Екінші Ғабиден
24.10.2015
2779
0
66118_758749932_____________________________________________Қазақ жерінде Ғабиден ныспысы кең тараған. Солардан ең алдымен еске түсетіні – Ғабиден Мұстафин. Қарасөзден алдына жан салмаған, қара өлеңнен қарақшыдан өткен қастерлі тұлға. Басқасын қойғанда, «Жас қазағының» өзі әлі талай ғасырды бөктерер. 

Сол Ғабең жалғыз емес. Қазақ өр­ке­ние­тінде Ғабеңмен қатар аталатын тағы бір тұлға – Ғабиден Құлахмет! Ол өзін қашанда Екінші Ғабиден деп білетін. Қазақ қарасөзінде, бәлкім, қазақ дү­ни­е­танымында… Бұған қарап Үлкен Ғаби­ден, Кіші Ғабиден деп ажыратуға болар. Тіпті, Бірінші Ғабиден немесе Екінші Ға­би­ден десек те жарасымды.
Қазақта басқа да байрақты Ғабиден­дер жетерлік.
Басқа Ғабидендердің қазақ тарихында қалу-қалмауы неғайбыл. Ал Үлкен Ғабиден мен Кіші Ғабиденнің қазақ тарихында өз орындары бар. Оларды өлтір­мейтін – олардың түзген Сөздері!
Қалай дегенде Сөзде ырғақ, әуен бар. Қалай дегенде Сөз дыбыстан тұрады. Сондықтан да Ғабең Сөздің алтын тамырын қазақ поэзиясынан іздеді. Оның жастық шақтағы ізденісі бақсылық әде­биет­ке алып барды. Бақсылар өздерінің са­рындарымен адам тәнін жазды. Ғаби­ден болса сол үлгіні жоғары ұстады, ол өз өлеңімен халқының шалажансар жатқан рухын тірілтпекші болды. Сондықтан ол алғашқы өлеңімен-ақ елді өзіне жалт қаратты. Оның алғашқы «Көзімнің қара­сы» атты пышақтың қырындай кітабын ел бір-бірінен сұрап алып оқып жатты.
Үймелеп көкке қарайды,
Үкілі басты қамыстар.
Үлпілдетіп жел тарайды,
Үпелектерін шаң ұстар.
Жан-дүниеңізді баурап алатын жолдар осындай-ақ болар. Жетпейтіні сарын ғана, бақсы сарыны.
Шежіре қарттан аумаған,
Шекпенін шешті тау маған.
Ақ сақалынан төгілді,
Ақ моншақтары саулаған.
Дария тасып, сең жүрген,
Сатырлап мұздар бөлінді.
Кіреуке сауыт жер киген,
Шығыршығынан сөгілді.
Батсайы жонды бар өңір,
Шайқасаң күйге толып тұр.
Омырауы иіп ана-өмір,
Ағыл да тегіл болып тұр.
Мынау бір жатқан сурет қой. Табиғи сурет. Тірі сурет. Бұла көктемді Ғабиден­нен бұрын бұлайша суреттеген, кестелеген ақынды мен білмедім. Бұл жерде һәкім Абайды, болмаса мейміл Ілиясты айтып тұрғанымыз жоқ. Олардың көктемі шаранасынан асып жатқан көктем. Олардың көктемі полотнодан түсіп келе жат­қан көктем, суреттен тіріліп келе жат­қан көктем.
Ал Ғабиденнің көктемінен мұрныңа жаңбыр исі келеді, көк исі келеді. Оның кілті – Сөзде, бақсылық сарында.
Ғабиденнің шығармашылығына көз жүгіртіп қарап отырсақ, оның бақсылық соқпақпен шектеліп қалмағанын байқай­мыз. Бақсылық жүлгені ол шамандық бебеуге алып барады. Соңынан Тәңірлік сарынға апарып бір-ақ тірейді.
Жиырма бесте жасын ойнатпай,
Жарқырап жанып қалмассың,
«Отызда орда қиратпай,
Қырықта қамал алмассың».
Жанбадым жалын күткен ем,
Жегідей енді жеймісің.
Жиырма бесімде бітпеген,
Елуде бітер деймісің.
Қайтпайтын маған көктем-ау,
Итеріп тастап кеткені-ау,
Жастықтың жарқын беттері,
Жиырма бесімнің өткені-ау…
Текті поэзияның алтын тамыры осында. Тәңіріде пішім жоқ. Алайда, дүниеде қанша пенде бар, Тәңірінің сонша пішімі бар. Өйткені, ерте ме, кеш пе, пенденің бір ұлы күшті бір мойындауы болады.
Қазіргі айтыс ақындарына көпшіліктің өкпесі қара қазандай. Шынтуайтына келгенде олардың өлеңінде бақсы сарыны жатқан жоқ па?! Сол сарынымен олар тыңдарманын өзіне қаратып алады. Олай болса, олардың бес ауыз бәдік айтып, автокөлік мініп жатса, оның мұнан басқа себебі жоқ. Мінбер ақындарды да осы топқа жатқызуға болады. Алып стадиондарды аузы-мұрнынан шығарып өлең оқы­ғандар бізде де болған. Олжас, Мұх­тар­лар сол қатардан!
Бақсылардың жырлары жын шақыру­дан, бұлт пен жауын шақырудан, арбау жырларынан, дерт көшіру жырларынан тұрады. Қазіргі ақындардың жырларын алыңыз. Олар да шақырып жатады. Рух шақырады. Соның бастауында кешегі Мұқағали, Кеңшілік, Жұматайлар тұрса, бүгінде бұл үдерісті Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Маралтай және бас­қа­лары алты қыр асырып тастады. Осы топтың ішінде, әрине, Ғабең де бар!
Қабаштың басы қарабай,
Қарабай қанат қағады.
Көлшікке қонған жағалай,
Қалың құс қиқу салады.
Ауылдың арты тоған су,
Тоған су толып тасиды.
Төменде думан далам шу,
Төбемде күмбез жасынды.
Алқызыл кілем ай дала,
Айдары нұрға бөленген.
Аспанда,
Жерде,
Сайда да,
Көктемнің жүзін көрем мен.
Оның өз пәлсапасы бар. Ол – жаңару пәлсапасы. Ол – жасампаздық пәл­сапасы. Бар нәрсе бар болады, жоқ нәрсе жоқ болады. Сондықтан да оның жайған жа­пы­рағы сарғаймақ емес. Ол тек көктемді ғана көрді.
Ой-хой, шіркін! Дала төсі кең неткен,
Гүліңменен, жырыңменен кел көк­тем.
Шаттық толы сенің әсем келбетің,
Жас жанымды тебіренткен,
тербеткен.
Сол Ғабеңмен аралас-құраластығым өткен ғасырдың сонау сексенінші жылдарынан басталады.
Ақадыр аудандық газетінде істейтін кезім. Сол кездері аудандарды жарыстырып қоятын. Содан жорналшы ағайындар бірлескен нөмірлер шығарып жататын. Сондай нөмір шығару есебімен Балқаш қаласынан бір-ақ шығайын. Менің баратыным – газеттің жауапты хатшысымын. Жарыстас ауданымыз Тоқырауын ауданы. Балқаштың дәл іргесінде. Соған орай аудандық газеттері Балқаш қаласындағы баспаханада басылады.
Қонақүйіне келсем жеке орын жоқ екен. Дегенмен, екі орынды нөмірге ілік­тім.
Бөлмеге келсем стол үстіндегі вазада гүл шоғы тұр. Басқа нөмірге кіріп кеткем жоқ па деп ойланып қалайын.
Ваза жанында жатқан былғары тыс­ты нән куәлік көзіме оттай басылсын. КСРО Жазушылар одағы мүшесінің куәлі­гі. Ашып қалсам, Ғабеңнің аты-жөні жазылыпты. Қуанып кеттім. Ғабиденнің аты шығып жүрген кезі. Өзіммен шамалас. Өлең оқитын болдық деп қоям. Содан тілдей қағазға амандығымды білдіріп, шаруа қамымен баспаханаға кеттім. Түстен кейін келсем, стол үстінде Ғабиден­нің «Көзімнің қарасы» деген кітабы жатыр. Ашып қалсам, қолтаңбасы тұр. Әуел­де біреуге жазыпты. Одан ақ қағаз жапсырыпты. «Бірінші Төреханға екінші Ғаби­деннен. Біреуіміз Олимптен көрі­нейік. 14.06.1982. Көктеңіз», – депті. Ол да тілдей қағаз тастапты. Ешқайда кетпей тос деп. Жұмысбастымын. Тоса алмадым. Кешкі сағат сегізде бөлмеме келейін. Ешкім жоқ. Енді тосуға болады.
Ол да мені сыртымнан таниды екен. Ме­ні тәнті еткені оның қазақша көріскені. Жатсыну, жатырқау дегенді білмейді.
– Шерді іздеп келдім. Көктеңіздің қамысында болмағанда қайда болады? – деп қояды.
Кейін білсем роман жазбақшы екен. Шер туралы. Мұнысы менің ақылыма сыймайды. Дүрілдеп тұрған ақын. Оның үстіне әлі отызға толмаған.
Келер сәт ол өлең оқып тұр еді. Сол күйі бес-алты өлең оқып тастады. Бір өлеңі екіншісінен асады.
Ендігі кезек менікі еді. Мен қысы­лайын. Өлең жазбағаныма бес-алты жылдың жүзі болған.
– Дәмдісін ғана оқы. Мысалы, «Кез­құйрық»…
Қарағандыда Серік Жүсіпов деген ақын болған. Сол ақын Иосип Мандельштамша оқушы еді. Керек жерінде сыбырлап, керек жерінде созып, керек же­рінде екпін салып «Кезқұйрығымды», «Құралай айымды», «Тамызымды» оқып шықтым.
– Керемет. Өлеңің де… Өлең оқысың да… – деп қояды.
Сөйтіп тұрғанымызда екі-үш жігіт кіріп келді. Біреуі өзіммен адас. Музей қызметкері екен. Екіншісі Қоңырат кенішіндегі аурухананың оташысы дейді. Үшіншісі де ақын жігіт болып шықты.
Қоңыратта оташы жігіттің үйінде бол­дық. Түні бойы өлең оқыдық. Бір әдемі кеш болды. Түн ауа қайтатын болдық.
Түнгі Балқашты қызықтаймын деген соң қонақүйге жетпей түсіп қалдық. Жаяулап келеміз. Өлең оқып келеміз.
Алдымызда бес-алты жігіт тұрған. Қазақ жігіттері. Солар тап берсін. «Мұ­рын­­дарыңды шүйіресіңдер» деп. Ара-ара­сында намдя деп қояды. Кейін білсек жі­гіт­сіңдер ме дегендері екен. Сөйтсек қазақ емес, кәріс жігіттері екен. Ға­би­деннің олармен жұмысы болса, кәне?
– Мы Богы, мы Поэты…– деп қояды.
Төбелессіз тарамайтынымыз белгілі болды. Біз екеу де, олар алтау. Орыс ішін­де өскендіктен төбелестің талайын көр­ген­­біз. Сол өнерімді көрсетудің реті ке­л­ген еді.
– Қорықпа, – дедім Ғабиденге, – мен қазақша күрестен спорт шеберімін, арқа тіресіп төбелесеміз..
– Шерміз… – деді Ғабиден.
Сонымен төбелес басталып кетсін. Олар жұдырығын ала жүгіреді. Қары ілік­кен бетте қырқа шалып аспанға атамыз. Бір қарасам Ғабиден біреуін жата қап лақ­тырсын. Әлгілері солай жатып қалды. Содан бізге қайтып беттемеді.
Қайтып келеміз. Екеуіміз ақ костюм-шалбарлы едік. Енді түстеуге келмейтін болды.
– Химчистка аман болсын…
Кейін білсем Ғабиден шынымен қазақ күресінен спорт шебері екен. Мен болсам көңіл үшін айта салған едім. Спорт шеберімін деп. Кейін Ғабең «Бал­қаш­­тық гладиатор» деген әңгіме де жазды. Соның прототипі мен едім.
Сол Көктеңіз сапары Ғабиден шығар­ма­­шылығында қалды. «Үйірі жоқ көкжал» деген роман жазды.
– Қасқырда үйір болмайды, әуек болады, – дедім.
Қатты өкініп қалды. Кітап шығып кетті ғой деп. Келер кітабымды саған оқытам деген.
Одан кейін де араласып тұрдық. Қа­ра­ғандыға ауысқаннан кейін жиі кезде­сетін болдық. Өйткені, белгілі қаламгер Мағауия Сембаймен бірге оқыған. Жақсы достар екен.
Сол Ғабең дүниеден озғанда Шығыс­тан аңырап Серік Байхон, Орталықтан аңырап Мағауия екеуіміз бардық. Соңғы мейрамсуын ішкіздік. Мен сүйегіне түстім. Сол нұры бетінен таймаған күйі кетті.
Шолоховтың өз Вешенская станицасы болды. Біраз дүниелерін сонда жатып берді. Ғабеңнің станицасы Шолпаны еді.
Ауылдың маңы баурайы белі,
Жамырай өскен тал-қайың еді.
Бұрымды қалқа бойжетті дейді,
Тұлымы желбіреген бала қыз еді…
Сол үзілген жырды Ғабеңнің досы Ұлықбектің шер толы жыр жолдарымен жалғап едім:
Сағынышпен сенделтіп мың сан ағын,
Өкініштен ішем де жыр шарабын,
Шолпан деген ауылды есіме алып,
Шолпан жұлдыз,
Өзіңе мұң шағамын…
Сол Шолпан ауылы бір жеті қара жа­мыл­ды. Оның қонағасындағы ел ырғын болды. Бәрі де кеуделеріне рух киесін қондырған қарапайым жандар еді.
Менің ойыма Ғабеңнің кейіпкерлері оралған.
Шешен емес аузыменен құс тістеген,
Батыр емес ғажап ерлік істеген.
Күнде көрер кәдуілгі кісі бұл,
Тәулік бойы трактордан түспеген.
Дана емес дара шыққан мыңнан бір
Оған үйір емес атақ, шу дабыр,
Шәкен дейтін, Шәке дейтін жан сирек,
Көп ауылда жүретін жай бірігәдір…
Сол бірігәдірлер Ғабеңмен қимай-қимай қоштасты.
Ол өзі айтқандай шер еді. Аман-есен жүргенде екінің бірі келіп жатқан алпыс жасын көрер еді. Мұны неге айтып отырмын.
Отыз жасында жазамын деген «Шерін» жазды ма екен?..

Төрехан МАЙБАС,
жазушы.

Қарағанды.


ҚЫЗЫЛ БӨРІ
Ғабиден Құлахметке

Тұрсаң солай болмас па төріме кеп,
Нені сідет етейін, нені медет.
Ұлып-ұлып қоямын көкке қарап,
Қызыл айды қып-қызыл бөрі ме деп?!

Қызыл қасқыр еді ол, қызыл бөрі –
Бөлтірігі мен едім ізіндегі.
Мәрт мінезін кетті ол маған беріп,
Серт секілді семсердің жүзіндегі.

Бөрілігің үшін де тақты кінә,
Күйе жағып, күл шашып ақтығыңа.
Иттер сеніп үрсе, егер, иесіне,
Сен Тәңірдің иландың хақтығына.

Жалғыз жүрдің сүрлеу сап иір-иір,
Ғұмыр кештің шет қонып, қиыр-қиыр.
Жазылмапты алайда маңдайыңа,
Қорқаулардай топ құрау үйір-үйір.

Арман деген таусылмас пендеде көп,
Сенде де жоқ сол үйір, менде де жоқ.
Шәуілдесе шұбырған шибөрілер,
Өте шықтың қасынан көрмеген боп.

«Еу» десін бе, білмеймін «беу» десін бе,
Қалар бәрі уақыттың зердесінде.
Сен де кеттің жалғаннан
Қорқаулардың
Дәретіңді сындырып кеудесіне.

Қызыл қасқыр сен едің, қызыл бөрі
Бөлтірігің мен едім ізіңдегі…

Маралтай.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір