КӘКІМЖАН ҚАЗЫБАЕВТЫҢ ЕРЛІКТЕРІ
05.07.2019
1171
0

Рақымжан Қошқарбаевты қайта «тірілткен»

«Лениншіл жас» газетінің тілшісі Кәкім­жан Қазыбаев қазақ журналисти­касының дамуына айрықша үлес қосқан буынның бел ортасында жүрді. Жас журналист осы газетте ұлттық рухты көтеретін танымдық материалдарды көптеп жазған. Соның ішінде ең ерекшесі әрі қазақ жұрты үшін мақтан тұтарлық еңбегі – Рейхстагқа ту тіккен даңқты батырымыз Рақымжан Қошқарбаев туралы көлемді зерттеу мақаласын жазып, әділдікті қия тартқан империяның талай жыл жасырып келген шындығын елге жеткізуі еді. Батыр Бауыр­жан Момыш­ұлының айтуы бойынша басталған зерттеу күллі әлемге паш болды. Елгезек журналист Рақымжан Қошқарбаев туралы үздіксіз ізденіп, мұрағаттарды ақтарып, қарапайым жұмысшы болып жүрген батыр Рақымжанның өзімен кездесіп, тың да көлемді зерттеу жасап, «Рейхстагқа ту тіккен қазақ» атты мақала жазады. Осы мақаладан кейін арнайы очерк, батыр туралы деректі повесть жазып, талай жылғы әділетсіздікті жұртқа жария етеді. Рақымжан Қошқарбаевты Алаш баласы ардақ тұтып, есімі жұрт жадынан өшпес тұлғаға айналуына зор үлес қосқан Кәкімжан Қазыбаев екенін ел ұмытпақ емес.

ҚазТАГ-ты түлеткен

Кәкімжан Қазыбаев ұзақ жылдар бойы ҚазТАГ-ты басқарған. ҚазКСР-дың бүкіл баспасөзі осы ҚазТАГ таратқан ақпарат негізінде жұмыс істейтін. Бүгінгі тілмен айтқанда, ресми ақпараттың бәрі осы мекемеден елге жететін. К.Қазыбаев басқарған жылдары қазақ журналистикасына қан жүгіріп, оған дейін беделі ТАСС-тың көлеңкесінде қалып келген мекеменің беделі артты. 1974-1982 жылдар аралығы – қазақ журналистикасының кетігі бүтінделіп, кемігі толған уақыт еді. ҚазТАГ-та бірге қызмет атқарған әріптестері Кәкімжан Қазыбаевтың ұлттық журналистикадағы орнын ерекше құрметпен атап, қадір тұтатыны сондықтан. Жоғары билік ҚазТАГ-пен санасып, Қазыбаев ұжымының сөзіне мән беріп, мекеменің техникалық базасын толықтай жаңартқан.

«Тамаша», «Терме», «Айтыс»…

1982 жылы Кәкімжан Қазыбаев Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің идеология хатшысы қызметіне тағайындалды. Ол лауазымды қызметке келе салысымен қазақ телевизиясын ұлттық бағытта құрылымдауға баса мән береді. Қазақтың аяулы перзенті Камал Смайыловты шақырып, Мемлекеттік теледидар және радиохабар комитетіне басшы етіп тағайындап, сүбелі бағдарламалар даярлауды жүктейді. Бұл жылдар туралы К.Смайылов: «Біраз істер атқарылды. «Тамашаны» сарай сахнасына шығардық. «Айтысты», «Термені» тауып, «Қазақстан Ұлы Отан соғысында» деген 40 сериялы дидарфильмді қойдық. Кейбіреулер қарсы болғанда, Кәкең қолдап шыққан», – дейді.

Шоқан Уәлиханов тойын ЮНЕСКО көлемінде өткізген

Қазақстан компартиясы идеология хатшысы Кәкімжан Қазыбаев белгілі композитор Мұқан Төлебаевтың 70 жылдық мерейтойын Мәскеуде өткізіп, оған Гейдар Алиев бастаған КСРО жоғары билігінің өкілдері қатысқан. Бұл да қазақ мәдениетінің өзге жерде мойындалуына зор ықпал еткен айтулы іс-шараның бірі еді. 1985 жылы Шоқан Уәлихановтың 150 жылдығын ЮНЕСКО көлемінде атап өтуге барлық құжаттарын дайындап, Мәскеудің есігін тоздырып, Алматыда Республика сарайында бүкіл одақ көлемінде мәртебелі меймандар мен ғалымдардың басын қосып, айтулы той өткізеді. Д.Қонаев Кәкімжанның бұл еңбегін жоғары бағалап, қатты риза болады. Бірақ Кремль айтыс, термені жандандырып, Шоқанды ұлықтаған қазақ билігін ұнатпай: «Қазақстан басшылары ұлтшылдықты дәріптеуге бейім болып барады» деп қырына алған…

Неміс автономиясын құрғызбаған…

Шоқанның тойынан кейін көп өтпей Кәкімжан Қазыбаев Мәскеуге шұғыл жиналысқа аттанады. Талқыланатын тақырып біреу: Ақмола облысын неміс автономиясы етіп құру мәселесі. Бұған Қазақстан атынан барған Кәкімжан Қазыбаев халықтың келісімінсіз автономия құруға қарсы шығады. «Егер неміс автономиясы керек десеңіздер, онда бүкіл халықтық референдум өткізейік. Халық қолдаса, біз де келісеміз», – деген шарт қояды. Мәскеуден келген бойда «Қазыбаев идеологиялық жұмыста кемшілік жіберді» деген желеумен қызметінен алынады.

Аштық тақырыбында алғашқы романды жазған

«Сұрапыл» романы – қолдан жасалған аштық пен зұлмат жайындағы көлемді шығарма. Роман 1995 жылы жарық көрген. Совет одағы ыдырамай тұрып жазылған көлемді еңбек хақында әдебиеттанушылар енді айта бастады.


МЕН БҰДАН АРЫ ШЫДАЙ АЛМАЙМЫН
(Кәкімжан Қазыбаевтың қойын дәптерінен)

Мен ұзақ уақыт аузымды ашпауға, үнімді шығармай, іштен тынуға мәжбүр болдым. Бүгін менің жан-дүнием алай-дүлей. Мен бұдан былай шыдай алмаймын, халқымның абыройына нұқсан келіп жат­қанда, мен үндемей қала алмаймын.

Мен идеология үшін күрестім,
миымнан сай-сүйегіме дейін идеолог болдым. Мен коммунистік иедеология үшін өзімді құрбан етуге даяр едім. Патриот, интернационал болып тәрбиеленген менің көзқарасымды Республикада қабылданған бір ғана қаулы түбегейлі өзгертті.
Менің халқым барлық елдің алдын­да ұлтшыл деп айыпталғанда мен айна­ламдағыларға деген сені­мім­ді жоғалт­тым, ұзақ жыл өзім қолас­тыларында қызмет еткен жоға­рыда­ғылардан көңілім қалды. Дұрыс ойласып, таразыға салынбай қабылданған құжат маған ғана емес, басқа да адам­дарға қатты әсер етті.

Бүгін де біз барлығымыз сол құжат­тан қорқамыз, жасқанамыз. Ақылды қорқыныш жеңіп кетеді. Сол қорқыныш бізді бірде алай, бірде бұлай лақтырады. Осы қорқыныштың қысымынан біз күші­мізді жоямыз, жақсы адамдардан айырыламыз, беткеұстар адамдарымызды тұншықтырамыз.

Бүгінде менің тілім тұншығуда. Тіл өлсе, ұлтымыз да өледі. Қазақ тілінің халі өте мүшкіл. Егер атасы немересінің тілін түсінбесе, егер әкесі баласына орыс тілінде сөйлесе, мұны Лениннің ұлттық саясаты тұрғысынан дұрыс деуге келе ме? Қазақтар 100 пайыз өз ана тілін білмейді.

Қазақ тілінің мүшкіл халін түзету үшін, жандандыру үшін тиісті заң қабыл­дануы керек.

Мен құр шөппен ауыз сүртіп, көп сөйлегенше, тұлғалық биіктікті қолдаймын.

12.09.87
Кәкімжан ҚАЗЫБАЕВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір