Ауылдың айтқыштары
12.07.2019
1637
0

Берікбай Қадықов

Ертегілерде «бойы бір қарыс, сақалы қырық қарыс» деп жататындай, тапалтақ бойлы болғанымен, ұшқыр ойлы қаламгер, Журналистер одағының мүшесі Берікбай Қадықовтың өзі қызмет істеген өңір жұртшылығы арасынан жиған-терген қағытпа-қалжыңдары мол. Бір белеске қадам басқан қалам иесінің Журналис­тер мерекесі қарсаңында әзіл «дорбасының» аузын ағытқандай болдық.

«Менің жетпіске жеткеніме рақмет!»

1966 жылы Көктеректің көк жазығында Жаз-атаның 70 жасқа толу мерейтойы республикалық деңгейде аталып өтеді. Киіз үй тігіліп, бәйге ұйымдастырылады, концерт қойылады, әйтеуір, небір қызық-тамаша болады. Жиын соңына қарай, нағыз істің адамы Жазекеңе сөз берілмей ме. Сонда ол кісі: «Айналайындар, сендердің келгендеріңе, менің жетпіске жеткеніме рахмет!» – деген екен.

«Біз – үш Ильич»

Кешегі кеңестік кезеңде осы ауданда аты шарықтап шыққан шаруашылықтың бірі «Көктерек» қой совхозы еді. Оны көп жыл бойы іскер, ұйымдастырушылық қабілеті зор марқұм Дәрмен Құндызбеков байыпты басқарды. Бір қызығы, кеңсе маңындағы маң-маң басып жүретіндер (бас мамандар дегеніміз ғой) әртүрлі ұлт өкілдерінен тұратын. Мәселен, бас бухгалтер неміс – Тобс Андреевич Карстен, бас экономист грек Константин Герантиди, бас зоотехник татар – Исмайл Батров, бас инженер неміс – Эдуард Сихвардт, бас прораб күрд – Асан Асанов… деп жалғасып кете барады.
Сол тұста совхоз орталығы орналасқан «Бірлік» ауылы адамдары арасында: «Дүйім дүниеде үш мықты Ильич бар екен – Владимир Ильич (Ленин), Леонид Ильич (Брежнев) және Асан Ильич !» деген сөз таралып кетіпті. Бұл шаруашылықта бірге істейтіндердің Асан Асановтың іскерлігіне деген ризашылық қалжыңдары еді. Осы «әзіл» құлағына әбден сіңісті болып кеткендіктен болар, кейде Асекеңнің өзі де әңгімені «Біз – үш Ильичпіз…» – деп бастап кеп жіберетінін байқамай да қалады екен.

«Дәу болсам, соғымға сойып жейін деп пе едің?»

Мойынқұмдағы №2006 жылжымалы-механикаландырылған колоннаны ұзақ уақыт Иван Готфридович Экгард басқарды. Марқұм өте ірі денелі әрі төбесімен көкті тірерліктей деуге келетін ұзын бойлы азамат еді. Кезінде Айтекең, Айтбай Назарбековпен (ауданды 20 жыл басқарған) бірге қос жұлдызы жарқыраған Жаз-атаны, Жазылбек Қуанышбаевты алға салып, соның арқасында кез келген министрге емін-еркін кіретін, іскер де болатын.
О кездегі Мойынқұмдағы құрылыстың қарқыны керемет еді-ау… Ана ауылда мектеп, мына ауылда балабақша, тағы бір жерде Мәдениет үйі салынып жататын. Бәрі де, негізінен, №2006 ПМК-ның күшімен ат­қарылатын. Осы материалдық базасы мықты, өте қуатты құрылыс мекемесінің бөлімше нысандары Ресейде де, тіпті, Сібірде де (жеке ағаш дайындау учаскесі де) бар еді. Бұл ПМК-ның Алматыдағы атақты «Арасан» моншасы құрылысына да қатысқаны белгілі.
Кеңес өкіметі келмеске кеткеннен кейін ел-елдің арасындағы қашаннан қатып қалған тоң да жібіп, алыс-беріс те, барыс-келіс те түзелді. Қазақстандық немістер тарихи Отандарына үдере көшті ғой. Иван Готфридович те отбасымен бірге еліне бет түзеген.
Бірде ол әйелі Валентинамен қолтық­тасып, көшеге серуендеуге шығады. Арт жақтарында тағы бір ерлі-зайыпты келе жатса керек. Сонда әлгілердің еркегі дауыстап: «Әй, мына иттің дәуін-ай!» – депті әйеліне. Мұны естіген Иван кілт тоқтаған күйі бұрыла қарап: «Немене, дәу болсам, соғымға сойып жейін деп пе едің?!» – деген екен.
Ең қызығы, Германияның қақ ортасында олар қазақша сөйлескен ғой! Өйткені екі отбасы да еліне Қазақстаннан оралған немкеңдер болып шығады… Иван Готфридович дүниеден өткен соң, Отто деген баласы Мойынқұмға арнайы келіп, ПМК-ның асханасына қарияларды жинап, ас берген еді. Мына әңгіменің желісі сол жерде айтылған-ды…

(Толық нұсқасын газеттің №28 (3662) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір