Қабдеш ағаға хат
05.07.2019
2285
2

Газетіміздің өткен нөмірінде (№26. 28 маусым – 4 шілде) Қазақстанның Халық жазушысы Қабдеш Жұмаділовтың ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұловаға ашық хаты жарияланған еді. Министр ханымның жауабы көп күттірген жоқ. Тез жетті. Аға сөзіне құлақ түре білген екен. Қуанып қалдық. Алдағы уақытта өзге де билік өкілдері қаламгер сөзін – халық сөзі ретінде қабылдап, дер кезінде үн қатып отырса, айтылған сын-ескертпелерді назардан тыс қалдырмай жұмыс істесе деген тілегіміз бар. Ісіміз сонда ғана оңға баспақ.

Құрметті Қабдеш аға! 

Ел мәдениеті мен руханиятының дамуына тың серпін беру, өнердің асылы мен жасығының арасын ажырату, шынайы шығармашылық пен арзан сөзді екшеуге қатысты әкелік мейіріммен жазған тілектестік ниеттегі лебізіңіз үшін алғысым шексіз. Әкемді, анамды білетін көзкөрген, өзіңіздей абыз ақсақалымыздың талай қазақтың марғасқа тұлғалары басшылық жасаған, ұлы жазушылар шығармалары мен әдеби сындарды жария еткен, қазақ руханиятының қасиетті қара шаңырағы «Қазақ әдебиеті» газетінде баяғы ұлылар салған үрдіспен жолдаған хатыңызды өзіме берілген бата деп қабылдадым.
Сіз назар аудартып отырған түйткілді мәсе­лелерге келсек, ең алдымен, өнердің тазалығы тұрғысында өзіңізбен пікірлес екенімді ашық айтқым келеді. Бұл орайда күні кеше мен фонограммасыз өнер көрсету туралы пікірімді білдірдім. Өйткені қазір дауысты тех­никаның мүмкіндігімен әрлейтін, «жасанды» әншілер қатары көбейгені рас. Бұл тыңдарманның құқығын бұзады, адамдардың эстетикалық талғамдарына кері әсер етеді. Жас ұрпақ «өнер деген осы екен» деп, көрінген нәрсені тыңдап, талғамсыздыққа ұрынады. Сондықтан бұған дейін баспасөз бетінде айтқанымдай, фонограммаға қатысты көзқарас өзгереді. Оны реттеу үшін арнайы заң қабылдануы керек. Еуропада фонограмманы қабылдамайды. Өзіңіз айтқандай, кең жазира даламызда қазақтың өнерін, музыкасын дамы­тып, жаңа белеске көтерген сал-серілер, әнші-күйшілер мектебі болғаны белгілі. Бұл, шын мәнінде, саф өнер еді. Олардың табиғи жүрекжарды туындылары ғасырдан-ғасырға көшіп, ұлттық құндылыққа айналды. Оның қасында бүгін айтылып, ертең ұмыт болатын әндер мен фонограммаға сүйенген жалған даңғазаны өнерге балау күлкілі  екені анық. Қазақ өнерін зерттеген  Ш.Уәлиханов, Г.Потанин, А.Аленторов, А.Васильев, М.Ж.Көпей, Ә.Диваев, С.Сейфуллин, М.Әуезов, С.Мұқанов, Ә.Марғұлан, Б.Бекжанов, М.Ғабдуллин, С.Садырбаев, С.Қасқабасов, Т.Әсемқұлов, т.б. ұлы тұлғалар қазақ өнерінің қайталанбас ерекшелігі туралы керемет еңбектер жазғаны белгілі. Қарапайым дала қазағы арасынан шығып, табиғи даусымен әлемді аузына қаратқан Әміре Қашаубаевтар мен олардың бүгінгі ізбасарлары –Димаш Құдайберген, музыка майталмандары Жәния Әубәкірова мен Айман Мұсақожаева, Майра Мұхаммедқызы, тағы басқалар қазақ өнерінің даму көкжиегіне бағдар бола алады. Қазіргі дипломатияда «жұмсақ күштер» деп аталатын өнер мен спорт – тек рухани азық қана емес, елді әлемге мәдениеті дамыған, талантты, дарынды ұлт ретінде танытудың, Қазақстанның бейбітшіл саясатын насихаттаудың да даңғыл жолы. Сондықтан, Мәдениет министрлігінің алдында Абай, Үкілі Ыбырай, Жаяу Мұса, Мұхит, Естай, Ақан сері, Біржан сал, Сегіз серілердің, одан арыдағы және берідегі артына өшпес із қалдырған тұлғаларының өнерін қайтадан ел жүрегіне сіңіріп, тіпті, қазіргі қазақ өнерінің өзінде де ұлттық бояу болуына күш салу мақсаты тұр. Шынайы халықтық өнер ғана – өміршең. Ол халық жадында ғасырлар бойы сақталады. Жүрегін тербейді. Мәселен, бір ғана Ақан серінің «Ақтоқты», «Алтыбасар», «Тер қатқан», «Мақпал», «Балқадиша», «Сырымбет», «Майда қоңыр», т.б. әндері – осы күнге дейін халқымыздың алтын қорына айналған рухани қазынасы. Құрманғазы, Дәулеткерей, Тәттімбет, Сүгір, Қожеке тектес күйшілер мен күйшілік өнердің орны бір басқа.
Сол тәрізді, тек ұлттық музыка шеңберінде шектелмей, кез келген елмен тереземіз тең тұру үшін «Сұңқар көптен шығады, тұлпар топтан шығады» демекші, ел ішіндегі өскелең ұрпақты классикалық музыкаға да үйретуді, өз еліміздің Моцарты мен Бетховенін, Бахтарын тәрбиелеуді, әлемге танытуды ерекше назарда ұстаймыз. Бұл опера мен балетке де қатысты. Әрине, қазақ ұлты жаһандану заманында өмір сүріп жатқандықтан, шетелдерде әртүрлі жаңа музыкалық ағымдар пайда болуы, олардың тез тарап, жастарды баурап алатыны, соған еліктеуші әншілер мен топтардың пайда болуы да – уақыт еншісіндегі ақиқат. Қазір техника мен технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлеуметтік желілер заманында мұндай толқындардан сырт қала алмайтынымыз анық. Дегенмен, мүмкіндігінше, ел менталитетіне лайық дүниелерді екшейтінімізді айтқым келеді.
Қандай өнер түрі болса да халық жиналатын жерде, киелі сахналарда орындалғанда, заңға, этика, эстетикаға, ұлт менталитеті мен мүддесіне қайшы келмеуге тиіс. Бұл қадағаланатын болады.
Жалпы, алдағы уақытта Ақпарат министрлігімен келісе отырып, сахналарда орындалатын, телеарналар арқылы көрсетілетін концерттік бағдарламалар мен орындаулардың арнайы көркемдік кеңестен өткен, барлық талаптарға сай болуын қадағалауды жолға қою көзделуде. Бұл ауқымды жұмыс өзіңіз айтқан тұшымсыз арзан күлкіге де қатысты. Әзіл-сықақ театрларының қойылымдары әдептен озбайтын, барынша талапқа сай және тақырыптық аясы кең болғаны ләзім. Әркім қалаған жерде концерт ұйымдастырып, әу дегеннің бәрі сахнаға шығып, сықақшы ретінде қабылданбауы үшін бұл саланы арнайы заңдармен реттеу ұсынылмақшы.
Құрметті Қабдеш аға! Өзіңіз көзін көрген әкем: «Тұлпар шаба жетіледі, сұңқар ұша жетіледі» деп отырушы еді. Сіз халық жазушысы болғандықтан, үлкен істің бастауында тұрған маған әкелік ізетпен айтқан ақыл-кеңесіңізді халықтың атынан айтқан аманат деп қабылдап, ел мәдениетіне жаңа леп әкелуге күш саламын.

Құрметпен, Ақтоты РАЙЫМҚҰЛОВА, 
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі

ПІКІРЛЕР2
Баке 05.07.2019 | 13:25

Өте дұрыс жазылған екен. Қолдаймын, министр ханымға табыс тілеймін. Шынында арзан күлкі, ыржық-быржық күлдіре алмайтын күлдірушілер көбейіп кетті. Не күлеріңді білмейсің. Шикі өлең мен жылтыр әнші көп. Өнер тұнығы лайланып бара жатыр. Болмашы нәрсеге керемет деп жауап беретіндер көп. Қатаң тәртіп, талғампаздық, жауапкершілік, керек. Суаит қазақшылықты қоймасақ қоғам дамымайды. Ісіңізге тілекшімін Ақтоты ханым.

Айжан Таженова 18.07.2019 | 10:26

Оте дурыс айттыныз Актоты ханым! Саттилик серигиниз болсын !
Коркемдик кенести колга алуынызды суранамын,болашагымыз ушун уайымдаймын… Онер кунсыз,арзан багалы болып кетти. Куткару керек!!!!

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір