БАС ҚОЛБАСШЫ – БӨКЕНБАЙ
26.06.2019
751
0

XVIII ғасырдың бірінші жартысында қазақ әскерінің бас қолбасшысы болған Бөкенбай Қарабатырұлының ерлік даңқы мәңгі құрметтелуі тиіс!
Ақтөбе қаласында батырдың еңселі ескерткіші ашылды.

Осы шараның алдында Бөкенбай батырдың ерлігін ұлықтау мақсатында облыста құрылған қоғамдық кеңестің төрағасы, Ақтөбе облысының құрметті азаматы – Мәлік Жекеевпен (суретте) әңгімелескен болатынбыз. Ол кісі былай деді:
– Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында: «1710 жылы Қарақұм құрылтайындағы сөйлеген сөзі, елдің намысын оятып, жігерлендіріп, жаумен күреске түсуге топтастырады», – десе, Мұхтар Мағауин «Қазақ тарихының әліппесі» кітабында, Бөкенбай бастаған қол, 1710-1712 жылдары майданда қалмақтарды тойтарып, ойрат ұлыстарының жеріне басып кіріп, қазақтың біраз қоныстарын қайтарып, жеңіске жеткені туралы жазады.
Батыр бабаның өмір жолын, ерлігін зерттеу мақсатында, 2003-2005 жылдары Құдайберген Жұбанов атындағы университеттің ректоры, профессор Кенжеғали Кенжебаев пен белгілі тарихшы, профессор Зәкіратдин Байдосовтың басшылығымен ұйымдастырылған экспедиция Ақтөбе, Орал, Орынбор облыстарында бірнеше рет болып, Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор мұрағаттарындағы құжаттарды негізге алып, көптеген ауыл ақсақалдарымен тілдесіп, ғылыми-танымдық конференцияларда жан-жақты талқылап, «Баһадүр батыр – Бөкенбай» деген атпен көлемді кітап шығарды. Осының негізінде Байғанин ауданы Жем өзенінің өңірінде жерленген Бөкенбай батырға ескерткіш қойылып, ас берілді. 2009 жылы сол кездегі облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың қолдауымен, Ақтөбе қаласының жаңа көшесіне Бөкенбай батырдың аты берілді. Сол кезеңде Әуежай қалашығының ең бір көрнекті алаңына батырдың ескерткішін қою жоспарланып, жер телімі бөлінген болатын. Өткен жылдың қазан айында аты аңызға айналған Бөкенбай батырдың туғанына 350 жыл толуына арнап ғылыми-танымдық конференция өткізіліп, белгілі тарихшы Ирина Ерофееваның «Рыцарь-Звания чести» деген кітабын жұртшылық өте жылы қабылдап, ризашылығын білдірді. Бұл еңбекті кейіннен белгілі ақын Мейірхан Ақдәулет қазақ тіліне аударып, «Ар-намыстың ақтаңгері» деген атпен шығып, кітап үлкен жүректі азамат Мейрам Ахметжановтың жеке қаражатына 1000 данамен басылып, оқырмандардың қолына тиді. Жоғарыдағы конференцияда сөйлеген Ербол Нұрғалиев, Ирина Ерофеева, Смағұл Елубай, Сергей Горшенин, Самат Өтениязов, Нұржан Жетпісбай, Тілекқабыл Имашев сынды зиялы қауым өкілдері батыр бабаға ел тарихынан ерлігіне сай лайықты орнын беріп, атын алтын әріппен жазу керек екендігін баса айтты.
2011 жылы облыстың бұрынғы әкімі Бердібек Сапарбаевтың ұйғарымымен мүсінші Жеңіс Жұбанқосовтың ұсынған жобасы Мемлекеттік комиссияда қаралып, осы жоба мақұлданып, ескерткіштің құрылысы басталды. Қала әкімі Ілияс Испановтың ыждағаттығымен ескерткіштің жобасы дайындалып, жергілікті бюджеттен құрылыс жұмыстары мен айналасын абаттандыру үшін 65 млн. теңге бөлінді. Сонымен қатар Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Алматы, Қызылорда, Батыс Қазақстан облыстарының азаматтары, кәсіпкерлер, тіпті қарапайым ағайындар ескерткіштің құрылысына қаражаттарын аударып, қолдау көрсетті. «Тағам», «Дастан», «Актеп», «ТрансМостГрупп», «Эмба Транс», «Ақпан», «Атырауинжстрой», «Бекет Сат Жол» секілді компаниялар қолдау көрсетті.
Еңселі ескерткіштің Ақтөбе қаласынан ашылуы – ұрпақтарының батыр бабаның ерлігіне көрсеткен құрметі деп қабылдаймыз».
Қазақ жұртының болашағы үшін жандарын пида еткен барша арыстың нұрлы дидарлары пейіштің төрінде шалқығай!

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір