Табиғаты таңғажайып
25.10.2015
2191
0
????????????????????????????????????

????????????????????????????????????

«Көшпенділер» трилогиясындағы Ақмола (Астана) аймағының ежелгі бүтін көрінісі қандай-ды! Ақмола өңірінің көркем шежіресі, нақты дерегі, мөлдіреген сурет-кескіні, тұрмыс-салты мен жер-суының бедерлері, тіпті, аң-құстары мен өзге де табиғи тылсым сырлары әр жылдары жарық көрген әр алуан еңбектерде тайға таңба басқандай етіп кестеленгені мәлім. Әрине, ғылыми-танымдық еңбектердегі жарияланым бір басқа да, ал көркем әдебиеттің жемсауындағы жақұттар жүрекке тым жақын тартатыны айтпаса да түсінікті. Ал кез келген шығармадан Ақмола аймағын қаймақтай қалқып алып, тамсана жырлауға тағы мүмкіндік жоқ. Өйтудің қажеті да шамалы ғой.


Бізді аңсатқаны – Ақмоланың көне за­манғы тұрпатынан, тіршілік иірімінен, та­би­ғи флорасынан, ұлы көтеріліс кезіндегі (Ке­­­несарының ұлт-азаттық көтерілісі) тарихи таңбалы қым-қуыт сәттерінен, т.б. ал­­ма­ғайып заман құстырған запыранды жыл­дар­дың уайым-қайғысынан өзек жарып өте біл­ген тұтастай осы өңірдің өмір сүруге қа­қы­лы бүкіл болмысынан мол дерек беріп, қа­нағат сезімін тудыратын, сөйтіп бүгінгі Ас­тана атырабының арғы атасындай болып т-ү-уу арыдан елестеніп, бертінге берекелі үміт­пен ертегідей боп жеткен нулы да дулы, сұс­ты да сұлу өлкенің арғы-бергі нышандарын көз алдымызға дөңгеленте қоятын құ­діретті сөз кестесі то­қылған «Көшпенділер» три­логиясын (ав­торы – Мемлекеттік сый­лық­тың лауреаты І.Есенберлин) санамен са­ралап өткенде жад жаңғырып, сезім сер­гектене түсе­тін­дей.
Осы күнгі Қараөткел маңының ХІХ ға­сыр­­дың орта шеніндегі табиғи қалпына көз жүгіртіп көрелікші. «Жазтоқсанның аяқ кезі еді. Қыз­­ғалдақ, сарғалдақ, бақбақ, лала, жау­шы­­мыл­дықтар гүлденіп бітіп, бетеге, көк­пек сар­ғылт тартып, итмұрын, жуа, қара­бауыр, жал­быз, қара қарақат, қызыл қара­қаттар қа­та бастаған. Арқа жерінде си­рек кез­десетін түйе тікеннің жапырақ­тары түсіп, сабы серейіп, басы домалана ер­биіп, шытыр, қарабауыр, шырғанақ тарамыстана түс­кен». Иә, Жазтоқсанның аяқ кезі – өз аты­мен меңзеп тұрғандай, та­мыз­дың соңы бол­ғаны-ау. Яғни жаздың жай­дарман кейпі кейінге лықсыған, сонда да сұлулық сыл­дырмағын қолынан тастамай, маңайын көңіл­ді әуенге бөлеген, ажа­­рының қайта бас­­тағанына қынжылмай есесін үстеме­лен­ген гүл-бәйшешекті гүл­за­рымен толықты­рып, хас сұлудың сылан­ға­нындай қайта­лан­бас елес-хошымен бой балбыратып, мар­қайтып та маужыратқан, әне-міне, қы­зы­ғы тарқағалы жатқан қимас шағы екен ғой! Қашан да кетер қызық қи­мас­тық шо­ғын қоздатады. Қимастық, өз ке­­зегінде өмір мәнін ұғыну болса керек. Қан­­ша қи­ма­саң да өмір үзілері даусыз. Ал кө­­кірек көм­бесінде қатталған табиғаттың сұлу да паң, кер­без де кермиық, кермек те ке­рімсал, бәтір-ау, тіпті ойқы-шойқы, шұба­лаң­қы дерліктей, бірақ бірегей жанға жа­ғым­дылығымен-ақ тіршіліктің қуат көзіндей ла­ғыл тылсымдарымен жүректі жылытып жі­беретініне тәнті болмасқа шараң жоқ.
Енді «Есенберлинше» еске түскеніне елег­зи тояттап, бүгіннің бүктемесіндегі бұрынғы Ақмоланың берекелі аймағын ба­ғамдап көрсек ше? Негізінен, бетегелі – селеулі және жусанды – далалық өсімдік жамылғысымен көмкерілген екен. Өзен аңғарлары мен көл қазан шұңқырларының төңірегінде шалғындық өсімдік басым тарапты. Өрлеу тұсында қарағай, қайың, көк­терек, түрлі бұталар өседі. Қазір қара­саңыз, бүгінгі Астананың сыртқы аймағын белдеулей орап 55 мың гектардан астам жа­сыл орман жайқалып өсіп келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаев осы жазда әдейі сол ал­қапты аралап көріп, саясында самалдап, өз қолынан түрлі құс пен жануарларды еркін бағымға жіберіп, орман көлемін тағы да еселей түсу керектігін болашақ мін­­дет ретінде қойды. Мерейлі міндет. Жаңа астананың жасыл желегін жел­кіл­детуге ғашық та машық жандардың қо­лы­нан әбден келетін мархаббатты іс. Қыс­қа­ша айтқанда, Елбасының қуаттап, қолдаған «Жа­сыл ел» бағдарламасының қайтарымы. Бір қуанарлығы сол, мамандардың айтуынша, бүгіндері бұрын тек Есіл, Нұра өзен­де­рінің бойын ыстық жазда сағалап демалушылар, енді әлгі жасыл тоғайды паналап, оның саф ауасымен тыныстап, емін-еркін сайрандай алса керек. Бір мықтап ес­ке­рер­лігі, тосын қауіп – оттан сақ болған аб­зал. Бетін аулақ қылсын, түйнектен та­мыр­латып түбір жайдырған әр талдың бой­лап өскенін салақсып тастаған бір те­мекі ұшқынымен өртке жалмату қас-қа­ғымдағы қайғы ғой. Соған абай болайық!
Тағы да «Есенберлинше» електен өткі­зіп көрсек: «Есіл өзенінің жағасында ой­дым-ойдым боп бітетін тал, шетен, са­рыа­ғаш, қайың, аршалардың жазғытұрымғы жа­сыл жапырақтары сарғылттанып, ал кей­біреулері үнемі соққан желдің екпініне шы­дай алмай сыйдия қалған». Міне, шұ­ба­тылған мол белдеулі бүгінгі жасыл аймақ­тың да күзгі көрінісі сол бедерлі кезеңнің еле­сін көз алдынан көлбетіп өткізе­тін­дей…
Әрірек дендеп оқысақ: «…Есіл өзені жаз­­ғытұрым тасығанда кіші-гірім көл болып қалатын қамысты қарасулардың беті мен жағасы құсқа толы». Еріксіз ойға жү­гінесіз. Көңіл дүрбісі бүгінгі аспалы көпір доғаша иіліп түскен Сарыарқа даңғылының сол иінін тінткілеп кетеді. Есілдің сан тарам сағасы суыртпақталған тұсында бүгін осы заманғы талаппен көрікті жағалау безен­дірілген. Әрегідік шо-шоқ қамыс басы сыб­дырлап, бауырында жарыса жүзген ба­лапанды құстар көз құртына айналған. Демек, бұрынғының бүгінгіге үзілмей жеткен құс-бунағының өзі өмір құйысқанындай жараса кеткеніне тамсанбай тұра алмайсыз. Енді кезектестіріп өткеннің өмілдірігін өр­бітелік: «Бұл арада кішкентай көкторғай, бө­дене, көксерке, жағалтай кекілік, бал­татұм­сық, шілден бастап, үлкендігі анау-мынау қозы-лақтан кем емес, қарақаз, бір­қазан, дуадақ, қарабай, қырғауыл мол болатын». Неткен байлық! Құс базарының нар­қын байытқан ғажап несібе көзге құ­марлық үйіріп, маңайына сұлулықтың соны пердесін ысырған, ынта суырған көкжиек. Қазір қалай екен? Сол күйінде кәдемізге жа­рап жүр ме екен? Әй, қайдам?! Есілдің әрі­рек жетеленіп жұтылатын қуықтай сі­лемдеріндегі болар-болмас құс қаңқылы сол өткен дәуреннің дәнегіндей түйірімен жа­рылқаса жарар еді-ау! Жасыратын несі бар, қу таяқ ұстап қалғандаймыз ғой…
«Көшпенділердің» әр жолынан көрімдік сұрарлықтай көркемдік легі түзіле береді: «…қазақ даласының өзге жерінде сирек кез­десетін жайра, тағанақ, сақалта, ала­құ­май, көк қарға, қодас қоңылтырды да із­де­ген адам табатын. Көлдерінде қаз-үй­рек, аққу, қарақу тыным алмай сыңсып ән са­латын». Бірсыпырасының түрін көрмек түгілі, атын естімегенімізді мойындауға ту­ра келер. Сол себепті, Есіл жағалауындағы бұрынғы құс базарының орнын сипап қал­ғанымызға өкінгеннен басқа шарамыз жоқ, әрине.
Енді трилогиядағы аңдар галереясына на­зар аударалықшы: «…қазақ даласында жай­шылықта мол кездесетін қоян, қасқыр, түлкі, қарсақ, борсық, суыр, ақтиін, күзен­дер­ден басқа, бұл арада ақкіс, қарағанның қа­ра түлкісі, қырдың қызыл түлкісі: көл, өзен­дерінің жағасында сусар, құндыз, бұл­ғын да ұшырайды. Кейде әлдеқалай жем із­деп келген сілеусін мен шиебөрі де кез­де­седі…».
Бұған қарап, бұрынғы Ақмоланың ай­мағын Есіл жағалап аң қаптап кеткен екен деген жеңіл көзқарас және қалыптаспағаны жөн шығар. Аң атаулы қазіргі жаңа астана түскен сол жағалаудың Хан шатыры орын теп­кен арғы ойдым-ойдым көлдердің сая­сын­да өріп жүргенін өзге де жазбалардан оқығанымыз бар. Бәлкім, ерте заманғы Бо­зақтың өрлеу-қыратындағы сыңсыған жынысында ақбөкен, елік, арқар, сілеусін, қас­қыр, түлкі, қарсақ, суыр, борсық, қоян, ақкіс, құндыз, ақтиін, су егеуқұйрығы бү­гін­де қонысын улы-шулы шаһардан сайын да­ланың терең түкпіріне аударғанына таң­ғалып, түңілгеніміз жүдә жараспас. Уақыт тезі де. Дүние жаратылысы бәз-баяғы күйін­де тұра бермейтіні тағы ақиқат қой. Десек те, кешегісіз бүгін жоқ. Сол кезеңнің тұнған берекесін алақанға қайыра салуға деген құмарлық тежелмейді-ақ. Тежеліс болмаған жерде тегеурінді іс тетігі қозға­лысқа енеді…
…Осыдан екі ғасырға жуық уақыт бе­де­рінде Ақмола жағалауындағы өсімдік атаулы құлпырып, аң-құстың базары бар на­қышымен жайнап жатқан тұсты «Көш­пенділерден» оқып, көзге елестеткенімізде қуа­ныш билеген көкірегіміз қыз-қыз қай­наған. Табиғат байлығының көкжиегі та­рыл­масыншы. Мүмкін, сол береке-құт қа­­зіргі елорда аймағын орап белдеуленген жа­сыл аймақта өзгеше қырынан көркейіп, жал­ғасын табар? Елбасы төрт жыл бұрын сон­да – он үш жылғы жас орманшыққа құс ұшы­рып, аң жіберді емес пе еркіндікке. Қиял­дан жүйрік не бар? Енді он үш ғасыр­дан соң мың сан мақамдағы сол орманның сыңсыған үніне құлақ түретін ұрпақтар неткен бақытты еді!..

Қайсар ӘЛІМ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері,
ҚР Президенті сыйлығының лауреаты.
АСТАНА.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір