ЛАТЫН: Көсемше жұрнақтарының жаңа емледегі жазылу тәртібі
12.07.2019
992
0

Редакциядан: Біз қазір біртіндеп латын қаріпіне көшудің қамында отырған елміз. Жазу, әрине, бір күнде жасала салатын төңкеріс емес, сондықтан оған байыппен барлап бару керек. Нақтырақ айтсақ, латынға асықпай өтуіміз керек. Өйткені бұл жерде ұлттың – жаны – тіл мәселесінің тағдыры безбенге тартылмақ. Газетіміздің тұрақты авторы, тілші ғалым – Бижомарт Қапалбектің мақаласын да осы орайда оқырман назарына ұсынып отырмыз.

Тоқсан тексеру мен сексен сараптамадан өтіп, үкімет отырысында мақұлданған емле ере­желерінің кейбір тұстары әлі де қайта қарауды қажет етеді. Мәселен, «ıіy», «ıi» әріп тіркестеріне аяқталған етістікке көсемшенің і(-й) жұрнағы жалғанғанда, екі «ıіі» әрпі қатар жазылады: baıy – baııdy, keıi – keııdi, moıy – moııdy», – деген параграф қазақ тілі мамандарына түсініксіз. Ол әріптер (й) неге қатар жазылуы керек? Түбір етістіктің соңғы дыбысы қайда жоғалып кетті? Сонда баййды дегенде үш дауыссыз дыбыс қатар тұра ма? Әлде қатар тұрған екі й-дың бірі дауысты болады деп бұрынғыдай өзімізді алдаймыз ба? Неге байы, кейі, мойы – деген түбірлердің соңғы дыбыстары көсемшенің -п жұрнағы жалғанғанда толық сақталады (байы+п, кейі+п, мойы+п) да, ал -й жұрнағы жалғанғанда түбірдің соңғы дыбысын ит жеп кетеді? Көсемшенің -й, -п жұрнақтары түбірдің жуан-жіңішкелігіне қарамастан кез келген дауысты дыбысқа аяқталған түбір етістікке талғамай жалғанады емес пе? Неге бірінде олай, бірінде былай жазу керек деген жасанды норма қойып отырмыз? Бұл қалай? Сұрақ көп. Алдымен көсемше жұрнақтарының жалғану тәртібіне назар аударайық.
Көсемше жұрнақтары

Жалғану тәртібі

-а,-е
-й -ып, -іп
-п

Дауыссыздан соң
(жуан түбір)
Той+а Той+ып

Дауыссыздан соң
(жіңішке түбір)
Сүй+е Сүй+іп

Дауыстыдан соң
Байы+й
Кейі+й Байы+п
Кейі+п

Бұл қазақ тілінің өзіндік ерекшелігі. Қосым­шалар бір-біріне жалғанғанда дыбыстық өзгерістерге ұшырап кетпейді. Қосымшалардың әрқайсысы негізінен бір ғана грамматикалық мағына білдіре отырып, бірінің соңынан бірі қатаң реттік тәртіппен жалғанады, бірақ олардың ара-жігі айқын көрініп тұрады. Қандай қатаң тәртіп, қандай жетілген жүйе. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы өткен ғасырдың жиырмасыншы жылдары Бакуде өткен Түркілердің алғашқы съезінде мүйізі қарағайдай орыс тіл білімі мамандарының алдында олардың әліпбиін, әліпби жасаудағы ұстанған принциптерін, жалпы тілінің жүйесін сынай келе, былай дейді: «Я хорошо знаю из наших языков киргизский и казакский. Эти языки – самые стройные. Здесь звуковые законы очень строги, каждый звук в конце слова дает такую же реакцию, какую дает химический элемент. Это самый совершенный, самый стройный язык». Кестеге қайта қараңызшы. Қазақ тіліндегі көсемше жұрнақтары да тіліміздегі басқа қосымшалар сияқты осы темірдей қатаң тәртіпке бағынады. Тілдің осы табиғи жүйесін кириль әрпіне ыңғайлап емле түзушілер кезінде қолдан бұзды. Той, тай, сүй, күй және т.б. й дыбысына аяқталатын етістіктердің атау тұлғасын тою (той+у), таю (тай+у), сүю (сүй+у), күю (күй+у) түрінде таңбалау керектігін жазу нормасы етіп енгізді және олардың көсемше тұлғасын тоя бастады, қоя салды деп я әрпімен жазуды міндеттеді.
Тілдің жүйесі өте қатаң, оны қолдан бұзу мүмкін емес. Мәселен, кезінде й дыбысына аяқталатын етістіктің жіңішке түбірлері көсемше тұлғасында я әріпін қабылдамады. Қой ̶ қоя берді дегендегі қазақ сөзіне я-ны сіңіру әдісі, сүй – сүйе берді дегенде өтпей, жарамай қалды. Тіліміз я әрпін дыбыстың жіңішке таңбасы ретінде қабылдамады. О баста бұл таңба орыс тілінде а дыбысының жіңішке қолданысын белгілеуге алынғанымен, біздің тілдің жүйесіне жіңішке дыбыстың таңбасы ретінде үйлеспеді. Өйткені біздегі көсемше етістік жіңішке е дыбысымен тұлғаланады. Салыстырыңыз: қо+я берді, сүй+е берді. Бір жұрнақтың жуан, жіңішке нұсқаларын екі түрлі таңбалауға болмайтынын біле тұра, қазақ сөзінің ішіне я, ю әріптерін зорлап кіргізу үшін кезінде үнемдеуді сылтау етіп, тілдің табиғи жүйесін күштеп бұзып, жазуда осындай жасанды ережелер жасадық…

Бижомарт ҚАПАЛБЕК

(Толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір