында Тұрсынбек ағайдың кафедра жанынан құрған зертханаға кіші ғылыми қызметкер болып жұмысқа ауыстым. Бір жылдан соң кафедра ассистенті болдым да, ғылыми тақырып алдым. Жұмысымды жетелдетіп жазу үшін ағайдың сабақтан босатып, көп жағдай жасағаны әркімнің жеке бас жағдайын ескеріп, көмек қолын созуға даяр тұратын кісілігінің бір көрінісі еді.
Кафедра мәжілісі болатын күнді асыға күтетінбіз. Мәнді-мәнді әңгімелер айтылатын, көптің көкейіндегі дүниелер қозғалатын. Отырыстан марқайып, өсіп, түлеп, бір-бірімізге тілектес көңілмен қуанып шыға­тынбыз.
Түрлі жиындарда ортамызда таудай болып ағай жүрер еді.
Әңгіме де мәнді, жүрген жүріс, тұрған тұрысымыз да сәнді. Басқосуларда кешті жүргізуді кезекке бөліп қояды. Бір күні Алма апай отырыс басқарады, келесіде Өмірхан, Рахымжан, Шоқан…
Ағайдың қазақ тұрмысындағы киелі салт – дас­тарханды құрметтеу өнегесі өз алдына бір әңгіме.
Тұрсынбек ағайдың әдетінде сөзуарлық жоқ, ара-тұра ағытылып айтылатын әңгімелерін қызыға тыңдаймыз.
Ғабит Мүсіреповпен сыр-сұхбаты Мағжан ақын тағдырымен тоғыстыра отырып:
«Заман деген бір күнде орнап, сол күні-ақ бар мазмұнын бастан-аяқ айқындап беретін базар емес, ұлы да ұзақ сұрыпталатын кезең. Оның әліпбиінен бастап философиялық мазмұнын бір күнде ұғыну қиын.
Өйткені заман – эра әр түрлі дәуірлерге бөлінеді: балалық, жастық, есейген, ер жеткен, кемеліне келген кездері бар», – дейді.
Қозыкөш жерге ұзай қоймаған ХХ ғасырдың ұлы мазмұнын ұғынып, сіңірудің танымдағы тар жол, тайғақ кешу өткелдері ендігі біздерді ұдайы алаң­датады.
Әдіптеп, тігісін жатқызып хаттап қойған көп «ақи­қат­тың» көмбе сырлары қайта қопарылып, санамызда жатталған мығым ұғымдардың ашылып-шашылып қалғанын да мойындадық.
Тарих күнде бір көйлек киіп құбылған сәнқой әйел емес шығар. Оған опасыздық жасау мүмкін бе?
Қазақ басқаның қолымен жазылған тарихын түгендеуге, толықтыруға енді-енді есе ала бастаған тұста айтуға тыйым салынған «қауіпті» алқаптарға әлдеқашан көз салып, ертерек қамданып жүрген Тұрсынбек Кәкішұлы ХХ ғасырдың алғашқы жарты­сындағы өз билігі өзінен баяғыда кеткен ұлтының тұншығып жатып, тыныс іздеген кіріптар тағдырын мейлінше айқын танымға, тарихи зердеге тартты.
«Тар жол, тайғақ кешуге» де шырқырап ара түсуге тура келген сәттер болды.
Сәкен Сейфуллиннің «Тар жол, тайғақ кешуі» елдік пен ерлік талқыға түскен тарихи өткел. Уақыттың ендігі тураға түскен бағытымен ұғынуды тосып жатқан, бүктеуін жазуды күткен талай сыр, таңға­жайып тағдыр.
«Тар жол, тайғақ кешудің» тұтас көркем тұлғасы – қырдың бостандық аңсаған момын елі, асау тұлпардың ауыздығымен алысқан арманшыл ұлы…
«Тар жол, тайғақ кешу» – өкініш пен өксік буған өткен, алыс күндердің ақиқаты. Қазақтың қайта тумас Сәкенінің қасиеті мен қасіреті.
Қадірлі ұстазым Тұрсынбек Кәкішұлы туралы сан тарапқа бастаған қаумалаған көп ойдан қайырып әкеліп жазып отырған шағын естелігімді Ағаның өзі сияқты ұлтына жанашыр Тұрсын Жұртбайдың Мұхтар Әуезов әлемін барлаудағы он тарау ойларының бірін кіріктіріп отырып сабақтауды жөн көрдім.
«Абайдың ұрпақтары туралы сөз қозғағанда қуғындалды, атылды, жер аударылды, ашаршылықтан өлді деген тіркестердің жиі қайталануы ұлттың тағдырының бостандықта дамымағандығын көрсе­теді. Зорлықпен таңылған өлім бүкіл Абай үрімін отап түсірген дүлей күшке ұқсайды.
Бұл тек ұлы тұлғалардың ғана қасіреті емес, иісі ұлттың қасіреті еді».
Арғы-бергі тарих, ұлт басынан өткен таусылмаған тауқымет, ауыр құбылыстар қай заманда да ел зиялысын бейтарап қалдырған жоқ.
Жеке адамның, тұтас халықтардың өмір сүру құқын, ерік-жігерін табанға таптап тайраңдаған обыр отаршыл жүйе азаттық күрес қайраткерлерін, Иса­тай, Махамбет, Кенесары, Әлихан, Ахмет, Міржа­қып, Сәкен, Ілиястарды «басбұзар», «қарақшы», «бұзақы тобыр», «банда», «бас кесер», «ұлтшыл», «бүлікшіл», «халықтың жауы» деп айыптап отырды. Айыптап қана қоймады – азаптады. Айуандықпен қор қылып көзін жойды. Түп-тұқиянымен құртудан тайынған жоқ.
20-ның о жақ-бұ жағындағы Мұхтар Әуезов туған халқының тағдыры тағы бір мәрте тарих талқысына түсіп жатқан шақта естияр зердемен үлкендіктің сөзін айтатын…
Әйел, ана, ұрпақ келешегі, әдебиет тарихы, өз дәуірінің көркемдік бағыттарын барлау, оқу ісі, шекара тұтастығы, ұлттық мектеп  – ұлт тағдыры.
Сол жылдарда Сәкен Сейфуллин күн тәртібіне «Қазақты – қазақ дейік, қатені түзетейік» деп мәселе қояды. Әдеби мұраны игеру, оқыту бағытында тағылымды істер тындырады. Мәскеудегі үлкен жиында қайсыбір қаламгерлердің өз шығармала­рында қазақты мазақ еткенін, кей орыс төрелерінің келіншектері жетектеп жүргенін итін қазаққа теңеп «ұрсатынын» айыптап, сөгіп сөйлеген…
Саяси жүйе сана улаған қысталаң заманда ғұ­мыр кешкен тұлғалар тағдыры тарихи талқыға қайта түскен кейінгі кезеңде Тұрсынбек аға тура билік тұғырдан таймай, таза таным түзудегі табандылығын тағы да танытты.
Таусылмайтын арман-мұңымыз – ана тіліміздің тағдыры оны әрдайым алаңдатып отырды.
Ар тазалығы, жан тазалығы жұтаған жерде адам баласы өмір сүре алмайды. Ашынады. Рухани жүдеп-жадайды.
Жасы келіп қалғанда да Тұрсынбек аға тоқтаусыз еңбектенді. Қу сөз, қысыр әңгімешіл қазақы мінезді ұнатпайтын әдетімен «өсек-аяңды өсіру үшін емес, өшіру үшін» (өз сөзі – Қ.М.), дәлел, дәйек қуып, тағы да таусылмайтын ұзақ жолсапарларға шықты. Мұрағат ақтарды. Мұрағаттан да берік, бекем қилы замандардың тірі куәлерінен суыртпақтап «сыр ұрлады». Көңіл ауанын барлады.
Өз көзімен көрмесе, өз құлағымен естімесе, жан жүрегімен сезініп, иланбаса, ешкімге сенбейтін дағдысынан жазбай, Сәкен тыныс­таған ауаны неше қайтара жұтып, Сәкен кесіп өткен Бетпақдаланы нешінші қайыра шолып өтіп, арғы-бергіні тағы да ой талқысына салды.
Коммунист Сәкеннің ұлтжан­ды­лығына, шығармашылы­ғындағы кеңестік жүйеге кереғар, наразы ағыстарға кө­бірек үңіл­ді. Олжалы, заманалық дең­гей­­дегі тың пайымдаулар жасалды.
Кім-кімнің де өмірінде өзара кикіл­жің, пенделік төзімсіздік, ұсақ-түйек ілік­тер болмай тұрмаса керек. Ондай құбылыс­тар қиямпұрыс заман, қулық баптаған уақыттарда өрши түспек.
Өтірік сөйлемейтін, тура мінез Тұр­сын­­бек аға шындық­тың соңынан жүр­генде шаршамайтын, жалықпайтын.
Саяси ағыстар аясындағы қилы сәт, әр оқиға, он-сан адам есім­дерін жадында сақтап, өмір­лік ахуалды жаңғырта баян­дауындағы нақтылық, деталь жазушы ше­бер­лігін аңғартады. Небір даулы құбылысты дәлелдеуінде ол кісі ауызша дабырлап, бос айтысқан емес. Бұл­тартпайтын фак­тіні көлденең байлап қойып, тарқата, тарата ұғын­дырды.
Тыншып қарап отырғанын көрген бір адам жоқ. Тәуелсіздік дәуірде қашаннан көп жұмбақтың түпкі сы­рына қанық Тұрсынбек ағаның «күні туды». Сыңарезу танымнан тұралап қалған рухани кемба­ғал­дық ширықтыра түсті. Екінің бірі құлап, құлық таныта бермейтін көп істі қолға алды. Қыруар шаруа­ға қозғау салды. Әдебиет зерттеу ісін бірнеше бағытта, сан тарап халықаралық аумақта қамтып, түгендеп, түбегейлі, түпкілікті зәрулігін батыл-батыл байыптап, шәкірт баулыды.
Сезімі семіп бара жатқан ендігі буынның рухани санасын сергітіп, азаматтық парызын ақырына шейін адалынан атқарып кеткен, Адам болып өмір сүрудің ұлттық ұлы мектебінен тәлім алып қалған қазіргі заманғы қадірлі ірі тұлғаларымыздың бірі – Тұрсынбек ағаға бақилық болғандар да, пәни дүниедегілер де дән риза шығар.
Тұрсынбек аға Кәкішұлы дүние бүлініп, заман дүбіліп жатқан шақтарда да үлкендік, ұлағат шуағын шашқан кісілік қалпынан тайқыған жоқ. Өзгермей өмір сүрді.
Туралығы, еңбекқорлығы, көпшілдігі, қарапайым­дылығы,  кең  жүректілігі,  дәстүршілдігі,  үлкенге  ізет – кішіге құрмет кісілік мәдениеті, сәкеншілдігі, сәбитшілдігі, алдаусыз таза, адал көңіл сынды дара мінез бітімі осы адамның ұлтжанды тұлғалық болмысын тұтастандырып тұрған туабітті қайталанбас кісі­лік мазмұны болатын.
Тұрсынбек аға ізбасар іні-шәкірттерінің беталыс бағдарын ұдайы барлап, аңлап отырды. Қазақ әдебиеттану ғылымының келешек шаруалары Жанғара, Шәкір, Уәлихан, Бекен, Тұрсын, Құлбек, Өмірхан, Балтабай, Бауыржан, Амантай, Дихан, Сағымбай, Тасболат сынды басқа да өнімді еңбек жасап отырған азаматтардың бақылауында бола­тын­дығына сенді, қуанды.
Көптің жүрегінде Тұрсынбек ағаның иланымды кісілік болмысы қалды. Қазақ руханияты үшін «ұйқы беріп, қайғы алып», қилы заманның шындығын барлап, ауажайлап дендеп бара жатқан рухани дертке дауа іздеп, ұлтының ұлы мұраттарын ұрпақ­пен сабақтастыру бағытында көңіл көншітер, орынды тоғыстырулар, батыл байламдар жасап отыр­ған.
Адамның өлшеулі ғұмыры жетіп, тауыспайтын Ата тарихтың бұл қалайы, бұлтағы басым бағыттарын асықпай аңлап, тұлға тағдырын тағылым етудің, саясаттан арылған таза көркемдік қисындарды жинақтап жалғастырудың мол міндетін ендігі буынға Аманат етіп кетті.

Қанипаш Мәдібай,
әл-Фараби атындағы
Қазақ Ұлттық университетінің
профессоры, ф.ғ.д.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір