Солақайға күй бітсе
25.10.2015
1614
0
Алмас Нүсіп

Nurghisa_Tlendiyev's_monument_in_Almaty
Қаршадай екі бала таласып отыр. «Олай тартпайды, былай тартады», – десіп, кезек-кезек домбыраға таласады. Тартып отырғандары – Нұрғисаның «Аққуы». «Сенің мына тартысыңды Нұрғиса көрсе, андағы саусағыңды сындырады», – дейді бірі. «Ал, сенің ана балдыр-батпағыңды көрсе, домбыраңды жұлып ап, қақ басыңнан бір-ақ ұрар», – дейді екен екіншісі…
Бұл – Семей өңірінде іссапармен жүрген Нұрғисаның өзі үстінен түскен оқиға екен деседі. «Тәубе», – депті сонда. – «Менің күйімді қорғаштайтын, сақтайтын ұрпақ бар екен». 
Нұрғиса көрсе… Осы бір беймәлім қорқыныш домбыраға қол созған талапты қазақтың қай-қайсысының да көкейінде тұрады екен. Қазақ жүрегіндегі Нұрғиса – көзі тірісінде-ақ өнердің өлшеміне айналып үлгеріпті…
 747587_1429198102____________________1
«Нұрғисаның анау қураған сексеуілдің бұтақтарындай сояу-сояу саусақтарын бір жендет айбалтамен қырқып түсірсе, шыр­пыдай шашылып жерге түспес еді. Әуеге ілініп, өздерімен өздері әлдебір құйқылжыған ырғаққа басып, билеп кетер еді». Ахмет Жұбанов бір жиында айтыпты бұл сөзді. Осыған ұқсас пікірді Қа­на­бек Байсейітов те айтады. Өнеріне берілер бағаны айтпағанда, асау, шалт, бетінен қайтпайтын жанға телінер теңеу. «Жай тақ-тақ жабайы» емес, қазақ музыкасын жаңа­ша қалыптауда өлшеусіз ең­бек сіңірген тұлғалардың інілеріне мұн­шалық құлап түскенінің себебі біреу-ақ: Нұрғи­са­ның қапысыз тумысы, жаннан асқан өнері. О баста бес жасар баланың күйіне елтіп, арнайы бұрылған ұстазы тоғыз жасқа келгенде өз домбырасын тегіннен-тегін сыйлай салды дейсіз бе. «Қара ағаштан күй сауған» деп әспет­те­летін Тіленді көкірегіндегі бар күйін бес жасқа толып үлгермеген баланың санасына қотарып құйып беріп кетті дегенге сену, бір қарағанда, қиын сияқты. Бірақ жол­шыбай өтіп бара жатқан Ахметті жү­гін­­дір­ген күйдің иесі сол әке екенін ойлап, иланбасқа амалыңыз қалмайды.
Нұрғисаның ерен болмысы қазақ түсінігінде қырда, қиырда жортып жүретін Қызыр әулиенің ат шалдырып отырған бір кезінде қоржыны сөгіліп кетіп, өнер тө­гі­ліп­ті десетін ар жағы кездейсоқтықпен ас­тасатын түбі белгісіз өнер емес. Арыға барыспай-ақ, әке-шешесінен қайырсаңыз да жетіп жатыр. «Аман болсам бір келер­мін», – деп, домбырасын бөктеріп ап Же­тісу жетпегендей, Арқа ауып кете баратын әке мен ерінің серілігіне қабақ түйіп көрмеген, өзі де ән айтып, сыбызғы сыңсытатын шешенің бойындағы қасиет пен қабілет Жамбыл атасы сияқты көш үстінде туған кенже ұлдарының бойында тоғысыпты. Тумыс пен тәрбие ұштасқан жерде жетілген дарын туралы айтқанда қазақ «уызынан жарыған» деп жатады. Ұлы Жамбыл сақалына орап өсірген, нағашысы Кенен әнімен тербеткен, Қатшыбай, Үмбетәлі, Шашубай, Иса, Шор­тан­бай, Шаштай, Нартайлардың өнеріне бесігінде қапысыз қанған Нұрғисаның өсу, жетілу жолынан иненің жасуындай мін тапсаңыз қане. Бертінде Жамбыл біраз уақыт тұрақтап қалған шаңырақ та Алматының бір бұрышындағы осы Тілендінің тәкене тамы болатын. Отырған жерін ордаға айналдырып жіберер Жамбылды іздеп келіп-кетушілер де сол кездегі қазақ зиялыларының бетке ұстарлары екенін ол кездегі ойын баласы кейіндеу ғана бағамдағанға ұқсайды. Тесіле қарап отырып: «Қабағың ашық, желкең шұқыр екен, бір байдың малайы болғансың-ау», – деген атасының сөзін естіп, «шынымен шұқыр ма екен?» – деп сыртына шығып алып желкесіне ұрлана үңі­летін момындау адамның әйгілі Бейім­бет екенін, таяқты шыр көбелек айналдыруды үйреткен, қолынан шынжыр бауы түспейтін сырбаз кісінің Сәкен екенін, қақ төрде дүңкиіп отырып алып Жамбыл атасымен кеңес құратын таудай адамның Ілияс екенін білсе де, дәл сол сәтте өзінің ен байлықтың ортасында жүргенін білді деймісіз. Ойын қысқанда шыбықтың ұшына ине қадап, есегін шабына түртіп, тулатып, үстіндегі бөрікті қарт­ты аударып түсіргенде де тентектеу бала атасына әйгілі ақын екен-ау демей еркелей бергенге ұқсайды. Біле тұра баланы емес, «арам қатқырлап» есегін боқтайтын ата бойындағы кеңдік пен кешірімділік Нұрғисаға жұқпай қалды деймісіз. Динадан тәлім алған, Қажы­мұ­қан­мен бірге ел аралап жүріп өнер көр­сет­­кен бозбала шағында да күйден өңге мұ­раты, өнерден өзге уайымы болмапты.
Жақсы көрген баласының бойына қолына іліккен жылтырақтың бәрін жапсыра беретін балажан анадай біздің ел Нұрғисаға келгенде аңыз құрағыш. Онысы шындықтан алыс кетпейді және. Бір қызығы, сол әңгімелердің дені оның мінезін айтады. Нұрғиса мен Ахмет, Нұр­ғиса мен Бауыржан, Нұрғиса мен Мұқа­ғали, Нұрғиса мен Тұманбай, Нұрғиса мен Қадыр, Нұрғиса мен Дариға… Осы тектес әңгімелердің қай-қайсысын сұрыптап көрсеңіз де, өмірі мен өнері балталасаң бұзылмас тұтас Нұрғисаны көресіз. Және соның бәрі бір-бірімен байланысып, өріліп жатады.
Ағаларынан тек қана жылылық көр­ген, жақсылық көрген Нұрғиса өзінен кейінгілерге де сондай аға болды. Оқудан үш рет шығарып, үш рет қайта алғызған Ахмет Жұбановтың кешірімді мінезі мен бір аптаға жетпейтін өкпесі туралы айт­қан­ды жақсы көретін оның өзі де ашуы мен өкпесін тез ұмытқыш, ішіне кірне сақтамай, қоймасын ашық ұстап өткен жан. Оркестрде салғырттау отырған әлде­кімдерге «Сен неге жүрегіңмен ойна­май­сың?» – деп, «қойып қалардай» дүрсе қоя беретін алапат Нұрғиса арада бес минут аунамай әлгіні арқаға қағып тұрады. «Қас-қағымда он рет өзгеретін қиын кісі, құйын кісінің» (Қ.Мырза-Әлі) алдында ән айту, күй тарту былайғы жұртқа да оңай бол­ма­ғанға ұқсайды. «Мына ән сенің даусыңа келеді», – деп, ат басындай алтын ұстата салғандай жарылқай салатын компо­зи­тор­дың көңілінен шықпай қалам ба деген қорқыныш кім-кімді де қапысыз дайын­дыққа жетелейтін.
Елдің санасына мықтап орныққан Нұрғисаның негізгі бейнесі – оның дири­жерлы­ғымен тікелей байланысты. Елге арқасын беріп, қыранша қомданып тұра қалғанда «жауырынына дейін жыр төге­тін» (Қ.Мұхаметханов), партитураға қарап жатпайтын, қаласа, көрермендері­не де ән айтқызып, соларға дирижерлық ете­тін Нұрғисаның еркіндігі шексіз. Пар­титу­ра­ға несін қарасын, бәрін өзі жазған, көңілінде сайрап тұр. Алпыс аспаптың ішінен сәл қағыс басылған нотаның өзін қалт жібермейтін қабілеті – сол сәтінде түйілген қабағына от болып ойнап шыға келеді. Айтылған, жазылған естеліктерге көз жүгіртсеңіз де, жастау кезінде түсіріл­ген бейнетаспаларға қарай қал­са­ңыз да қағылез жанның аса сергек біті­мін аң­дай­сыз. Айналасын өзіне жүгін­діріп қоятын, бір тіл қатысқан жан жіпсіз байланып, маңайынан ұзай алмайтын, аузынан бөзі төгілген тұнжыр жанды да «жаға­сы­нан алып, сілкіп-сілкіп қалғандай» әп-сәтте сергітіп жіберетін жалт-жұлт Нұрғи­са­ны танисыз. Қазақтың көкірегіне орнық­қ­ан Нұрғисаның адамдық болмысы да шабыт үстіндегі асқақ кейпінен ұзап кете алмапты.
Нұрғиса күй тартып отырғанда да – дирижер. Домбыраның басын жөнсіз шұлғып, мойны-басын дірілдете қақ­шаң­датып, құныса түсіп, отырған орын­ды­ғынан ауып түсердей теңселіп бітетін әлдекімдердей емес, күй тартып отырған Нұрғисаның «биі» мүлде бөлек. Қандай «қырғын толқынға» басса да «қиналып» «шаршап», көрерменін (тыңдаушысын) діңкелетпейді. Бір сәтте мүлгіп кеткендей жеңіл тербелетін, бірде өз күйіне өзі ер­ке­легендей, пернені қуалап жүрген жүрдек саусақтарына риза болғандай жымиып қоятын Нұрғиса енді бірде тың­дау­шыларына қарап бас изегендей болады. Күйдің екінші сипаты – күйшінің (орын­даушының) өзі екенін ұмытпайды. Өйт­кені, қазаққа Нұрғиса кім, күй не – екеуі бір ұғымдай қабылданатынын ол жақсы білді. Қазаққа оның күйі ғана емес, әр қимылы да ардақты еді.
«Ертіске түсіп көрдің бе?» – депті бір­де Жәнібек Кәрменовке. – «Жүзе біл­ме­сең, әлжуаз, әлсіз болсаң ағызып әкетеді. Ел де сондай». Ол өзіне сенді, өнері­нің еліне ұнайтынын білді. Сондық­тан да елдің құшағында еркін жүзді. Қай ортада қалай ойнау керек екенін мықтап мең­герді. Көзін көргендер оның кіммен сөйлессе де шырқ үйіріп әкететін, арбап алғандай мақұлдатып қоятын қасиеті болғанын айтады. Былайша айтқанда, нағыз психолог. Ол халықтың психологиясын тап басып тани аларлық кемел қасиеті үшін де бақытты еді. Сүйінгенде балаша алданатын қалың елдің күйін­ген­де кім-кімді де таптап өтер тасқынға айналатынын да ұмытқан жоқ. Ел алдында ешқашан астам сөйлеген жоқ, кішірейіп өтті. Халықтың ықыласы оны кейде сәби­ге айналдырып жіберетін. Міне, сол кезде ол тыңдаушысынан басқаның бә­рін ұмытып кететін. Өзі өнерімен табын­дыр­ған, арқасын қоздырған әлеумет енді оның өзін желіктіретін. Әлгі бір оқиға… Ұзақты кешке бір танбай күй тартып, әп-сәтте көтермешіге айналып шыға келген көптің дабыра-қиқуына қыза келіп, башпайымен күй тартатыны бар ғой. Сонда­ғы­сы, әлдекімнің бір ауыз кесір сөзі. Ел ықыласының қақпақылымен ту биікте қалқып жүрген Нұрғисаға дәл сол сәтте мүмкін емес нәрсе жоқ болатын. Әкесі Тіленді пышақтың жүзімен тартқанда, башпай сөз болып па, кебісті атып ұрған. Осы оқиғаның ақыры Нұрғисаны жығып кете жаздайтыны бар. Сол залда бір қолын соғысқа берген шал отырыпты де­седі. Аттай қалап, Нұрғисаны үйіне түсіріпті. Тұрмысы түзік, айшықты үйдің төрінде ілулі тұрған домбыраны көріп, ет қызуы әлі басылмай тұрған күйші үй иесінен күй тартпаққа рұқсат сұрапты. «Тартсаң тарт, шырағым. Тек, жын қуған­дай берекесін кетірмей, адам құсап тарт­шы», – депті шал көңілсіздеу. Өзінің не істегенін, кімнің алдында тұрғанын сонда ғана пайымдаған Нұрғиса аһ ұрып отырып қалса керек. Әлгі қарт соғысқа дейін елді күймен қырған дәулескер күйші екен дейді. «Арман» күйі сонда туыпты. Әлгінде айтқан ағызып әкететін халық-өзеннің құшағында жүзе білу дегенде де Нұрғиса осыған меңзесе керек. Онда қатып қалған қағида жоқ.Шұғыл шешім шығарып, вокалистке де оңайлау бір ас­папты (тұяқ) ұстата салады. Қаласа, көрермендерге ән салдырып, дирижерлық етеді. Өзі жеке орындағанда күйіне импровициялық вариациялар қосып жібереді. «Түрлендіріп отырады екен», – деп әспеттеп жатады жұрт. Бірақ бұл түр­лендірудің де сәтті, сәтсізі болады, – бір сәттік көңіл-күй ауанымен еніп кеткен аздаған өзгерістер сол орындаған жерін­де қалып кете бергенге ұқсайды. Өзі: «Дина апам бір күйді әр жолы әр қилы тар­та беретін», – дейтіні бар. Әр жолы бол­маса да табаны қызып кеткенде Нұр­ғиса да «жаңартуға» кет әрі болма­ған­ға ұқсайды.
747587_703441517___________________Шығармаларын бірден қағазға түсі­реді екен. Өнертанушылардың айтуынша музыка тілінде «абсолютті слух» деп аталатын мұндай қабілет әлемді дүрілдеткен арғы-бергі композиторлардың өзінің санаулысында ғана болған деседі. Ара-тұра ғана әр жер, әр жерін аспапқа салып, асығыстау тексеріп өтетін, қалған уақытта әлдебір тұңғиыққа батып, үнсіз отырып музыка тудыратын Тілендиевтің дәл сол сәтте қандай әлемде нендей күй кешіп жүргенін түйсіну құлағы бітеу туған біз сияқты пенделердің өресі жетпейтін дүние болса керек. Анығы, нағыз музыка – үнсіздіктен туады екен… «Әннің де сюжеті, драматургиясы болады», – дейтіні бар бір сөзінде. Нұрғисаның партитураға шұқшиып отырған қалпы – жүректе ойнап тұрған әуенді үнсіз аулап қана отыр­ған отырыс емес; Оның шығармалары үйлесіммен өрілген ноталардың сәтті жиынтығы емес, ар жағы әлгі үнсіз­дік­тің құрсауында қалып кеткен, ком­пози­тордың өзі ғана білетін әлдебір оқиға­лардың әуендік сұлбасы болар, бәлкім. Бірақ «мына әні ана бір оқиғадан кейін туған», деген анықтамалар Тілен­диев әлемін ашып бере алмайды. Кері­сінше, тар шеңберге салып, шектей түсуі мүмкін. Көз көрген оқиға әнге қозғау салады, – негіз бола алмайды. Әл­де­бір жаман жазушылардың жап-жақ­сы оқиғаны жалаң сюжетке, арзан баян­дау­ға қор қылатыны секілді Нұрғиса әнде­ріне болған-болмағаны белгісіз сюжет­терді таңа беру де қателікке ұрын­дыра­ды. Нұрғисаның әр әнінің шығуына себеп іздеп те керегі жоқ. «Музыка туралы сөйлеудің ең ұтымды тәсілі – үндемей-ақ қою» деген қағида бар. Нұрғисаның шығармашылығы туралы сөйлегенде осы қағиданы ұмытпау керек.
«Композитор алдымен музыкант болу керек», – дейді. Сөйте тұра, кез келген өнер адамы өз ұлтының музыкасы ғана емес, күллі мәдениетін, әдебиетін, тарихын жеткілікті ұғынардай білімге ие болуы керектігін айтады. Бірнеше аспапта ойнай білуі шарт. Ұлттық музыка ғана ем­ес, әлемдік музыканы ұғынып, меңгеру де осы міндетке кіреді. Домбыра мен қобыз дәрежесінде қалып қоймай, олар­дың жаңа, жетілген нұсқаларын жасауға да кетәрі емес. Тек сәтті болсын, жақсы болсын. Бүкіл жанрға қалам тартқан, бар тарапты байқап көрген, сонысынан жет­кілікті нәтиже қалдырған Нұрғиса үшін музыка төңірегінде мүмкін емес нәрсе жоқ. Құдайберген Жұбановқа сүйенсек о баста сазға сөз қосып айтып, келе-келе айтарын күйге сыйдыра алар дәрежеге жеткен қазақ музыка өнерінің вокалды, инструменталды болып жіктелуі – жетіл­ген­діктің белгісі. Күйдің тұла бойынан тек сұлу сазды ғана емес, заттық мағынаны да көре білетін адамға саз бен сөздің арақатынасын айыру қиындық туғызбаса керек. Осы екі тарапты да тел емген, тең меңгерген, күйімен «қара ағашқа тіл бітірген» Нұрғиса кеудесін жарып шыққан әнді қалай сөйлету керек екенін де өте жақсы біледі. Сөз жазушыға әннің таби­ғаты мен тақырыбын түсіндіріп беретін композитор туралы «әр шумағына дейін айтылатын ойларын жіпке тізіп береді, ақынға тек қалыпқа салып, өлең құрау ғана қалады екен», – деп салатындар да бар. Артықтау әрине. Бірақ «Қыз Жібек­тегі» «Сол жерге сыймай жүрген жоқпыз, сыйыса алмай жүрген жоқпыз ба?!» – деген сөзді қостырған осы Нұрғиса еке­нін ескерсек, оның сөз білетіндігіне еш­кім дау айта алмаса керек. «Куә бол, айым, куә бол жұлдыз, куә бол Алатауым», – деген атақты қайырманың да ән авторына тиесілі екені белгілі. Ол ән дүниеге келер-келместен сөзін кімге жаздыратынын, кім орындайтынын шешіп қояды. Айталық, «Балдызым» деген әнінің сөзін жазу үшін Оспанхан Әубәкіровті таңдап, оны табандаған үш ай күтіпті. Басқа ақын таппай қалғаннан емес, ән мен ақын табиғатының ұштасатынына нық сенгеннен. Мәселен, әнді сөйлетуде композитормен ең көп жұмыс істеген үш ақын: Мұқағали, Тұманбай, Қадыр жазған ән текстері мен әуендерді салыстырып кө­ріңіз­ші. Ән түсініп, сөз ұғатын кісіге ком­пози­тордың таңдауы жай ғана кездей­соқ­тық емес екенін аңдау аса қиын емес.
Өмірінің соңына қарай құрмет пен қошеметті аз көрмесе де, көңіл-күйі елдің жалпы жағдайынан ұзай қоймағаны байқалады. «Бақыттысыз ба?» – деген сұраққа: «Елден алабөтен бақытты бол­ғым келмейді», – деп қашырта жауап бе­реді бір сұхбатында. Шығармашылығы тоқырамаса да, жазу тоқталғандай. Ком­позиторға үлкен даңқ әкелген «Отырар сазынан» жұбаныш тапқанға ұқсайды көп жағдайда. Соның өзінде оркестр мүше­ле­рінің болымсыз жалақысы, қиын жағ­дайы жайлы көбірек сөйлеп кететін бір әдет пайда болыпты. Жеңіл-желпі әуен­дер­ге еліге бастаған елін түсіне алмай дал болғандай бір көңіл-күй сезіледі. Эстраданы қабылдай алмапты. Сонылы­ғы­нан, жаңалығынан емес, біздің ағайын­ның соған жалаң еліктеп, өзі айтқандай «мазаң кеткірдің» әніне басқан береке­сіздігінен. Еліне еркелеп келген Нұрғиса енді күн көрістен өзге дүниені ұмытқан, жан далбаса базар жағалап жүрген қазақ­қа мұңдана қарайтын болған. Бір кездері көңіліне жақпаған әлдекім болса жұдырығын ала жүгіретін алапат Нұрғиса ендігі жерде арқардың жайын Арқаның қысына сілтей сөйлейді. «Кейбір талантты әртістер өзі режиссер, өзі директор болып кетті. Көбісі осыдан зардап шегіп жүр», – дейді бірде. Бұл сөз – таланты шығармашылыққа емес, пысықайлыққа, ақша саууға қор болып жүрген үзең­гілес­теріне айтқан сын дегеннен гөрі, өнердің мүшкіл хәліне күйінген жанайқай деуге болады. Осындай көңіл-күйде жүрген Нұр­ғисаға сол кездерде «Не жазып жүр­сіз?» – деген сұрақ көп қойылыпты. Және жоғарыдағы әлгі бір жауап өзгере қоймапты. «Авторлық ақы» мәселесін жиі айта бастайтыны да осы кез.
«Бір шығармасын қырық күн бойы табалдырығынан аттап шықпай отырып жазатын» табанды, алаңсыз еңбекті ғана бағалайтын композитор «көңілде алаң басылмай» тұрған мазаң шақта оңған дүние тумайтынын терең түсінді. Жастау кезінде көңілде пісіп тұрған «Кең жайлау­ды» «қызулау» күйде жазып тастап, ер­теңі­не бармағын шайнап өкініп, ақыры, қайта жазып шығатыны бар. Сол оқиғадан кейін масаң күйде жазуға жоламайтын болған аса жауапкершілікті жан елінен күй кеткен шақта шалағай шыға ма деп, жазуға бата алмаған сыңайлы. «Төрт жүз­ге жуық ән жазыппын. Соның он шақты, жиырма шықтысы ғана елге тарап, айтылып жүр. Мен соның өзіне-ақ ризамын», – депті жетпіс жасында. Шығарма­шы­лық­тың санмен, көлеммен  өлшенбейтініне ден қойған жан ғана осындай ашық мойын­дауға бара алса керек. Бірақ «ақы­­лы бар адам өзі туралы не айтуы мүм­кін? Біз де көптің біріміз», – деп қашырта сөйлейтін, «не қаламын, не микрофонын аузына тығардай боп, «ал, айта қойыңыз» дегенді жақтырмайтын» Нұрғиса денсау­лы­ғының нашарлығына қарамай, ауруханада жатып біраз естелік айтып, жаздырып кетіпті. Осы естеліктерге қарасаңыз да адам танығыштық қасиетіне дендей түсесіз. Аға, дос, бауырлары жайлы айт­қан­да алдымен азаматтығын, мінезін, талантын, адалдығын бағалайды. Өзі ұнатпаған адамдар туралы сөйлеуді ұнатпайтын күйшінің бүкіл естелігі тек қана жағымды кейіпкерлерден тұрады. Тамсанып айтады. Сағынып айтады…
Нұрғиса қай жағынан да бақытты адам. Құдай алдымен бойына күй дарыт­қан, миссия жүктеген, сонысына орай жол сызып, тағдыр берген. Боксқа әуес­тен­генде де, Латиф Хамиди аңдаусызда бишілер қатарына қосып жібергенде де о баста жаратушысы белгілеген арнаға оралып отырыпты. 16 жасында «кәмелет­ке толып», өзі сұранып екі ағасы бірдей шейіт кеткен соғысқа кіргенде де қазақ музыкасының бүкіл бір дәуірі қыл үстінде тұрған. Бір сөзін­де: «Менің бірінші қуа­нышым – ең алдымен соғыста тірі қалуым», – дейтіні тегін емес.
Дүниеге көзін күймен ашқан, тәй басқанынан алдына домбыра өңгеруге жет­кенге дейін-ақ қазақтың бар игі жақсы­сының алдын көріп үлгерген тентектеу, аңғалдау бала дәл сол уызынан жарыған алаңсыз қалпында қазаққа еркелеп өтті. Қай ортада да көрген құр­мет пен қошеметті тиесілі сыбаға деп қа­былдады. «Өзімді анадан тумағандай сезінем, өйткені, халық алақанына салып, өмір бойы аялап келеді», – деуі де жайдан-жай болмаса керек. Әбіш Кекіл­баев айтқан: «Ел-жұрты етінен ет кесіп бермеді демесек, құрметін, ізетін аямапты», – деген сөздің тоқсан сегіздің қара күзіндегі қаралы жиында айтылуы да тегін емес. Әдетте, «қадіріңді білмедік-ау», – деп аһ ұрғызып аттанатын алыптардай емес, Нұрғисаның өлімі де бақыттырақ екен…
«Қарасай бабам жетпіс үш жасында дүние салыпты. Мен де…» – деп, күнін болжаған, о баста: «Солақайға күй бітсе, қара ағашқа тіл бітеді» деуші еді бұрынғы­лар. Бағың жансын!» – деп бата берген ұлы Жамбылдың жанынан орын сайлап, ақыретке қапысыз дайындалған Нұрғи­са­ның бұлжымас бір дәстүрі болыпты: «Отырар сазының» кез келген концертін атасына арнаған «Ата толғауымен» бас­тап, «Құстар қайтып барады…» әнімен аяқтайды. Демек, Жамбыл атасының қасынан орын сұрап, соңғы сапарға «Құстар қайтып барадымен» аттандыруды аманаттауы да кездейсоқ емес екен…
Бұл әннің шығу тарихы да – аңыз бұл күнде.  Жаралы жалғыз тырнаға жабыл­ған шуылдаған көп қарға оқиғасы сүрең­сіздеу бір күндердегі композитордың көңіл-күйін тап басқанын қараңызшы… Көзінен жасы сорғалап отырып жазған осы бір әнін ақырғы сапарда не үшін естігісі келді екен… «Бәріміз қосылып «Құстар әнін» айтамыз», – дейді 70 жыл­дық мерейтойында. – «Біреу былай, біреу былай кетуге болмайды. Тек мені­мен ғана жүресіздер!». Көпшіліктің орында-
уында қалай естіледі екен деп тексеріп көргісі келгендей… Көрген болсаңыз, көпшілік көзін сығып алып отырды. «Құс­тар қайтып барады…» тек осылай орындалу керек сияқты… Мыңдаған дауыс қосылған хор – әнді құдіреттендіріп жібе­реді екен. Жекелеген талай орындауларды тыңдап жүрміз ғой, бірақ дәл сол мерейтойдағы зал тола көрерменнің шырқауында… Шырқау шегі, жұлдызды шағы екен. Әй, енді ешкім дәл солай жеткізіп айта алмас. Нұрғисаның ғана емес, Тұманбайдың да «паспортына» айналып кеткен, күз келген сайын, құс қайт­қан сайын қазақтың жүрегін бір тілім­деп өтетін осы бір ән – бағы жанған шығарма. Бірақ Нұрғисаның өзі дири­жерлық еткен сол кештегідей бақытты болып көрген жоқ шығар. Сол кеш­тегідей мұңмен, сағынышпен, қи­мас­тықпен шырқалып көрген жоқ шығар…
Нұрғиса қазаққа дирижерлық етіп тұрды: Өзіне бағындырып, жүгіндіріп…
Содан бері қазақтың Нұрғисасыз қайтқан құсы, Нұрғисасыз айтқан әні болмапты…
Айтпақшы, осы әннің тағы бір шыр­қы­рай шырқалған кезі болыпты. Нұрғисаның ақтық сапарында…
Халқы сүйікті композиторын әнмен әлдилеп шығарып салдық деп ойлады…
Аны­ғында, Нұрғиса табытта жатып та қазақ­ты әнімен тербетіп бара жатқан еді…
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір