Бір қолда күрек, бір қолда қалам
25.10.2015
1598
0
Шебер 1
Жуырда Қазақстан Жазушылар одағы мен Еуразиялық Топтың (ERG) Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай «Шеберлер Елі: бір шаңырақ астында» атты бірлескен дәстүрлі әлеуметтік-шығармашылық жобасының биылғы маусымы қорытындыланды. Кен қазып, темір балқытып, алып зауыттардың зілдей техникасын игеріп, шахталарда ауыр жұмыс атқарып жүрген қарапайым еңбек адамдарының арасындағы қалам ұстаған талантты жандардың шығармашылық ізденістерін талғам таразысына салған игі шара биыл Ақтөбе, Ақсу, Рудный қалаларындағы ірі өндіріс орындарында  табысты өтті.

Жаһанданған әлемде өз орнын айқындап, жаңа дәуірге жаңаша қадам басқан Қазақстан бүгінде етек-жеңін жинап, еңсесін тіктеп, әлем мойындаған Тәуелсіз мемлекетке айналды. Дүние дүрмекке толып, айнала аласапыран күй кешіп, түрлі қақтығыстар мен толқулар өршіп, қаржылық дағдарыстар мен нарықтың қатал заңдылықтары қыспаққа алып тұрған тұста Алаш жұрты Ұлы Дала төсінде бірлігі бекем, бейбіт қоғам орнатты. Елде жүзеге аса бастаған ұтымды саяси реформалар мен экономикалық жетістіктер рухани жаңаруымызға да тың сипат берді.  Аумалы-төкпелі тоқсаныншы жылдардың басында төл құндылықтарынан ажырап, әдебиетінен қол үзген қоғам қазіргі кезде тамырлы тарихынан сабақ алып, руханиятқа бет бұрды. Егемен елде еркін ойлайтын ұрпақ қалыптаса бастады. Әдебиет толықтай төрге озбаса да, босағадан сығалап тұрған жоқ. Бұл ретте ұлттық әдебиетіміздің ұйытқысы болып отырған Қазақстан Жазушылар одағы қазақ қоғамының рухани әлемін сауықтырып, өркендету жолында билік пен бизнес арасында диалог орнатып,  көптеген ауқымды жобалар мен игілікті іс-шаралардың жүзеге асуына қызмет етіп келе жатқандығын айта кеткеніміз абзал. Аталған жоба шығармашылық одақтың кәсіпкерлік саламен бірлесіп атқарып жүрген игілікті шараларының бір парасы ғана. Мұндағы басты мақсат – еңбек адамдарының күнделікті тынысы мен жұмысына үңіліп, қаламгер мен журналистер арқылы солардың үлгісін қоғамға ұсыну болатын. Осы орайда өндіріс ошағына айналған үш қалаға сапарлап шыққан қаламгер­лер мен журналистер көкейлеріне көптеген ой түйіп қайтқаны сөзсіз.
Бүгінгі күні елімізде индустриалды-инновациялық бағытты дамытуға арналған ауқымды мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Осылайша өзінің экономикалық потенциалын арттырып, еңбек адамын насихаттау арқылы елімізде халықтың әл-ауқатын, тұрмыс-тіршілігін жақсарту барысында көзделген мақсат-міндеттер жетерлік. Әсіресе, мемлекеттің шалғай елдімекендер мен моноқалаларды жандандыру жоспары қандай да бір қаржылық қиындықтарға қарамастан кезең-кезеңімен өз шешімін тауып келеді. «Шеберлер Елі» акциясы да осы бағыттағы бастамалармен үндесіп, қолына күрек ұстап, құрыш балқытып жүрген еңбекқор адамдардың арасынан сөзі шешен, ойы жүйрік, әдебиет пен өнерге жақын дарындыларын анықтап, рухани қолдау көрсету. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, қатардағы жұмысшылардың ішінен де небір талантты жандарды көріп таныстық.  Қазақ әдебиеті тарихында еңбек жолын қарапайым жұмысшы болып бастап, өндірістің бел ортасында жүріп айшықты қолтаңбасын қалыптастырған ақын-жазушы­ларымыз баршылық.
Үш бірдей өңірде ұйымдастырылған шара аясында белгілі қаламгерлер, публицистер, мәдениет, өнер қайраткерлері мен журналистер Еуразиялық Топтың құрамына кіретін ірі өндіріс орындарының жұмысшыларымен, моноқалалардың тұрғындарымен арнайы кездесіп, олардың тұрмыс-тіршілігі мен ауыр да ауқымды жұмыстарының барысымен етене танысып қайтты. Қызу еңбек пен шығармашылықты арқау еткен осынау айрықша іссапар аясында Кереку өңіріндегі Ақсу қаласында өткен шараға Махамбет пен Фаризаны орыс тіліне тамаша тәржімалаған, белгілі ақын-аудармашы, әдебиетші, публицист Татьяна Фроловская, павлодарлық ерлі-зайыпты танымал қаламгерлер – жазушы-публицист Юрий Поминов пен ақын Ольга Григорьева сынды әдебиет өкілдерімен бірге қатысып, дарынды жұмысшылардың шығармашылық байқауына қазылық жасап, жергілікті халықпен жылы жүздесулер өткізіп қайтудың өз басыма жылы әсер қалдырғанын жасырмаймын. Төрт күндік сапарымыздың барысында Ақсу ферроқорытпа, алюминий, электролиз өндіретін зауыттарында болып, өндіріс тынысымен танысып, қарапайым жұмысшылардың ауыр еңбектерінің куәсі болдық.
Бүгінде мемлекеттік қолдаудың арқасында Еуразиялық Топтың зауыттарына инвестиция тартылып, шахталар мен зауыттардың техникалық базасы заманауи үлгіде жаңартылған. Нәтижесінде өз өнімдерімізбен ішкі нарық пен сырттағы сұранысты қанағаттандырып отыруымызға қол жеткіздік. Мұның сыртында жұмысшылардың әлеуметтік мәселелері де оң шешімін тауып отырғанын аңғардық. Өндіріс ошақтарында жұмыс істейтін бір қолында күрек, бір қолына қалам ұстаған қарапайым шығармашыл жандар қатысқан байқауға келіп түскен туындылардың басты мазмұны – Тәуелсіз еліміздің қалыптасуы, еңбек адамының бүгінгі кейпі, шахтер жұмысының ауыртпалығы, ел бірлігі мен қоғамдық құндылықтар тақырыбын арқау еткен.
Ақсу қаласында өткен «Шеберлер Елі: бір шаңырақ астында» байқауының қорытындысы бойынша Бас жүлде – Ақсу ферроқорытпа зауытының металлургиялық қондырғыларды жөндеу цехының қызметкері, бұған дейін де бірнеше шығармашылық байқауларда жүлделі орын алып, өлеңдері республикалық басылымдарды жарияланып жүрген талантты ақын Борис Власовқа берілді. Бірінші орын – «Алюминий Қазақстан» зауытының электр дәнекерлеушісі Владимир Гетинге, екінші орын – Қазақстан электролиз зауытының Конструкторлық бюросында жетекші инженер-құрылысшы қызметін атқаратын Рафаэль Камалдинов пен  осы зауыттың энергетикалық цехында жұмыс істейтін Рафаэль Мұхамеджановқа, үшінші орын – «Алюминий Қазақстан» зауытының  қоғаммен байланыс орталығының тілшісі Зульфира Мағзұмова мен «Қазақстан электролиз зауытының» Орталық зертханасында физикалық бақылау бөлімшесінің жетекшісі Людмила Кузнецоваға табысталды.Бұдан бөлек қазылар алқасының сүзгісінен өткен оншақты таңдаулы туындылардың авторлары ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Бұл жолғы шараның тағы бір ерекшелігі – шығармашылық байқауға зауыт қызметкерлерінің мектеп жасындағы талантты балалары да қатыстырылды. Жоба ұйымдастырушылар жас қалам иелеріне де диплом мен арнайы сыйлықтар үлестірді.
Қазақ және орыс тілдерінде өткізілген әдеби байқауда нағыз еңбектің қайнаған ортасында жүрген адамдардың өз шығармалары талғам таразысына түсіп, бағаланды. Шығармашылық бәйгеден оза шапқан шабытты жұмысшы-қаламгерлерге компания атынан бағалы сыйлықтар мен Қазақстан Жазушылар одағы тарапынан құнды әдеби-көркем кітаптар, арнайы дипломдар табыс етілді.
Осыдан үш жыл бұрын, аталған жоба бастау алғанда Еуразиялық Топ өз жұмысшыларына жан-жақты қолдау жасайтындықтарына, оның ішінде материалдық қана емес, рухани қолдау да көрсетіп отыратындықтарын айтқан болатын. «Адамдар – біздің басты активіміз» деген қағиданы берік ұстанған компания басшылығы жұмысшыларды табысты жұмыспен қамтып, олардың тұрмыс-тіршіліктерін жақсартуға мүмкіндік жасауды – әлеуметтік жауапкершіліктің басты бағыты санайтындықтарын айтып, жобаны жыл сайын ұйымдастырып тұратындықтарына уәде еткен. Сөзден іске көшкен жоба Жазушылар одағымен бірге әлі де жалғасын тауып келеді. Ендігі кезекте жоба аясында өткен шығармашылық байқауға қатысушылардың туындылары топтастырылған арнайы жинақ пен үш жылдан бергі шығармашылық бәйге жүлдегерлерінің жеке кітаптарын шығару көзделген.
Сапардан ой түйіп қайтқан біздер, тек еңбек пен өмірге деген құштарлық қана адамның талантын шыңдап, биікке көтеретініне қайыра бір көз жеткіздік. Жігер мен еңбектің, қайсар мінез бен төзімділіктің, ізденіс пен ізгілікті өз шығармаларына негізгі арқау етіп кеткен орыстың тағдырлы жазушысы Николай Островскийдің атақты «Құрыш қалай шынықты» атты шығармасындағы басты кейіпкер Павел Корчагиннің аузымен айтылатын мынадай өзекжарды сөздер бар: «Адамның ең қымбат нәрсесі – бұл өмір. Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, мақсатсыз өмір сүрген жылдарыңа қатты өкінбес үшін, өткен өміріңнің аяр және ұсақ болғанына намыстанбау үшін, өліп бара жатып, бүкіл өмір мен бүкіл күш әлдемдегі ең басты құндылық  – адамзаттың бостандығы үшін күреске жұмсалды деп айта алатындай өмір сүру керек…».
Бұл романды өмірге құштар Островский бойын ауыр дерт меңдеп, төсекте таңылып жатып жазды. Талайлы тағдырына налымай, сағын сындырмай, рухани күш-жігерін құрыштай шынықтырып, қалам мен ақ қағазға адал боп өтті. Жазуға әлі келмеген шақтарда, шығарма желісін ауызша әңгімелеп, хатшысының көмегімен хатқа түсірді. Осылайша талантты қаламгердің туындысы тірнектеген еңбекпен дүниеге келген еді. Олай болмаған күнде автор науқастан баз кешіп, депрессияға түскен болар еді.
Шынында тек талантты болу аздық етеді. Кез келген шығарманы шырқау шегіне шынайы еңбек қана жеткізе алады. Демек, әдебиет шарықтаған шабыт пен көркем ойлаудың жемісі ғана емес,  әдебиет – үлкен еңбек пен тынымсыз ізденістің мағыналы нәтижесі.
Алмат ИСӘДІЛ.
Алматы –  Павлодар – 
Ақсу – Алматы.
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір