Күнде жексенбі болса ғой…
24.10.2015
1312
0

саитка02

Көк жәшіктің жарнамасы жарқылдап жан өлтірген уақыт. Ауаны да, аспанды да саудалайтын кезең. Бірақ жар­нама да аңдаусыз жанның даусын, адамзат жүйе­сінің сырын айтып тұрса ше? Бір жарнамада бес күн бойы ба­лабақшаға баратын бала жексенбі күнгі ата-анасының мейіріне қанған қуанышын білдіріп: «Күнде жексенбі болса ғой», – дейді. Күнде жексенбі бол­са ғой. Бұл ересектердің де жан тілегі. Өйткені, күнде – мәж­бүри тықылдаған ба­ла­бақша өмірі, өгей махаббаты, ерекшелігіңді кешірмейтін қоғам күтіп тұрады. Л.Толс­тойдың «Жексенбі» деген романы «Арылу» деп аударыл­ған. Адам түпкі санасында әр күнді жек­сенбі ретінде, яғни бұл күн соңғы күн, құдай алдында тұрғандай мейір­­­қану болса ғой деп армандайды. Бала да, үл­кен­дер де бір қалыптылықтан, мейірімсіздіктен жалық­қанда сөзсіз құдай алдындағы жексенбісін сағынады. Құ­дай­дың алдындағы тазару, тынығу, демалу, махаб­батқа қану, қалауынша аунап-қунау елесі – осы жек­сен­бімен байланып жатады. Т.Әсемқұлов «Арылу» әңгімесін «Возрож­дение» деп аударылуын дұрыс деп тапқан. Оны қайта қа­зақ­шаласа «қайта туу» деген мән шығады. «Воскресение» ұғы­мы – Інжілдегі «Исус воскрес» деген ұғымнан шыққан бол­уы керек. «Иса қайта тірілді». Въетнамдықтардың көне дәс­түрлі тілінде жек­сенбі күнін – «Құдай күні» деп атаған екен. Ал Пайғам­ба­рымыз (с.ғ.с.) жексенбі күні жуынып, та­зару­­ды, кір-қоң­­нан арылып, тынығуды насихаттаған. Әулие Шә­кәрім­­нің сырлы сөздерінде «қанды жаспен жүрек жу, қайта тіріл, қайта ту» ұраны көптеп айтылады. Ал тазару, қай­та туу үшін не істеу керек? Бар болғаны дүйсенбіден бас­тап сенбіге дейінгі қайғыны, күйзелісті өткеру керек. Жан тазалығының кірленгенін оны жоғалтқан тұста ғана аң­дай­сың. «Арылуда» осы динамика бар. Жалпы, Т.Әсемқұловтың бас­тан-аяқ шығар­машылығында осы ішкі хәл­дің ұстын-ұстын жаңаруын, кірленуін, ұшпаққа шығуын бай­қайсыз. Адам тазарған сәтінде өлім мен өмірдің күйін тең түйсінген тұста – жүрек тазару құбылысы жүреді. Жү­рек­ке сәуле түсе­ді. Жүрек өз қазынасын көріп таң-тамаша бо­лады.
А.Пушкиннің «Пайғамбар» өлеңінде алты қанатты пе­ріш­­тенің ақын жүрегін қақ жарып, жүрегін та­зарт­қанын ай­тады, яғни қайта туу үшін – жүрек ауыс­тыру шартын атай­ды. Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) жүре­гін Жәбірейіл үш рет келіп жуып, қайта салып кеткені туралы хикая бар.
Бір ғана жарнама тәмсілі – бүкіл әдебиеттің құна­рын қау­зауға жетеді. Мұны өнердің концепциясы – мәтін астын­дағы мән – «подтекст» ұғымы түсіндіріп бе­ре алады. Жаңа заманның өнерін әлеуметтік-мә­де­ни тұрғыдан талдаудың заманы өтті, бүгінгі өнер барша құбылысты қамтуға талпы­нады. Адамның бет-болмысы, тәні де жүректің діл тілін ым­даумен, ишаралаумен бола­тынын қазіргі психологтар дәлелдеп бағуда. Ал пос­т­модернизмдік мәтін – оқырманға ұғынықты болға­ны­мен, таным сұғы жетпейтін пәлсапалық пайым болып шығады. Ештеңе айтпаған сықылды, бірақ әлде­қашан жазылып, айтылған бес қатпарлы бояу жағыл­ған көр­кем мәтіндердің көлеңкесіндей, нүктеден кейінгі нүкте­лер­дің шексіздігіндей ишара мәнді ашықтайды.
Р.Бредберидің «Вино из одуванчиков» романындағы ба­ла Дуглас кенеттен үп еткен уілді желдің желпуімен жан дүниесі жасарып, кемелденгендей бір түрлі күй ке­шеді. Еш­қандай себеп-салдарсыз, кенеттен ояна са­ла­­ды. Жаңа ға­на өзі кезген қара орман, жасыл шөп­те­сін жаңара түс­кендей жарқ етеді, жанарынан әлдекім пердені сыпырып тастағандай бүкіл барлықты жан жүйесімен сезінеді. Осындай кенеттік құбылыстардың адам бойындағы жүйесін Бред­бери көптеп жазған. Л.Толстойдың «Записки сумашедшего», «Фальшивый купон», «Отец Сергий», «Воскресение» сынды романдары ар-ожданның азап шегуінен туындаған оянуды ашып береді. Таласбектің «Арылуы» да рух сергуін, жан­ның оянуын табиғи өмірлік ситуациялармен өріп тәпсірлейді. Мүлгіп кеткен рух Тәңірдің жазуымен оянуы мүмкін, бірақ ояна алмай кету де заңды. Түңілістің түнегінен шыққан адам кем. Өйткені, адам өткерген әрбір қуаныш пен қайғы уағында жоқталуы тиіс. Бал­жігіт құрттай кезінен өгей әкесінен, сосын шеше­сінен айырылды. Қатал наға­шының қолында қайғыға мойын ­салмай тез ержетуі тиіс еді. Шақшадай баланың ішкі дүниесінде жоқталмай, қатып семіп зар жатты. Жылау­ға да, қайғыруға да дәті болған жоқ. Бірақ ол зар, уа­ғында айтылмаған, жоқталмаған зар өзі­нің кезегін күтіп Балжігіттің ішінде неше жылдар бойы жа­бық жат­қан еді де. Сәтін салып, жан жары Гүлбану қайт­қанда ол зар құлаған теректей азаматты сұлатып сал­ды. Ен­ді ол зар – міндетті түрде айтылуы, жоқталуы, өткерілуі тиіс болды. Көзіне ештеңе көрінбей кетті. Бұл өмірде Бал­жігіт үшін қандай құндылық бар еді? Жазушы адамның, тіпті қоғамның тұла бойында ағып жатқан құбылысты рет-ретімен, асу кезеңімен суреттейді. Осы күні жас ақындарға ай­тылар сынның қос қапсыр­масында – «осылар неге жылай береді?» деп жатады. Білесіз бе, сол «жылау» түптеп келгенде «ұлттық жылау» – уағында жоқталмаған зар, уа­ғында айтылмаған еңку, уағында өткерілмеген қайғы, кезінде қара жамылмаған шер. Ол қандағы ақпаратпен не­ше буыннан кейін де шыға береді. Бұл қазақ не көр­меген? Сол көргенін азалауға дәті болды ма? Олардың, ақын­дардың ағыл-тегіл жасына тосқауыл қоймаңызшы… бізден кейінгілер «жы­лауық» болмасын десеңіз, тазаруға, қанды жаспен ұлт­тың жүрегіндегі жараны жууға мүмкіндік беріңіздер! Жыласын!
Балжігіттің бойына көктемнің уыз жұпарындай бір сәуле түсті. Сол сәуле, рухты оятқан сәуле енді ұлғая бер­мек. Ол енді адамзатты түгел сүймек болған жүрек кеңіс­ті­гін ұлғайтпақ. Ол сәуле – ақылға емес, мейірге жүгін­бек.
Постмодерндік пайым – адамға қажетті негізгі құн­ды­лықтарды аршып береді. Үш қабатты суреттің тасасына жасырынған құлыптаулы мәтіндер тереңінде шуақты, нұрлы идеялар тұнбасы жатыр. 2014 жылы «Ос­кар» алған «Ида» фильмі пессимистік, ақ қаралы сұрқай түспен берілгенімен, мо­дернизм тудырған озық идеялардың импровизациялық белесі. Жауыздық туралы ұғым жауыздықты бастан өткер­ген сәтте түсінікті болатыны секілді, құдайдың сақтан де­ге­нін күнәсін бастан өткерген тұста ғана сақтану аффектісі пай­да бо­лады. Тәубеге келу, қайта туу үшін өліп көру керек.
«Күнде жексенбі болса ғой!».

Сағадат Ордашева.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір