Қойылымның сахнаға келуі
25.10.2015
1832
0
573575_942237120_teatrӨнер атаулы о баста-ақ адамзатты ізгілікке үндеу үшін жаралған болар.  Заманның ығына жүгінеміз деп алашапқын күйге түскен адам баласы бір уақыт ойланып,  жүрегінің түкпіріндегі ізгіліктің көзін ашқысы келгенде, «Хас  сұлудың көз жасындай мөлдір өнерге» сүйсінгісі келгенде театрға бас сұғатыны рас.  Күз мезгілі өмірді сезінуге, қым-қуыт жүгірістен бір сәт дамылдауға мұрсат беретін театрлардың ашылатын уақыты. Біз бүгін театр маусымының ашылуы қарсаңында М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты театр және кино бөлімінің меңгерушісі Аманкелді МҰҚАН мен журналист Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫН аз-кем әңгімеге тарттық.

– Театр маусымының ашылуы мен жабылуын театр сыншылары, көпшілік қалай сезінеді? Осы екі аралықты театрға құштар көрермен қа­лай өткізеді?

Аманкелді МҰҚАН:

– Өмірін театр өнерінсіз елестете алмайтындар үшін мей­лі ол қатардағы көрермен бол­са да,  зерттеуші маман бол­са да театр атты сиқырлы   әлеммен қауышу мен қош­тасудың орны бөлек. Мау­сым­ның ашылуын қауышу мере­ке­сі десек, бірнеше айға созы­латын демалыс алдындағы әр  қоштасу да ерекше із тастайды.
Кей театрларымыз қалыптасқан дәстүрді берік ұстанып жыл сайын маусымды репертуардағы бой­тұмар спектакльдерімен ашады. Енді бірі арнайы дайындаған  жаңа қойылымдармен бастауды дұрыс көреді. Музыкалық театрлар труппа­ларының ­жаңарған шығармашылық құрамын таныстыратын концерттермен ашатын жәйттері де бар.
Мен үшін театр маусымының ашылуы  –  ұжым­ның жаңа шығармашылық жоспарымен танысатын, қызықты қойылымдарымен жүздесуге асығатын,  көркемдік деңгейі жоғары сапалы туындыны көруді күтетін аламан бәйгенің басы. Ал маусымның жабылуы – жаңа спектакльдерді сараптайтын, үміттердің қаншалықты ақталғанын қорытынды­лай­тын жауапты кезең.
Көпшілік сүйікті театрымен ондағы талантты актерлер құрамымен жүздесуге, олардың шебер­ліктерін дәл сол сәтте көріп, тамашалауға асығады. Өзге сахна-экрандық өнер түрлерінен театрдың артық­шылығы, театрдың құдіреті де осы жандылығы болар. Бір көрген спектакльді сан мәрте қайталап көре беруге бар шынайы театр көрермені үшін ак­тер­лерімен олардың сәтті сомдалған рөлдері ар­қылы жүздесу ешбір дүниенің қызығына, байлығына айырбасталмайтын рахат сезімдер болса керек.
Әрине, бұл екі аралықтағы демалыс мәселесі көрерменнің өз еркінде. Негізінен республикадағы театрлардың маусымы шамамен бір мезгілде ашылып, бір мезгілде жабылады.  Театрлар бұл кезеңді әр түрлі пайдаланады. Қаржылық жағдайы көтеріп жатса көрші елдерге, республиканың өзге облыстарына, болмаса өз облыстарының ауыл, аудан, қалаларын аралап гастрольдік сапарларға барады. Ертеректе демалысқа кеткен театрдың орнын сол қалаға келетін өзге өңір театрларының қойылым­дары толтырып жатушы еді. Қазір мұндай үрдіс тоқтап қалды. Театрлар бұрынғы жүйемен жұмыс істеп жатса  да гастрольдік карта деген өзара барыс-келісті реттейтін тәжірибесінен айырылып қалды. Әркім өз қал-қадірінше іссапарларға шығады. Шағын қалалардың халқы мен қонақтары демалыс­та барарға жер таппай сеңдей соғылысып жүре­тініне куә болып жүрміз. Ал ондағы театр залдары көбіне бос тұрады. Үлкен қалаларда  демалыс уа­қы­тын өткізетін орындар көп десек те,   театрға бар­у­дың,  рухани демалудың орны бөлек деп білемін.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ:
–  Әрине, жаңа маусымның ашылуын театрдың тұрақты көрермені кішігірім мереке сияқты күтеді. Өйткені, үш-төрт ай демалыста болғанда көрермен де, театр артистері де сахнаны сағынып қалады ғой. Бұл «дәстүрді» сақтай беру керек пе, әлде «бұзу­ға» бола ма, ол жағы күмәнді мәселе. Мысалы, Ба­тыс ел­дерінде театрлар үзіліс жасамайды, жаз айларында жұмыстары тіпті қыза түседі десе де болады. Себебі, көбі антреприздік жүйемен жұмыс істейді:  яғни бір театрға бір режиссер уақытша жалданып, жан-жақтан актерлер шақыртып, келісіл­ген ­пьесаны қояды да, белгілі бір уақыт жаңағы шығарма ойналған соң, көрермен азайған кезде труппа қайта тарап ­кетеді. Кейбір актерлер мен режиссерлер жыл бойы үзіліссіз жұмыс істеуі мүмкін, кейбірі жұмыссыз жүруі мүмкін. Тұрақтылық  жоқ, бірақ  әділ бәсеке бар. Біздің театрлар, басқа да посткеңес­тік ел­дер­де­гі сияқты әлі де репертуарлық театр жүйесін құп­ көріп о­тыр. Бір жағы тұрақтылықты қамтамасыз ететін, бір жағы оларды босаңсытып  та жіберетін репертуарлық театрдың демалыссыз жұмыс істеуі мүмкін еместей көрінеді. Әлде кеңестік дәуірден қалған дәстүрден айнығымыз келмей ме, әйтеуір жаз айларында көрерменнің көңілін аулауға әрекеттенбейміз. Әрине, жаңа маусымда әркім де тың идеялар ұсына алатын жаңа шығармалар күтеді. Театр фести­валь­дері ұйымдастырылып, бірнеше театрдың жұмысымен танысуға мүм­кіндіктер туып жатса, тіпті ке­ремет. Кей маусымдар шынында да жаңалық­тарға толы болады, кейбірі солғын өтеді. Бұл барлық өнім бірдей болып шы­ғатын зауыт емес қой, сондық­тан сәт­сіз қойылымдар да сахнаға шығуы мүмкін, бірақ көп жағдайда ондайлар көпке бармай, репертуар­дан түсіп қалып жатады.

– Қазіргі театр қойылымдары қарапайым халықтан ажырап «Өнер – өнер үшін» деген қағидаға бас ұрып кеткен жоқ па? Театр насихаты туралы не айтар едіңіз?

Аманкелді МҰҚАН:
– Бүгінгі театр  көрерменге ой салатын, дәстүр мен тілді сақтаған, салт-сананы жаңғыртатын ағартушылық мекеме ретінде міндетін жақсы атқа­рып келеді. Қойылымдардан аракідік танымдық дүниелер мен әлеуметтік мәселелер де көріп қаламыз.  Театрдың құбылмалы дүниенің астарына үңіліп, қоғамның өзекті мәселелерін көтеретін, адамның кейбір тылсымға толы жұмбақ сәттерін дәл көрсететін ұтқырлық  сипаты ашылды деп әлі де айта алмаймын. Бізде белгілі бір тақырыптарды сахнада ашып көрсетуге заң жүзінде тыйым болмаса да билікті, жекеленген тұлғаларды, саяси астары бар мәселелерді көтеруде үнсіздік сақтап, мәселені айналып өтетін әдет бар.  Провокациялық ой тудыратын қойылымдар жасауда ішкі цензурамыз берік сақталып қалған. Ал театр тірі организм ретінде өмірді шынайы һәм көркем көрсетпесе, режиссер мен актерлер өз ойындағысын дөп басып сахнадан айтпаса, ол театр заманауи үнінен ажырап, тап­тау­рын­дыққа бет бұрары анық. Эксперименттік қойылымдарды сахналау мәселесі жабулы жатыр. Бүгінгідей қарбаласқан уақытта театрлардың «Өнер – өнер үшін» деген қағидаға бас ұратын мұршалары жоқ, мүмкіндіктері де аз. «Өнер – өнер үшін» деген үрдіс қарын тоқ, қайғы жоқ кезеңде белең алатын суреткердің ермегі деп білемін. Қазіргі заман мен уақыттың үрдісі барлық істе асығыстық  бар екенін аңғартады. Иіні қанбаған пьеса, бір емес, бірнеше  қайнауы ішінде жүретін қойылымдар осы асығыс­тық­тың салдары. Оған қарнымыздың ашатыны рас.
Ақпарат құралдары  көзді ашып жұмғанша шарта­рап­қа хабар тарататын заманда өмір сүріп жатырмыз. Барша жұрт әлеуметтік желіде отыр. Театрларымыздың электронды ақпарат құралдары­ның бар мүмкіндіктерін пайдалана алмауы үлкен кемшілік, тіпті заманға бейімделе алмайтын басшы­ларының әрекетсіздігі деп білемін. Мұндай жайба­сарлық қазақ тілді театрлар арасында әлі де кез­деседі. Ғаламтордан  театрдың сайтын таба алмай, табыла қалса, ондағы ақпараттың екі-үш жылдан бері жаңармағанын көретініміз жасырын емес.
Театрларымызды насихаттау жоқ дей салуға болмас. Әр театр   қал-қадірінше өз жаңалықтарын жарнамалап жатады. Бірақ сол насихат кәсіби тұр­ғыдағы ой-тұжырымға емес, біржақты мақтау мен мақтанудан аспай қалады. Театр мамандары бұдан біраз жыл бұрын Қажықұмар Қуандықов, Бағыбек Құндақбаев, Әшірбек Сығай секілді кәсіби театр сыншыларының ойларымен келіспесе де, олардың айтқандарына құлақ асатын, белгілі бір дәрежеде солармен санасатын. Репертуардағы бар қойылым­ды немесе премьераны сырттан кәсіби мамандар шақырып, ашық талқылау тәжірибесі бар еді.  «Сырт көз сыншы» болғанымен ол қашанда әділ насихатшы ғой. Кейінгі жылдары театрларда директор немесе режиссер өзінің тамыр, танысын шақырып, спек­такльді мақтату секілді жаман әдетке бой алдырып жүр. Жағымды пікір қалыптастыру үшін мұндай ұсақ наси­хатқа өздерін-өздері итермелеу бейшаралық. Өнер бұзып-жарып өктемдік жасауға көнбейді.  Халықтың талғамы өте нәзік. Мақталған, марапат­талған спектакльді көргенде кемшіліктері көзге бірден ұрады. Театрдың жұмысын осы өнер ұжымына бейтарап жан жілік­теп, талдап бергенде ғана халық өнердің парқын анық сезіне алады.
Әсия БАҒДӘУЛЕТҚЫЗЫ:
– Егер сіз айтып отырған сипаттағы қойылымдар кө­бейсе, мен шын жүректен қуанар едім. Өйткені, «таза мін­сіз» қойылым өнерге адал­дық болған жерде ғана туады. Мен керісінше, қазір өнері аз, публицистикасы көп қойы­лым­дар көбейіп кетпесе екен деп тілеймін. Науқан­шылдық бар. Мысалы, Қазақ хандығының 550 жылдығының құрметіне біраз театрларда тарихи пьесалар қойыл­ды. Бірақ бәрінің сапасы жоғары деуге келмейді. Заманауи отбасындағы қарым-қатынастар туралы кейбір пьесаларда өнерден гөрі дидактика басым болып кетіп жатады. Идеялық құндылығы нәрсіз, татымсыз дүниелерді де көріп жүрміз. Ал негізінде, театр қойылымы қандай қағи­дамен қойылғанына, қандай тақырыпты көтеретініне қарай жіктелмейді. Не жақсы жазылған, не нашар жазылған, не жақсы­ қойылған, не нашар сахна­ланған шығарма ғана болады. Театрға насихат жоқ деп айтпас едім. Қазір ­кейбір театрлардың фан-клубтары жұмыс істей бастады, театрларда жас­тардың шоғыры бар екені де байқалып тұрады.Бірақ театр басқа ма, көрермен басқа ма аға-апаларымыз жыр қылып айтатын өткен ғасырдың 80 жылдар­дағыдай билет жетпей қалып, көрермендер есік сындырып кіретін немесе қойылым кезінде әсер­леніп, талып құлап жататын, аулада «Жедел-жәрдем» көлігі күзететін жағдайға жетпей жатырмыз. Мүм­кін, театр қоғам үшін, ұлт үшін маңызды мәселелерді жеріне жеткізіп айта алмай жатқан болар… Бірақ солай болған күннің өзінде әрбір театрдағы шығар­малар өзіне лайық кәсіби бағасын ала алмай отыр­ғаны анық. Біздің елде Америка театрларын­дағыдай қойылымның тағдырын сыншылар шешпейді. Театр сыншылары әрбір премьералық қойылым туралы жан-жақты сараптама жазбайды, сол себептен де қойылымның сахнада қалу-қалмауы  стихиялы түрде шешіліп жататын секілді.

Дайындаған Назым Дүтбаева.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір