«Хандығыма үзілмес ғұмыр берсін!»
25.10.2015
2878
0
_MGM1979
Керегесін Керей мен Жәнібек құрған Қазақ хандығының 550 жылдығына ар­на­лған салтанатты қорытынды жиын  Көне Таразда өз мәресіне жетті. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы келіп, елдің еңсесін көтеретін рухты сөз айтты. Атырау мен Алтайдың арасы ғана емес, алыс-жақын мемлекеттен арнайы меймандар келіп, той көрігін қыздырды. Еуразия кеңістігінің жауырыны жер иіс­ке­меген балуандары кілем төрінде күш сы­насты. Ат жүгіртіп, ит салған сал-сері­лер, домбырасын үкілеген дауылпаз ән­шілер, саусағынан күй саулаған күйшілер, қо­лы тиген жерін қуырып әкететін көк­пар­шылар, қысқасы, аты жеткен тірі жан­ның бәрі той төрінен көрінді. Жазба ақын­дар Жамбылдың дабысын жарты әлем­ге жеткізіп, өлеңге қосты. Ішкі Қы­тайдан алты ай бойы жол жүріп, шәй-мата артқан керуен келіп жетті. Тараз шаһары ине-жіптен жаңа шыққандай қайта жаң­ғырып, жасанып кетті. Ас ішіліп, аяқ боса­тылар, ал тойдан кейін елдің әлеуметтік игі­лігіне, ұлттық рухына қызмет ететін көп бел­гі қалды. Орталықтағы базар түп орнымен жойылып, астында сан ғасыр бойы көміліп келген көне шаһар ашық аспан астындағы мұражай сипатында адамзат баласына өз қақпасын ашты. Жүрек қылыңды қозғап, көзге жас үйірер, ізің­дегі перзентің мен жетегіңдегі неме­реңе кеудеңді асқақ тастап айтар сәттер аз емес.

Бұл тойдан қалатын тағы бір белгі – ұлы Сүйінбай мен Жамбыл, Құлмам­беттердің, Нар­тай мен Көкен, Манап пен Тәушен­дер­дің ізін басқан, қызыл тілі таңдайын күй­дірген суырыпсалма ақын­дардың сұра­пыл айтыстары.
«Нұр Отан» партиясының тікелей қол­дауымен, көрнекті ақын, М.Мақатаев атын­дағы сыйлықтың лауреаты Жүрсін Ерманның жүргізіп, ұйымдастыруымен ай­мақтарда сан айтыс өтті. Жыл бойы об­лыстарда сахна керген сақа-саң­лақ­тардың ақтық мәресі Тараздың таразысы­на тартылған еді. 26 ақын бақ сынаған ай­тыстың төресі – осы тойдың негізгі жүлдесін қос атқа жегіп сүйреген екі дауылпаз ақын – аспантаулық Болатбек Оразбаев пен баянауылдық Аспанбек Шұғатаевтың сөз барымтасы. Баласағұн атындағы сарайға сыймай, екі күн бойы аяғынан тік тұрып тыңдаған қалың әлеу­мет, баға берген қазылар «ел мен жердің тарихын, қазақ сөзінің қаймағын сы­пырған мұндай көркем сөз сайысы соңғы 10-15 жылда болмаған» деп бағалап жатты. Ендеше кенеземіз кепкен заманда керегемізді құрып берген екі ұлы тұл­ға­ға арналған айтыстың бас бәйгесін ал­ған екі ақынның сөз барымтасын на­зарларыңызға ұсынып отырмыз. Бұл – 200 жылдығы есік қаққан Сүйінбай ба­ба­мыздың құрметіне бүгінгі ұрпақтың ара­ға екі ғасыр салып барып қатқан үні, Бөрілі байрақты қолға алып, ұран салған кү­ні деп қабылдарсыздар!


БОЛАТБЕК:
Өткеннің сүңгімесең арнасына,
Ақиқат болашақтың болмасы да.
Тұлғасы таудай еді бабалардың,
Түсірер кез келгенді  тәубасына.
Дүр бабалар біздерден бақытты еді,
Бір-ақ тілде жалынған Алласына.
Кетіп қалғың келеді сол заманға,
Мініп алып уақыттың арбасына.
Ұрпағы ұсақталса ұлылардың,
Сынақтан шығар түскен сан басына.
Жойылып кете жаздап аман қалған,
Біздердей бақытты жұрт бар ма, сірә!
Жетпіс жылдай омалып отырып ек,
Орыстың мөрі түсіп жамбасыма.
Ақыры азаттықтың айы туып,
Алаштың Қызыр қонды ауласына.
– Ассалаумағалейкум, сәлем бердім,
Қазақтай қарға тамыр қандасыма.
Қан төккен Керей менен Жәнібектің
Хандығын тойлап жатқан жалғасына.

Алатауым барында
Арқасызбын демеспін.
Қаратауым барында
Қалқасызбын демеспін.
Елім қолдап берсе егер,
Екпіндетіп сөйлейін,
Етін сөгіп өңештің.
Алтын асықтай балаң ем,
Ешнәрсеге жарамас,
Ешкі асығы емеспін.
Ежелгіден қозғасам,
Елдігі үшін қазақтың
Күлтөбенің басында
Күнде жиын, кеңестім.
Тұлпарымның тұяғы
Тітіретіп ғаламды,
Талайлармен теңестім.
Аласұрған кезім жоқ,
Астында жау жатса да,
Адыр, адыр белестің.
Жайық үшін жан беріп,
Еділ үшін егестім.
Алтай үшін арбасып,
Ат сауырын тер еттім.
Сақ бабамның тұсында
Басын алып парсының
Барар жерін көр еттім.
Ғұн боп тұрған шағымда
Желкесіне салғам қарғыбау,
Желіккен талай төбеттің.
Ұрымға әскер жөнеттім,
Үйсін боп тұрған шағымда.
Қан қақсатып қытайды,
Қызын алып  қор еттім.
Күлтегін боп сөйлесем,
Таста қалған дерекпін.
Тоныкөк боп сөйлесем,
Тайраңдаған дұшпанның
Терісін сылып тон еттім.
Сардар ұлын ез еттім,
Сары алтынын жез еттім.
Білге қаған боп сөйлесем,
Қарашамды қасқайтып,
Хан ұлыменен тең еттім.
Одан да бері келейін,
Өзбек ханның тұсында
Князьдарды кескілеп,
Жанды басын өлі еттім,
Көз жастарын көл еттім.
Тоқтамыстың тұсында
Астанасын орыстың
Ат байлайтын жер еттім.
Аяғыма жығылтып,
Алым-салық төлеттім.
Қилы да қилы заманда
Жортуылы көп жол өттім.
Аллам өзің жар болып,
Азаттыққа кенелттің.
Бабалар көрген зұлматты
Біреуіне де бермесін,
Беліңе біткен бөбектің.
Қаратаудың басынан
Көш келген заман көнеріп,
Хандықты тойлап кеп отсың.
Азаттығыңның арқасы,
Ақ майды күйсеп жеп отсың.
Қадірле, халқым осыны,
Қара су ішіп отсаң да,
Қайғысыз күнге не жетсін?!

Жұлқынып тұрған ақынмен,
Жүкең шебер жұптауға.
Аспанбегім дайын ба ең,
Жырымнан шәрбат ұрттауға.
Күні кеше болды бір айтыс,
Алатаудың төрінде,
Басы тиген бұлттарға.
Ақындығыңмен танылдың,
Алматылық жұрттарға.
Жүлдесіне жүген сап,
Тақымдап тұлпар ұтқанда.
Өзіңе халқым таңданды,
Сөзіңдей шырын шықпас деп,
Бұйра қайыңның бұтасын
Бұрау салып сыққанда.
Көпшілікке алғыс білдірдің,
Көлік пен тиіп кілт қолға.
Еншілетіп бәйгесін,
Еңбегіңді елім ұққанда.
Сен бірақ та, Аспанбек,
Кесірленіп сөз айттың,
Келмейтұғын құптауға.
Бас бәйгесі айтыстың
Қытайлық көлік екен деп,
Шүкір етудің орнына,
Шынайы бейнең шықты алға.
Сыйға тартқан жылқының
Тісін ашып көрердей
Көңіліңде қалған дық бар ма?
Қанағатыңның көзіне,
Қомағайлық перде тұтқан ба?
Астауыңа ас толып,
Жемсауыңа жем толып,
Құдайыңды ұмытсаң,
Хақым жоқ қабақ шытпауға.
Сондықтан да амал қыл,
Әр сөзіңді нықтауға.
Бұдан кейін Аспанбек,
Шығар жерін өлшеп ал,
Шіреніп сүйек жұтқанда.
Тартысқанда тәлейлі ет,
Құдіреті күшті Алла.
Алқалаған әлеумет
Айқасқа бүгін құштар ма.
Айналайын, Аспанбек,
Досың боп айтсам жылатып,
Ішінен шынтақ айналмас,
Санама мені іштарға.
Алатаудан кеп тұрмын,
Асасын жырдың ұстауға.
Арыстандардың елінен
Арқасын бермес дұшпанға.
Ал қарысуға сондықтан,
Сен де енді күш қамда.
Тараздың мынау төрінде
Таразылап сөз сөйлеп,
Тілінен тікен тайдырған,
Төле билердей тұспалда.
Тартысатын сәт келсе,
Тақымы бос ез құсап,
Ердің басын ұстанба.
Қолау болған құнандай,
Қойға мінген қыстауда.
Табанды болсаң Аспанбек,
Тасырқамай түс жолға.
Жеңілмеуге жол ізде,
Жем болайын демейді
Ұядағы балапан,
Ұлар боп көкке ұшқанда.
Құлын даусың шықпасын,
Қыл бұрауым қысқанда.
Отыруың шыдап неғайбыл,
Орамдалған ойларым
Ортан жіліктей құсқанда.
Аспанда жүрген Аспанбек,
Торға ілініп, түсті алға.
Қара жерге қонады
Қанаты талса құстар да.
Жоныңнан таспа тілсем де,
Жолымнан біреу ұстар ма.
Мәселеңді бүгін шешейін,
Мысық аңқау болғанмен,
Той қайда күнде тышқанға.

АСПАНБЕК:
Бісміллә, келді кезім сайрайтұғын,
Ал сөйле тұғырынан таймай тілім.
– Ассалаумағалейкум, ақсақалдар,
Қанжарын қонышына қайрайтұғын.
Армысың, ары таза апаларым,
Жаулығы жайнамаздай жайнайтұғын.
Мың жаса, менің дархан Таразым-ай,
Тоқсан күн той көрсе де тоймайтұғын.
Тағдырын қара тұман торласа,
Хандығын дүбірлетіп тойлайтұғын.

Әлқиссамды бастайын,
Тыңдасаң арғы ғұн тілін.
Мен сақтың ұлы қазақпын,
Дүниені басқан дүмпуім.
Алтыннан сауыт киініп,
Алты құрлықты сілкідім.
Жалынан тартып мінгенмін,
Жабайы жортқан жылқының.
Күлікпен кезген күн түбін,
Күлтегіндердің ғұрпымын.
Тоныкөк болып төгілсем,
Сүмбіленің бұлтымын.
Қабағына түнеткен,
Қара аспанның күркірін.
Көне шаһарға келгенде,
Ағылып сөйле бір тілім.
Өшірмей келе жатырсың,
Жиырма ғасырдың бүлкілін.
Тарих сөйлеп кететін
Суырып алсаң бір түгін.
Әулиеатасы қазақтың
Ақ сәлемін қабыл ал,
Сары қымызы сары бал,
Сарыарқаның жұртының.
Көне Таразға бас идім,
Тәңір қаласы Түркінің!

Болатбегім, бармысың,
Біздерге таныс бұл түрің.
Өзіне сор деген ғой,
Қызылдығы түлкінің.
Артық көрер жігіт ең,
Шибөрінің назынан
Жолбарыстың жұлқуын.
Ежелден сөзге мерген ең,
Кезенген ойдың мылтығын.
Әңгіме қылып қайтесің,
Дүниенің жылтырын.
Көлік мініп ем айтыстан,
Көбейіп кетті күңкілің.
Қытайдың емес ол маған,
Құдайдың еді бергені,
Несіне шықты шыр-пырың.
Тісіне қарап көрмеп ем,
Сыйға берген жылқының.
Өзің ала алмай қалғасын,
Көзіңнің жасын іркідің.
Қозысында сүтке тоймаған,
Тоқтысында қоймас түртуін.
Айналайын, Болатбек,
Дүние кезек емес пе,
Балы болғанмен мұртының,
Уы бар екен ұртының.
Сен айтысқа барғанда,
Көкшетау, Атыраудан да
Бас жүлдесін алғанда
Шапанның жалғап жыртығын.
Ел болып қуанып едік,
Оразы кеткен ауылдың
Сен көтерді деп бір туын.
Төзімшіл адам деп отсам,
Өзімшіл адам екенсің,
Көрініп қалды бір қырың.
Әй, бірақ саған не дейін,
Тойдырад деген пенденің,
Топырақ қана құлқынын.
Қол бұлғап қалды артымда,
Жасыбай менен Сабынды.
Сүйіндіктің баласы.
Сүйіншілеп бастасын,
Қуантып мынау қауымды.
Білуші едім қазақта
Небір ғұлама ғалымды.
Сол ғалымдар күні кеше,
Жаңалық ашты жағымды.
Сарыарқаның даласы,
Екібастұздың қаласы,
Әулиекөлдің жағасы,
Түркіден қалған тамыр-ды.
Күні кеше сол жерден
Хандығының қазақтың
Бір ордасы табылды.
Зерттеп жатыр ағалар,
Елеусіз жатқан қабірді.
Бес жүз елу жылдық тойыңа,
Тартуым осы танымды.
Қаймана қазақ баласы
Бес жүз елу жыл түгілі,
Бес мың бес жүз жыл өтсе де
Айрылмай ауыз бірліктен,
Тайдырма құдай бағымды!

Азу тісі қаладай,
Қос өркеші баладай
Қаранарлардың ізі едің,
Қалыпсың көшке жарамай.
Айтысқа көш бауырым,
Жұрттың жүлдесін санамай.
Алматы жұрты ат берсе,
Дархандығы ғой данадай.
Қасқыр әкеткен жылқысын
Қырық күн жоқтар Қарабай.
Жаздағыдан жасылдау,
Қысты күнгі қарағай.
Айналсоқтап отырсың,
Сумүйіз болған танадай.
Жіберген бе ауылың,
Жал-құйрығыңды тарамай.
Асылдан қалған сынық ең,
Алтыннан соққан тағадай.
Оразалының інісі ең,
Ханның ұлы төредей,
Бидің ұлы шорадай.
Өзің едің ғой төреге
Қасқая шапқан қарадай.
Сенен несін қорқайын,
Мақтанып кетсе бұл ағам,
Қысыр сиыр сауады-ай.
Тәуір қылмас ең адамды,
Жауыр қылғанша жаламай.
Ел-жұртымды жырлаған
Қайран Ораз ағам-ай.
Алпыс қарсақ ат болмас,
Шортан емес шорағай.
Бұқа жоқта торпақ би,
Деп айтып кеткен бабам-ай.
Арғымағын жоғалтып,
Тай жүгірткен заман-ай!

БОЛАТБЕК:
Бадырайып көздерің
Аласұрдың алақтай,
Болдыртты ма сөздерім,
Буыныңды алып шараптай.
Татымды сөйлей алмадың,
Тақылдағанмен сағаттай.
Кәделі сөйлер деп едім,
Құдаға тартқан табақтай.
Ескі ойды қаужап отырсың,
Таңда тартқан жылытып,
Түннен қалған тамақтай.
Зіркілдейсің құр босқа,
Зікір салған арабтай.
Бәйге алғалы Аспанбек,
Ешкімді қапсың жаратпай.
Көлгірсіп сөйлеп отырсың,
Көбіктеніп ауызың,
Көкпарға мінген көк аттай.
Ат мінгеніңе таңым жоқ,
Шорманның ұрпағы емес пе ең,
Осы болды-ау кеткені
Жаман атқа жал бітіп,
Жанына торсық байлатпай.
Жарлы адамға мал бітіп,
Жанына адам жолатпай.
Тыңдап отыр Аспанбек,
Тәтті жырымды дәл бүгін
Таңдайға басып науаттай.
Көкірегім сайрап тұр,
Күмбір күй төккен шанақтай.
Обалыңды артпассың,
Ойдым-ойдым ой айтып,
Орып кетсем орақтай.
Шымыр сөздің тағы да,
Шоқпарын соғып болаттай.
Берекеңді біраз алайын,
Бейуақта келген қонақтай.

Әнге буаз домбырам,
Сен де өзімдей аңыра.
Тыңдайтын құлақ болмаса,
Айтар сөз қалар адыра.
Айналайын, Аспанбек,
Шамдандың сонша несіне,
Шоқ түскендей шабыңа.
Алматыда мен сенің
Алғаныңды емес бауырым,
Айтқаныңды сөз қып ем,
Дүниені қылдың дабыра.
Ат мінгеніңе таңым жоқ,
Шорманның ұлы емес пе ең,
Құлақ салмаған кешегі
Жаяу Мұсаның зарына.
«Алматының бәйгісін
Ала алмай өзің қалған соң
Қызғандың» дейсің тағы да.
Қылышыңды қыннан ап,
Қажетсіз тұста жаныма.
Кісінейтін мен емес,
Кісінің біткен малына.
Құдай деген құл едім,
Қанағат қылған барына.
Жемсауымды ойлап жүргем жоқ,
Тауықтай құмар тарыға.
Томарда отырғаным мың артық,
Алшаңдап барып мінгенше,
Арамзалықтың тағына.
Қызғаныш дейтін қызыл ит
Жолаған емес маңыма.
Айырбастай алмаймын
Алты Алашымның пейілін
Алтын, күміс берсе де
Арттырып атан жонына.
Ұстап өткен ешкім жоқ,
Дүниенің кілтін қолына.
Сен түгілі Аспанбек,
Судың тілін игерген
Сүлеймен де жетпеген
Сұм дүниенің соңына!

Жердің бетін кездіріп,
Жел қуалар қаңбақты.
Жер менен елден бездіріп,
Ер қуалар қалмақты.
Ақсап отырсаң Аспанбек,
Қолтығыңа сап берейін,
Қара өлеңіммен балдақты.
Тарқатайын азырақ,
Тарихыңнан тармақты.
Құлағыңа құйып ал,
Мен айтқан біраз саңлақты.
Бес жүз елу жыл бұрын
Керей менен Жәнібек
Түнегімізге шам жақты.
Тозып жүрген жұртының
Табанына нәл қақты.
Қасым ханнан кешегі
Қағидалы заң қапты.
Тоғыз ұлымен шейіт боп,
Тоғым хан өткен ардақты.
Есім таққа қонғанда,
Тезге салып тентекті,
Ескілер жолын жалғапты.
Орбұлақтың жерінде
Салқам Жәңгірмен шайқасып,
Дұшпанның қолы  шаң қапты.
Тәуке қорғап жеріңді,
Құс тұмсық жебе жауға атты.
Бұқарды тыңдап Абылай,
Бұл қазақтың басынан
Бура төс бұлтын аунатты.
Өлерінің алдында
Екі бас намаз оқыған
Хан кене көксеп жаннатты.
Ұрпақтан ұрпақ алмасты,
Тарихты талай шаң басты.
Тоқтаған көші хандардың
Тоқсан бірде жалғасты.
Мамыражай күн кештік,
Мамыққа қойып жамбасты.
Шетелдермен достасып
Шекарамыз заңдасты.
Сонда да сақ бол, қазағым,
Қабағыңа қарап басады
Қастық қылатын албасты.
Қазақстан Отанын
Сүюі керек әр қазақ
Махаббатындай алғашқы.
Тыныштықтан асқан байлық жоқ,
Таршылық қанша көрсең де,
Тәңіріңнен күт таңғы асты.
Өйткені, халқым білесің,
Қай кезде де ел үшін
Қан жұқпаған қын жақсы,
Қан жұтпаған хан жақсы!

Ер басына күн туса,
Етікпен су кешерсің.
Ел басына күн туса,
Ер жастанып басыңа,
Төсек қып тоқым төсерсің.
Айналайын, Аспанбек,
Айыр көмей шешенсің.
Шыт орамал байлап басыңа,
Шыққаныңда айтысқа
Айтпайын деуші ем бекер сын.
Сөз қылып назымды айтайын,
Бөзіңді шешкен екенсің.
Қалаңның жайын айтайын,
Қарекет амал етерсің.
Азаттығымды алғалы,
Алынбай жатыр неше еншің.
Павлодар  деген атыңмен
Бар қазаққа бөтенсің.
Бұқардан қалған бұтақ ең,
Төгілген жырдан нөсерсің.
Ата жолымен, Аспанбек,
Атанның жүгін көтерсін.
Жұрт сенген жігіт сен болсаң,
Жоғарыға жеткізіп,
Жағдайды жіптей есерсің.
Босқынмен бас ауыртпай,
Қоңсы болып қасыңа
Қандастардың көші енсін.
Кеңестік кезді көксеген
Казактарыңа тоқтау сал,
Еліңнің қамын жесең шын.
Осыларды айтып Аспанбек,
Орынды жырмен от өрсін.
Жігіт бейнеңе келген соң
Қазақтығыңның ошағын,
Қоздатып шоғын көсерсің.
Матаңды бастан шештің ғой,
Мәселені қашан шешерсің?!

АСПАНБЕК:
Жамандама ерімді,
Жамандама елімді,
Кебенек киген оралар,
Оралмас киген кебінді.
Осы күнге жеткенше,
Талай заман өтті ғой,
Терге шіріп тебінгі.
Тәуелсіздік туған соң,
Соның бәрі жеңілді.
Отқа жақын келе ме,
Жаңа шыққан егінді.
Павлодарды орыс деп,
Болатбек несін керілді?
Атым орыс болғанмен,
Кәпір боп кеткен түгім жоқ,
Көзіңе нелер көрінді?
Кенезең неден кебінді?
Бөтенсің деп қазаққа,
Битіңіз неден семірдi?
Қазаққа бөтен емес ем,
Айтпайсың оны неге сен,
Қорғап тұрған мен едім,
Солтүстіктегi шебіңді.
Ұмытқан екен бұл бала,
Қазақтың алтын бесігі,
Алашқа аян есімі,
Баянауылдай белімді.
Ұмыттың ба, ақыным,
Үш ханға айтқан ақылын,
Бұқар жыраудай бегімді?
Аттыдан жаяу кек алған,
Жаяу Мұсадай серімді.
Имантайдың Қанышы,
Тауып берген кенімді.
Кенжетайдың Шәкені,
Кино қылып түсірген,
Қызыл-жасыл өмірді.
Тарихпен ғұмыр бір кешкен,
Таңбалы таспен тілдескен,
Әлкей Марғұлан ерімді?
Құрбан қылған әз басын,
Бекмаханов жазғасын,
Соңғы ханы қазақтың,
Кенеге дейін шегінді.
Орысты сонша жек көрсең,
Білгейсің өз жөніңдi.
Алматыда туылған,
Есентайыңа жуынған,
«Қазақ жоқ» деп құбылған,
Жириновскийден ал кегіңді.
Өткізейік сыйласып,
Онсыз да қысқа өмірді.
Тыныш отыр бауырым,
Білмесең өлер жеріңдi.

Жұмыр жердің бетінде,
Баба қазақтың жұрты бар.
Жүрегінде сақталған,
Имандылықтың құлпы бар.
Сол құлыпты ашатын,
Құдайдың ғана кілті бар.
Қаратаудың белінде,
Қараханның елінде,
Мен де біраз сөйлейін,
Боз жусандай бұрқырар.
Жауғаш батырдан бастасам,
Жауды көрсе жұлқынар.
Өтегендерді кім білмес,
Есімі қалай ұмытылар?
Мына сен де туылған
Тілін шығармай орыстың,
Үнін өшірген соғыстың,
Бауыржаны Момыштың,
Емес пе еді біртуар?
Айналайын, ағайын,
Бауыржандай батырды
Тараз тумаса, кім туар?
Маңдайға құдай бақ берген,
Тәуелсіздікті ап берген,
Қайраттар қалай ұмытылар?
Солардың ізі сен едің,
Баласының бойында
Бабасының рухы бар.
Бірлікте болсаң ағайын,
Құлан жортпас тақырға,
Қурай бітер күн туар.
Үйірдегі жылқылар,
Аюды да жұлқылар,
Айдаһарды да жұлқылар!

Жолбарыстай жортып кеп,
Бәйгеге кірдік бел тіктеп.
Күңірене бердің неліктен,
Қобыз тартқандай Қорқыт кеп.
Өзіңнен басқа ешкімді,
Менсінбейтiн боп апсың,
Қорада өскен қортық деп.
Дәндеген қарсақ секілді,
Бір қойманы төрт үптеп.
Қаратаудың белінде,
Қараханның елінде,
Арманың болды-ау дүние,
Қарғаның зары жемтік деп.
Қызылсырап отырсың,
Қызылшадай бөртiп кеп.
Оразалы болам деп,
Оразбайұлы ентікпек.
Қаз боп алшаңдаймын деп,
Қарға байғұс мертiкпек.
Есегінде тұсау жоқ,
Түйесіне қом тікпек!

Қой асығы демейін,
Қолыма жақса сақаны.
Кірген құсты қойнына,
Қандай мерген атады?
Қасқыр тауда ұлыса,
Қорадағы қой қатады.
Айналайын, Болатбек,
Албаннан туған  арлан ең,
Түз дала болған апаны.
Барлық қазақ пір тұтқан,
Райымбектей атаны.
Жұмыр жерді  тоңдырған,
Қабағының қаһары.
Шоған абыз датқадай,
Шалғайға түскен шапаны.
Ел тербеген Асандай
Жел тербеген сақалы,
Сөзіңді айтсаңшы аталы.
Мұқағалиша мұңдансаң,
Бүкіл қазақтың мұң-зары,
Қабырғаңа батады.
Оразалылар сөйлесе,
Шалдар төгетін батаны.
Солардың ізі сен едің,
Сәтті боп жүрген сапары.
Атағың биік дегенге,
Сақалын күзеп сатады.
Сенен несін қорқайын,
«Жазда жілік жүгірер,
Қыста күлік жүгірер.»
Шалдардың айтқан  мақалы.
Айналайын, Болатбек,
Арыстанның баласы,
Арыстан болып туғанмен,
Мысық тұқымдасқа жатады!

БОЛАТБЕК:
Қалаңа атын бергіз деп,
Айтпақ ем Керей ханды айқын.
Менсінбесең Керейді,
Қай бабаңды таңдайсың?
Сен болсаң сұйық сөзіңді,
Саудалап босқа сарнайсың.
Жамандадың деп елімді,
Жұртымды неге алдайсың.
Орыс боп кеттің дегем жоқ,
Ақылың болса Аспанбек,
Астарын сөздің аңдайсың.
Мен айтсам Бұқар бабаңдай
Қауіптенгеннен айтамын,
Бүгін алса атыңды,
Ертең алар затыңды,
Осыны қашан ойлайсың.
Жар басына үй тіксең,
Жанды өлімге байлайсың.
Жатқа тізгін берсеңіз,
Түбінде бармақ шайнайсың.
Ал сен болсаң, Аспанбек,
Аталарыңды тізбелеп,
Атқа қондырдың  әрқайсын.
Ақын ба едің сен өзі,
Бабаңның жолын жалғайтын.
Бұтағы болсаң Бұқардың
Осыларды тізбектеп,
Әкіміне дат айтып,
Алдына неге бармайсың?
Қаныштың болсаң жерлесі,
Қаныш ашқан кеніңді
Кәрістен неге алмайсың?
Мәшһүр Жүсіптің жерінде,
Жасыбайдың төрінде,
Машкеевич алса жайлауды
Құныңды кімнен даулайсың?
Ағаңның айтқан ақылын
Сараптап ойға салмайсың.
Есі бар жігіт деп жүрсем
Ешнәрсені түсінбей
Ертоқымыңмен аунайсың!

Тектінің тұқымы едім рас,
Тамырын балта шаппаған.
Бұғанаң бос, белің жас,
Аспанбек айттың тақпақ ән.
Аңқау інім едің ғой,
Өзі түсінбес өлеңді
Өңешіне шақтаған.
Өзің айтқан жаңағы
Райымбектің төлі едім,
Бетінен ешкім қақпаған.
Мұқағалидың көзі едім,
Кер қоғамға жақпаған.
Сен мысқылдап отқанмен,
Ораздың жолын жалғасам,
Төбел туар қасқадан.
Есіңде ұста бірақ та,
Руым Албан болса да,
Түбім Алаш деп аттанам.
Өлең сөзге келгенде
Өзіне тартқан кетпендей,
Өзіме ғана тартпағам.
Атаңның ғана ұлы емес,
Адамның ұлы бол деген
Абайдың сөзін жаттағам.
Бергі тегім қазақпын,
Арғы тегім сақ бабам.
Бөліне берме, Аспанбек,
Рушылдықтың кесірінен
У бар ма қазақ татпаған.
Хақназардың тұсында
Тоз-тоз болып жүргенде
Төріңді дұшпан таптаған.
Шіл тезегіндей шашырап
Жүргеніңде болмап па ед
«Шұбырынды ақтабан».
«Бір тал жебе морт сынар,
Бір топ жебе көп шыдар».
Демеп пе еді баяғы
Төле бидей қарт бабаң.
Бірліктің мынау тойында
Жарамас інім ақсаған.
Құруыңа сеп мені де,
Руыма таңып тастасаң.
Ағаңа кінә тақпассың,
Айтып отқан сөзіңнің
Ағатын түзеп тастасам.
Бір басыңа сын болар,
Бірлікке қадам баспасаң.
Арғымақтығың өзіңе,
Алты Алаштан безініп,
Арғынмын деуден аспасаң!

Алынды айтар сөзден бүгінгі еншім,
Аспанбек те жырының жігін бөлсін.
Осымен қоштасайық ағайынмен,
Басқа да ақындардың түрін көрсін.
Кетерде көпшілікке тілегім сол,
Тамырың терең тартып түбірленсін.
Бес жүз елу жыл бұрын туын тіккен
Хандығыңа үзілмес ғұмыр берсін.
Алты минут күтпей-ақ аудармасын,
Алты құрлық ұғатын тілің болсын.
Қазағыма қастандық ойлағанның
Жегені желім, ішкені ірің болсын.
Жеңгелердің құрсағы құтты болып,
Жыл сайын бесігіңе бір ұл берсін.
Қазақ саны қарқындап күрт көбейіп,
Құт дарып, шаңырағыңа қызыр қонсын.
Айдалада қап қалсын бізге жетпей,
Айдаһармын деп жүрген сығыр көршің.
Алаш деген намысқой перзенттерің,
Арқардың асығындай шымыр болсын.
Жақсы аты жұртқа шыққан ұлыңменен
Жаман аты шықпаған қызың болсын!

Алаң да алаң алаң жұрт,
Құшағың дархан, далаң құт.
Осымен мен де тоқтайын,
Айтар сөзімді тәмам қып.
Аспанбек, сен де аман бол,
Жалғаннан көрмей жамандық.
Жүз жасқа дейін дәміңді,
Бұйыртсын Алла адал ғып.
Шабытыңды отқан қамшылап,
Ақ көңіліңмен ағаңды ұқ.
Тарқасайық екеуміз,
Татулыққа қадам қып.
Ағайын, сен де есен бол,
Жақсылықты жатқан жалау ғып.
Айтысқа келген халқыма,
Құдайым  берсін амандық.
Барымызға енді риза бол,
Біздерден осы базарлық.
Қайырлы болсын тойларың,
Қаймана жұртым тараздық!

АСПАНБЕК:
Арғынмын деп айтпап ем,
Қай жаққа кеттің қуалап.
Есігіме енбедің,
Тесігімнен сығалап.
Руға бөлінген мен емес,
Бар ма екен  сендей сұғанақ?
Қазақ руға бөлінбейді,
Қазақ рудан кұралад.
Елемесең шыбықты
Екі көзіңді шығарад.
Бір қарын майды шірітер,
Бір түйір ғана құмалақ!

Біреулерге дін қайғы,
Біреулерге пұл қайғы.
Керекудің атына
Керейдің атын берер ем,
Мені кімдер  тыңдайды?
Қаныштың тапқан байлығын
Кәріс алды деп тұрсың,
Кім көрген бұрын мұндайды?
Ол рас, дұрыс айтасың,
Орыс алып төрімді,
Еврей алып көлімді,
Қытай алды жерімді,
Біреуге бұл да ыңғайлы.
Қаймана біздің қазақтың,
Көз жасы қашан құрғайды?
Есіңде болсын, ағайын,
Жұмыртқаңды ұрлаған
Тауығыңды да ұрлайды.

Алтыннан қымбат жұрт едік,
Алтын Ордадан мұрагер.
Талайлы тағдыр кешкенбіз,
Тарихым соған куәгер.
Бес жүз елу жыл бұрын,
Азияның кұрлығын,
Дүр сілкінтіп тұрады ел.
Қанынан тулап ұлылық,
Керей Жәнібек бірігіп,
Хандық болып құрылып,
Қазығын қаққан  мына жер.
Атын шығарып  әлемге,
Сауын айтып әр елге,
Қарғыды  бүгін тағы өрге,
Қазақ деген құлагер.
Күнде осындай той қылып,
Ту биені сойдырып,
Ойпаңнан ошақ ойдырып,
Салтанатын құра бер.
Осымен сен де аман бол,
Айналайын, Болатбек,
Сөзімді менің ұға бер.
Алты Алаштан құралған,
Бөрілі байрақ ту алған,
Мәңгілік елді бір Аллам,
Баянды жолға бұра гөр.
Жұлдызды аспан астында,
Жусанды жердің үстінде,
Жұртымды аман қыла гөр!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір