1916 ЖЫЛҒЫ ҚАРҚАРА КӨТЕРІЛІСІ ЖӘНЕ «ҚИЛЫ ЗАМАН» ПОВЕСІ
12.07.2019
3398
0

Тұрдақын ЖЕКСЕНБАЙ,
жазушы, публицист, Халықаралық
«Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты

Ұлы Мұхаңның – Мұхтар Әуезовтің әйгілі «Қилы заман» повесі тұңғыш рет сонау 1928 жылы, сол кездегі астанамыз Қызылорда қаласында төте жазуымен басылып шыққаны белгілі. Мен 3000 дана таралыммен жарық көрген 176 беттік сол кітапты осы мақаланы жазу мақсатымен қайта бір қарап шықтым.

Кітаптың беташар бетіне ірі әріптермен «Қилы заман» деген шығарма аты, оның астына кішілеу әріптермен «Тарихи повесть (ұзын әңгіме)» деген шығарма жанры, ал оның астына «1916 жылғы Албан көтерілісінен» деген түсініктеме жазылыпты.
Мен осындағы «Албан көтерілісінен» деген сөз тіркесінің грамматикалық мағынасына назар аударып қалдым. Автор «Албан көтерілісі», – деп атау септігімен айтпай, не үшін «Албан көтерілісінен», – деп шығыс септігімен айтты екен деген ой келді. Мұхаң осы түсініктеме арқылы «Қилы заман» тарихи повесі «1916 жылғы Албан көтерілісін» басынан аяғына дейін түгелімен қамтымайды, оның белгілі бір кезеңін ғана бейнелейді» деген ойды меңзеп тұрғандай болды.
Осыған толық көз жеткізу үшін 11 тараудан тұратын «Қилы заман» повесін бастан-аяқ қайта бір қарап шығуға тура келді. «Белгілі 1916 жылдың жазы еді», – деп басталатын бірінші тарау қалың Албан­ның ертегідегідей ерекше көрікті жайлаулары, құмырсқаның илеуіндей құжынаған Қарқара жәрмеңкесі, ондағы «Ақжелке» аталып кеткен ұлық бастаған жемқор-жебірлер туралы айта келіп, патшаның аты шулы 25 маусым жарлығын Ақжелкенің болыс-билерге жариялауымен аяқталады екен. Екінші тарау: «Кешегі күн болыстар ай­тып келген хабар ел ішін ұйқы-тұйқы қылды. Бүгін июльдің сегізі», – деп басталыпты. Одан кейін Жәмеңке, Ұзақ бастаған ел басшылары мен бірқатар болыс-билердің Ұзақ батыр ауылындағы оңаша кеңесуі, «бала бермеуге», күшпен алмақ болса, қарулы қарсылық көрсетуге баталасуы, оның арты ауыр болатыны, оған елдің дайын болу керектігі айтылады. Бұдан кейінгі тарауларда Жетісудағы 16 болыс Албан ата бала­сы­ның Айттөбедегі (Ереуілтөбе) үлкен жиыны, бүкіл елдің: «бала бермейміз», – деп патша жарлығын мансұқ етуі, оны жәрмеңке басындағы ұлыққа барып үзілді-кесілді айтып, патша үкіметімен ат кекілін кесісуі, екі жақтың екі аптадай астыртын аңдысуы, бірінің жазалауға дайындығы, екінші жағының қорғануға қамдануы, көтеріліс басшыларының жаппай тұтқындалып, Қарақолға айдалуы, Асы жайлауындағы «Қызылбөрік ісі», Қарақол түрмесінде көтеріліс басшыларын тергеу, Жәмеңкеге у беру, түрмедегі қырғын, тағы басқалар баяндалыпты. Ең соңғы он бірінші тарау түрмедегі қырғынды естіген халықтың орта­сы­на жай түскендей болып шошынуын, «Қанға – қан, жанға – жан» деп кек алуға, өлтіру, өртеу, қиратуға көтерілуін, Қарқара жәрмеңкесіндегі соғысты, онда­ғы Кравченконың жәрмеңкені өртеп, Прже­вальскіге (Қарақолға) қашып кетуін, жасақ­шылардың өртке оранған жәрмеңкені алуын айта келіп, «Сонымен, өмір бойы дұшпан ниетімен келген ескі жәрмеңке үлкен өрттің құшағына кіріп, қара түтіннің астында түншығып, бықсып, жоғалып бара жатқан шақта, қалың Албанның елі де Қытайға қарай бет түзеді», – деп аяқталыпты. Міне, «Қилы заман» мазмұнының А-дан Я-ға дейінгі жалпы сұлбасы осындай.
Мұрағат құжаттары мен естеліктерден Қар­қара жәрмеңкесіндегі алғашқы «жазалаушы» отряд бастығы Крав­чен­коның жәр­мең­­кені өртеп Қара­қолға қашуы, көте­рілісшілердің өртеніп жатқан жәрмеңкені келіп алуы 1916 жылдың 14 (15) тамыз күні екені белгілі. Сөйтіп, «Қилы заман» повесінің мазмұнынан оның Жетісудағы 1916 жылғы Қарқара-Албан көтерілісінің 7 шілдеден 14 (15) тамызға дейінгі бір ай, бір аптадай уақытын бейнелегенін көреміз. Мұхаңның «Қилы заман» тарихи повесінің 1928 жылғы тұңғыш басылымына «1916 жылғы Албан көтерілісінен», – деп түсініктеме жазуының мәнісі осы болса керек.
Жетісудағы Қарқара–Албан көтерілісінің «Қилы заман» бейнелеген бұл кезеңі халық­тың бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығара жұдырықтай жұмылған бірлігі мен елдігін көрсеткен; алдағы тағдыры ауыр боларын біле тұра, патша жарлығын мансұқ етіп, бала бермеуге, күшпен алмақ болса, қарулы қарсылық көрсетуге бел буған ерлігін көрсеткен кезең еді. Бұратана халықтарға «қабілетсіз, қараңғы, надан» деп қарап, оларды қорлайтын қара дүрсін жарлық шығарған патша үкіметін қатты састырып, бұратаналарға көзін ашып қарауға мәжбүр еткен қаһарлы кезең еді. Асы жайлауында халыққа әкіреңдеп, мылтық атқан уезд бастығының орынбасарын солдаттарымен бірге аттан аударып, қару-жарақтарын тартып алып, жаяу қуып жіберген; патша үкіметіне қолшоқпар болып, көтеріліске қарсы оқ атқан казак-орыс кенттерін талқандап, Темірлік, Талдыбұлақ, Жалаңаш сияқты почта-телеграф станцияларын қаратқан; Мұхаңның сөзімен айтқанда: «Баяғы заманнан бері Албан жайлауын обырдай обып, тәтті-дәмдісін сіміріп жұтып, жонданып тұрған», озбырлық пен өктемдіктің, пәлеқорлық пен парақорлықтың ұясы болған Қарқара жәрмеңкесінің шаңырағын ортасына түсірген; осылайша Шелек өзенінен Қытай шекарасына дейінгі Іле дариясының сол жағындағы ұлан-ғайыр жерден патша билігін құлатқан жеңісті кезең еді.
Ұлы жазушы өзі айтқан «1916 жылғы Албан көтерілісінің» дәл осы кезеңінің көркем шежіресін жасау арқылы-ақ көтеріліске себеп болған отарлық езгінің әбден шегіне жеткенін, патша билігінің озбырлығы мен қатыгез хайуандық әрекетін, халықтың отарлаушыға қарсы жанкешті күресін, жа­уына бас имейтін ұлттық рухын, тәуелсіздік жолындағы құрбаны көп азапты тағдырын көрсетті. 1916 жылғы Қарқара-Албан көте­рілісіне, оның басшылары – Жәмеңке, Ұзақ, Серікбай және басқа батырларға, көтерілістің барша құрбандарына өлмейтін, өшпейтін ескерткіш орнатты. Мұхаң 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілісі туралы, оның ішінде Қарқара-Албан көтерілісі туралы кейінгі ұрпаққа айтып беретін тарихи көркем шежіре қалдырды. Сонымен қатар ол біреуге тәуелді, кіріптар болмау үшін қараңғы, мешеу болма, артта қалма, заманыңның алдыңғы қатарында бол, бірлікті бол, білімді, ақылды бол, жан-жақты күшті бол деген өсиет те қалдырғандай.

* * *

Қазақ тарихында орыны бөлек 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің, оның ішінде Қарқара-Албан көтерілісінің де 1917 жылғы патшаны тақтан құлатқан Ақпан төңкерісіне барып ұласқаны белгілі. Сонда «1916 жылғы Албан көтерілісінің» «Қилы заманнан» кейін, Мұхаңның қаламы тимеген 6 айдан астам уақыты жатыр.
Енді «осы уақыт ішінде Жетісу көтерілісі, оның басты ошағы болған Қарқара-Албан көтерілісі қалай өрбіді? Оған қарсы патша үкіметі қандай шаралар қолданды? Көтерілістің, көтерілісші халықтың кейінгі тағдыры не болды?» деген заңды сұрақтар туады. Бұл сұрақтарға жауап беретін жайттар мемлекет және қоғам қайраткері, жазушы Сәйдәлім Тәнекеевтің «1916. Қарқара-Албан көтерілісі» деген кітабы мен жазушы, Әуезовтанушы ғалым, профессор Тұрсын Жұртбайдың «Бейуақ» атты монографиясында, сондай-ақ Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын-драматург Нұрлан Оразалиннің «Қырғын» пьесасы мен Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы Бексұлтан Нұржекеұлының «Әй, дүние-ай» романында мұрағат құжаттары және өз ізденістері негізінде жақсы айтылған.
Біз де сол мұрағат құжаттарына және басқа мәліметтер мен Қытай деректеріне сүйене отырып, жаңағы сұрақтарға жауап болатын жайттарды қысқаша айта кетуді жөн көрдік. Өйткені ол «1916 жылғы Албан көтерілісі» мен «Қилы заман» повесінің арасына «теңдік» белгісін қоймау үшін, аталмыш көтеріліс туралы тарихи шындықтан соңына дейін хабардар ету үшін, отаршыл патша үкіметінің шовинистік, геноцидтік саясатын бүгінгі күн тұрғысынан әшкерелеу үшін қажет болып отыр.
14 (15) тамызда Қарқара жәрмеңкесін қиратып, енді Пржевальск (Қарақол) қаласын алуға аттанған жасақтар мен Жетісудың басқа да қазақ, қырғыз, дүнген көтерілісшілері бұдан кейін де бір айдай уақыт патша үкіметінің «жазалаушы» әскеріне дес бере қойған жоқ. Қазақ, қырғыз жасақтары 12 тамыздағы қанды қырғынның қасапханасы болған Пржевальск түрмесін талқандап, қаланың өзін бір айға жуық қоршауда ұстады.
Жетісу облысының губернаторы тамыз­дың 16-сы күні Ташкенттегі өлке генерал-губернаторына «Қазақтардың тірі жаны қалмай көтеріліске шықты. Охотничьеге (Нарынқолға) дейінгі кенттер түгел тас-талқан болды», – деген үрейлі хабар жіберді. Расында Қарақол түрмесі мен Қайқының жолындағы қырғынды естіп ашынған қазақ жасақтары Қарқара жәрмеңкесіндегі Кравченконың «жазалаушы» отрядына қолшоқпар болған казак-орыс кенттерін тас-талқан етіп, Қытаймен шекарада тұрған Нарынқол кенті ғана пристав Достополовтың қолында қалған еді.
Тамыздың 20-сы күні сол Достополов Жаркент уезінің бастығы мен Жетісу облысының губернаторына: «Көтерілісшілердің бір тобы әскерге даярлаған 50 мың қойды тартып алып, Қытай шекарасынан өтіп кетті», – деп жеделхат жолдады.
Шу өзенінен Түргенге дейінгі 17–18 болыстың қазақтары да майданның қара жұмысына «бала бермейміз» деп патша үкіметіне бағынбай кетті.
Көп жерде биліктен айырылып, халы мүшкіл болған Жетісу облысының губернаторы Фольбаум тамыздың 26-сы күні: «Балқаш өңіріне 2000-дай көтерілісші топтасып алды», – деп; тамыздың 30-ы күні: «Шамалғанның Алатау өңіріне 5000-дай атты жасақ жиналып, қауіп төндіріп тұр», – деп; ал қыркүйектің 9-ында: «Сыртта көтерілісшілер саны 60 мың адамға жетті. …Текес өңіріне 20 болыстың көтерілісшілері жиналды», – деп, жоғарыға үрейлене хабар жеткізіп, көмек сұрап жатты.
Міне, осылайша Қарқара жәрмеңкесіне шабуыл басталған 11 тамыздан бастап қыркүйектің орта шеніне дейін Ыстықкөл алқабы, Шу өзенінен Қытай шекарасына дейінгі Іле дариясының оңтүстік жағы негізінен алғанда патша үкіметінің шеңгелінен шығып қалды. Облыс губернаторы бұл өңірде облыс орталығы Алматы мен уезд орталығы Жаркентке және басқа бірнеше кентке ғана ие болып отырды.
Міне, осы жағдайлар және одан да бұрынғы патша жарлығына қарсы оқиғалар сатылай отырып Петербургтегі орталық үкіметке, патшаның өзіне де жетіп жатқан. Патша үкіметі Жетісу, Сырдария, Ферғана (Тәжікстан кіреді), Самарқан, Закаспий (Түрікменстан кіреді) облыстары қарайтын Түркістан өлкесіне, оның ішінде әсіресе Аягөз, Қапал, Лепсі, Жаркент, Пржевальск (Қарақол), Верный (Алматы), Пішпек уездері қарайтын, Қытаймен шекарада жатқан Жетісу облысына айрықша көңіл бөлді.
Орталық үкімет Түркістан өлкесіндегі жағдайды талдай келіп, көтерілістің аса қауіпті өңірі – Жетісу облысы деп тауып, ондағы көтерілісті тез арада қанға бояп, басудың стратегиялық жоспарын жасады. Ол жоспарда облысты барлық жағынан қоршап алып, көтерілісті тез тұншықтыру; ол үшін күшті қаруланған ерекше «жазалау» отрядтарын жіберу; көтерілісшілердің Қытайға өтіп, құтылып кетуіне жол бермеу; казак-орыстар мен қоныстанушы мұжықтарды мобилизациялап, қаруландырып, оларды көтерілісші бұратаналарды қырып-жою мен талап-тонауға барынша пайдалану; бұратаналардың болыс-би, бай, молда және басқа беделді адамдарын майданның қара жұмысына алудан босатып, өз іштерінен бір-бірімен қырқыстыру; көтерілісті жаншып басқаннан кейін Жетісудың байлығы мол, көрікті жерлерін бұратаналардан тазартып, тек қана орыстар тұратын мекенге айналдыру және басқалар көрсетілді.

(Жалғасы бар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір