Ибада апай шуағы
24.10.2015
1250
0
66628_755732548_02_Yabada_apay_1Көктем мерекесі қарсаңында Одақ ма­ңы әдеттегіден тыс көңілді күйге бө­ле­ніп, гүлге оранып кетер еді. Бір-бір қа­лам­­гердің тылына айналған, қаламгер қа­наттанса – шабыт сыйлаған, жабыр­қа­са – көңіл-қошын аулаған аяулылар ой­сы­раған орталарға көрік берер еді. Біз кө­зін көрген-көрмеген небір әдебиет алып­тарының отын жаққан, түтінін түтет­кен апалар легі – әдебиеттің келіндері бас­таған көш бұл мереке қарсаңында сон­дай салтанатты, сондай мейірімді, сон­дай айбатты ғой, шіркін! Қай уақыттан сыр суыртпақтасаң да жаңылмай, ескі ше­жіреден әңгіме үлестіре жөнелер әже­лер қатарын толықтырған, алды тоқсанға жуықтап, соңы елуден асып бара жатқан апай­лар, қаламын серік еткен ақын-жазу­шы қыз-келіншектер бірден екінші қа­батқа көтеріліп келе жататын… 
Іздейтіні – Ибада апай. Сабырлы да салмақты қалпынан айнымайтын Ибада апай­дың дәл осы мереке қарсаңында бүр жар­ған теректей құлпырып, жазушы жар­ларымен емен-жарқын араласып, сырласып жүретіні көз алдыңнан кетер ме?! Әншейінде салмақты, сұсты апайға мұн­дай мереке қарсаңында қалай еркелей кет­сең де, қалай қалжыңдай жөнелсең де – рұқсат. Ұлы той алдындағы абыр-са­быр­­да келін-кепшіктің жұмысын қада­ға­лап, ер-азаматтардың тілеуін тілеп отырар айбатты әжелер болушы еді ғой. Иба­да апай – міне, сондай бір кісілікті кел­бетті көз алдыңа әкелетін. Жазушылар одағының терезесінен жел кеулеп кет­се де, тіпті жарығы бей-берекет жанып қалса да – өз үйіндей жаны ашып қа­райтын жан да – осы апай-тұғын. Одақ­тың табалдырығын аттай қалған әрбір жан­ға дейін жанашырлықпен қарап үй­рен­ген апайдың әншейіндегі сабырлы жү­зіне осындай мерекелерде күлкі жиі үйі­рілетін. Әрине, апай жай күндері де жы­мия біледі ғой, бірақ біздерді үлкен кісі­нің сұсы көбірек басатыны бар-тын. Осы­лайша көктем мерекесі қарсаңында Иба­да апайдың кабинетінен басталатын кү­міс күлкі, жарасымды әзіл, нәрлі әңгіме үл­кен кештерге жалғасып жататын.
О, бұл мереке кезінде әжелер мен апа­лардың да әжім торлаған жүздерінен мейірім үстіне жылылық үстеліп, бәрімізді ба­уырларына басып тұрғандай күй ке­ше­тінбіз. Ибада апайдың айналасында жү­ріп әжейлердің қаншасымен таныстық, қан­шасының дәмді әңгімесін тыңдадық де­сеңізші! Сол апайдың кабинетінен бас­та­латын әңгіме үлкен-үлкен дастархан­дарда жалғасын тауып жататын. Ал ол әңгімелердің татымы қандай! Талай жазушы жарының жүректерінде жазылып қала берген естеліктер Ибада апайдың ка­бинетінде «шашылып түскен мон­шақ­тай» «жарқырап» жататын. Бұл шақ біз үшін таусылмайтындай, аяқталмайтындай еді-ау, шіркін!..
Санасы сергек бұл әжелеріміз тек ме­­реке қарсаңында ғана емес, әр тыныс­ты күндері, өз отағасының шығарма­шы­лық­тағы отаны болған Жазушылар ода­ғы­­ның ғимаратында сағына бас қо­сысатын. Тұлғалы ақын-жазу­шыла­ры­мыз­дың шынайы қолдаушысы болған олар Ибада апайдың кабинеті маңынан жиі ұшырасатын. Әрине, кейде сырласып шер тарқату үшін, кейде мерейтой қар­саңын­да шешілмей жатқан кейбір мәсе­лелердің түйіні тарқауы үшін Одақ жаққа бір соқпай кетпейтін олардың Ибада апай бас штабы еді ғой.
Ибада апайдың жанында жүріп біз Жұ­­бағаңның – Жұбан Молдағалиевтің үйін­дегі София апамен, Ғафу Қайырбеков­тің жары – Бәдеш апамен, Қалижан Бек­хожиннің жары – Заида апамен, Сафуан Шәймерденовтің жары – Бағдат апа­­мен, Зейнолла Қабдоловтың жары – Сәуле апамен, Тұманбай Молдағалиев­тың жары – Күлтай апамен, Жұмекен Нә­жі­меденовтің жары – Нәсіп апамен, Са­ғи Жиенбаевтың жары – Уәзипа апамен, Нүкеш Бәдіғұловтың жары, әрі Ибада апай­дың құрбысы Роза апамен… та­ныс­тық. Бұл кабинеттен басталған та­ныс­тық кейін жазушы жарларының үйінде жал­ғасты, апайдың кабинетінен тыс та, жазу­шы жарларының Ибада апайды сон­ша­лық­ты сыйлайтыны, соншалықты қа­­­­­дір­­лейтінін ұққан едік.
Иә, ол кісінің кабинеті атақты жазу­шылардың жарларынан бастап, қолына енді қалам ұстаған қыз-келіншектерден арыл­майтын; бірі келіп, бірі кетіп жататын. Түрлі әңгімелер айтып, небір сырлар шер­тіліп тұрар әдебиет келіндерінің кі­шігірім ортасы еді…
Біз көрген, біз таныған Ибада апай қа­зір қасымызда жүрген қаламгер қауым­ның әрқайсысымен де бауырындай сыйласып, досындай сырласып өтті. Жазу­­шы қауымды бөлек қойған күннің өзін­де, Одақ қызметкерлерінің де бары мен нары Ибада апай еді ғой. Үлкен үйдің үлкен бір кісісіндей, үлкен анасындай әр­қайсысымыздың жайымызға алаңдап-ақ отыратын бір мінезі байқалатын. Әри­не, сабырлы әрі салқын қалпы аздап сұс бергенімен, жақын тартып сөйлесе қал­ған күнде, жаныңды жадыратып жіберер бір сиқыры бар еді. Есеп-қисаптың маңын­да жүргенімен, ғұмырының көбі қалам ұстағандармен бірге өткен соң ба, газетте шыққан материалдарымыз жай­лы да пікірін кездесе қалған сәтте ерек­ше ілтипатпен айтып өтетін. Үлкен қам­қорлықпен пікір білдіріп отыратын. «Жазу­шылар одағында бұрындары қыз­мет еткен ғой», – деп, байырғының жайына да алаңдап отырғанын көз көрді. Бұрынды ұмытпаған апай, бүгінді қайтып ұмыта қойсын?! Жазушылар одағының әрбір қызметкерінің – мейлі шығармашыл адам болсын, мейлі өзге қызметкері бол­сын – не істеп, не қойып жүргені апайдың жа­дында еді, көңілінің бір түкпірінде жа­татын.
Бірде, ұзақтау уақыт материалдарымыз газет бетінен байқалмай қалыпты. Оны­мыз өзіміздің ойымызға кіріп-шық­пайды, әрине. Одаққа беттеп келе жатқан Иба­да апайды көріп, амандаса бастап едім: «Соңғы кездері еш мақала жазбай кеттің ғой. Көңіл-күйің жоқ па? Әлдекімге рен­жіп жүрсің бе?», – деді амандық-сау­лықтан соң, жай ғана. Әрине, ыңғай­сыз­да­нып қалдық. Газет бетіне материал бер­мей жүргеніміздің себебі – көңіл-күй жоқтық емес, жалқаулық екенін қалай мойындамақсың? Қызылағашты су бас­қанда жазған шағын жазбамыздан соң да, арнайы жолығып: «Өте дұрыс жазып­сың. Шындықты жаза беру керек. Бұл жаз­ғаныңа біреулер бүгін ренжитін де шы­ғар. Бірақ дұрыс сөзді жазар кезде біреудің көңіл-күйіне емес, өзіңнің ұста­нымыңа көбірек қара, өз жазбаңа адал бол», – дегені бар еді. Апай өмірден өтке­нін­ше бізге де, жалпы Одақ қызметкер­леріне де жанашыр қалпынан еш айныған емес.
Жазушылар одағының қуанышына өз­гелерден көбірек сүйінген шығар, бұл жер­дің кем-кетігіне өзгелерден көбірек күйін­ген шығар, әйтеуір шығармашыл қа­уым­ның қолтаңбасы анық байқалар бұл мекенге қаламгерлерден кем ең­бек­тенген жоқ.
Былтырғы күзде Ибада апайды соңғы са­парына шығарып салуға келген жазушы жарларынан бастап, кешегі жас әріп­тестеріне дейін егілмеген жан болмады. Апайдың соңғы сапарда сөз алған, қазіргі күні ол да жүзін бақиға бұрған марқұм Сәуле Қабдолова апамыз сонда былай деп сөз толғады: «Жазушылар одағына барсақ, алдымен Ибаданы іздейтін едік. Жазушы жарлары үшін Ибаданың орны бөлек. Ол бәрімізге ортақ адам болды. Және аты айтып тұрғандай, әрі ибалы, әрі ина­батты еді. Мен ғана емес, мен сияқты достары, замандастарының барлығы Иба­да жайлы толғанғанда тек жақсы­лық­тарды еске аларына иманым кәміл».
Иә, осы күнгі Ибада апай туралы әңгі­мелер тек жақсылықтарды ғана еске тү­сі­реді. Тіптен, кей күндергі еркелігіміз бен бұлалығымыз үшін апайдың алдында кі­нәмізді мойындап, қипақтап қалатын тұс­тарымыз да жоқ емес-ау!
Әсіресе, осы күні Ибада апайдың ка­би­нетінен басталар жақсы-жақсы әңгі­ме­лер жайлы ойлағанда, өзі жақсы кісі­нің маңынан тек жақсы кісілер та­был­­ғанын ұққандаймыз…
Ибада апайдың кабинетінен бастал­ған әңгімелер сондай жылы, сондай мейі­рімді еді-ау, шіркін!..

Қарагөз СІМӘДІЛ.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір