ҚАЗАҚ ТУРИЗМІН ҚАЙТСЕК ДАМЫТАМЫЗ?
19.07.2019
7401
1

Соңғы жылдары туризм дүниежүзі бойынша ең табысты бизнес түріне айналды. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, әлемдік экономикадағы қарқыны күшеймесе, бәсеңдемейтін бірден-бір сала да – осы туризм. Жалпы, туризмнің мемлекет үшін пайдасы қандай? Ол ел ішінде жалпы ішкі өнімнің қалыптасуына, халықтың тұрмысын жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жұмыссыздықты азайтуға, сыртқы сауда көрсеткішінің өсуіне ықпал етеді. Туризм мемлекеттің экономикалық қуатын күшейтіп қана қоймайды. Ол – адамдардың рухани мәдениетке деген қажеттілігін арттыруда да маңызды рөл атқарады.

Қазақстандықтар қайда барып демалады?

Ұлы Жібек жолы бойында орналасқандықтан, Қазақстан аумағындағы қалалар мен табиғаты ғажайып жерлер ежелден саяхат және туризм нысандары болған. Еліміздегі алғашқы туристік ұйымдар ХХ ғасырдың 20-30-жылдары пайда болыпты. 1929 жылы Алматы қаласында тұңғыш туристік жорық ұйымдастырылған. 1993 жылы еліміз Дүниежүзі туристік ұйымының мүшелігіне енді. Ресми мәліметтер бойынша, осыдан бес жыл бұрын Қазақстанға Қытайдан 228 мың турист келіп кеткен. 2015 жылы – 111 мың, 2016 жылы – 117 мың, ал ЭКСПО көрмесі өткен 2017 жылы 94 мың қытайлық турист келіпті. Алайда өткен жылы олардың саны екі есеге азайған. Есесіне, шетелде демалушы қазақстандықтардың саны жыл санап артып барады. Ресми деректерге сүйенсек, Қазақстан халқының 2,5 пайызы демалысын шетелде өткізеді екен. Олай болса, біз қайда демалып жүрміз? Қазақстандықтар, негізінен, жазғы демалыс маусымы бастала сала Түркиядан бір-ақ шығады. Тәуелсіз «Форбес» журналының есебінше, жылына 200-300 мың қазақстандық Қара теңіз жағалауында демалады. Екінші орында – Қытай. Жыл сайын 40 мыңдай қазақстандық Қытайға саяхаттап қайтады. Біздің тағы бір жиі баратын сүйікті еліміз – Біріккен Араб Әмірліктері. Мұнда жылына 36-38 мың қазақстандық демалады. Әрі қарайғы орындарда Қырғызстан, Тайланд, Үндістан, Мысыр елдері тұр. Соңғы деректерге көз жүгіртсек, жыл сайын 6 мыңнан астам қазақстандық демалысын Ыстықкөл жағасында өткізеді. Осынау деректер ел туризмінің әлі де алға баспай тұрғанын аңғартады. Біздің туристеріміздің қаржысы шетелдердің қазынасына құйылуда. Тәуелсіз сарапшылардың есебіне жүгінсек, еліміздегі туристік агенттіктердің жалпы кірістерінің үш пайызы ғана отандық туризмге тиесілі. Ал туристік саласы дамыған Италия, Түркия, Қытай, т.б. елдерде отандық туризмнің үлесі 50 пайыздан асып жығылады екен.

Туристерді мәдениеті тартады

Қазіргі уақытта туризм саласында көркем табиғат қана емес, бай тарих пен көне археологиялық жәдігерлер, ерекше салт-дәстүрлер де демалушылар үшін басты орында. Ал біздің елімізде осы айтылғанның бәрі де бар. Алайда неге Қазақстан Орта Азияның туристік шаңырағына айнала алмай отыр? «Қазақ Туризм» Ұлттық компаниясы басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиевтің айтуынша, Шетелде қонақты қазақ сияқты күте алмайды. Ол жақта, көбіне, сыртқы туристік қызметтерді дамытуға басымдық береді. Ал қазақ халқы қонақты өз үйінде жақсы қарсы алады, келген адамды риза қылып жібереді. Туристер таң қалып, тамсанып кетеді. Алайда көшеге шыққаннан кейін көтеріңкі көңіл күйлері су сепкендей басылады. Иә, шетелдік туристер көшеде жүрген халықтың ізгі ниеті мен сыпайы қарым-қатынасын бірден сезеді. Дәл осы мәселені туристерді тартудың басты ресурсы деуге болады. Қазақстанға туристер көптеп келсін десек, шекарашыдан бастап таксист пен көше сыпырушыға дейін, тіпті жай көшеде бір нәрсеге көмектесетін адамға дейін барлығы ізгі ниеттерін көрсетуі керек. Сонда турист те, ақша да келеді. Бізге туристік мәдениетті көтеру керек. Сондай-ақ, Дүйсенғалиевтің сөзінше, бізде «инфрақұрылым мәселесі өзекті болып тұр. Турист келгісі келеді, әдемі жерді көргісі келеді. Бірақ түнейтін жер жоқ, бірнәрсе сатып алуға мүмкіндік болмайды. Қызмет көрсету дәрежесі төмен. Содан ол турист тоқтамай, өтіп кетеді. Ал, ең бастысы, онымен бірге ақша да басқа жаққа кетіп қалады».

Туризм неге дамымайды?

Иә, туризмді дамыту мәселесі көпті толғандыруда. Осы орайда елімізде туризмнің кенже қалып тұруының бірнеше себептері айтылып жүр. Соларға жалпылама шолу жасасақ:
Біріншіден, Қазақстанның туристік орындарымен, туристерге жасалатын жағ­дай­лармен таныстыратын ақпарат жоқ­тың қасы. Ғаламтордың өзінде туристік жерлеріміз туралы танысып, білуге мүмкін­дік жасалмаған. Яғни, бізге жарнама жетіспейді.
Екіншіден, еліміздегі туристік орын­дардың бәрі маусымдық сипаттағы саяхат шеңберінде қалып қойған.
Үшіншіден, біздің туристік аймақтарда демалу бағасы қымбат. Сол себепті «Бурабайда бір апта демалғаннан Дубайда демалу тиімдірек», – деген көзқарас қалыптасқан. Бұл ішкі туризмнің дамуына кедергі болып қана қоймай, ақшаның шетелге кетуіне де жол ашып отыр. Көпшіліктің айтуынша, «150 мың теңгеге Дубайда 3 күн демалуға болады. Алайда бұл ақшаға Бурабайдан 3 күнге қонақүй бөлмесін ала алмайсың».
Төртіншіден, еліміздің көп өңірлерінде жол нашар. Автобустар ескі. Жаз айларында пойыз билеті жетіспейді. Ұшақ билеті қымбат.
Бесіншіден, туристік орындарымыздың көбінде инфрақұрылым нашар.
Алтыншыдан, мамандардың сөзіне сүйенсек, Қазақстанның визасын алу қиындығы да шетел туристерінің ынтасын төмендетіп тұр.
Сарапшылардың пікірінен бөлек, әлеуметтік желі қолданушылар «Қазақстанда туризм неге дамымай отыр?» деген сұраққа мынадай пікірлер айтады: Еуропаға барған турист бір елмен шектелмейді. Аз күн ішінде бірнеше қаласын, тіпті бірнеше елді аралап қайтуға болады. Халық тығыз орналасқан жерде сервис те жақсы болады. Ал бізде аудан, қалалар бір-бірінен өте алшақ орналасқан. Туристерді қызықтыратын ұлттық ерекшелігіміз аз. Мысалы, ірі қалаларымызда ұлттық тағам түрлерін дайындайтын орындар, шығыс стиліндегі ғимараттар саусақпен санарлықтай ғана. Шыныдан салынған ғимараттар көп; Медицина мықты болу керек. Кенеттен ауырып қалған турист арзан әрі оңтайлы ем-домды Қазақстанда ала алатындай жағдай жасалуы қажет.

Туристерді шетелге шақыру…

Бүгінде Қазақстанда туризмді дамыту – мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып тұр. Елімізде туризм саласын дамытуға ерекше назар аударылып, туристік әлеуетімізді күшейту мақсатында нақты шаралар қолға алынуда. Елімізде әлемнің 80 елімен байланыс орнатқан 1000-нан астам туристік компания жұмыс істейді. Солардың 20% ғана туристерді шақырумен, яғни, ішкі туризммен, ал қалған компаниялар тек сыртқа шығу туризмімен айналысады екен.
Мамандардың айтуынша, орта есеппен бір шетелдік туристен түсетін кірістің баламасын табу үшін әлемдік нарыққа шамамен 9 тонна тас көмір немесе 15 тонна мұнай немесе 2 тонна жоғары сұрыпты астық шығару керек екен. Ал шикізатты сатудан елдің қуат қоры сарқылса, туристік сала, керісінше, қалпына келетін қорлармен жұмыс істейді.
Халықтың тұрмысы жақсарып, мәде­ниет­тілік деңгейі өскен сайын туризм де ішкі жақтан түрленіп барады. Мәселен, бұрын сыртқы және ішкі туризм деп бөлінсе, қазір экологиялық туризм, демалыс туризмі, қысқы туризм, ойын-сауық туризмі, жиналыс туризмі, жастар туризмі секілді жиырмаға жуық түрлері пайда болды.
Дүниежүзiлiк туристiк ұйым сарапшыла­рының мәліметтеріне сүйенсек, соңғы он жылда экологиялық туризм кез келген мемлекеттiң тұрақты даму құралы болып отыр. Туристiк әлеуеттi зерттеу қоры­тын­дылары көрсеткендей, эколо­гиялық туризмдi дамыту үшiн Қазақстанның мүм­кін­діктері көп. Экологиялық туризм (француз тілінен аударғанда: «сейілдеу», «сапар») — туризмнің жаңа түрлерінің бірі. Оның ең өзекті бағыттары: тарихи, ғылыми,
ақпараттық. Оның пайда болу себептері өте көп. Әйтсе де, ең бастылары: әлемнің жалпы экологиялық жағдайының нашарлауы және техникалық прогресс пен урбанизациядан шаршаған адам баласының табиғатқа ұмтылуы. Ал біздің елімізде адамның таза ауада емін-еркін демалуы үшін көрікті мекендер жеткілікті. Осы арада мамандардың мәліметін келтірелік. Еліміздегі туристік фирмалардың әлеуетті клиенттері – еуропалықтар. Оларды экзотика, жартылай шөл романтикасы, кең байтақ дала табиғаты, жабайы тау әсемдігі қызықтырады екен.
Сондай-ақ, бүгінде қысқы туризм­ тез дамып барады. Әсіресе, қысқы спорт түрлерімен қатар, қысқы көңіл көтеру шараларын өткізуге тиімді өңірлердің туризмі мазмұны жағынан байып келеді.
Халықаралық туризм ұйымының болжауынша, алдағы уақытта жүздеген млн. адамның дүниенің түкпір-түкпіріне саяхаттау деңгейі көтерілмек. Әлемдік туризмнің даму беталысына қарағанда, туристердің Франция, АҚШ, Мысыр сияқты елдерден гөрі, енді өркендеу жолындағы елдерге бару ағымы пайда болыпты.
Бүгінде жыл сайын 27 қыркүйек Дүние­жүзілік туризм күні есебінде тойланады. Дүниежүзілік туризм ұйымының басты мақсаттарының бірі – туризмнің жер бетіндегі тыныштыққа, халықтар арасын­дағы өзара түсіністікке және гүлденіп, көркеюге әсерін күшейту. Қазақстан да осы мақсат жолында өзінің лайықты үлесін қоса білсе екен деп тілейміз.

Асқар КЕМАЛ

ПІКІРЛЕР1
Аноним 17.05.2021 | 12:00

Сәлем рахмет сізге көп рахмет түсіндім

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір