Кері есептің кереметі
25.10.2015
1660
1
752524_1857839308_Foto2_______________________1_Қазақстан жоғары мектебінің көрнекті қайраткері, физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы, профессор, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, математикалық физиканың кері есептері, информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесі, білім беруді ақпараттандыру салаларының бас маманы Есен Ықыласұлы Бидайбеков 1945 жылы қазан айының 2 жұлдызында ауыл мұғалімінің жанұясында дүниеге келді. Орта мектепті медальмен, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің (ол кезде – С.М.Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университеті) механика-математика факультетін қызыл дипломмен бітірді. Факультет ұстаздары есептеуіш математика кафедрасының лабораториясына математик-программалаушы лауазымына жұмысқа алды. Лаборатория өзінше бір ғылыми-зерттеу мектебі сияқты белгілі салада ең озық, өзекті ғылыми идеялар бойынша жұмыс жасайтын. Білімге құштар, ғылымға ынталы, алғыр жас физикалық-математикалық құбылыстардың құрамдас бөліктері арасындағы себеп-салдарлық қатынастардың сырын, кері есептің бірден-бір шешімінің өрнегін осы лабораторияда жүріп іздеді. Ол үшін лабораторияда өткізген екі жылдың әр күні, жетекші ғалым-ұстаздармен бірге жұмыс жасаған әр сағаты ғибратты, жемісті болды. Талантты жас шыңдалды, қанаттанды.

Жас ғалым, жас маман қанша талантты, қанша дарынды болғанмен, жаңалық ашу­ға, жаңа білім өндіруге өзін-өзі қам­шы­лаумен, зорлаумен жете алмайды. Ол үшін қалыптасқан ғылыми ортада жетекші ға­лымдардың жұмысын байқап-бақы­лау­дың өзі – үлкен табыс. Ойлы жас үшін осын­дай байқаулар мен бақылаулар, аң­дау мен аңғарулар шығармашылық ой­лаудың таптырмас қайнар көзіне айналады. Университетті жаңадан бітірген жас ма­тематик-программалаушының шығар­ма­шылық ойлауына математика кафедра­сы­ның лабораториясы осындай кең өріс ашты. Ойы алып-ұшқан, қиялы қанатты жас маман ғалым-ұстаздарының ақыл-кеңе­сімен, сүйеуімен талабын ұштап, та­лантын ашты, жаңашыл идеяларын жү­зеге асыру жолында аянбай еңбек етуге мүм­кіншілік алды.
Жас маманның ғылым жолындағы қиын асудан, сындарлы кезеңнен мұқал­май, қиналмай өтуі оның ғылыми және ғы­лыми-ұстаздық өмір жолының сәтті бол­уына әсер етті. Аспирантураға түсіп, зерт­теу жұмысын КСРО Ғылым акаде­мия­сының Сібір бөлімшесінің (Новосибирск қа­ласы) есептеу орталығындағы ғалым­дар­дың тобында жүргізудің де тағылымы мол болды. Қазақ университеті ғалым­да­ры­ның ортасы, КСРО ҒА Сібір бөлімшесі ға­лымдарының ортасы жас ғалымның на­ғыз ғалым болып қалыптасуына ықпал етті. Есен Ықыласұлының ғалым, ұстаз ре­тінде қалыптасу кезеңінің интел­лек­туал­дық әлеуеті ересен күшті екі ғылыми ор­тада өтуі оның ғылыми және ғылыми-пе­дагогикалық қызметінің байыпты да баян­ды, жемісті де келісті болып жал­ғасуы­на негіз болды.
Нағыз ғалымды орта қалыптастыра­ды. Талант, дарын – табиғаттан. Таби­ға­тын­да болмаса, ешкім тіленіп – талант, сұ­ранып дарын бола алмайды. Талант пен да­рын – табиғаттың үлкен сыйы. Кісі та­лант­ты, дарынды бола тұрып, кісі қата­ры­на қосыла алмай қалса, талант үшін де, да­рын үшін де, адам үшін де одан асқан бақытсыздық жоқ. Таланттың, дарынның да бағы болады. Нағыз адамға, адам­шы­лық негізі берік кісіге бітсе, дарыса ғана та­ланттың, дарынның бағы ашылады. Есен Ықыласұлына біткен, дарыған талант пен дарынның бағы ашылып, нұры та­сыған болар деп шамалаймын.
Жас ғалым аспирантураны «Диф­фе­рен­циялдық және интегралдық теңдеулер» мамандығы бойынша бітірді. «Гипербо­ла­лық типті кейбір квазисы­зықтық тең­деу­лер үшін кері есептің бірден-бір шешімі» де­ген тақырыпта физика-математика ғы­лым­дарының кандидаты ғылыми дә­ре­же­сін алу үшін дайындаған диссертациялық зерт­теуін ойдағыдай аяқтап, қорғауға ұсын­ды. Ізденуші өз зерттеуінде өзекті жә­не ғылымдар тоғысында шешілетін күр­делі де қиын мәселені көтеріп, оны биік талаптарға сай шешті. Кері есептің ке­реметі ашылды: зерттеуші қол жеткен ғы­лыми нәтиженің (салдардың) себебін анық­тау жолында ғылым мен білім салала­ры өзара тоғысып жатқан кең өріске шық­ты.
Ол кездерде ғылыми ортада канди­даттық диссертация үлкен ғылымға барар алғашқы баспалдақ ретінде есеп­теле­тін. Есен Ықыласұлы өзінің диссертациясында шешілген әлеуметтік мәні бар ірі мәсе­ленің ғылыми және практикалық маңы­зы­ның жоғарылы­ғымен, қолдануға сұ­ра­­нып тұрғандай ғылыми нәтижелерінің құндылығымен диссертациялық кеңес мү­шелерін де, факультеттің ғұлама ұстаз­да­рын да ойландырып, олардың ықы­ла­сына бөленді.
Зерттеушінің кері есеп теориясын байыт­қан ғылыми нәтижелерінің бір сала­сы жоғары білім беруді ақпарат­тандыру ісін дамыту бағытында қолдануға өзінен-өзі сұранып тұрды. Ғалым университеттің ЭЕМ (электронды есептеу машинасын) математикалық қамта­масыз ету кафедра­сында, қолданбалы талдау кафедрасында аға оқытушы, доцент қызметтерін атқара жүріп, білім мазмұнын көп деңгейлі өл­шем­дер бойынша жүйелеу, оның мате­ма­тикалық, компьютерлік моделін жасау ба­ғытында ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүр­гізді. Әсіресе, оқыту технологиялары мен ақпараттық технологиялар ара­сын­дағы қатынастар, өзара байланыстар өзе­гінде практикалық маңызы айқын, қол­данбалы мәні үлкен ғылыми мәсе­ле­лер­мен айналысты.
Зерттеулері жариялана бастағанда, ға­лымның ғылыми ізденістерінің бағы­ты­ның, нәтижелерінің білім беру ісінің дамуына, оқыту сапасының жақсаруына тың серпін беретін мүмкіншілігі бары белгілі болды. Іргелі ғылыми зерттеу нәтижелерін өндіріске енгізудің ғылыми және методо­ло­гиялық негізін жасауға айрықша мүд­делі болған және бұл бағытта талантты жас­тарға қолдау көрсетіп келе жатқан уни­­верситет ғалымдары Есен Ықы­ласұлы­на сенім артып, арнайы міндет жүктеді. Со­ған орай оның бастаған ғылыми зерт­теулерін жалғастыруына, ғылыми із­де­ністерінің арнасын кеңейтуіне, докторлық диссертациясын жазуына қажетті жағдай жасалды: екі жылға КСРО Ғылым акаде­мия­сының Сібір бөлімшесіне (Новосибирск қаласы)  есептеу орталығының аға ғылыми қызметкері болып жұмыс істеуге жі­­берілді. Қазақ ғалымы КСРО ҒА Сібір бө­­лімшесінің маңдайалды ғалымдарымен бір­­лесіп қызмет етті, ғылыми зерттеулер жүр­­гізді, тәжірибе алды, ғылыми зерттеу са­ласындағы әдістер мен тәсілдерді мең­герді, жаңа методология жүйелерін игер­ді.
Есен Ықыласұлы Новосибирскіден Ал­матыға информатиканы оқыту теориясы, білім мазмұнын математикалық мо­дел­деу, білім беруді ақпараттандыру техно­логиясы саласындағы салмақты та­быс­т­арын ғылыми қауым жете таныған жә­не елдегідей екінің бірі емес, бірден-бір маман болып оралды. Бұл ғалымның өмір жолындағы, Қазақстанның білім беру­ді ақпараттандыру саласы бойынша ғалым-ұстаз дайындау ісіндегі үлкен жетістік еді.
Жаңа тұрпатты ғалым-ұстаз­дың ин­фор­мати­каны оқыту теориясы, білім беру­ді ақпараттандыру сала­сындағы ғылыми жетістіктері, кәсіби мүмкіншіліктері ми­нистрліктің, Алма­тыдағы жоғары оқу орын­дары басшы­ларының назарын бір­ден аударды. Олар жоғары білікті маманды өздеріне шақырып, білім беруді ақ­параттандыру ісін заман талаптарына сай тиісті жүйеге салуды сұрады. Солардың бәрінен Абай атындағы Қазақ Ұлттық пе­дагогикалық университетінің (Ол кезде – Абай атындағы Қазақ мемлекеттік пе­дагогикалық институтының) уәжі негізді болып шықты. Педагогикалық университет информатиканы оқытудың теориясы мен практикасын, білім беруді ақпа­рат­тандыру ісін білім берудің барлық деңгей­лері мен салалары бойынша жолға қою мәселесін көтеріп, оған қажетті жағдай­дың бәрін жасауға уәде етті.
Екі жоғары оқу орнының өзара келісуі­мен Есен Ықыласұлы Абай атындағы Қа­зақ Ұлттық педагогикалық универ­сите­ті­не е­септеуіш математика және диф­­­ферен­циал­дық теңдеулер кафедрасының мең­геру­шісі болып ауысты. Бұл – 1984 жыл еді. Со­дан бері өзінің ғылыми мамандығы са­ласында кафедра меңгерушісі бола жүріп, ғы­лым мен білімнің дамуына қыз­мет етті, бар күш-қуатын, ерік-жігерін, ақы­лы мен ойын, қабілетін білім беруді ақпараттан­дыру ісіне арнады. 1985 жылы КСРО Оқу ми­нистрлігінің есептеуіш математика жә­не бағдарламалау бойынша ғылыми-әдіс­темелік кеңесінің мүшелігіне сайланды. Іле-шала осы министрліктің информатика және есептеуіш техника бойынша ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі болып сайланды. Аталған екі кеңес КСРО аумағында есеп­теуіш математика, бағдарламалау, ин­форматика, есептеуіш техника салалары бойынша ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыс­тардың бағыт-бағдарын анықтап, үйлес­тіруде орасан зор қызмет атқарды. Есен Ықыласұлы осы кеңестерде ғылым мен білім беру ісін, ақпараттандыру ісін КСРО кеңістігінде біртұтас жүргізу туралы идея­ны көтеріп, оны жүзеге асыру ісін бас­таушылардың қатарында ерен еңбек етті. Ғылыми-ұйымдастырушылық, үйлес­тірушілік істерде, зерттеулерінде, ұстаз­дық қызметінде технологиялық тұрғыны басты ұстанымына айналдырды. Жоғары мектептің ғылымы мен білім беру, жоғары білімді мамандар даярлау ісін ұйым­дас­тыруда алғырлығын, жаңашылдығы мен талапшылдығын, әр істе нақты және пайдалы нәтижеге жетуге қабілеттілігі мен іс­керлігін көрсетті.
Оқытудың математикалық-ақпа­рат­тық технологиялары, математикалық мо­дельдеу, сандық әдістер, логикалық бағдарламалау, мәліметтер қоры және ақ­параттық жүйелер, электронды оқу құ­ралдарын жасаудың ғылыми-әдісте­мелік негіздері мен технологиялары, мульти­ме­диялық үйретуші программа мәселеле­рі­ се­кілді іргелі және қолданбалы зерттеу са­лаларында кешенді ізденіс  жұмыстарын жүргізді. Зерттеу нәтижелерінің өзегінен туған ойлары мен идеяларын дамыта отырып, әлеумет өміріндегі күрделі құбы­лыс­тарды, солардың ішінде білім мен ғы­лым жүйесіндегі ахуалдар мен жағдай­лар­ды концептуалдық және логикалық-құры­лымдық деңгейлерде бірдей танып-білу­дің технологиясын, типтік моделін жа­сады. Оны метатехнология, макротехно­логия, мезотехнология, микротехнология сияқты деңгейлер бойынша саралап, же­тілдірді.
Ғалымның іргелі теориялық ойлары тә­жірибе жүзінде пайдалануға дайын қол­данбалы сипаттағы идеяларымен, тех­нологиялық ойлауы математикалық ой­лауымен ұштасып, өзара тоғысып, тіпті бірбүтін шығармашылық қасиетке айналды.Пікірлері, тұжырымдары ғылыми ақи­қатқа айналған, толық дәлелденген құбы­лыс­тарға негізделді, математикалық дәл­­діктің шегінен шықпады. Ой мен ойлау­дағы осы ерекшелік ғалымның шығар­ма­шы­лығына, ғылыми және ғылыми-педа­гогикалық қызметіне тән интеллектуалдық құндылық ретінде орнықты.Қазақстан Рес­публикасы университеттерінде инфор­матикамен сабақтас бейінде даярланатын мамандарға информатиканы оқы­ту­дың әдістемелік жүйесін дамыту мә­­се­лелері бойынша жүргізген зерт­теулері негізінде Ресей білім беру ака­демия­сында докторлық диссертация қор­­­ғағанда ол осындай кәсіби және аза­мат­тық биік белестерге көтерілген кемел ша­ғында еді.
Есен Ықыласұлы Қазақстанда білім беру жүйесін оның барлық деңгейлері бойынша ақпараттандыру бағытында жүргізген зерттеу жұмыстарының ғылыми және практикалық маңызы айқындала берді, айқындала берген сайын олардың өзектілігі арта түсті. Білім беру ісін барлық са­лалары мен деңгейлері бойынша ақ­параттандыру, ақпараттық және ком­му­никациялық жаңа технологиялармен қамтамасыз ету республика көлемінде кең өріс жайды. Ол өзі басқарған және бас­қарып отырған ұжымның ғылыми-ұйым­дастырушылық қызметін ұдайы же­тіл­діріп, жақсарта отырып, оны информатиканы оқыту теориясы мен әдістемесінің өзекті мәселелерін шешуге, жаңа ақ­па­раттық және коммуникациялық технологиялар жасауға, оларды білім беру саласы бойынша өндіріске енгізуге, сөйтіп білім сапасын ұдайы жақсартуға жұмылдырды.Білім беруді ақпараттандыру, білім берудің ақпараттық және коммуникациялық технологиялары саласында педагогикалық, ғылыми-педагогикалық мамандар даяр­лаудың теориялық және әдістемелік не­гізін нығайтты. «Оқыту және тәрбиелеу тео­рия­сы мен әдістемесі» ғылыми маман­ды­ғы бойынша педагогика ғылымдарының кандидаты ғылыми дәрежесін алу үшін құ­р­ыл­ған диссертациялық кеңестің төра­ға­сы бола жүріп, елімізде жоғары білікті ғылыми және ғылыми-педагогикалық ма­мандар даярлауға үлкен үлес қосты. Ол тікелей өзінің жетекшілігімен 12 ғылым док­торын, оның ішінде 1 PhD докторын, 31 ғылым кандидатын даярлады. Қазақ­стан­ның, ТМД елдерінің, сондай-ақ, алыс шет елдердің ғылыми басылымдарында 540-тан астам еңбектері жарияланды, олардың ішінде 60-қа тарта монография, оқу­лықтар мен оқу құралдары бар.
Е.Ы.Бидайбеков – Қазақстанның жо­ғары мектебінің, білімі мен ғылымының дамуына, қоғамдық санасының жаңғыруы­на, елдің интеллектуалдық әлеуетінің ны­ғаюына лайықты үлес қосқан және қо­сып келе жатқан ғибратты ғалым, ұла­ғат­ты ұстаз. Ғалым-ұстаз бүгінде кемеліне кел­ген, шығармашылық ойлары піскен, күш-қайраты толған қалпында. Асар асулар, шығар биіктер алда да аз емес.

Жанғара Дәдебаев.
ПІКІРЛЕР1
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір