«Дала-бесікте» түлеген «Еменнің иір бұтағы»
05.07.2019
1016
0

Еліміз үшін кіндік кесіп, кір жуған туған жердің қадірлі қасиетін әспеттеу ісін­де қай дәуірде де жүрегі таза, жаны жомарт тұлпар текті тұлғалар қалтқысыз қызмет еткен ғой. Солардың ішінде ірілігімен көрінгендер ел тарихында ешқашан елеусіз қалған емес. Жарасбай Қабдоллаұлы – еселі еңбегімен, өр, өжет мінезімен осы биікке көтерілген азамат. Оны бұл биікке уақыттың өзі қондыра салған жоқ. Небір қиындықта қайыспай еткен орасан еңбегі, төккен тері, жігері мен қайраты жеткізді.

Қолына қалам алып, «көңілдің кейбір сәттерін» қағазға түсіре бастаған уақытта оның көз алдында, жүрек түкпірінде «Елге қайтсем қызмет етемін?», «Текті тұлғалар салған сара жолды қалай жал­ғаймын?» деген сұрақтар тұрғаны сөзсіз. Ол сұрақтар­дың жауабын үлкен ізденіспен, еңбекпен тапты.
Жарасбай ағамыздың әдебиет­ке сіңірген әрбір еңбегі осындай сан алуан күйдің толқынысында туған. Ол әдебиет – ардың ісі ғана емес, халықтың жаны екенін жіті ұғынды. Өз әдебиетін, өз әлемін жасау үшін туған халқын жанындай жақсы көрді. Қаламгердің қалыптасуы үшін әдеби талант һәм шеберлікпен қатар, жазушылық жанпидалыққа бара алатын дегдар қасиет, алабөтен ерлік те қажет екені айдан анық. Өз басым Жарасбай ағайдың әдеби туындыларының барлығын дерлік оқып шықтым. «Еменнің иір бұтағы», «Сөнбейтін шырақ», «Дала-бесік», «Көмескі із» атты кітаптарындағы әңгімелер мен хикаяттары жеке дара алып қарағанда, әрбірі ой иірімімен өзіне тартады, ал тұтас дү­ние ретінде бағалағанда романға татитын шығармалар.
«Дала-бесік» деп аты айтып тұрғандай, қызырлы Қызылжар өлкесі небір тамаша тұлғаларға атақоныс, құндақты мекен болған. Ағамыз, ең алдымен, олардың әруақтарына бас иіп, Шоқан Уәлиханов, Мағжан Жұма­баев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов сынды ұлы тұл­ғалардың бойындағы асыл қасиеттерді сайын дала төсі­нен іздеуге, іздеп қана қоймай, табуға, оқырман көкейіне салып беруге ұмтылған. Бұл дүние көңіл түкпіріндегі сағыныштан, құрметтен, аңсардан ғана туған еңбек емес. Ол үшін ағамыз көп ізденді, жоғарыда есімдері аталған тұлғаларға қатысты деректерді ақтарды, олар өмір сүрген орындарды аралап, жәдігерлермен, тарихи құжаттармен танысты. Осылайша ақ жүректі оқырман­ға тарихтан сыр тартып, тың деректер, ақпарлар ұсын­ды. Сондықтан да мұны көркем дүние ғана емес, зерт­теу еңбегі десек те артық болмайды.
Әдебиетте ерлік жасау – қай қаламгердің де қастерлі арманы ғой. Қазақ әдебиетіндегі (әсіресе, өткен ғасыр­дың алпысыншы, жет­пісінші, сексенінші жылдарын­да) сондай ерліктерді білеміз, оқыдық. Мәселен, Ілияс Есенберлин мен Әзілхан Нұршайықовтың әйгілі «Қа­һар» және «Махаббат, қызық мол жылдар» романдары бүгінге дейін қазақ әдебиетін өз биігінен түсірмей ке­леді. Осы туындылардың қатарына мен Жарасбай ағамыздың «Қисық қайың» әңгі­месін қосар едім. Көтерген тақырыбы – кәдімгі адам­дардың көз алдында болып жатқан өмір көріністері. Ба­баларымыз ғасырлар бойы армандап, жүректің сұсына, найзаның ұшына қондырған егемендікке бір күнде қол жеткізе алған жоқ. Қазақтың басына қасірет үйірген социализм қоғамы аяқастынан тас-талқан болды. Сол тұтас дәуірді Жарасбай ағамыз бұл әңгімесінде басты кейіпкер Алтайдың мінезімен, көңіл-күйімен сурет­тейді. Тәуелсіздікпен бірге келе жатқан нарықтық эко­номиканы «қаймықпай қарсы алуға» дәрмені жетпеген ауыл өмірі, ауыл тұрғындарының көңілі егемендіктің талбесігінде тербелген біз сияқты жастарға түсініксіз­деу болып көрінуі бек мүмкін. Алайда ондағы заман жүйесі, уақыт талабы боямасыз дәл берілген. Автор та­қырыпты таңдай білуімен, нақты мысалдармен, көркем­дегіш құралдармен (теңеу, эпитет, метафора, гипербола, т.б.), кейіпкерлер текетіресі, кейде, тіпті ішкі монологы арқылы байыта білуімен шығарманы ерекшелейді. Оқырмандарды кейіпкерлерінің іс-әрекеттері арқылы бірде ойлантып, бірде толғантып отырады. Тәуелсіздік басталған елең-алаң шақтағы жекешелендіру жағдай­лары республикамызда кең етек алғаны сонша, байтақ еліміздің бір пұшпағындағы мәдени ғимараттар пысы­қайлардың қолында кетті емес пе? Қаламгер қаламы­ның бір ерекшелігі – әңгімесінің сюжеті өмірде дәл со­лай бол­ған­дай, көріністер мен оқиғалар қаз-қал­пында берілгендей әсер қалдыруы. Оның астарындағы айтпақ ойды, жасалмақ пайымды оқырман еншісіне қалдырады. Бұл да – екі қаламгердің бірінің қолынан келе бермейтін шеберлік.
Жарасбай Қабдоллаұлы әр шығармасында қоғамдағы әлеуметтік-моральдық құбы­лыстарды терең зерттеп, бір адамның, яки бір отбасының тағдыры арқылы оның тарихқа барып тірелетін терең себептерін ашып, мазмұны жағынан бір арнадан ауыт­қымай, оқырманға ой салып, өмір туралы, адам жайлы толғандырады.
Жарасбай Сүлейменовтің әңгімелері тақырыптық жағынан түрліше. Тіпті біріне-бірі тек мазмұны жағы­нан емес, стильдік қағидалар жағынан да ұқсамайды. Оның себебі де түсінікті. Жазушы Дулат Иса­бе­ков айтқандай, «өз кейіпкерлерінің қалың ортасынан алыстамаған» жазушының кейіпкерлері қанша түрлі болса, тақырыбы да сондай сан алуан. Ал тақырып стиль таңдайды. Мәселен, «Еменнің иір бұтағы», «Сөн­бейтін шырақ» сияқты әңгімелерін «Елтінжал», «Кө­мескі із» шығармаларымен бір қатарға қоя алмайсыз. Себебі, жазылуы басқа. Сезіну, жеткізу өзге. Ал әңгіме ретінде қарасаңыз, бәрі де бірқалыпта…

Нұргүл ОҚАШЕВА,
ақын, Солтүстік Қазақстан облыстық
«Солтүстік Қазақстан» газеті
Бас редакторының орынбасары

(Толық нұсқасын газеттің №27 (3661) санынан оқи аласыздар)

 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір