Қытай мұрағат құжаттары және Қазақ хандығы мен қырғыздар
25.10.2015
3489
0

1434083493_logotip-550-zhylҚазақ хандығының алыс және жақын шетелдермен қарым-қатынасы туралы не айтасыз? Қазақ хандығы дәуірінің деректерін алыс және көршілес елдерден іздегенде біз қандай пікірге келеміз?

568052_39001518__________________________Жанымхан ОШАН,
тарих ғылымдарының кандидаты,
ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану
институтының аға ғылыми қызметкері

Мыңдаған жылдық жазба мәдениеті бар көне өркениет ошақтарының бірі саналатын Қытай елінің тарихи жәдігерлер қоры тұтас Еуразия кеңістігіндегі елдердің көне тарихын анықтауда ерекше маңызды. Сол себепті еліміздің неше мыңдаған жылдық тарихын зерделеу кезінде қытай деректерін басшылыққа алып отыруға тура келеді.
Ал Қазақ хандығы мен Қытайдың Цин Пат­шалығы арасындағы ресми қарым-қа­тынас Жоңғар хандығының ыдырауына бай­ланысты ХVІІІ ғасырдың екінші жартысы­нан бастап ресми түрде қалыптаса бастаған бо­латын. Қытай мұрағат қызметкерлері бас­тапқыда бір ғана Пекин қаласындағы «Бі­рінші мұрағат қорында» қазақ тарихы мен мәдениетіне қатысты 5000-нан аса құ­жаттың сақтаулы тұрғанын анықтаған еді. Соңғы жылдары мұндай құжаттардың са­ны 7000-нан асатынын хабарлап отыр. Бұ­дан өзге, дәл осындай мазмұндағы мұра­ғат құжаттарының ауқымды бір топтамасы Тайванның Тайпей қаласындағы мұрағат қорында сақтаулы тұр. Бұдан тыс Нанкин, Үрімші және басқа қалалардағы түрлі мұ­рағат қорларында да бытыраңқы түрде сақталған мұрағат құжаттар бар.
Бұл құжаттардың басым көп бөлігі ХVІІІ ға­сырдың екінші жартысынан ХХ ға­сыр­дың бастапқы он жылына дейінгі құ­жат­тарды құ­райды. Соңғы үш ғасырда қалып­тасқан бұл құжаттар жеке-жеке қытай, мәнжу, ой­рат және шағатай (көне қазақ) жазуларымен жазылған. Соның ішіндегі қытай, мәнжу және ойрат тілдерінде жа­зылған нұсқаларын Цин патшалығының уә­кілдері жазған, ал ша­­ғатай тілінде жа­зылған құжаттар негізі­нен алғанда қазақ­тардың өз қолымен жаз­ған хаттары болып келеді. Қазақтар тарапынан жазылған құжаттардың жекелеген нұсқалары ойрат тілінде жазылған, енді бі­реулері сол дәуірде мәнжу, қытай немесе ойрат тілдеріне аударылған. Мұндай аудармаларды бір ғана Цин патшалығының аудармашылары жүр­гізіп келген.
Құжаттардың қатысты мазмұны аса ау­қымды әрі тыңғылықты. Айтулы мұрағат құжаттардың елеулі мазмұны ХVІІІ-ХІХ ға­сырлардағы қазақ-қытай, қазақ-қырғыз, қа­зақ-қоқан және басқа да Орталық Азия ел­дері арасындағы тарихи байланыстардың күні бүгінге дейін күңгірт болып келген маз­мұндарын анықтауға, Қазақ хандығының ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ішкі саяси-әлеуметтік ах­уалын, шаруашылығы мен этникалық жағ­дайын зерделеуге, қазақтардың мә­де­ниетінің  даму жағдайын, Қазақ хан­дығының құ­жаттандыру жүйесі, тағы басқа тарихи та­қырыптарды зерттеуге аса мол мүм­кін­діктер беріп отыр.
Бұл деректердің біразы ҚР БҒМ Р.Б.Сү­лей­менов атындағы шығыстану институты ға­лымдарының деректанулық зерттеулері нәтижесінде 2005-2006 жылдар аралы­ғын­да баспадан шыққан «Қазақстан тарихы ту­ралы қытай деректемелері» атты бес том­дық еңбектің жекелеген томдарына енгі­зілген еді. Келесі кезекте еліміз бен ҚХР ара­дағы мәдени ауыс-түйістің күшеюіне бай­­ланысты 2007 жылы ҚХР «Бірінші тарих мұрағаты» мен ҚР БҒМ Р.Б.Сүлейменов атын­дағы Шығыстану институты бірлесе оты­рып, «Қытай-Қазақстан қарым-қаты­нас­тарына байланысты Цин дәуіріндегі мұрағат құжаттарының жинағы» атты екі томдық мұрағат құжаттарының факсимиле нұс­қасын жасап Пекин қаласында баспадан шығарды. Бұл мұрағат құжаттар жинағына енгізілген құжаттарды қазақ тіліне аудару мен баспадан шығару жұмыстарын инс­титуттағы қы­тайтанушы ғалымдар атқарып келеді. Бұған дейін аталған екі томдық жи­наққа енгізілген 700-ге тарта мұрағат құ­жаттың бір бөлімі «Қазақ хандығы мен Цин патша­лы­ғының сауда қатынастары туралы қытай мұрағат құжаттары» және «Қазақ хандығы мен Цин патшалығының саяси диплома­тия­лық қатынастары туралы қытай мұрағат құ­жаттары» деген екі сериямен төрт том бо­лып жарық көріп, оқырман қауымға ұсы­нылды.
Қазіргі таңда қытай ғалымдарының осы тектес мұрағат құжаттарды жекелеген та­қырыптарға жинақтап, құжаттардың фак­си­миле нұсқасын баспадан шығару жұ­мыс­тары қарқынды түрде атқарылып келе­ді. Сондай іргелі жұмыстың бірі ретінде 2012 жылы баспадан шыққан «Цин патша­лығы дәуіріндегі Шыңжаңға қатысты мәнжу тілді мұрағат құжаттар жинағы» атты 283 том­дық мұрағат құжаттар топтамасын ерекше атап өтуге тура келеді.

568190_406809287____________________________Айткүл МАХАЕВА,
тарих ғылымдарының докторы, 
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің
Әлем тарихы кафедрасының меңгерушісі

Қырғыз фольклорлық деректеріне қа­ра­ғанда, қазақ-қырғыз байланыстары Қа­зақ хандығының алғашқы билеушілері тұ­сын­да-ақ бастау алғанға ұқсайды. «Жәнібек хан» деп аталатын аңыз әңгімеде «Тоқмақта Жәнібек деген хан болған екен. …Жәнібек ханның кезінде Асанқайғы деген әулие болған екен» деген жолдар осындай ойға жетелейді. Белгілі тарихшы С.Жолдасбаев: «Қырғыздардың Есен бұға хандығынан бө­лініп, жеке хандық құруға талпынып, Жә­ні­бектің бір баласын өздеріне хан болуға қа­лап барғандығы шындығында рас болуы мүм­кін. «Қазақтың «Жел болмаса, шөптің ба­сы қимылдамайды» дегеніндей, ел аузын­дағы бұл аңыздың бекер айтылмағандығын көрсетеді. …Қырғыздар моғолдардың қол ас­тында болудан бас тартып, қазақ хан­да­рының қол астында болуға әрекет жасаған», – деп көрсетеді. Қырғыз тарихшысы Б.Сол­тоноев та Қасым хан қырғыздарды өзіне қа­ратпаса да, қалқан болғанын атап өтеді. Ал қазақ ханы Таһирдің кезіндегі қазақ-қыр­ғыз байланыстары жөнінде аз да болса деректер баршылық. Қырғыздар қазақ ханы Таһирді өз ханы ретінде таныды. Таһир хан шамамен, 1523-1533 жылдары билік құрған. Ол Әдік сұлтанның ұлы, Әз Жәнібек хан­ның немересі болатын.
Қазақ-қырғыз қатынасы Таһир ханнан кейін де жалғасын табады.
Қасым ханның баласы Хақназар (1538-1580 ж.ж.) қазақ пен қырғызға хан болып тұр­ғанда Таһир хан мен Бұйдаш хан кезінде әл­сі­реп, бытыраңқылыққа ұшыраған елді қай­та біріктіруге, хандықты нығайтуға ұм­ты­лады. Қырғыздар Хақназардан соң би­лік­ке келген Шығай хан (1580-1582 ж.ж.), Тәуе­кел ханның (1582-1598 ж.ж.) кезінде де сая­си оқиғалар ортасынан табылады. Қа­зақ сұлтандары қауіпті жағдайларда кө­біне қырғыздар арасына өтіп кетіп, пана тауып отырды. ХVI ғасырдың соңы мен XVII ға­сырдың басындағы Тәуекел ханның Сыр бойындағы қалалар үшін Мауреннахрда жүр­гізген күресінде де қырғыздар қазақ сұл­тандары жағын қолдады.
Қазақ-қырғыз шежіресінің мәлі­мет­теріне қарағанда, қазақтың Еңсегей бойлы Ер Есім ханы (1598-1628 ж.ж.) тұсында қа­зақ-қырғыз келісімі түзіледі.
Қырғыздар Есім ханды барынша құр­мет­теген. Оны қырғыз шежіресіндегі «Біздің Ең­сегей бойлы Ер Есім, Есен барып, сау кел­се» деген жолдар байқатады.
Қазақ хандығы Тәуке ханның тұсында одан ары күшейе түсті. Сонымен бірге, қа­зақ-қырғыз қатынастары да белсендірек жүр­ді.
Қырғыз тарихшысы Б.Солтоноев қыр­ғыз­дар Қасым хан кезінен бастап, Тәуке ха­ның тұсына дейін, қырғыз қалмақтан қа­шып Алай, Әндіжанға қашқанға шейінгі ара­лықта, 1510-1685 жылдар аралығында, 170 жылдай қазақ хандарына қарап тұрды деп жазады.
Бұл, әрине, аз уақыт емес. Қазақ ханда­рының көршілес қырғыздарға қатысты ұста­нымы негізінен достық, бауырластық, одақ­тастық сипатта өрбіді. Қазақ ханда­ры­ның билігін мойындаған қырғыздар Жетісу мен Қырғызстан аумақтары үшін, өз тәуел­сіздіктері үшін қазақ жасақтарымен қатар тұ­рып бірлескен күрес жүргізді. Бұл – Қазақ хан­­дығының нығайып, күш алуына көр­шілес қыр­ғыздар да өзіндік үлес қосқанын көр­се­теді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір