«Қарағайға қайнап біткен бұтақпын»…
25.10.2015
3374
0
imagesҚазіргі Ақтөбе өңірі ертеде тоғыз жолдың торабы болған, батысында Ресеймен, оңтүстігінде Орталық Азия елдерімен шектескен. Ілгеріде Ноғайлы Ордасымен, Астрахань хандығымен аралас-құралас жатқан. Негізінен, Алшындар тұрған. Жыраулық поэзияның аса ірі өкілдері Шалкиіз бен Жиембеттің Алшындардан шыққанын ескерсек, бұл өлкенің әдебиетінің тарихы әріде және айбынды екенін бірден бағамдау қиын емес. Берідегі осы өңірде туған «Айман-Шолпан», «Бекет батыр» жырларының өзі-ақ рухани қазынасының қандай екеніне өлшем болғандай.

Хандық дәуірдегі әдебиетіміз «Едіге» тарихи-қаһармандық эпосынан бастау алады. Ғалымдардың айтуынша, туынды ХV ғасырда шығып, ХVІ ғасырда қалып­тас­қан, әбден кемеліне келген. Академик В.М.Жирмунскийдің жазуынша бұл эпосты Ақ­төбенің даңқты эпик ақын-жыршы­лары Ша­пай Қалмағанбетов, Айса Байтабынов, Нұрпейіс Байғанин жырлаған. Ақ­тө­бе облысының Байғанин ауданында «Еді­генің жалы» деген жер бар. Көнекөз қа­риялардың айтуынша атақты Едіге ба­тыр мұнда кеңес құрған. Оған арнап са­лын­ған үйдің орны әлі күнге дейін сақ­тал­ған.  «Алып ана бейіті» деген бейіт бар, мұ­ны Едігенің анасының бейіті екен дей­ді.
«Едіге» эпосын күллі түркі халқы тө­бе­сі­не көтерді. Әйгілі жыр өзінен кейінгі түр­кілер поэзиясына зор ықпалын тигізді. Мұ­ны нақты мысалдар арқылы көрсету қиын емес. Эпостың ұлттық версия­ла­ры­ның бірі, татар нұсқасында:
И Идел-йорт, Идел-йорт,
Идел эче имин йорт,
Атам кияү булган йорт,
Иелеп тәзем кылган йорт,
Анам килен булган йорт,
Иелеп сәлам әйткән йорт,
Кендегемне кискән йорт,
Керем-коным юган йорт.
Қазтуған жырауда:
Алаң да алаң, алаң жұрт,
Ағала ордам қонған жұрт,
Атамыз біздің бұ Сүйініш
Күйеу болып барған жұрт,
Анамыз біздің Бозтуған
Келіншек болып түскен жұрт,
…Кіндігімді кескен жұрт,
Кір-қоңымды жуған жұрт.
Ұлттық версиялардағы Кеңжанбаймен жауаптасу кезіндегі Едігенің аузынан шық­қан кестелі сөздер өте айшықты болып келеді. Мұндағы:
Қарағайдан берік біткен терекпін,
Басымнан дауыл ұрса теңселмен.
Қарағайға қайнап біткен бұтақпын,
Балталасаң айрылман.
Еменге айыр біткен бұтақпын,
Еңкейіп келсем оңдырман, –
деген бедерлі жолдар өзінен кейінгі жы­рау­лар мен ақындарға үлгі-өнеге түрінде ық­пал етті. Мәселен, қазақтың он жетінші ға­сырда өмір кешкен ақыны Ақтанберді Са­рыұлы:
Жапанға біткен терекпін,
Еңсемнен жел соқса да теңселмен.
Қарағайға қарсы біткен бұтақпын,
Балталасаң да айрылман, – дейді.
«Едігенің» ұлттық версияларының бірі, но­ғай нұсқасында:
Кеселтек кара булытпан,
Уьстинъе бир явмайын ашылман.
Ак тенъиздинъ ашшысы ман,
Арбалап секер сепсенъ-шоршыман.
Боз агаштынъ бегимен,
Булытка етпей шорт сынман.
Куьлтиреп соккан ясынман,
Лавлап янган шыракпан,
Ашувлансам-шорт уьзилген болатпан,

делінсе, Махамбетте:
Қайнаған қара бұлттай
Қарсы біткен жүрегім…
Боз ағаштан биік мен едім,
Бұлтқа жетпей шарт сынбан…
…Шамдансам жығар асаумын,
Шамырқансам сынар болатпын,
Кәр қылар деп тақсыр-ау,
Аяғыңа бас ұрман, –
деген жолдар бар.
Эпостың туған уақыты мен Махамбет­тің арасы төрт-бес ғасыр. Арадағы жырау­лар поэзиясын қазбалай тексерсеңіз мұн­дай ұқсастық, дәстүр сабақтастығы із­дері табыла береді.
Атақты Доспамбет жыраудың ұр­па­қ­та­ры қазіргі күні Ақтөбе жерінде өмір сү­ріп жатыр. Доспамбет жырларында үш жер­де өз кіндігінен болған ұлдарының аты аталады:
Білмеймін мен жаман күн,
Болатсыз қылыш кесерін,
Айналасы алты жылдың ішінде
Есақай, Қосай екі ұл
Азау билеп өсерін

(Бес ғасыр жырлайды, 32-б.).

Қосақай, Қосай, ер Досайдың анасы
Хан қызындай сұлтанның…

(Сонда, 32-б.).

Есақай, Қосай екі ұл
Алдыңызға жыр құшақлай,
Жылап шықса не айтарсыз?

(Сонда, 34-б.).

Ауызша айтылып, көп жылдардан ке­йін хатқа түскен жырда ауытқушылық бол­­май тұрмайды. Үнемі «екі ұл» дей ке­ліп, бір жерде үш ұлдың, ал ұзын-ырғасы төрт ұлдың аты аталады: Есақай, Қосақай, Қосай, Досай. Доспамбеттің өзі «екі ұл» деп анық көрсеткен. Дұрысы сол болса керек: Есақай мен Қосақай.
Бұлай деп тұжырымдауымызға кейінгі кез­дің қосалқы деректері мұрындық бол­ды.
Филология ғылымдарының кандидаты Серік Бермағанбетов Шалқар ау­да­ны­ның «Шалқар» газетінде 1996 жылғы 16-шы қазандағы санында жариялаған ма­қаласында Башқұрт ғалымы, «Шора» жур­налының редакторы Риззаддин Фак­ред­диннің «Асар» қолжазбасында Қаза­қай туралы мына дерегін келтіреді: «Мұ­хам­мед би Ғали Әл-Дағстани. Қази Ақай ахун. Қазақай ахун. Қазақстанда 1796 жы­лы опат болған. Дағыстанда ұлық ғалым бо­лып, қазылық қызмет істеген. Дағс­тан­нан Россияға сүргінге жіберілген. Одан құ­тылғасын, Пугачев көтерілісі уақытында Қа­зақстанға қөшкен (Научный архив АН Рес­публики Башкортстан. Фонд №7. №1 ед. хр. №19).
Белгілі зерттеуші һәм жазушы Ғ.Ахме­дов өзінің «Ана тілі» газетінде жарық көр­ген «Қосақай мен Исақай» атты ма­қа­ласында: «Ақтөбе облысының Шалқар ау­данындағы елдің бір бөлігі Шекті ішінде Қабақ аталады. Сол елде өткен ғасырда жа­саған бір белгілі адам 1862 жылы маусымның 10-да Орынбор қазақтарының басқармасына жазған хатында сол елдің ішінде Айшуақ хан болып тұрған кездерде келген «қашқын татар» – Қазақай, оның ба­ласы Мұхамбетжанның жергілікті елмен құдандалы-жекжат болып араласып кеткенін, қазірде олардың ұрпағы 21 шаңы­рақ болғанын, осы күндері елді, олар­дың ішінде Есет пен Нияз биді де «орыс­тарға бағынбаңдар» деп және сол та­тарлардың біреуі сары тысты кітапты көрсетіп «орысқа қарсы болғандардың бар­лық күнәсі кешіріледі» деп азғырып жүр­гендерін жариялайды. Бұл жайды тек­сере келіп, Кіші жүздің Орта Орда­сы­ның сұлтан правителі Мұхамеджан Бай­мұхамедов 1863 жылы 25 мартта Қа­зақайдың баяғы Нұралы хан заманында Кавказ жақтан – Кубаннан әлденендей бір қылмысы үшін айдалып келгенін, Мұ­ха­меджан соның баласы екенін, Қаза­қай­д­ың ұрпағы бұл күнде қазақпыз деп жа­зылып, үй ақшаларын мезгілінде тө­лей­тіндерін, орыстарға қарсы ешқандай үгіт жүргізбейтіндерін айтып жауап қайы­рыпты», – дейді.
Ғалым ақсақал ел арасындағы кәрі көз, көне құлақтардан сұрап білсе, олар бұл әулеттің шежіресін сайрап береді. Қа­зақай, Исақай деген екі ноғай қашып ке­ліп, қазақ арасында молда боп, тұрып қал­ғанда, Исақай еліне кері қайтады. Екін­шісі Шалқар өңірінде аты құрметке бө­леніп, «Қазақай ахун» атанады. Ғалым ақ­сақал осы Исақай мен Қазақайды Дос­памбет жыраудың ұлдары Есақай, Қо­сақай деп біледі. Көңілге қонымды уәжге ұйы­масқа лаж жоқ.
ХІХ ғасырдың аяқ шенінде Теке (Орал) қа­ласында Мырзалы дегеннің үйінде кер­дері Әбубәкір мен Нұрым ақын айтысады. Сөз­ді Нұрым бастайды:
Мен келдім Мырзалының ордасына,
Жолықтым қасындағы молдасына.
Әркімдер жүйрік жігіт дегеннен соң
Көңілім тоқтамады бармасыма.
Жолықпай бұл қазағым жүрген шығар
Кесетін қорғасынды алмасына.
Қазақай арғы атам ақын болып,
Ол дағы ерген екен хан қасына!..

1722 жылы Қазанда «Қазақтың той бас­тары» деген кітап басылып шығады. Сон­дағы Сабыр ақынның бір жол шума­ғында:
Қазақайдың тұқымы,
Ақын Нұрым баласы,
Сабыржан жырау аталған, –
делінеді.
Қосақай тұра-келе Қазақай атанған. «Қырымның қырық батырының» көптеген нұсқалары қазақ арасына осы Қазақай ар­қылы жеткен. Қазақай оларды әкесі Дос­памбет жыраудан үйренген.
Қазақайдың ұрпақтары қазір Ақтөбе об­лысының Шалқар ауданында, Ақтөбе қа­ласында тұрады.
ХVІ ғасырда ғұмыр кешкен Едіге ұр­пақ­тары Қарасай мен Қазиге байланыс­ты «Қарасай-Қази» тарихи-қаһармандық эпосы бар екені барша қазаққа мағұлым. Се­бебі, ол қазақтардың ең сүйікті жыр­ла­ры­ның бірі. Отызға тарта нұсқасы бар. Оның біреуі Н.Байғанин нұсқасы болса, екін­шісі Нұртуған нұсқасы. Айса жырлаған нұс­қа да бар-ды деседі. Ең қызығы, осы таң­ғажайып жырдың ең басты екі кейіп­керінің бірі Қарасайдың асыл сүйегі Ақ­тө­бе қаласының іргесінде жатыр. Қарасай жыр­дағы:
Мен қас асылдан болармын,
Күркіресем күндей соғармын.
Мен буырылша аттан мықтымын,
Бұғалық салсаң үзермін.
Мен буыршыннан мықтымын,
Мұзға салсаң мұңайман.
Мен толарсақтан қисықпын,
Тезге салсаң түзелмен.
Мен ашылмас қара тұманмын,
Көлденең жатқан қара шұбар жыланмын, –
деп шамырқанатын хас батыр.
Ақтөбе өңірі – артында өлмес сөзі қал­ған Асан қайғы, Қазтуған жыраулар шар­лаған, қоныс еткен қасиетті топырақ. Ұзын­дығы 250 шақырым, ені кей тұста 15-20 шақырымға жететін Ұлықұмды жа­рып өткен «Ноғайлының жолы» дейтін жол­дың сорабы әлі күнге дейін сақталған. Қаз­туғанның өзіне қараған ұлысы, тағы қан­­шама ауыл-аймақ Асан тапқан Жерұйықты бетке алып төңкеріле көшкен екен дейді тарихи аңыз.
Тек  аңыз емес, шындық сөздер де бар, соның бірі Ақтөбе топырағының атақ­ты ақындарының бірі Ақпан Әйітпек­ұлынан (1837-1874) қалған.
Нешелер ноғай бүлген жоқ,
Көк Жайықтың өрінен;
Нешелер орда көшкен жоқ,
Еділдің иір төрінен…
…Атамыз ноғай тастаған,
Еділ мен Жайық, Сақмарын.

немесе:
Мұрындығың тартылса,
Көшің кетер ұзарып,
Арғы атаң мен бергі атаң,
Нешелер елдер көшкен жоқ,
Теңізден түйе суарып.
Қонысың қалар бір күні,
Қағаз берер белгілі,
Белгілеп бастық қояды,
Ішіңнен бір мөрліні,
Ойласам естен кетпейді
Босып кеткен кешегі,
Қазтуғанның бүлгіні, –
дейді.
Жалғыз Ақпан емес, Қазтуған өнегесі, өне­рі талайларға азық болған.
Жиембет жырау Бортоғашұлы XVI ға­сыр­дың соңғы ширегі, ХVІІ ғасырдың ал­ғаш­қы жартысында өмір сүреді. Алшын руын ежелден билеген ірі феодалдар тұ­қы­мынан шыққан Жиембет Еңсегей бой­лы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, әскербасы батыры қызметін ат­қа­ра­ды. Есімнің көрші хандықтармен арадағы со­ғыстарына қатысады, ерлігімен, іскер­лі­гімен танылады. Жиембет, әсіресе, 1620 жылы ойраттармен арада шыққан со­ғыста қазақтардың жауды ойсырата жеңуіне мұрындық болады. 1627 жылы Қа­зақ Ордасы құрамынан бөлініп, өз ал­дына тәуелсіз хандық құрғысы келген Таш­кент ханы Тұрсынның көтерілісін басу ке­зінде де Жиембет елеулі роль атқарады. Алайда, көп ұзамай-ақ орталық үкіметке сөз жүзінде ғана бағынып, Кіші жүзде дер­бес билік құра бастаған Жиембеттің өзі де ханның қаһарына шалынады. Бір де­ректерге қарағанда, Жиембет қазіргі Ойыл ауданы территориясында өз ордасын тіккен.
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім, сені есірткен
Есіл де менің кеңесім, –

деген, немесе:
Менің ерлігімді сұрасаң
Жолбарыс пенен аюдай,
Өрлігімді сұрасаң,
Жылқыдағы асау тайыңдай,
Зорлығымды сұрасаң,
Бекіре менен жайындай,
Беріктігімді сұрасаң,
Қарағай менен қайыңдай, –
деген сөздері Жиембеттің еңіреген ер еке­нін ғана емес, нағыз сөз шебері екен­дігін де толық аңдатса керек.
Ақтөбелік Мөңке (1675-4756) өз за­ма­нында би, ірі қоғам қайраткері, жырау, Асан қайғы үрдісін жалғастырушы сәуегей болжампаз болған адам. Мөңкенің есімін балқы Базар жырау (1,128-б), Нұрпейіс Бай­ғанин (2,116-б.), Сарышолақ ақын жыр­­ға қосқан. Ғалымдар арасында Мөң­ке­ге алғаш назар аударған Ахмет Байтұр­сын­ұлы еді, ғұлама 1926 жылы өзінің әй­гілі «Сауат ашқыш» дейтін кітабында Мөң­кенің бір билігін үлгі есебінде ұсы­нады, әрі ол билікті басқа емес, Шекті Мөң­ке айтқанына куәлік береді.
Мөңке – жырау. Төмендегі «Шекті Мөң­ке би Шеркеш Түрке би, Тана Нүрке би­лермен кеңесіп отырып айтты» деген фи­лософиялық толғау Мөңкенің жырау­лы­ғын бізге түбегейлі айқындап бергендей. Өмір тәжірибелерін ойлы түйіндермен ұштастыра, дәл баламалар тауып сурет­теуі жыраулық өнердің үздік үлгісін аң­да­тады.
Бұл, бұл үйрек, бұл үйрек,
Бір тоғайға қоныңыз.
Қарындаспен, туғанмен,
Бір туғандай болыңыз.
Өзіңе кеңес салғанның,
Өрісі кең болмас па?
Жатқа кеңес салғанның,
Жазымға басы кетпес пе?
Жаманнан жесең бір қамшы,
Ол сүйегіңе жетпес пе?
Сом, сом жүйрік, сом жүйрік,
Шұбалаңды шаба алмас,
Мойнынан жалы кетіп арыса.
Жақсылар жаман болады
Күнінде жасы жетіп қарыса.
Жамандар жақсы болады,
Дәулеті асып байыса…

Бұл үзіндіден ескі жыраулық поэзия үлгісін анық көреміз.
Мөңкенің жоғарыдағы толғауында:
…Қырға боран бораса,
Нуға боран борар ма?
Ел шетіне жау келсе,
Халық үстіне дау келсе,
Жамандайын жалтаңдап,
Ер жігіт қарап тұрар ма?
Арғымақтың алдына,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарар ма?
Арғымақтың аяғы,
Айдай таға қағылса,
Кілегей мұздан таяр ма?
Жақсы алдына сөз айтсаң
Жабығып сөзге тояр ма?
Күндердің күні болғанда;
Басыңа қиын іс болса,
Жалғасып өскен жақыннан,
Жақсылар басын аяр ма? –
деген жолдар бар.
Бұл жолдар Махамбеттің бәрімізге ете­не таныс: «Орай да борай қар жауса, Қа­лыңға қар борар ма?» деп басталатын тол­ғауын еске салады. Сондай-ақ, «Ма­хамбеттің Баймағанбет сұлтанға айт­қа­нын­да»:
Арғымақ дейтін жығылар,
Найза бойы жар келсе,
Жабыдайын жалтаңдап,
Түсер жерін қарай ма?
Арғымаққа айдай таға қақтырса,
Кілегей қатқан Еділдің
Көкше мұзынан таяр ма? –
деген жолдар бар екені қазақ тілінде сауат ашқандарға тегіс мәлім. Махам­бет­тің жыраулар поэзиясын тегіс мең­геріп,  дәстүр сабақтастығын берік сақтағаны мәлім. Мөңкені де білген.
Хандық дәуірдегі әдеби үлгі Ақтөбе өңі­рінде кейін де өз жалғасын тапты, оған ел тәуелсіздігі үшін күрескен Ақпан Әйіт­пекұлы, Сарышолақ Боранбайұлы сияқты жа­уынгер ақындар жырлары куә.

Жұбаназар Асанов,
филология ғылымдарының докторы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір