Кешіксем асықтырғаның, жолымды тосып тұрғаның…
24.10.2015
5528
0

Ботагөз БЕКСАРЫ

49271488

***

Кербез келбет, керілген қас-қабағы,

Сен – өзгесің, Өзгешем! Басқа – бәрі.

Бақытсыздық дегенді кім шығарған,

Бақытты енді ғұмырым басталады!

 

Сезім, бәлкім, әдемі құс ақ қанат,

Сезімімді не етпекпін тұсап, қамап.

Ауыр мұңнан арылғым кеп тұрғаны-ай,

Бірер сәтке өзіңді құшақтап ап.

 

Аппақ үміт, арманды өңгеріп ап,

Жетелеген біздерді өрге мұрат.

Жаным, саған мен арқа сүйейм дәйім,

Биігіңнен кетпеші жерге құлап.

 

Көз жеткіздім мынаған өз басым мен,

Түсініссек өзара, тозбас іргем.

Жеңілдете алмаспын, алтыным-ау,

Жүрегіңнің жүгін Мен көз жасыммен…

 

Шанышқысын Тағдыр шалт түйрегенде,

Уайым жұтам сендегі күйге елеңдеп.

Қуаныш пен қайғысы кезектесіп,

Күн өтуде жыландай ирелеңдеп.

 

Сабылыстан, тұратын Сағыныштан,

Махаббатта біз сезбес бақ-ырыс бар.

Қандай бақыт – сен мені сүйетінің,

Қандай ғажап, аяулым, сағынысқан.

 

Біздің сезім тапты да мән, үйлесім,

Ең бақытты жан болдық фәниде шын.

Тентектігім тым шектен шығып кетсе,

Балалығы басылмас «сәби» дерсің.

 

Түрткенменен сананы қырық түрлі ой,

Пенде-жүрек соғады үмітті үрлей.

Күрсінбе сен, маңдайың жазуында,

«Бота» деген жалғыз Күн күліп тұр ғой,

Қарашы!                  

                       

ҚЫЗҒАНЫШ

Сүйген жүрек – дірілшіл,

Күйген көңіл – ырымшыл.

Іле-шала бүліндім,

Күйіп кеттім, шыным – сол.

Қызғанғаным – күйгенім,

Қызғанғаным – сүйгенім.

Іші-бауырым өртеніп,

Деліқұлы күйдемін.

От-ерінім кезеріп,

Бет ыңғайсыз безеріп.

Шыға келдім шытынап,

Ашуымды көзе ғып.

 

«– О, кім? – деймін, – кім әлгі?

Жөн-жобасы сұралды.

Артық кеттім деймін-ау,

Шетке ысырып Шыдамды.

 

…Сода-а-а-ан, шіркін, көңіл тоқ,

Сала бердім жеңілдеп.

Әйел заты қызық, ә,

Аяқ асты бүлінбек.

 

Үлкен болсын ол мейлі,

Кіші болсын ол мейлі.

Қызғанып-ақ кетемін,

Ал, себебін білмеймін…

 

Қылық шығып не түрлі,

Жейтін құлақ етіңді.

ҚЫЗҒАНЫШ та тәтті ғой,

Махаббатым секілді!                   

                       

                       ***

Тап-таза жаныңды сүйем,

Қызғанған шағыңды сүйем.

Жүрегім саған жерік қой,

Өмірде барыңды сүйем.

 

Сый еткен гүліңді ұнатам,

Ашуың, жыныңды ұнатам.

«Мендіксің, болды!» дейтұғын,

Қызғаншақ түріңді ұнатам.

 

Көзіңді жақсы көремін,

Сөзіңді жақсы көремін.

Өзімсіз өмір сүре алмас,

Өзіңді жақсы көремін.

 

Кешіксем, асықтырғаның,

Жолымнан тосып тұрғаның.

Ұнайды, ұнай береді,

Себебі, ғашықпын, Жаным.

 

Мұңайсам жиып құлашым,

Маңдайдан сүйіп тұрасың.

Қызықтау болмыспен осы –

Бәрінен биік тұрасың.

 

Боп жанда сағындырасың,

Ес-түстен жаңылдырасың.

Бұп-бұзық, қиқар боп кетсем,

Ақылмен бағындырасың.

 

…Тап-таза жаныңды сүйем,

Қызғанған шағыңды сүйем.

Жүрегім саған жерік қой,

Өмірде барыңды сүйем!              

                       

                                   ***

Ойлағандай болмайды бәрі лайым,

Сенделтеді сан саққа сарыуайым.

«Тәңірім-ай, не жазып қойдым мен?» деп,

Байбалам сап, жаманға жорымайын.

 

Шыққанменен шырқырап жан дауысың,

Жалғанның, апыр-ай, ә, жалғаны шын.

Күңгірт тірлік күйінтіп, дағдарғанда,

Өзің, Жаным, болғансың алданышым.

 

Жабылар жала, өсекке етім өлді,

Біріңнің жеген болсам несібеңді.

Мұрынының астынан мыңғырлайтын,

Мысықтілеу «достарым», кешір енді.

 

Мен дегенде тілек те, тіл де бөтен,

«Достарды» ойлап қашпасын құр берекем.

Махаббаттан өзгеге уақытым жоқ,

Жүретін деп: «Не депті?

Кімдер екен?».

 

Алты аласым жоқ та ғой, бес бересім,

Ешкімнің де түрткем жоқ ештеңесін.

Қызғаныштың құрты жер өтірік «дос»,

Аллам сені мейірінен шектемесін.

 

Адастырып арманның ақ мұнары,

Сейілмесе көңілдің көк тұманы.

Сондай сәтте Жан жарым, жүрегіңе,

Мәңгіге тығылғым-ақ кеп тұрады.

 

Жыртық жүрек. Құр сүлдер. Алқынған дем,

Жадап-жүдеп, сабырым сарқылғанда ең.

Кірден, Жаным, өтірік, пәлекеттен,

Қорғап мені жүрсің сен нар тұлғаңмен!

 

Жүрегіңе жүк артар күліп тұрып,

«Достан» Алла сақтасын жырық, бүлік.

Еркелетер Ерім тек болса болды,

Жіберетін бәрін де ұмыттырып.

 

Жалғанның қайтем жиып жамандығын,

Бәрінен керек сенің амандығың,

Жаным,

ЖАНЫМ!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір