Ел мен елес
24.10.2015
2282
0

Жолтай-257x300

Жолтай ӘЛМАШҰЛЫ

 

(мінездер миниатюрасы)


Интернационал-адам

Инербай өзін интернационал-адам са­найды. Неге дейсіз бе? О-о, оның құ­пиясы көп. Бірақ сіз ойлағандай интернационал емес, оныкі мүлде басқа.
Осы күні Инербайды көшеде ұшырас­тыр­ған қай танысы да амандасып болып:
– Кеше кешке қай халықпен достас­тың? – деп сұрап жатушы еді.
Бұндай сауалға Инербай еш мүдірмей­ді. Жауабы да әзір.
Қысқасы, Инербай-интернационал­дың кім екенін сіздерге асықпай баяндап берейін.

* * *

Өзі жас кезінен-ақ тамақсау болып өскен жігіт. Айтуына қарағанда, ешқашан тамаққа тойып көрмепті. Ашқарақ деуге аузың бармайды, алайда тәбеті өте мық­ты екені бала кезден байқалған. Онысын бертінде өзіміз де талай рет көр­генбіз. Әртүрлі басқосуларда, кейбір отырыстарда дастархан жаю әдетіміз бар емес пе! Сондай кезде Инербайдың құдайы берді дей беріңіз. Дастархандағы соңғы дәм желініп біткенше орнынан тұрмайды-ақ, сабазың!
Бір жолы ол маған былай деді:
– Маған дәрігерлер айтты, күнбе-күн әртүрлі ас жеп үйреніңіз…
– Олай етпесем не болады! – деп сұрадым дәрігерден. Сонда дәрігер айтты:
– Ауру табасыз… Денсаулығыңызды құртасыз…
Қорқып кеттім. Қорыққаным сол, үйге келе сала қатыныма:
– Бұдан былай маған күнбе-күн әртүрлі ас әзірлейтін бол, – дедім. Әйелім байқұс не десін, құп көрді. Міне, содан бері қарай әртүрлі тамақпен қоректенуді әдетке айналдырдым.
Мен қызық көріп:
– Ал, ендеше күнбе-күн жейтін дәмнің тізімін білуге бола ма? – дегем.
Ол саусақ бүгіп, санамалап, ұзақ-қ айтып отырып алды. Тыңдап көрсем, жемейтін тамағы жоқ.
– Әуелі ет жеймін. Бұл – қазақтың ең үлкен асы. Сосын палау жеймін, ол – өз­бек­тердің негізгі асы. Одан соң – лағ­ман… Одан кейін – манты… Тағы бірде – бифштекс… Котлет, шашлык, дымлама…
Шұбыртып ала жөнелгенде, өзім де ау­зым­ды ашып қалыппын. Инербай тоқтар емес.
– Қысқасы, – дейді ол. – Әртүрлі ел­дердің тамағын жей отырып, өзім де интернационал болып барамын. Мен үшін осы күні орыс та, кәріс те, қытай да, француз да, жапон да, неміс те… бәрі жат ем­ес. Өйткені, олардың ең сүйікті асымен мен де тамақтанып келемін.
– Басқа ұлттарды олардың дәмі арқылы сыйлай бастаған екенсің-ау, – деймін әзіл араластыра. – Өте құптарлық іс екен.
– Енді ше! – деді Инербай. – Енді қа­лай! Дәм-тұзы бізге де ұнап жатса, ондай ұлттарды неге жек көруім керек? Жо-жоқ, достар, сендер қателеспеңдер, адам­дарды ең алдымен жақын­дас­тыратын – ол дәм-тұз!
– Е, оған сөз бар ма!
– Тағы да айтам: сол халықтың тама­ғын сүйсіне жеп отырып, өздері туралы былапыт сөз айтуға бола ма? Біз солай ететін болсақ – онда шын топаспыз…

* * *

Инербай біздің бәрімізді де ойландырып тастады.
Оның интернационалдық ойларына дау айту да қиын. Не деп дауласарсың? Қай сөзінен мін табарсың?
Ойламаған жерден ол интернационал­дық достық тақырыбын тауып берді.
Соңғы кездегі мен де алдыма келген асқа қарап алып:
– Әй, осы қай елдің дәм-тұзы еді? – деп ойлап қоятын болдым.

* * *

Ел айтады: «Ас – адамның арқауы».
Елес айтады: «Ұлтыңды ұмытатын жалғыз сәт – қатты ашығып келіп, ас жеу…».

Шаштың қадірі

Бүгін күн жексенбі болғандықтан, жұмыстан қолы босаған Құдақұл аяңдап басып, үйінің дәл түбіндегі шаштаразға келіп кірді. Мұнда кірмегелі қаншама уақыт! Кіріп қайтеді, басында шаш дейтін шаш жоқ, төбесіне күн шағылысатын жалтырбас, тек самай тұсында ғана екі уыс шаш. Туғаннан осылай деймісіз, жо-жоқ, студент кезінде толқынды қара шашы болушы еді, жасы отыздан асар-аспаста өзінен-өзі түсе бастады да, арты міне, жалтыр бас! Дәрігерлерге де бар­ған, құпиясын білуге тырысқан, олар да мандытып ештеңе айта алмады. Дәрілер берген болды, одан өзгерген дәнеңе де жоқ. Түскен шаш түсуін доғармады. Ақы­ры… бұған да көнді. Көнбей қайтпек!..
Құдақұл өзінің таз екеніне аса өкін­бейді, тек… осы шаштараз маңынан өтіп бара жатқанда есіне қайдағы-жайда­ғы­лар түсіп, іші мұздап сала беретіні бар.
Әлгінде осы шаштаразға тақап келіп, не кірерін, не кірмесін білмей аз-кем мүдіріп қалған да, артынан «е, несі бар, тө­бесінде түгі жоқ жан емеспін, ой, ең бол­­маса самай жақтағы, желке тұсында­ғы екі уыс шашымды да түзеп-күзеп қой­ға­ным жөн емес пе» деп, еркін басып, кіріп барған-ды.
Шаштаразда кезек көп. Ылғи бұйра бас, шуда бас, қоқима бас ер-азаматтар осында толып отыр. Құдақұл сыпайы ғана сөйлеп:
– Кезектің соңы кім екен? – деп, ең шетте отырған шуда бас жігіттен сұрады. Шуда бас бұрылып қарап, таңданысын да байқата:
– Мен едім, – деді де, бұдан ұзақ көз алмады. Бірақ «не үшін келіп отырсың» демеді. Онысына да шүкір! Құдақұл оның жанына жайғасты. Әрі қарай сөйлесуге аса ықыласты емес еді, бірақ әлгі шуда бас жігіт:
– Осы шаштан-ақ көресіні көрдім, – деп сөз бастап жіберді. Құдақұл аң-таң. Шаштың да зияны бар ма екен!..
– Түсінбедім, інішек! – деді.
– Түсінбейтін не бар. Осы тоқымдай қалың шаш мені шын шаршатты, – деді әлгі жігіт. – Айына екі рет келемін шаш­та­разға. Келмесіме болмайды.
Енді Құдақұл оның басына, анығында шашына көз тоқтата қарады. Расында да қалың қара шаш. Өзіне әдемі жарасып-ақ тұр. Көркіне көрік қосып тұрғаны да рас.
– Шашың шырайыңды ашып тұр, – деді Құдақұл оған. – Мұндай шашты қадірлеу де керек, бауырым!
– Әй, қойшы! – деп шуда шаш жігіт қолын сілкіледі. – Бұндай шаштың барынан жоғы. Бұдан да мына сіздікі секіл­ді…
Сөзінің аяғын жұтты. Артықтау кетіп қалғанын аңғарғандай.
– Е, айта бер, мен үйренгем, – деп Құдақұл сәл жымиды.
– Айып етпеңіз, ағасы, – деді шуда шаш жігіт. – Айтпағым ол емес еді. Осы шаштан көрген қорлығымды айтпаңыз… Күйіп кеткен соң…
– Ой, тоба! – деді Құдақұл. – Басында әп-әдемі шашы барлар да арманды. О, алла десе!..
– Арман емес, азап! – деп жаңағы жігіт тағы да қапаланды. – Айтпадым ба, осы шаштаразға айына екі рет бас сұғам деп… Сосын отырам осылай екі көзім төрт болып… Қысқартып қоймасам, албастыға ұқсап кетем…
– Жақсы ғой, ол – деді Құдақұл. – Шаштараздан шыққан кезде жасарып, көңілің көтеріліп сала бермей ме! Бұл деген өзінше бақыт…
– Ондай бақыты бар болсын!..
Сөзшең жігітке енді Құдақұл өз жайынан сөз саптады.
– Мені айтсайшы, – деді. – Мұнда келгім-ақ келеді, алайда…
Шуда шаш жігіт еріксіз күліп жіберді. Сосын күлкісін тез тия қойып:
– Несіне келесіз! – деген.
– Е, шашымды реттеп қоймаймын ба мен де.
– Қай жерін? Сіздің басыңыздағы бес-алты тал шашқа шаштараз не үшін керек, а?
– Оны да сәндеп қойса артық емес.
– Кешірерсіз, менің айтайын дегенім ол емес еді, жалпы көзге ұрып тұрған дәнеңе жоқ дегенім ғой.
– Сен солай ойлайсың, – деді Құдақұл. – Ал, маған шашты сәндеп, түзеп-күзеп қою да жарты бақыт. Тіпті, кей күндері ішімнен армандап жүремін, әттең, қою қара шашым болғанда ғой деп…
– Е, армандамасты армандайды екенсіз, – деп, шуда шаш жігіт оның сөзін бөлді. – Нағыз бақыт – мына сіздің ба­сыңыз­да! Шаштаразға тәуелді емессіз! Сізге бұл орын аса қажет емес. Демек, біз секілді кезек күтіп, көзіңіз көгеріп отырмайсыз…
Бұдан соң Құдақұл шуда шаш жігітке ештеңе дей алмады. Ішінен ойлады.
«Әттең, пендеңіз өз басында бар бақ­тың да қадірін біле бермейді-ау! Не нәр­сені де жоғалтып алғанда аңсайды…».
Оның ойын шуда шаш жігіт бөліп жіберді.
– Ағасы, сіз менің алдымнан шаш алдыра қойыңыз, – деді. – Отырасыз ба, кішкене шаруаға бола ұзақ күтіп…
– Жоқ, – деді Құдақұл. – Жоқ, інім! Бәрі де өз ретімен. Маған ондай көңілжық­пастық қажет емес. Өз кезегіммен алдырамын.
Шуда шаш жігіт Құдақұлға тіксіне қа­ра­ды. Ішінен не ойлағанын кім біл­сін?..

* * *

Елес айтады: «Бастың сәні – шаш, бірақ оның ақылға еш қатысы жоқ…».

Клерк

– Эй, Клерк!
Бұл анық естіп тұрса да елең қылмады. Әдейі.
– Эй, Клерк деймін!
Танысы тағы да даусын зорайтты. Бәрібір елең еткен жоқ. Өп-өтірік.
Неге бұлай етеді дейсіз бе? Оның се­бе­бі… осы сөз бұған өте ұнамайды. Қай­дан ғана тауып ала қояды осы адамдар? Тәп-тәуір қызметте жүрген кісінің намысына ине тығып, жүрегіне тікенек болып қадалар осы атты байлап қойып, енді міне, қыр соңынан қалар емес.
– Клерк деймін! Бүгін бізбен бірге боласың ба? Бері қарашы, Клерк!
– Менің өз атым бар.
– О-о, өкпең сол ма? Ал, немене, Кле­рк деген сонша сұмпайы ат па? Жоқ, біле-білсең, екінің бірі Клерк бола алмайды. Сен нағыз Клерксің…. Сонымен, біз­бен бірге…
– Бара алмаймын. Басшының тапсырмасы… Жалпы, жұмыс болып тұр.
– Ой, жұмыс біте ме? Таусыла ма кең­се­нің қара шаруасы… Сен ең болмаса, осындай мереке күні қарсаңында аз-маз бой жазып алмайсың ба? Әйтпесе, өлесің ғой байқұс-ау!.. Зорығып бітесің бе деп қорқам…
– Жұмысым өзіме ұнаса, неге зорыға­ды екем! Қысқасы, менсіз бара берің­дер…
– Жарайды. Өзіміз де біліп едік. Сенің қолың босайтын кез өмірі болмас-с…

* * *

Бәріне өзі кінәлі. Өзі себепші.
Сол жолы достарына ағынан жарылып сөйлеп, бар ішкі сырын ашып несі бар! Жұмысқа қабылданған екен, е бопты! Жауапты қызмет екен, е жарады! Енді келіп соны аспандата айтып, көпіре сөй­леп, есіп-есіп төгілер ме!
Әй, өзінен де бар-ақ!
Министрліктің жауапты хатшысы қа­был­­­дап, үш жігітке бір сағат әңгіме айтты.
– Енді сендер жәй кісілер емессіңдер, мемлекеттік қызметшісіңдер. Мемқыз­мет­те болу деген – өте абыройлы жұмыс. Сендер бұдан былай мемлекетіміздің саясатына тікелей араласасыңдар. Мем­ле­кеттік іс-қағаздар тап мына сендердің қолдарыңнан өтеді. Демек, бір елі ауызға – екі елі қақпақ. Аз сөйлеп, көп іс тын­дыру­ға тырыс. Әрбір ресми қағаз тағдыры – мына сендердің қолдарыңда…
Үш жігіттің бірі – консультант (кеңесші дей ме), ал қалған екеуі – бас эксперт (сарапшы дей ме). Міне, сол бас эксперттің бірі – өзі болатын.
Жауапты хатшының алдынан шыққан соң, өз кабинетіне келіп, бойына желік бітті. «Мен енді мемлекеттік қызметкермін, демек мемлекет саясатына тікелей араласушымын» деп ойлауы мұң, көңілі тіпті шалқып ала жөнелсін.
Кеш түсе бере өзінің көптеп араласатын екі-үш досы хабарласты.
– Жұмысқа тұрдың ба? – деп сұрады біріншісі.
– Тұрдым.
Екіншісі телефон шалып:
– Енді жумайсың ба? – деді.
– Болады.
Ал, үшіншісі айтты:
– Оны көп созып не керек, бүгін-ақ өзіміз білетін кафеде бас қосалық.
– Жарайды.
Жұмыстың аяғын ала үш-төрт дос жі­гіт­­тер кафенің ішінде емен-жарқын сөйле­сіп, абыр-сабыр болып отырды.
Бұл бағанағы әсерлі әңгіменің буымен астамсып сөйлеп:
– Мен енді мемлекеттік қызмет­кермін, – деген. – Бізге осы елдің ресми қағаз­да­рын жазу, оны деңгейін көтеріп, сапасын жақсарту ісі жүктеледі. Қысқасы, өте жауапты жұмыс…
Оның сөзін бір досы бөлді.
– Қағаз жазатын жалғыз сен емес шығарсың?
– Алдымен мен әзірлеймін. Содан соң басшылар көреді, әрине. Жөндеу! Күзеу! Түзеу! Онсыз бола ма?
Екінші досы мұрнын шүйіре сөйлеп:
– Әй, тым асқақтата бермеңдерші, осы қызметті, – деді. – Бұл досымыз кәдімгі Клерк…
Оны тыңдап отырған үшінші жігіт таң қала қарап:
– Ол не деген сөз? – деп сұраған.
– Клерк дегенді білмейсің бе әлі күнге дейін…
– Білем ғой. Тек… есіме түспей…
– Ой, сен де! Сауатты, білімді бүгінгі за­ман­ның өте алғыр жасы деп мақтана­мыз-ау, сенімен де…
Сөз осымен тоқтап қалды. Әрі қарай ешқайсысы да қазбалап, тереңдеген жоқ.
Бірақ бұның ойынан әлгі сөз кетпей қойғаны. Жақсы рәуіште айтты ма бұған, жоқ мазақ еткені ме?
Отырыстан оралған соң компьютерін ашып, Клерк деген сөзді іздеп бақты. Мағынасы не? Сөйтсе… аса жаман сөз емес. Бірақ мақтана айтатын да дәнеңесі жоқ. Көңіліне алмады. Қатты ойға да сақтамаған. Тез-ақ ұмытуға тырысып бақ­қан-ды.

* * *

Қырсыққанда бұны сол күнгі кештен соң жаңағы достары Клерк деп атай бас­та­ған-ды. Өз аты ұмытылуға айналды. Теле­фон соқса да – Клерк! Отырыста отырса да – Клерк!
Тіпті, қайта-қайта айта берген соң құ­ла­ғы да үйреніп алады екен. Келе-келе оған көп маңыз беруді де қойған-ды.
Бір күні… министрлікке шетелден қонақ­тар келетін болды.
Қонақтардың бір тобын бұған тапсырды. Күтіп алу, түскі асқа апару, кешкісін қо­нақ үйге жеткізу… Қысқасы, қашан қайт­қанша жанында болатын жауапты адам!
Оған қиналатын Клерк пе!
Тіпті жақсы. Кабинетте қамалып отыра бергеннен, шетелдік қонақтармен қосылып, таза ауаға шығып, қала арала­ғаны мың есе артық. Өзі ептеп шетел тілін де білетін. Демек, қонақтармен емін-ер­кін әңгімелесе алады. Одан артық не керек!…
Шетелдік үш қонақты қонақүйден алып шығып келе жатқанда бір досы қарсы ұшыраса кеткені.
– Оу, Клерк, сен мұнда неғып жүр­сің?
– Мына қонақтармен… – деп күміл­жі­ген.
Автобусқа отыра салысымен шетелдік қонақтың бірі бұған жақын келіп:
– Сенің атың Клерк пе? – деп сұра­ды.
Не десін! Басын изей салды.
Енді шетелдік қонақтың жүзі балбұл жанып кетті. Оның да аты Клерк екен. «Біз екеуміздің есіміміз бірдей болды, бұл қандай қуаныш» деп желпіне сөйлеп, бұның арқасынан қағып, осы елден өзінің ең жақын бауырын тауып алғандай мәре-сәре.
Клерк (өзіміздің Клерк) бірақ аса қуана алмады. Қуанатындай не бар? Не деп қуанады? Бұл – Клерк! Достары атай­тын деңгейі төмен (қағаз тасушы) Клерк… Қызметіне орай айта салған ат…
Соңғы бір кездері бұған «Клерк» десе, сол сөзден жүрегі айнитын болып алып еді. Өзімен-өзі ашуға булығады.
«Клерк емеспін!.. Өз атым бар менің де…».

* * *

Шетелдік Клерк еліне аттанатын күні бұған бір кітабын сыйлады. Өзі жазыпты. Белгілі ғалым екен. Сол кітаптың ішкі бе­тіне былай деп сөз сүйкепті: «Аса қа­дірлі менің аттасым – Клерк! Осы есімді биік ұс­тап, абыройын асқақтатады деген сенім­демін».
Біздің Клерк кітапты қайта жаба салды. Автограф жазған кісіні де, мына кітап­ты да тап қазір өлердей жек көрді. Лақ­ты­рып жібере салғысы да келген.
«Клерк! Клерк! Ол мен емес, сенсің! Біздегі Клерк – қадірсіз есім! Өйтіп Клерк болып, сол атты әуелету үшін күресу – түкке тұрмайтын арман! Соны білесің бе, сен – шетелдік танысым? Білмейсің ғой, әттең!..».
Аэропортта қоштасып тұрып шетелдік қонақ бұған:
– Қош бол, Клерк! – деп ынтыға сөй­леді.
– Менің атым Клерк-к… – «Емес» деген сөзді айта алмай, тілін тістеді. Енді айтты не, айтпады не?
Шетелдік қонақ күле түсіп:
– Білем! Білем есіміңді! Оны несіне қайталап айтып жатырсың, Клерк… – деп шалқи сөйледі.
Қонағы самолетпен көкке көтерілген кезде ғана бұл еркін дем алып, өзіне-өзі «Қош бол, Клерк», – деді.
Артынша ойлады: «Ау, мен қай Клеркке айттым жаңағы сөзді? Клерк – менімен мәңгі бірге! Онымен қоштасу еш мүмкін емес-с…».

* * *

Елес айтады: «Клерк болу қаныңа сіңе бастады ма, оу, қазағым-м!..».
Ел айтады: «Қазақтың қағазға сауатты болуы да – жетістік!».

«Әйелімнің жақын туысы…»
(мысал орнына)

Мына біздің Мыржекең – Мыржық­бай­ды айтам да – соңғы уақытта өзгеше мінез шығарып алды. Сонау-у алыста, ас­танадан шалғай облыс орталығында тұрып жатса да, орталықпен байланысы өте зор. Сөйлеспейтін, тілдеспейтін кісісі жоқ. Таныстары да жетерлік.
Осы Мыржекеңді өзім білгелі бері бай­қағаным – нағыз заманның адамы.
Оған ілесу қайда-а! Мыржекеңнің істеген ісін мен де, сен де, ешкім де істей алмас! Рас, қолымыздан келмейді.

* * *

Жақында ғана Мыржекең менімен хабарласты. Амандық-саулық жоқ, бірден өкпесін айтты.
– Әй, сен бар ғой, көзіңнің еті өсейін деген адам екенсің! – демесі бар ма салған жерден.
– Ойбай-ау, не жаздым?
– Елдің бәрі хабарласып, жағдайымды сұрап, көңіл айтып жатыр. Сен тырс етер емессің.
– Ау, не боп қалып еді?
– Өзімнен сұрайды тағы да! Газет оқы­майсыңдар сендер! Оқысаңдар да атүсті…. Тек өздеріңе керек жерін…
– Айтсаңшы енді жұмбақтай бермей?..
– Айтайын! Айтайын саған. Жақында менің қатынымның ең жақын туысы аяқ астынан автомобиль апатынан қайтыс болды. Соған көңіл айтпайсың ба?
– Ойпырмай, қиын болған екен! Өзі жас па еді?
– Жасын қайтесің! Кісі өлді ме – өлді! Қатынымның жақыны ма? Жақыны. Ендеше ол маған да алыс емес.
– Түсіндім. Бірақ мен алыстамын ғой. Жол түскен кезде шаңырағыңа кіріп шығармын.
– Е, ол болмайды, – деді Мыржекең. – Сен қашан, қай күні келеді екен деп қатыным екеуміз күтіп жүреміз бе?
– Онда-а…
– Қысқасы былай: сен менің жұмыс орныма телеграмма сал; астына өзіңнің қызмет орныңды, лауазымыңды да жазуды ұмытпа!
– Ол не үшін керек?
– Әрі қарай тыңда. Ана прокуратура жағында қызмет істейтін танысымыз бар еді ғой, оған да айт. Ол да телеграмма жолдасын.
– Жұмыс орныңа ма?
– Әрине, солай. Енді ресми телеграмманы үйге жіберейін деп пе едің?
– Жалпы мұндай көңіл айтуды үйге, жеке адамға жолдаушы еді. Бұған жұмыс­тың қандай қатысы бар?
– Бар мәселе сонда! – деді Мыржекең. – Әлі де түсінбеген екенсің! Менің басты­ғым телеграммаларды көріп-оқығаны дұрыс. Сонда ойланады. Қарамағындағы кісінің тамыр-таныстары кімдер екенін біле түседі… Маған керегі де – сол…
– Е, солай демейсің бе бағаналы бері! Әйелдің туыстарына неге сонша жаның шырылдап кетті деп ойлап отырсам…
– Олай деме! – деп Мыржекең бір жағына аунап түсті. – Олай сөйлеуші болма! Немене, қатының жақсы да, оның жақын туыстары жаман ба! Олар менің балаларымның нағашылары болып келеді… «Жігіттің жақсы болмағы нағашыдан…» дегенді білуші ме ең?
– Білгенде қандай! Менде де ғаламат нағашылар болған. Олар енді…
Мыржекең сөзімді бөлді.
– Нағашыларыңды қоя тұр. Сонымен, келістік пе? Ә, айтпақшы, ана Жоғарғы соттағы бір жігітпен танысып ек қой, әне­бір жылы. Сен ыңғайы келсе, оған да айт­саңшы. Телеграмма салып жіберсін. Несі кетеді, а?
– Айтайын. Айтайын оған да… – дедім Мыржекеңнің сөзін екі етуге ыңғайсыз­данып.

* * *

Үш күннен бері, сенсеңіз, сол Мырже­кең­нің өтінішін орындайын деп, Астана­дағы төрт-бес танысты іздеп жатырмын. Бірі – іссапарда, бірі – ауырып жатыр.
Мыржекең болса, екі күннің бірінде телефон шалады.
– Ау, не болды менің өтінішім! – дейді.
– Болады. Орындалады.

* * *

Елес айтады: «Жалған абырой жігітті ұшпаққа шығармайды».

Жүз тірі жазушы

Мектептің соңғы сыныбында оқитын Мергенбайға әдебиет пәнінен сабақ бе­ретін ағайы Мырзабек жөн-жосықсыз ұрса беретін. Оның өз себебі бар. Мерген­бай осы көркем әдебиет дегенді иттің еті­нен бетер жек көреді. Қай жазушының да кітабын ашып жіберіп, оқи бастаса, миы айналады. Басы мең-зең болып ке­теді.
«Ту-у» деп ойлайтын сондайда. «Осы жа­зу­шы деген халық қандай адамдар өзі! Түкке тұрмайтын бірнеңелерді сағызша созып, жаза береді, жаза береді. Одан да нақты өмірді, болған оқиғаны баян етсе ғой…».
Тіпті осы ойын ағайы Мырзабекке бір жолы айтты да. Сонда Мырзабек:
– Нақты өмір деп нені айтасың? – деп бұған қарсы сұрақ берді.
– Нақты өмір ме! – деді Мергенбай. – Ол енді бүгінгі тіршілік… Айталық, біздің көршінің өткен айда бес қойы ауырып өлді, мал дәрігері неден өлгенін ақы­ры анықтамады. Екі жылқысы жо­ғалды. Ұрыларды таппақ тұрмақ, іздеген ешкім жоқ.
– Осыны жазса дейсің бе?
– Әрине. Болған оқиғаны әңгімелесе мен қызыға оқыр едім.
Өстіп ойын ашық айтам деп жүріп, Мыр­забек ағайына жақпай қалған тәріз­ді. Оны соңғы кездері байқаған-ды.
Әнеугүні сабақтан соң Мергенбайды жеке алып қалып:
– Саған тапсырма берем, – деді Мырзабек ағайы. – Соны орындасаң, сабақ үлгерімің жақсы болады. Әйтпесе…
– Әйтпесе тәуір оқушы бола алмаймын ба?
– Солай.
– Тапсырмаңызды айтыңыз!
– Саған берілетін тапсырма мынадай: бір апта ішінде жүз жазушының аты-жө­нін және бір-екі кітабының атын жазып әкелесің. Тек есіңде болсын, жүз тірі жазушы…
– Жарайды.

* * *

Әуелде Мергенбай бұл тапсырманы оп-оңай шаруа болар деп ойлаған. Қай­да-а! Қиыны осы болған сыңайлы.
Қанша тізбелеп жазса да, қазақ жазу­шыларының саны (әрине, тірілері) жүзге жетпей-ақ қойды. Бәрін қосып, тізіп келгенде 60-қа әзер толтырды. Тамыр-та­ныс­тарынан сұрап жүріп, 70-тен асырды. Қалғанын қайдан таппақ?
Бір досы бар еді. Аты – Сандыбай. Кітаптарды көп оқитын. Оған:
– Тағы да жиырмашақты жазушы тауып берші? – деп жалынған. Сөйтсе, оның да жағдайы аса мәз емес екен. Санды­байға ағайы:
– Қазақтың жүз әнін тізіп жазып әкел, – деп тапсырыпты.
– О-о, сенікі оңайлау екен, – деді Мергенбай. Сандыбай қапалана, жұды­ры­ғын түйіп, ашуланып кетті.
– Оңай жұмысты тапқан екенсің, – деді. – Жүз әнді тізіп әкелген соң, ағайдың алдында шырқап беруім керек. Ал, ендеше!
– О-о, онда қиын екен.
– Қиын ғана емес, сұмдық.
– Маған жазушылардың аты-жөні…
– Әй, сен, – деді Сандыбай. – Алыстан жазушы іздеп қайтесің? Бар ғой осы ауылда да…
– Ол кім?
– Ау, әлгі кім еді, аудандық газетке мақала жазатын ағай…
– Е, Мырқыбай ма?
– Сол.
– Оны да жазушы десек бола ма?
– Әрине, жазушы.
– Тағы кім?
– Ана аяқ астынан өлең шығара салатын Асанбай ше?
– Оны да жазушы дейін бе?
– Әрине.
Сандыбай досы Мергенбайға көп кө­мек көрсетті. Өйтіп-бүйтіп 100 жазу­шының тізімін жасады. Сосын ағайына алып келді.
Мырзабек тізімге көз жүгіртіп шықты да, ынты-шынтысымен күлсін кеп!
– Неге күлесіз?
– Ау, мынаның ішінде жөні түзу бір жазушы жоқ.
– Бәрі де жазушы…
– Жоқ, қарағым, жазушылық деген, сен ойлағандай қолжаулық емес. Олар кітап жазады. Роман, повесть, әңгіме… Ал, сенің мыналарың кімдер, а? Айтшы, бұлар кім?
– Ел ішіндегі жазушы деседі ғой. Аудандық, облыстық газеттерге шығып жүрген соң…
Ағайы әбден күліп алған соң:
– Ал, бала, – деді. – Саған әзірше баға қоймаймын. Жүз тірі жазушыны қашан тізіп әкелесің, сол кезде баға да болады.
– Ағай-ау, мен енді…
– Сөз осымен тәмәм.

* * *

Міне, бір ай болды, Мергенбай жазушы іздеп жүр.
Егер сізге ойда-жоқта бір бозбала жолыға кетіп, «ағатай, қандай жазушыны білесіз» деп сұраса, бәлсінбей көмектесіп жіберіңіз. Білгеніңізді айтыңыз.
Өйткені, ол біз сөз етіп отырған Мергенбай ғой. Аяңыз оны…

* * *

Елес айтады: «Рухыңды шынымен жоғалтып барасың ба, халқым-ау!..».

prozaga

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір