Қала өмірі – халықтардың өмірі!
05.07.2019
1502
0

Елорда ғасырлар­дың қазаққа сыйлаған гүлтәжі секілді. Бүгінде Нұр-Сұлтан атауын алған салқар қаланың көркі көз тартады. Еуразияның кіндігінде, Азияның жүрегінде орналас­қан мұнаралы қала талай ақынның қаламына қанат бітіргені даусыз. Ақындардың елорда туралы жырларының бір шоғырын ұсынып отырмыз.


Оңайгүл Тұржан

Жаңа Астана

Анау жақтан мойнын созып Көкше шың, 
Санап тұрар әрбiр үйдiң текшесiн.
Әр күн сайын бара жатыр ұзарып,
Көшелерiң тық-тық басып өкшесiн. 
Самал желi бұйра талды тарайды-ай, 
Түнгi шамдар ұжмақтағы арайдай. 
Түнгi Астана сұлулығын қызықтап, 
Оңға, солға шығып көрiп қарайды Ай. 
Көк құрақтар Есiл суын көмкерiп, 
Бойжеткен – үй суға көзiн төңкерiп. 
Көшелерден түрегелген фонтандар 
Қызғалдақтың күлкiсiне өртенiп. 
Көрiктiден көркi артса неше есе, 
Сөнiп қалған оттарымды көсесе.
Шiркiн, деймiн, мына жерге әкелiп,
Есiм ханның ескi жолын төсесе. 
Есiлiмнiң көше сынды айдыны-ай! 
Сол көшеге төгiлетiн ай нұры-ай! 
Қасым ханның қасқа жолы бiр көше, 
Ол да жатса туралықтан айнымай. 
Ұлы елiң сенiм артқан гүл-өңiр, 
Сол жолменен сен де тура жүре бiл. 
Дiлi менен тiлiн сақтап бабаның, 
Тура жолмен келе жатсын ұлы өмiр!


Қалқаман Сарин

Астана

Астанам! Ару қалам, асқақ ордам, 
Қалың жұрт, қазағыма қақпа болған. 
Ту ұстап, тұлпар мінген бабаларым 
Бермеген ел намысын жатқа қолдан.

Бозоғым, бозбеткейлім, баққа оранған, 
Тарихтың қойнауынан тапқан олжам. 
Баянды бақытымның бастауындай,
Айналдың Астанаға аппақ арман… 

Жар болып Жаббар Ие жалғыз ғана,
Ғасырға аяқ бастық ал біз жаңа. 
Сұрланып сырт айналған суық көздер
Қарайды әлі саған сәл қызғана. 

Көш келді Қараөткелге өр тұлғалы,
Кеңесін ерлерімнің ел тыңдады. 
Тұлғасы бой көтерді Хан Кененің, 
Жарасып жарқ-жұрқ еткен ер-тұрманы.

Ертеңің – ұлтын сүйген ұлыңа сын, 
Қашан да еркіндіктің құны басым.
Керіліп кербез далам көсіледі, 
Сезініп бостандықтың шұғыласын. 

Сан ғасыр армандаған Алаш бабам, 
Жалғанды жалт қаратты жаңа Астанам. 
Бірлікті байрақ етіп болашаққа,
Барайын, уа, Жаратқан, жол аш маған!


Ерлан Жүніс

Астана метаморфозасы

…Әр қаланың болады екен өз жаны
һәм сүйегі,
қаны,
ары,
ожданы,
санасы мен сезімі де, мұңы да,
ордалы ойдың орманы мен сөз бағы!
Арманы мен үміті де, Сенімі,
Қасиеті мен киесі де – ең ұлы!
Туады олар,
Өседі олар,
Өледі,
Қала өмірі – халықтардың өмірі!
Ал өлімі – өркениеттер өлімі!
Жаяу – жалғыз,
Ат үстінде – көппіз біз!
Топырақпыз, желміз, сумыз, отпыз біз!
Сақта, Тәңір,
Жазмышты сөкпедік,
Заманаға тіл тигізген жоқпыз біз!
«Бар бол!» дедің…
Біз бар болдық,
Өрледік.
Шер де кештік,
Кер де кештік,
Өлмедік.
Малымыздың санын даламен өлшедік,
Баламыздың басын санап көрмедік.
Айбатымыз – сыртқа,
Ішке – қайраты,
Халық болдық,
Қазыққа ат байладық.
Қобыз аршып, қоңыр домбыра
һәм жебе жондық,
Қылыш қайрадық.
Сақта, Тәңір,
Әлһамдулләх, көппіз біз!
Домбырамыз, алдаспанбыз, оқпыз біз!
Дәуірлерді тежемедік,
Жоймадық,
Адамзатқа зиян қылған жоқпыз біз!
Сүйдік бәрін!
Бауыр дестік,
Аталы
Сөзге қонақ,
Тұрақ бердік баталы.
Анамыздың бауыры кең жайлаудай,
Атамыздың қырық көш жер шапаны.
Жер бетінен жойылуға шақ қалып,
Тұрғанда да, Аманатты ақтадық.
Қуғын көрдік – қанымызды бұзбадық,
Атылдық біз – арымызды сақтадық.
Бір қыранға қайран қылмас көп құзғын,
Шетін кетпей, шектен шықпай,
шеп бұздым!
Біздің тарих ардан ғана тұрады,
Ұялатын ештеңеміз жоқ біздің!
…Бер, Тәңірі!
Қала туды!..
Туады,
Туады әлі заманалар шуағы.
Тұрады әлі – Бір қаланың өзінде
– Отыз миллион ұлы қазақ тұрады!..
Тұрады әлі, Тұран – елдің бір аты,
Құзар шыңға қол созатын құлаты.
Мен арманшыл бір бала едім,
Арманым –
Үш жүз миллион Ер Түркінің мұраты!..


Құралай Омар

* * *

Шамын жағып, жарқ-жұрқ етіп көзді
алдайды Астанам.
Жатсынамын, жүдетеді жалдап
алған баспанам.
Көше кезген аяқтарым,
жел тербеген шаштарым,
Мүлкіндей боп көрінеді басқаның.
Қала шуын көкірегіме жеткізетін
құлағым,
Шынымен-ақ менікі ме?
Жанарымнан сұрадым.
Түніменен жаңа жырдың сөздерін
һәм жолдарын
Жазып берер жүрегім мен қолдарым,
Менікі емес сияқтанып жүремін,
Солай, бәлкім, тек бір нәрсе білемін:
Өлең ғана өзімдікі, қалғанын
Елу жылға Тәңірден жалға сұрап алғанмын.


Ажар ЕРБОЛҒАН

Астана-арманның аңызы

Мен…
О бастан аппақ арман ем!
(Сезбеген шығар да сол шақта болған ел…)
Бауырлап атқанда Бозоқтың боз таңы,
Сезетін!
Болашақ болмыстың елесін
көретін арда бел.

Тарихтың көне жанары болып
Есіл мен Нұра арнасы,
Жосылып сонау Жібек жолының жалғасы,
Қараөткел қаққан қазықта қалды сол шақта,
Бір күні келер «Тұғырлы таңның» таңбасы.

Серт еткем сонда:
«Арқаның төсінде туымды көкке іліп,
Тұранда тыныштық түйесін шөктіріп,
Жаһанның жанарын өзіне байлар», – деп,
Қазақтай ұрпағың, киелі Көктүрік!

Содан соң,
Өткеннің көз жасын
қайралған кегіммен құрғаттым!
Санамда солдырып қайғының соңғысын.
Дүбірлі той кешкен таңменен бірге аттым,
«Сарыарқа» күй болып болмысым!

…Бүгінге жеткізіп, сан ғасыр, жыл өтті.
Тірімін! Мың жылдық тамырым дір етті!
…Астана-арманның аңызы – ақиқат,
Ақиқат осындай – АЛАШ жүректі!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір