Мұқым Алаш жұртының мұрасындай
24.10.2015
1630
0

5500x3025_721651_[www.ArtFile.ru]Төлеген ЖАНҒАЛИЕВ

 

Мұқағалидың бәкісі
(Баллада)

Мұқаңның жайылмаған өлең-сөзі,

Көңілсіздеу кез еді, көлеңкелі.

Дала аққуы болғанмен даңқы төмен,

Жәнібек те сол шақта жәй әнші еді.

 

Елеусіз екі дарын ел ішінде,

Кемсітуге ұшырап, кемітуге.

Ағалы-іні келетін анда-санда,

Сыра ішіп сыр мен шерін бөлісуге.

 

Алматыда «Қаламгер» кафесі бар,

Қалталылар қарамай өте шығар.

Сол кафеге жиылды кілең жастар,

Ортада Мұқағали көкесі бар.

 

Бірі – әнші, бірі – ақын кілең мықты,

Қалта ғана танытып жүдеулікті.

Божылдатып сыраны отыр еді,

Болған соң қастарында «сүйеу» күшті.

 

«Елден келген дәм еді, дәм татыңдар,

Біздің ел ететін ет сорпасын бал».

Деп Мұқаң қыс сүрісін турап тұрды,

Көк бәкісін көрсетіп қалтасы бар.

 

Қалтасы кәдімгідей тері тіккен,

Жәкеңнің көрген кезде-ақ көзі түскен.

Басқалардың бәкіде шатағы жоқ,       

Көпіртіп ауыздарын көбік ішкен.

 

Дана ақын Жәнібектің жәйін ұқты,

Жанарынан сыр көріп сағынышты.

Көк бәкіні сырғытып тастап еді,

Тас еденге «тарс» етіп барып ұшты.

 

Жәнібек те «лып» етіп іліп алды,

Мұқаңның оны көріп нұры жанды.

Көзбен ғана ұғысқан қос дарынның,

Көк бәкіде айтылмай сыры қалды…

 

…Күнді қуып, айлар мен жылдар өтті,

Өлген жанды өлеңі тұлғалы етті.

Жәнібек те жайдақтау жәй әнші емес,

Атағынан ат үркер ұлға жетті.

 

Уақыт ұршығындай зырылдаған,

Құйқылжып өте шықты құйын заман.

 Мұқаңның мұхит жырын мұра қылды,

Тоңмойындар томардай бұрылмаған.

 

Жәнібек те жоқ бүгін арамызда,

Айналған «Кеңсайдағы» қара құмға.

Сол Жәкең анда-санда досын ертіп,

Туған жерге келетін дем алуға.

 

Келген сайын келетін Жидебайға,

Басқа жер жоқ баратын бұл маңайда.

«Дос келді» деп домалап біз жетеміз,

Мұнтаздай мұндай қызық күнде қайда?

 

Жанында Жәнібектің Сағат бар-ды,

Атағы жер жаратын алашқанды.

Құданы қарсы алғандай зыр жүгіріп,

Қолпаштап-ақ жатырмыз қонақтарды.

 

Бас келді, бас қонақтың сыбағасы,

(Еш халықтың жетпейді бұған асы).

Бастың бүгін иесі Сағат-сыншы,

Мұқағали ақынның жұрағаты.

 

Ежелден сылқым және сырбаз Жәкең,

Көрікті көркем сөзге туған көсем.

Қалталы көк бәкіні еппен ашып,

Еденге тастай салды «турар» десем.

 

«– Сағатжан, – деді Жәкең содан кейін,

Маған емес бұл бәкі саған бейім.

Бұл бәкіде бұққан бір сыр-тарих бар,

Ешкімге бермеп едім, саған дейін».

 

…Тегінде бәкі сыйға берілмейді,

Тапсаң да тартуыңның жөнін мейлі.

Қол созып жерден алсаң оңай олжа,

«Көңілің тауып алдым өзім» дейді.

 

…Ағайын, көк бәкінің сырын аңғар,

Қазақта қасиетті, ұлы заң бар.

Алаштың арыстары бөлінбейді,

 Бөлініп жатса-дағы құрығандар.

 

Қарындашын ұштаған жазғанда өлең,

Қасиетті сол затты арман көрем.

Арғынға барып қайтқан көк бәкінің,

Артында сөз бар екен «Албан» деген!

 

Айналған Алты Алаштың киесіне,

Асыл зат қайтты солай иесіне.

Жәнібек, Сағаттарды сағынғанда,

Көк бәкі де түседі жиі есіме.

 

Жақсы затын қия ма жатқа кісі,

Қасиеттің болмайды затта күші.

Мұқым Алаш жұртының мұрасындай,

Мұқағали ақынның көк бәкісі.

 

«Пленник шал»
(Баллада)

Қарауылда, қараша үйлер шетінде,

Тұратұғын бір қария есімде.

Қай майданға қатысыпты  ол кешегі,

Әттең, бірақ бір белгі жоқ төсінде.

 

Әр жыл сайын тоғызыншы мамырда,

Салтанатты той болғанда ауылда.

Ол тұратын ойға шомып, мұңайып,

Қи  сасыған мал қораның маңында.

 

Сылти басып, сырғи қашып көздерден,

Құнысатын, ығысатын төрлерден.

Фашисттерден қаймықпаған қартыңды,

Сөлтік қылып жібергендей сөз-мерген.

 

Қай майданға бірге барған досы да,

Қарайтұғын оған кейде шошына.

Көше жатқан бір көрініп қалса да ол,

Қайта үйіне ақсаңдайтын асыға.

 

Баламыз ғой, байыптаймыз не біліп,

Жеңіс күні бір топ «тентек» желігіп.

Тас астына алғанымыз есімде,

Қарттың үйін «жау дзоты» сезініп.

 

Өмір солай өтіп жатты тізбекпен,

Қария да қайтыс болды мұң кешкен.

Әттең, шіркін, көре алмады ол өзіне,

Шуақ шашып келгенінде бір көктем.

 

Естімеді ол алшы иіріп асығын,

Ел алдында аталғанын атының.

«Қызыл жұлдыз» орденін де алғанын,

Қызыл қоғам тығып келген жасырын.

 

Өлген жанға оның бәрі не керек,

Өксіткен соң өгей қоғам өре жоқ.

Кебін киіп өтті өмірі байғұстың,

Келсе-дағы елге киіп кебенек.

 

…Қарауылда, қараша үйлер шетінде,

Тұратұғын бір қария есімде.

Қария да, қараша үй де жоқ қазір,

Белгі де жоқ қара жердің бетінде.

 

Белгілі боп оралса да еліне,

Белгісіз боп кете барған көріне.

Әр жыл сайын тоғызыншы мамырда,

Сол қария оралады көзіме…

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір