Ұмытылмайтын Ұябаев
25.10.2015
1919
0
752931_1916016986_____________…Жақында Үсенбай ата Тастанбеков (соғыс және еңбек ардагері, белгілі журналист, партизан жазушы, ел мен жер тарихын жетік білетін шежіре қарт, 96 жастағы қадірменді қария) телефон шалып үйіне шақырды.

– Қарағым,– деген еді сонда ол кісі, – кә­рі­ліктің кейбір «кереметтерін» енді көбі­рек сезіне бастағандаймын. Құлақ нашар­лап­ қалғандай, көз де бұрынғындай емес. Сондықтан өзіңе бір тапсырмам бар. Білетін шы­ғарсың, қазақта Ұябаев Құрманғали ат­ты ақын өткен. Үстіміздегі жылғы мамыр айын­да туғанына 95 жыл толды. Ол туралы жаз­саң, айналайын, әруағы риза болсын.
Содан соң «1984 жылғы 19 желтоқсан» деп белгі қойылған орыс тіліндегі (атамыз ма­­­қаланы орыс тілінде де жаза береді) жаз­басын – сарғайған бірнеше парақты қолыма ұстатты. Әрдайым қасиетті Қарасай жерінің ба­тыр, билерін, тұғыры биік тұлғаларын, елге еңбегі сіңген азаматтарын, өнер ие­ле­рін, ақын, жазушыларын ерекше тізімдеп, ерін­бей түгендеп, барлығының да мерейтойын өткізуге мұрындық болып жүретін, өне­гелі өмірлері туралы әртүрлі басылымға жа­лықпай жариялайтын ардақты ақса­қал­дың айтқанын алға апарып, орнықты орындау мен үшін де, әрине, абырой.

***

Қазақтың белгілі ақынының бірі Құр­ман­ғали Ұябаев 1920 жылы 5 мамырда Ша­­малған ауылында дүниеге келген. Әкесі ер­те қайтқан ол балалар үйінде тәр­бие­ле­не­ді. 1940 жылы Қаскелеңдегі Абай атын­да­ғы мектепті бітірген. Ал оның алдында қа­зіргі Тұрар ауылындағы тоғызжылдық мек­тепте оқыпты.
«Бұл 1918 жылы бүкіл Жетісу жерінде ашыл­ған алғашқы қазақша білім ұясының бі­рі еді, – дейді Үсенбай ата. – Бірінші мұға­лі­мі, әрі директоры тамаша педагог, кейіннен Ленин, «Құрмет белгісі» ордендерімен наг­рад­талған Әбіжан Байсалбаев болған. Отызыншы жылдың басында ол тоғызжылдық шаруа-жастар мектебі ретінде қайта құ­ры­лып, жетім балаларды қамқорлыққа алған, әрі балалар үйінің, әрі интернаттың да «мін­детін» атқарыпты. Бұл жерде қазақтың талай тамаша азаматтары білім биігіне беттеген.Құрманғали да жетім болғандықтан осын­да оқыды. 1935 жылы анам қайтыс бол­ған (әкеміз бұрынырақ дүниеден өткен) мен де аталған мектептен бір-ақ шықтым. Сөй­тіп, осы жерде екеуміздің өмір жолымыз тоғысқан еді. Қысқа қарай Шелек ауданы Қорам балалар үйінен бес бала ауысып келді. Біреуі менің немере інім Молдабек Саламатов (со­ғысқа дейін «Лениншіл жас» газетінде бө­лім басқарған, соғыстан кейін ком­со­мол­дың Орталық Комитетінде қызмет еткен, Қас­келең аудандық газетінің редакторы бол­ған) еді, 1929 жылы әкесі өлген соң ба­ла­лар үйіне кеткен-ді. Молдабек жалындата жыр жазады екен. Оған еліктеп мен де түрте бастадым. Дәл осында Құрманғалидың да «өлең дейтін дертке» ұшырағанын білдім. Ұзын бойлы, кең  маңдайлы, ақсары өңді, жүзі мұңлы, дөңгелек қара көзінен терең ойдың ұшқыны сезілетіндей жасөспірім көбіне үнсіз жүретін, жатақханада үнемі бірдемені дәп­теріне жазып отыратын».
Екеуінің келесі оқыған орны – Қаске­лең­дегі Абай атындағы мектеп. Мұнда олар осын­дағы қоғамдық істердің ішіне де іркіл­мей кіріп кетеді. Қабырға газетін бүтіндей өз қолдарына алады. Әр нөмірін әсемдеп шығарумен қатар, мазмұнын да мағыналы етіп байыта бастайды. Алдымен, әрине, өз өлеңдерін салады. Үсенбай ата кейіннен өлеңді қойып, таза газетші, мықты редактор атанды ғой. Ал Құрманғали үшін қабыр­ға газеті де шыңдалу, үйрену мектебінің, шынайы поэзия әлеміне шығарар алғашқы баспалдақтың бірі болған сыңайлы. Дегенмен, 1939 жылы аудандық газетке тұңғыш рет өлеңі жарияланған, одан әрі респуб­ли­калық басылымдар– «Лениншіл жасқа», «Октябрь балаларына» жиі шығып тұрған.
Құрманғали мектеп бітірісімен аудандық «Социалистік майдан» газетіне қызметке ор­наласады. Бірақ көп ұзамай 1940 жылы әс­кер қатарына алынып, ары қарай Ұлы Отан соғысының қанды қырғынына ат­тан­ған, от пен оқтың ортасында жүріп, армия­лық және майдандық газеттерде істеген. Со­ғыс­та офицер дәрежесіне жетіп, жауын­герлік наградаларға ие болған. Оның әс­кери ба­сылымдардағы жұмысы сонау 1950 жылға дейін созылыпты. Тіпті, Хабаровск қала­сын­дағы «Суворовский натиск» атты майдандық га­зетте жауапты хатшы болыпты. Бір қы­зығы, дәл осы газетте қазақтың атақты ақы­ны Дихан Әбілевпен бірге істепті.
1947 жылғы қарашада Құрекең Қиыр Шы­­ғыстан қайтып келеді. Алайда, армиядан босатылмапты, Орта Азия әскери окру­гінің құ­рамына жіберіліп, Алма­ты­да ­шы­ға­тын орыс тіліндегі әскери газеттің жұмысына же­­гілген.
Ұзақ уақыт аралатып туған өлкесіне же­тіп, туған халқы – қазақтың қалың ор­та­сы­на оралу, әбден елге, жерге деген са­ғы­нышы бойын кернеген оның енді шабыты шалқып, қа­ламының қарымы артады, ой-са­насы өр­ге тартып, шығармашылығының өрі­сі кеңейе­ді, жаны жаздай жадырап, көңі­лі көл­дей толқиды. Ал жас шағынан өлеңге өмі­рімді арнасам деген арман-аңсармен алаң­дайтын жанның жүрек толқынысынан осын­дай кезде жыр бұлағы ағыла түспей ме?! Соның жемісіндей болып 1949 жылы
Жеткендей аңсаған бір арманыма,
Көз тастап қыран құстай жан-жағыма,
Көңілім селдей тасып, денем балқып,
Отырмын асау Амур арнасында! –
деп жырлаған «Шығыс шыңында» деген өлең кітабы жарық көрді. Бұл оны өлең өл­ке­сінен өз орнын табуына талмай ұмтыл­ды­рып, шынайы шығармашылық тұрғыдан қа­наттандыра түседі.
КСРО Жазушылар одағы және КСРО Жур­налистер одағының мүшесі Қ.Ұябаев 1950 жылдан 1971 жылға дейін респуб­ликалық «Социалистік Қазақстан», (очерк­ші, партия тұрмысы бөлімінің меңге­ру­шісі, меншікті тілші), «Қазақ әдебиеті» (жа­уап­ты хатшы) газеттерінде, «Қазақстан» бас­пасында, Қазақ кеңес энциклопедиясы ре­дакцияларында жемісті қызмет ат­қар­ған.
Ақынның көзі тірісінде «Сағат» (1952), «Жыр­ларым» (1962), «Өтеді жылдар» (1969), «Кон­церт жырлары» (1970), «Тағдыр туралы сөз» (1971), «Дархан» (1972) атты өлең, поэ­ма жинақтары мен «Қырдағы қырандар» (1966), «Шақырылмаған қонақтар» (1967) деген очерк жинақтары сияқты бас-аяғы он ­кітабы жарық көрді. Ал дүниеден өткен соң, 1978 жылы «Жазушы» бас­па­сы­нан­ қа­зақтың тамаша ақыны Сырбай Мәуленовтың алғысөзімен таңдамалы өлеңдері мен поэ­маларынан тұратын кітабы шықты. Бірқатар өлең, әңгіме, очерктері орыс тілінде жария­лан­ған. Ол ұлы А.Пушкинмен қатар В.Маяковский, А.Твардовский, А.Мицкеевич, М.Иса­ковский, С.Щипачев сияқты үлкен ақын­дарды қазақ тілінде шебер сөйлетті.
Әрине, коммунистік партияның белсенді мүшесі болған ақынның бірқатар туындылары кеңестік кезеңді, оның идеяларын, сол уақыттағы «адам бақытын» дәріптеді. Бі­рақ бұл үшін оны кінәлай алмаймыз. Әркім өз заманының жемісі. Көп кітабында ақын кеңес адамының жауынгерлік және ең­бектегі ерлігін, Отанға деген сүйіс­пен­ші­лі­гін жырлады. Бейбіт өмірдің өркенін өсі­ріп, жаңа соғыс отының тұтануына қарсы тұр­ды. Оның алғашқы және соңғы туын­ды­ларының арасын жылдар бөліп жатқан-ды. Бірақ бәрінде де көзқарасы тұрақты болды. Ол – бейбітшілік үшін күрес, тыныш өмір, тиянақты тірлік, береке, бірлік, елге ар­налған еңбек, жұртты жұмылдыратын жұ­мыс. Оқ бораған, отқа ораған орыннан орал­ған майдангердің, әрине, осы та­қы­рып­ты кеңінен қаузамауы мүмкін емес. Шы­ғармаларының, әсіресе, жастар үшін де тәрбиелік маңызы зор еді.
Құрекеңнің бар өлеңі осылай десек қа­телесеміз. Оның:
Түрленіп жер пүліштей,
Күн тоғытты шуақты.
Сылдырап таза күмістей,
Қар астынан су ақты.
Төсін сүйіп жал-қырдың,
Жібек жел де еседі.
Тамшысы да жаңбырдың
Қар өкпесін теседі…

        («Көктем»)

Шағала ақ қанатын қағып биік,
Секірген сияқты тауда киік.
Төменге жоғарыдан шүйілді де
Құшақтап ақ толқынды алды сүйіп…

        («Ертіс жағасында»)

дегендей табиғат көрінісін бейнелеген өлен­дері де,
Нұрлы үмітпен ол кезде қараушы едім,
Қызғалдақ ең, япырмау, балауса едің.
Көз қиығын жымия тастай қойып,
Сүмбіл шашты тотыдай тараушы едің…

        («Өзің»)

дегендей махаббат лирикасы да аз емес.
Ең бастысы қарапайым, бірақ шыншыл ті­лімен-ақ жан-жүрегіңді қозғайтын, оқыр­ман­мен сырласып, ойымен бөлісетін өлең­де­рінің көркемдік қуаты, асыл мұраты бар, се­зімге әсері мол. Жалпы, Қ.Ұябаев қазақ поэ­зиясында өзіндік орнына ие болған, өз оқыр­манын тапқан нағыз ақын еді.

Берікбай ҚАДЫҚОВ,
журналист.
Алматы облысы,
 Қарасай ауданы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір