1 ШІЛДЕ – ДОМБЫРА КҮНІ
05.07.2019
1319
0

Майысып қос шегіңнен күй өткенде,
Ой туар жүрек түгіл, сүйектен де.
Домбырам қайран менің, қайран менің,
Ризамын сені маған сый еткенге.

Қолтықтап көктем келсе жыр-сұлуды,
Ізіне жыр сұлудың гүл шығулы…
Мені де қойдың ақыр жұмбақ қылып,
Күлу мен үйреттің де күрсінуді.

Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВ


Жуықта Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрында Ұлттық домбыра күніне орай арыстықтарды жігерлендіру мақсатына арналған шағын кеш өтті. Кеш дәстүрлі әнші Еркін Шүкімәннің асқақтата салған әнімен шымылдығын ашып, ары қарай арқалы ақын Әбубәкір Қайранның рухты, сарынды өлеңдеріне ұласып, «Алатау серілері» тобының әндерімен айшықталып, Қайсар Қауымбек, Нұртас Тұрғанбек қатарлы ақындардың жырларымен жалғасты.

Кешті жүргізген ақын Бақыт Беделхан Ұлттық домбыра күніне арналған осы кештің бұдан былай ай сайын, маусым сайын өткізіліп тұратынын, өнердегі аға буын өкілдері мен жас буынды бір-біріне таныстырудың қазіргі қоғам үшін ауа­дай қажет екенін айта кетті. Аталған іс-шара – Қазақстан Жазушылар одағы мен Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ Мемлекеттік академиялық драма театрының бірлесіп ұйымдастырып отырған игі шараларының бірі. Осы кеште айтылған рухты әндер мен оқылған жалынды жырлардың Арыстағы ағайындардың көңілін көтеруге титтей де болса септігі тисе, нұр үстіне нұр болар еді.
Әрине, Домбыра-рух оянса, ұлттық сана-сезім шыңға шығар еді. Қадау-қадау ғасырлардан бері бізге серік болып келе жатқан екі құндылық бар десек, соның бірі – осы қасиетті қара домбыра. Сол үшін де әр қазақтың жүрегінде «Домбыра – қазақ, Қазақ – домбыра» деген қастерлі сөз жатталып қалды. Алмағайып замандардан бүгінге дейін біздің елдігімізді, теңдігімізді, бақытымыз бен сорымызды, шаттығымызды, күйінішімізді, бір сөзбен айтқанда, күллі тарихымызды қос шегінен төгілген, бебеулеген, сарнаған күй әуендерімен жеткізіп келген асыл Домбыраға қарыздармыз.
Еліміздегі жаңа мереке – Ұлттық домбыра күні шілде айының 1-і болып бекітілген.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір