Мәтінді бұрмалап, мәнісін кетірмейік!
25.10.2015
2894
1
Songi copy
«Қазақ әдебиеті» газетінің қыркүйек айындағы №36, 37 сандарында Әмина Құрманғалиқызының «Халың қалай, қарт «Жұлдыз»?!» деген мақаласы жарияланды. Онда автор аталған журналдың биылғы сандарына сауатты, салихалы шолу жасап, төрт роман, қаншама әңгіме-хикаяттардың, мақалалардың жетістігі мен кемшіліктерін тайға таңба басқандай көрсетіпті. Қазақ әдебиетінің толғақты мәселелерін қопара көтеріп, кеңінен қамтып, кесек турап, бұйығы тарта бастаған әдеби ортаның «шаңын қағыпты». Кем түскен, артық сілтеген тұстары да жоқ емес. Соның бірі – менің әңгімемдегі (Ә.Салықбай. «Ақылдан азап шеккендер». «Жұлдыз». №2. 2015. 100-109-беттер) диалогтарды бұрмалап, оқырманды адастыруы.

Мақаланың соңғы жағында сөз болса да әңгімені Абай сөздерінің бұрмалануынан бас­тайық. Автор И.Сапарбай бастаған біраз ақын-жазушының Абай сөздерін өзгертіп қолданғанын сынапты. Кей пікірімен келіспеске шара жоқ. Алайда, «Махаббатсыз – дүние дос, Хайуанға оны қо­сыңдар» деген жолдарды Ә.Құрман­ға­ли­қы­зының КСРО кезіндегідей қайтадан «Махаббатсыз – дүние бос, Айуанға оны қосыңдар» деп жазу керек деген пікірін қостамаймыз. «Ма­хаб­бат­сыз – дүние дос» екенін Т.Ибрагимов, М.Бек­­босынов, А.Шаяхмет, О.Темірбеков сынды бірталай абайтанушылар, филолог ғалымдар бұлтартпастай дәлелдеді. Мысалы, А.Шаяхмет «Имандылыққа шақырған ақындар» деген мақаласында мынадай уәж айтады:
«…Абайдың «Махаббатсыз – дүние дос, хай­уанға оны қосыңдар» деген сөзі барлық ба­сы­лым­дарда «Махаббатсыз – дүние бос, хайуанға оны қосыңдар» деп басылып жүр. Абайдың бұл арада айтып отырғаны әйелге деген махаббат емес, Аллаға махаббат екені белгілі. Өйткені, Абай­дың өзі осы өлеңнің соңында: «жүрегі жұм­сақ білген құл шын дос таппай тыншымас», – дей­­ді. Құл дегені – Алланың құлы…«Асыл сөзді із­­де­сең, Абайды оқы, ерінбе», – деген… Сұл­танмахмұт бір өлеңінде: «Дүние дос, махаббатсыз, мал секілді деген сөзін Абайдың есіңізге ал», – дейді…» («Қазақ әдебиеті және мемлекеттік тіл» журналы. №2. 2015. 2-бет).
Бұны қомсынсаңыз, 33 жыл Абай мұра­жайын­да директор болған әйгілі абайтанушы, сын­шы Т.Ибрагимовтің мына пікіріне зер са­лайық: «…дұрысы: «Махаббатсыз дүние дос». Ой­­лап қарасаңшы, қалай «махаббатсыз дүние бос» болады. Абай: «Махаббатсыз дүние дос, хайуанға оны қосыңдар!» – деп айтқан. Мұнда ойы мен жүрегінде имани махаббаты жоқ адам дүниеге дос (вшизм) болатынын айтып тұр. Абай­дың айтатын «махаббаты» қыз бен жігіт ара­сын­дағы сүйіспеншілік емес. Ол – басқа махаббат. Өте үлкен дүние. Осындай үлкен махаббаты бол­маған адам заманды танымайды. Оған дүние жа­қын тұрады. Міне, «дүние дос» деген осы…» («Абай әлемі» онлайн энциклопедиясы. Басты бет).
«Дүние дос» деп дәлелдегендерді тере берсек, қағаз шақ келмес. Ендеше осымен тоқтап, Абайдың «Кейде есер көңіл құрғырың» деп бас­талатын өлеңіндегі аталған шумақты толық оқып көріңіз:
Махаббатсыз – дүние дос,
Хайуанға оны қосыңдар.
Қызықтан өзге қалсаң бос,
Қатының, балаң, досың бар…
Өзіңіз ойлаңызшы, «дүние бос», «қалсаң бос» деп, бір шумақтың ішінде екі «босты» ұйқасқа қатар қолданатындай Абайдың ақындық қуаты, құдіреті кемшін бе еді?! Әлде сөздік қоры жұтаң ба?! Атай көрмеңіз. Ендеше «дүние бос» деу еш қисынға келмейді.
Енді өзімізге келейік. Мақаласының бір же­рінде Ә.Құрманғалиқызы: «Әбділдабек Са­лық­бай «Өзіңде бармен көзге ұрып» дегенді «Өзіңде бармен төске ұрып» деп өзгертеді»,– депті. «Өз­герт­к­еннен» Алла сақтасын! Абайды өзгертіп, өле алмай жүргеміз жоқ. Абайтанумен шұғыл­дан­бақ болсақ, әу баста Қ.Мұхамедханұлы бас­таған ұстаздарымыздың, 90 жылдары М.Мырзахметов, Ш.Сарыбаев, Ә.Тәкенов сынды айтулы ғалымдардың ақылын тыңдап, ғылым жолына түсер едік. Бағымыз ба, сорымыз ба оның бә­рі­нен бас тартып, «Қазақ тарихына» мықтап байланыппыз, енді қайырын берсін… Ал «Өзіңде бар­мен көзге ұрудан» қателескеніміз рас. Бір-ақ сөз. Алайда, мағынаға нұқсан келген… Ендеше, әуе­лі Абайдың аруағынан, сосын қалың оқыр­маннан кешірім сұраймыз. Қателігімізді көр­сет­кен авторға да осы үшін алғыс айтамыз.
Ә.Құрманғалиқызы бір сөзінде: «…Абай түгіл жай автордың сөзін өзгертуге, не пайдалануға рұқсат керек»,– деп мықтап ескертеді. Алайда, осы талапты өзі аяқасты етіп, менің әңгімемдегі диалогтарды еш қисынсыз өзгертіп, оқырманға бұрмалап жеткізеді. Бұл қалай?! Талаптың орындалуын шын қалаған адам әуелі өзі үлгі-өнеге көрсетпейтін бе еді?! Жә, авторға сөз берейік:
«…Әбділдабекте де еріксіз езу тартқызып, тіпті қынжылтатын бір сөйлемдер бар. Бір топ жігіт ерегесіп тұр. Біреуі бір жігітті:
– Әй, мынауың бір ит қой,– дейді.
– Ит емес, шошқа,– деді екіншісі.
– Итің не, шошқаң не, қатын десеңші,– дейді үшіншісі. Ау, бауырым-ау, сонда иттен де, шошқа­дан да арам, азғын қатын болғаны ма?».
Енді менің әңгімемдегі мәтінді сыншының өз­г­ер­туінсіз ықшамдап (Көп нүктенің орнында 4-5 сөйлеммен шекісу барысы баяндалады) ұсынайын:
«Бірде сол пақырлардың біреуі біздің өзара қазақша сөйлесіңдер деген талабымызға шыдамай, спортфактың жігіттерін ертіп келіпті… Ақы­ры біраз ырғасқан соң бәрі жөнге келіп, тату­ласып тарастық. Әлгі ана тілімізді қор­ла­ға­ны­мен қоймай, елді арандатқан найсапты кәдім­гідей тізерлетіп отырып, кешірім сұраттық. Сөйт­сек ол да қарап қалмай, Батыр екеумізді ұлт­шыл деп айыптап, ректорға арыз жазып жі­беріпті.
– Ал ендеше! Әй, ит-ай, ә!
– Иттен садақа кетсін, доңыз де…
– Жоқ, қатыншылап кеткенін айтам да…» («Жұлдыз». №2. 2015. 104-бет).
Мейлі, сыншы 1-2 жолдарды өзгерткенде «көз­ге ұрыпты» «төске ұрып» деген сияқты бай­қа­маған екен дейік, ал «Жоқ, қатыншылап кетке­нін айтам да…» деген сөзді «Итің не, шошқаң не, қатын десеңші, – дейді үшіншісі» деп құбылтуын, өңдеуін қалай түсінуге болады?! Мәтінге кім қарап жатыр дейсің деген жауапсыздық па?! Әлде түк таппаған соң әйтеуір сынау амалы ма?! Оқырманды осылайша алдап, жазушыны қараптан-қарап күйдіруге бола ма?.. Қайран Мұқағали: «Сынауға тіптен құмар кім көрінген, Әйтеуір кінә тауып бір жеріңнен…» дегенді осындайда айтқан екен-ау…
Әлде сыншымыз «қатыншылап кеткен» деген тіркестің еш сөкеттігі жоғын шынымен түсінбей ме? Түсінбесе, ежіктеуге мәжбүрміз. «Қатын­шы­лау», «қатындық» деген – ер балалардың (өскен соң жігіттердің, еркектердің) жиі қолданатын сөзі. Әсіресе, жекпе-жекке шыққанда, ерегес­кенде, ойын сайыстарында көбірек айтылады. Ма­ғынасы – төбелессе де, ойнаса да «қатынға тән» (шаштан жұлу, бет тырнау, мазақтау, жабылу, біреуге айтып сабату, т.б.) әдіс-тәсілдерді қол­­данбау, жігітше, еркекше қимылдау. Сужү­рек, қорқақ жігіттерді де қатын дейді. Ойында да солай. Қисынсыз кінәласа, не қашқындаса, «Әй, қатындық қылмасаңшы!» деп жатады. Ма­ған иланбасаңыз, сөздікке жүгінейін. «О, сужү­рек, қорқып тұр! Қатын!» деп жазады Б.Соқ­пақ­баев «Жекпе-жек» хикаятында (Қазақ тілінің түсін­дірме сөздігі. 6-том. 153-бет). «Батырлық мі­нез көрсетер ме екен, әлде қатындық мінез көр­сетер ме екен?» дейді І.Есенберлиннің бір кейіп­кері (Аталған сөздік. 6-том. 156-бет)…
Жә! Мен бұл мақаланы түгелдей жоққа шы­ғаруға тырысудан аулақпын. Тек келісетін, келіспейтін тұстарымды ғана қысқаша айттым. Ме­ніңше, автор өте қомақты тақырыпты алған. Со­ның бәрін оқып шығып, бір мақалаға сыйдырып тал­дау деген – өте қиын, аса ауыр мәселе. Сон­дықтан шала-шарпы, жүгіртіп оқимын деп, кей нәр­сені байқамауы, тереңдеп ұға да алмауы мүм­кін. Бәлкім, шолу жазу кезінде әңгіме мәтіні қо­лына түспеген де шығар. Бәрі мүмкін. Тек бұ­дан былай шығарма талдағанда, шолу  жасағанда мә­тінді бұрмалап, бір-біріміздің жанымызды жа­ралаудан аулақ болайық, ағайын!

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ.
ПІКІРЛЕР1
Аноним 14.10.2019 | 19:29

Осы беттегі айтыстан әдебиеттің келбеті мен ақиқатын, болмысын таба алмайсың. Бұл жалғыз Әмина мен Әділбекте ғана емес жалпыласқан жаман жұқпалы ауыру сяқты әдет. Қазір сыншы сымақтар қазақ әдебиеті гүлденсін демейді. Өзім еккен көк ағаш көктей ме екенн деп жазады. Бейне жайлау қыстауға таласып , қамшы сілтесіп, бірін бірі мінеп сынап жатққан Қазақтың надан шалдары сяқты

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір