Сыр өңірі құнды жәдігерлерін табыстады
25.10.2015
1593
0
573202_1053280207_784512124512__2_Бүгінде Сыр өңірінде рухани мұрасын сақтап, насихаттап отырған орындардың бірегейі – Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейі. Музей Сыр бойының  өткені мен бүгіні жайлы баяндайтын үлкен мәдениет орталығы. Қызылорда облысы әкімінің 2014 жылғы іс-қимыл жоспары бойынша аймақ басшысының тікелей қолдауымен өткен жылдың қараша айында тарихи ескерткіштер тізіміне енген бұрынғы әскери комиссариат ғимаратына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, облыстық музейдің бір бөлімі – Көркемсурет галереясы ашылды. Галерея төріне елімізге әйгілі суретшілер  Ә.Қастеевтің, Г.Хлудовтың, Г.Исмаилованың, А.Ғалымбаеваның, С.Сенчихиннің, Қ.Мамақовтың, Қ.Қожықовтың және Қазақстан бейнелеу өнеріне өзіндік үлес қосқан, Қазақстан Суретшілер одағының мүшелігіне енген  жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан туындылар орналастырылды. Қазіргі таңда галерея өз өнер танушыларын елге танымал туындылармен таныстыруда. Сондай-ақ, бөлімнің жоспарына сай және халық сұранысы бойынша облыстық деңгейдегі көрмелер ұйымдастырылып отыр.

573202_480008055_784512124512__1_Атап айтар болсақ, үстіміздегі жылдың сәуір айында Ұлы Жеңістің 70 жылдығы және Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы аясында танымал коллекционер, Қазақс­тан­ға еңбегі сіңген өнер қайраткері Азат Әкімбектің XIX-XX ғ.ғ. Орталық Азия және Кавказ халықтарының зергерлік бұйымдарынан «Шығыс арулары» атты жеке көрмесі ұйымдастырылды. Сонымен бірге,  18 мамыр  – Халықаралық музейлер күні аясында Қазақстанға танымал суретші, ҚР Суретшілер ода­ғының мүшесі, кескіндеме, графика, мүсін және қолданбалы өнердің  хас шебері Оразбек Есенбаевтың  «Шаңы­рақ»  атты  жеке  көрмесі өткізілді.
Осындай игі жұмыстардың жалға­сы ретінде 2014 жылы Қармақшы ауданында орналасқан Қорқыт Ата мемориалдық кешенін әлемге таныту, әлемдік деңгейдегі туристік нысанға айналдыру үшін және Сыр еліне әлемнің түкпір-түкпірінен келген қонақтарға Түркі өркениетін кеңінен насихаттау мақсатында көркемдік деңгейі жоғары, тарихи-мифологиялық мән-мазмұны терең, архитектуралық шешімі заманауи талаптарға сай қай­та жаңғырту жұмыстары (реконструкция) жүргізіліп  халыққа қызмет атқаруда.
Музейде  18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай ұйымдастыры-ла­тын «Музей түні» шарасын өткізу жыл сайын дәстүрге айналған. Музей жұмы­сының бір бағыты музейлік педагогиканы дамытуда әрбір даталы күндерге, мемлекеттік мереке күнде­ріне арналған кешенді іс-шаралар ұйымдастырылып, көптеген мектеп оқушылары мен студенттері қамтылып отырады.
Қазақ хандығының 550 жылдығын мерекелеуге байланысты Астана қала­сындағы «Қазақ елі» монументі алаңына облыстық музей қорында сақталған құнды жәдігерлерден «Ұлықталсын ұлы дала тарихы» атты көрме ұйымдастырылып, Арқа жұрт­шы­лығына таныстырылды. Сондай-ақ, Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жыл­ды­ғына орай ұйымдастырылған жылжымалы көрмелер, қаланың көрікті және тарихи жерлеріне шолу және тақы­рыптық экскурсиялар, Наурыз, Жаңа жыл мерекелеріне арналған театр­ланды­рыл­ған қойылымдар музей тынысын көрсетеді. Мәдени орталық  ретінде  музейдің  дәстүрлі  жұмысымен қатар мәдени демалыс  ұйымдастыру  мен  жастарды  тәрбиелеу – музейі­міздің бір жұмысы болып отыр. Осы бағытта өскелең ұрпаққа өткен тарихымыздан мағлұмат беру мақсатында ортағасыр­лық Сығанақ, Сауран қалаларына және киелі Түркістан қаласына экскур­сиялық саяхаттар ұйымдастырылуда.
Құнды жәдігерді, ел тарихына қа­тыс­ты елеулі мұраны немесе елге белгілі тұлғаның қолданған заттарын музейге сақтауға табыстау негізінде Ұлттық музейге ортағасырлық Сыға­нақ, Сауран қалаларынан және Қаратаудағы Бағаналы қорымынан табылып, облыстық музей қорына тіркелген археологиялық жәдігерлер тарту етілді.
Ел арасында елеусіз жатқан тарихи маңызы зор құнды заттарды, ұлты­мыз­дың ірі тұлғаларының жәдігерлерін кәсіби тұрғыда сақтауға және көпшілік назарына ұсыну үшін Ұлттық музейге тапсыруға үндеу мақсатында 2015 жылдың 18 наурызында Астанада салтанатты түрде бастау алған «Ұлттық музейге сый тарту» респуб­ли­ка­лық акциясы 2015 жылдың 25 қыр­күйегін­де Сыр елінде Ә.Тәжібаев атын­дағы облыс­тық әмбебап ғылыми кітапхана­сын­да өткізілді. Шараға Тұрмағамбет Ізтілеуов, Ыбырай Жақаев, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зейнол­ла Шүкіров, Асқар Тоқмағам­бе­тов, Дүкенбай Досжан сынды, т.б. ұлтымыздың біртуар перзенттерінің ұрпақтары мен туған-туыстары қа­тысып, олардың қолданған құнды жәді­герлерін Ұлттық музейге табыстады. Сондай-ақ, акция аясында Сыр өңірінің тумалары, белгілі композитор Кеңес Дүйсекеев пен даңқты спортшымыз Илья Ильиннің жеке заттарымен қоса, жергілікті суретші, мүсін­шілер­дің де туындылары музейге тарту етілді.  Шараға Қазақстан Респуб­ликасы Ұлттық музейінің директоры Дархан Мыңбай және Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы қатысты.
Осындай жұмыстардың нәтиже­сінде облыстық тарихи-өлкетану музейі 18 мамыр – Халықаралық музейлер күніне орай, ИКОМ Халықара­лық мұражайлар одағының ұйымдас­тыруы­мен ҚР Ұлттық музейінде өткен «Мұражай және қоғамның тұрақты дамуы» атты Республикалық ғылыми конфе­ренцияда ИКОМ Қазақстан тарапынан «Жыл мұражайы» марапаттауына ие болып отыр.

Эльзира Сағитжанова,
Қызылорда облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір