Тиянақсыздыққа ұрындыратын дерт
25.10.2015
1374
0
Науқаншылдық – кеңестік заманды бастан өткерген халықтың қанына сіңген әдет. Марксизм – ленинизм идеологиясымен қаруланған коммунистік партия үгіт-насихатқа ерекше көңіл бөлгені тарихтан белгілі. Моноидеология мен бір партияның үстемдігі, көсемшілдік, жеке басқа табыну сияқты саяси үрдістер бұқара халықтың жаппай бас шұлғып, мақұлдауына, шешімдерді «бірауыздан қолдауына», бесжылдық міндеттемелерді ұрандата орындауына апарып соқты.

750381_1932035009_________________Сейілбек МҰСАТАЕВ,
саяси ғылымдар докторы,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
саясаттану кафедрасының профессоры

Қызыл террор кезінде болған кәм­пес­келеу, ұжымдастыру, саяси репрессия сияқты науқандар халықты қанқақ­сат­ты. Ұлттың бетке ұстар зиялы қауымы атылып-асылып, түрмеге қамалып, қа­лың қазақ қаймағын сыпырып алған сүттей күйге түсті. Бас көтерер ер-аза­мат­­тарынан айырылған қараша халық билікке қарсы келу ойына да келмейтін зәрезап бағыныштыларға айналды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қал­ма­сын» дейтін науқаншылдықтан қазақ халқы алапат ашаршылыққа ұшырап, қы­надай қырылды. Бұқара халық бас­та­ма­шылық жасау, сөз бостандығы, өз ойын еркін білдіру сияқты құқықтар мен бос­­тандықтарды пайдалануға құлықты бол­мады, енжар орындаушыға айнал­ға­нын сезбей де қалған болатын.
Алайда, 1980 жылдардың ортасында өріс­теген саяси науқандардың бірі – қай­та құру дәуіріндегі жариялылық, сөз бос­­тандығы, азаматтық құқықтар мен бостандықтардың өрістеуі бұзылмас тас қамалдай болған Кеңестер Одағын тас-талқан етті. Осылайша науқаншылдықты ту еткен КСРО-ның түбіне ақыры сол нау­қаншылдық жетіп тынды. Жан Бод­рийар­дың «В тени молчаливого большинства, или Конец социального» атты ең­бе­гінен үзінді келтіре кетейік: «Бір кездері бұқара енжарлығы билікке тиімді секілді көрінген. Басшылықта халық неғұрлым селқос болса, оны соғұрлым басқару оңай деген көзқарас қалыптасты. Билік орталықтанып һәм бюрократия ушыққан кезеңде, дәл осы ұстаным белең алды. Алайда уақыт өте келе бұқара енжарлығы билікке қарсы жұмыс істеп, мемлекеттің жүйесін күл-талқан етті», – деген. Ж.Бодрийардың субъективті пікірі дегенімізбен, оның мәні ақиқатқа жақын. Қорқытып-үркіту арқылы халық­тың аузын жауып, ерік-жігерін құм етіп, халықтың саясатқа, ел мен жер тағ­дырына, болашаққа деген немқұрай­ды­лығы мен бөгделену сезімі арта түсері даусыз. Немқұрайды халықты басқару оңайырақ, олар өз ойларын ашық айтпайды, сынап-мінемейді, на­разылық көрсетпейді, дау-жанжал тудырмайды. Билік басындағы көсем бір идея айтса болды, дұрыс-бұрысына қа­ра­мастан, «Ләббай, тақсыр!» деп қоштай жөнеледі, оны «сөзсіз орындауды» нау­қан­ға айналдырады. Ел өмірі түрлі нау­қандармен өтті.
«Ауру қалса да әдет қалмайды» де­мек­­ші, Кеңестер Одағының ыдырағанына ширек ғасырлық уақыт өтсе де, пост­кеңес­­тік адамдар дағдыға айналған нау­­қаншылдықтан әлі арыла алмай ке­леді. Бұл саясаттануда «саяси стереотип» деген саяси-психологиялық терминге ие болған. Науқаншылдық дерті бастаған істі аяғына дейін жеткізбей жа­тып, басқа бір жаңа мақсат-міндет­тер­ді «жүзеге асыруға» асығатын тиянақ­сыз­дыққа ұрындыратыны жаман.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір