«Үлгерем бе?» деп сұрасам, қағаздарым үндемейді
03.07.2019
1270
0

Ақын Ханбибі Есенқарақызы мен сатирик-жазушы Көпен Әмірбектің сұхбатын жариялап отырмыз. Екеуара емен-жарқын әңгіме өрбіткен ақын мен жазушының сұхбатында бәрі: қызғалдақ қызға қырындаған жігіттерден бастап, қайраткер деңгейіне көтерілген тұлғаның ерен еңбегіне дейін айтылады.

– Әңгімені мынадан бастайыншы, Ханбибі. Талшыбықтай бұралып бойжеттің. Қырындаған жігіттер болған шығар. Көз салған, сөз салған бозбала бойдақтарға қандай талап қоятын едің?
– Әңгімені «Ә дегеннен теке атқан» дегендей қырындаған жігіттерден бастап­сың. Шау тартқан кезімде мау тартқан сезімді еске түсіріп, бір қауқылдасайын деген екенсің. Қатар болған соң қалжыңың қалтаңда жүретінін білем, әйтпесе Көпен болармысың!
Талапкерлер болмады емес, болды ғой. Біреу емес, бірнешеу. Ол кездің жігіттері сезім­дерін өлеңмен өрнектеп, маржан әріп­термен өріп хат жазатын. Жауап жазуды қа­жет деп таппайтынмын. Жиырма жасымда облыстық газетте бір топ өлеңдерім жарияланды. Бір өлеңімде:
Сен босқа ғашық жайлы жаттадың жыр,
Сезімнің нәзік қылын таппадың бір.
Елеусіз күз ұшырған жапырақтай,
Жанымды жауратады хаттарың құр.

Болғанмен жүрегімде қиял тасқын,
Адалдығым үшін мен ұялмаспын.
Ертеңімді кім білсін, қазір айтам,
Сүйе алатын емеспін, сүйе алмаспын!..
деген жолдар болды. Қарша бораған хаттар сап тиылды. «Мың қарғаға мың кесек» деген осындайда айтылған ба деп қалдым.
Менің қиялымдағы бозбала – келбетті, ержүрек, қыз-қырқынның алдында иіліп-бүгілмейтін тәкаппар тұлға болатын. Пенде болатын іске алдымен қиялын жұмсайды екен. Таптым. Ол есікпе-есік тұратын көрші жігіт еді. Жылдар өте:
Жастыққа тән албырттықтың әнімен,
«Сұрша қызды» салған жанға нанып ем.
Өкінбеймін! Өзім түскен қақпанды
Қан ағызып сүйреп келем әлі мен! –
деп жырлаппын.

– Жас кезінен жалындап шыққан Төлеген Айбергенов Нөкістен бүгінгі Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қоныс аударып, көшіп келгенде сен басыңа бантик таққан оқушы қыз едің ғой. Алғаш рет тірі ақынды көргенде қандай сезімде болдың? Төлеген ағамыз саған арнап өлең жазған дейді. Рас па?
– Бұл жайында талай айтып жүрмін. Төлеген Айбергенов Сарыағаш қаласындағы М.Әуезов атындағы кешкі мектептің директоры екен. Ол кезде мен тоғызыншы клас­тың оқушысы едім. Өлеңдерімді (қабырға газе­тіндегі) мақтайтын, әдебиет пәнінің мұғалімі Дәлиева апайдың нұсқа­уымен аудандық «Қызыл ту» газетінің редакциясына бардым. Ішке енгенімде бір топ ер кісілер дуылдасып, бірі дауылдатып өлең оқып жатты. Есікке таяу қойылған столда отырған ағаға өлең алып келгенімді сыбырлап баяндадым.
– Ой, айналайын, өлең жазып жүрген қызымыз өзің екенсің ғой. Сірә жолың болар, бүгін Төлеген ағаң да осында бас сұғып еді, – деп, әңгіме тізгінін ағытқан жігіттерді нұсқады. Мен ішімнен «өлең жазатындар тек ер адамдар болады екен-ау» деп топшыладым. Жаңағы ағай әлгілерге қарап: – Төлеген бетіңді бері бұр, мына ақын қарындасыңның өлеңдерін қарап берші, – деп өтініш жасады.
Сылыңғыр, нәзіктеу келген аға маған жақындап:
– Қане, өлеңдерің? – дегенде, жүрегім өрекпіп, оқушы дәптеріне жазылған өлең­дерімді қолым дірілдеп, сумкамнан әрең алып шықтым. – Ақын адам батыл болуы керек! – деп саңқ етті ол. Менің талай түн­дер жазған өлеңдеріме көз жүгіртіп, парақ­тап шықты да: – Ақынсың, түбі бір қараға жетіп жығыларсың! – деді. Мен түсінің­кіремей, таңдана қарадым. Дәптердің бос­тау тұсына:
Ұшуға қанат қомдаған
Аққудай көкке самғаған.
Құралай көзді ақын қыз
Ақұштап ізін жалғаған.

Сен шыққан биік жоқ әлі
Сен шықпақ биік жоғары.
Алқынып туған жас жүрек
Қиып түссем деп соғады… деп қолтаң­басымен дәптерімді өзіме қайтарып жатып: – Менің берген батам осы болсын, – деді. Бұл менің ұлы ақынды тұңғыш әрі соңғы көруім еді. Алматыға көшетін болып, жі­гіттермен қоштасуға келген екен.

– Арманы жоқ адамның пәрмені жоқ. Ақын болсам деп армандаған Темірхан Медетбек ағамыз орта мектепті бітірген соң Алматыға келіп, ең әуелі Әбу Сәрсенбаевты іздейді. Жолығады. Ол кісі түбіт иек, түкті бас інісін Әбіш Кекілбаевқа апарып таныстырады. Сөйтіп әрі қарай өрісі кеңейе береді. Өзің ше? Алғаш рет қай ақынды іздедің?
– Алматыға келіп алғаш іздеп келген ада­мым Бауыржан Момышұлы болды. Басынан бастайын.
1972 жылы мен Шымкент пединститутында оқыдым. Көп ұзамай мемлекеттік емтихан. Диплом қорғау. Дәл осы кезде атақты профессор екеуміздің арамызды қара мысық кесіп өтпесі бар ма? Мәселенің ақ-қарасына мән бермеген қатал ұстаз: «Мен сені гостан құлатамын!» – деген ызбарланып. Шағынатын ешкімім болмаған­дықтан ішкенім – ірің, жегенім – желім болып жүрген шақ.
Шымкенттегі жас қанат талапкерлерге әкесіндей қамқорлық жасап жүретін дарынды жазушы Нәсіреддин Сералиев ағамыз бір мектепте өткен кездесуден соң: «Шымкентке Бауыржан Момышұлы келіпті. Сарыағаш өтіп барады екен, қазір «Восход» қонақ­үйін­де көрінеді. Кіріп, сәлемдесіп шығайық», – деді.
Бәріміз қабыл алдық. Келдік. Сәлемдес­тік. Аға бізді шетімізден таныстыра бастады. Маған келгенде: «Бұл қыз – ақын қарында­сыңыз Ханбибі», – дегені сол еді, Баукең: «Қайдағы қарындас! Бұл менің баламмен, тіптен немереммен қатар ғой!» – деп айқай салды. Нәсір аға: «Өзіңіз біліңіз» деп қойды.
Маңымдағы жас талапкерлердің арасынан маған ерекше ықылас танытты. Себебі менің ол кісіге қойған бірнеше сұрауыма нақты, қысқа жауап қатқанда менің байып­ты­лығымды байқаса керек: «Я не буду говорить, что ты гениальная, но ты не дура!» – деді. Бәріміз үнсізбіз. Кенет тыныштықты гүрілдеген дауысымен үркіткендей, маған қарап: «Менің адам танитындығым рас бол­са, балам, сенде бір мұң бар ғой?» – дегені. Сол сәт өзімді ұстай алмай еңіреп жібердім.
– Айт, балам, не болғанын, көңіл кірі айтса кетеді.
Ішімдегі аласапыран арпалысты, үрку мен қорқуды рентгенмен көргендей тап басып тұр. Мен институттағы жағдайды үзік-үзік баяндап бердім. Мұқият тыңдап болды да: «Қалам, қағаз бергін!» – деді.
«Профессор Сайтанаевқа!» деді кирилл әрпімен, ар жағын арабша жалғастырды.
– Мә, мынаны апарып бер! – деді қату­лы қабақпен. Әңгіме осымен бітті. Бәріміз тарқадық. Қысқасы, запискада: «Баламды саған тапсырдым, сені Құдайға тапсырдым. Құлатсаң, атыласың!» Бауыржан» – деп қол қойыпты.
Бұған мен де, студенттер де үрпиісіп қал­дық. Аз үнсіздіктен соң: «Өйтпесе,
Ба­уыржан бола ма?!» – деген профессордың сөзі тұйықтан алып шыққандай болып еді.
Сонымен оқуды бітірдім. Өзім сынды көптеген жас ақындардың көшімен мен де Алматыны бетке алдым. Іздеп келгенім өткенде өзі жазып берген адресі бойынша Бауыржан атамның үйі еді. Қыс кезі болатын. Баукең төсекте тұмауратып жатыр екен. Сәлемдестім.
– Қалай, балам, оқуыңды бітірдің бе? Қандай өлең жазып жүрсің? – болды ал­ғашқы сұрауы.
Оқуды бітіргенімді, Алматыға келіп ақын болғым келетіндігін баяндай берге­німде, ашуланғаны сонша төсегінен қарғып тұрды. Оқты көзін қадап:
– Не деп тұрсың? Алматы ақын жасап шығаратын зауыт деп саған кім айтты? Есің барда қайт, ауылға! – деп айқай салды. Төсе­гіне қайта жата бергенде
– Қайтпаймын! – деппін.
– Жүр онда көше кезіп «тря-ля-лап»! Не көп, көшеге шықсаң қыз көп! Соның бірі болып «тря-ля-ля», – деп бөксесін ары-бері қозғағанда ағаш кереует сықырлап кетті.
Менің көзім атыздай. Арғы жақтан жүгі­ріп жеткен Камаш апай есіктен басын сұ­ғып: «Батыр-ау, жәй ма? Не болып қалды?» – деді.
– Мынау ауылға қайт десем «қайтпай­мын, маған жұмыс тауып бер» – деп отыр. Камаш апай:
– Қалада пропискасы бар ма екен? «Жұмысқа қажет» дейді ғой, – деп батырға қойған сұрауын маған қарата айтты.
– Жоқ! – дедім, мұңайып. Үнсіздік орнады. Батыр темекісін тұтатты. Терезеге қарады. Көзі – терезеде, сөзі – менде.
– Балам, адам қартайғанда ақылы тұ­ман­данып, ойы алдай ма деп қалдым. Сен туралы пікірім басқаша еді. Екі өлеңі шы­ғар-шықпастан Алматыға жүгіретіндер­дің қатарынан көрем деп ойламаппын. Шын талант тұрақ таңдамайды деп естуші едім. Шолохов деген казак ауылда жатып-ақ «Ты­нық Донды» жазып орыс әдебиетін көкке көтеріп тастағанын білесің. Жазамын деген адамға өмір де, романтика да – ауылда. Мұнда келгеннің бәрі бірдей діттеген мақ­сатына жетіп жатқан жоқ. Тілімді алсаң қайтқаның жөн. Онда сен керексің. Өлеңді көп жаз. Көбігін қалқып тастап жаз! Мой­ын­да­маған­ды – мойындат! Сенбегенді – сендір! Өзіңді дәлелде! Сөз тәмам!
Аз уақыттан соң асүйде үшеуміз шәй ішіп отырдық.
Осылайша мен ауылда біржола қалдым.
Екінші іздегенім Фариза апай болды. Жұмыс орнына іздеп бардым. Бұл жөнінде апай бір жазбасында: «Есіктен үстінде гүлді көйлегі бар, бидай өңді, сылыңғыр қыз кіріп келді. Амандықтан соң, «мен – Ханбибімін!» дейді неге танымайсыз дегендей. Бұл – баяғы мен алақырдағы Гурьевте «Лениншіл жастың» тілшісі болып жүргенімде маған хат жазатын мектеп оқушысы Ханбибі екен» – дейді. Өлең­дерімді алып қалды. Көп ұзамай «Пионер» журналының айқарма бетіне суретімен басылды. Сол таныстықтан қырық жылдай қатынасымыз үзілген жоқ. Қызмет бабымен Алматыға келген сайын сағат тіліндей тура апамды табамын. Бір кел­генімде телефон соқтым. Қашан келге­німді сұрады. Таңертең пойыздан түскенім­ді, «Қазақстан» қонақүйіне орналасқа­нымды айта бастағаным сол екен, кілт үзіп: «Тез жет үйге, сідік шаптырым жерде тұрып… гостиницашылын бұның!» – деп бұйырды. Үйі шынында қонақүйге тиіп тұр екен. «Гостиница дегеніңді қой, келесі жолы тура үйге кел!» – деді. Содан кейін Алматыда мен үшін тек бір бағыт қана болды.
Бір келгенімде қуырдақ қуырып, кас­трольге қойдың басын былқытып пісіріп жатыр екен. Апай тамақты бабымен әзір­лейді, ол жағынан үйренгенім көп болды. Кешке Әбіш аға Клара жеңгеймен келді. Шақырған болуы керек.
Дастарқан басында мені Әбіш ағаға таныстырды. Менің Шымкенттен екенімді естіген ағам көне Түркістан туралы ғажа­-
й­ып, аңызға бергісіз әңгіме тиегін ағытты. Ол жерде жерленген хан-сұлтандар, би-батыр­лар туралы, әсіресе Абылайханға едәу­ір тоқталды. Тарихты біраз сүзгіден өткізіп барып, сол әулиелі Түркістаннан келіп отырған менің шығармама ақжол тілектес­тігін жеткізді. Ағаның дегдарлы­ғына, сон­шалықты білімпаздығына таң­ғалып, айт­қандары етімнен өтіп, сүйегіме сіңгендей кейіп кешіп отырғанымда, «Ал, сөйле, Әбіш­тің әулиесі!» – деген Фариза апайдың саңқ еткен үнінен селк ете қалдым. Бірнәрсе айтқандай болдым. Сол күннен есімде қал­ғаны маңғаз Әбіш ағаның: «Бір үйге келіп, бір үйден қайтпай, біздің үйдің де есігі ашық өзіңе», – дегені болды.
Апай туралы «Шындыққа қарай жүздім мен», «Өмірдегі – өнегем, өлеңдегі пірім ең» деп аталатын эссе-естеліктерімде толық баян еткем. Оқырманнан жақсы бағасын да алғам.
Көпен, сен Темірханның көкжиегін қа­лай кеңейткені туралы айтып қалдың, менің Батысым да, Шығысым да, көкжиегім де тек Фариза апай болып қалды. Анаумен де, мынаумен де таныс-біліс болып, көкжиекті кеңейту деген ой мүлде болмапты менде. Мәселе шығармашылығыңның көкжиегінің кеңеюінде емес пе?

– Авар халқының ұлы ақыны Расул Ғамзатовтың сол дәуірдегі жастар поэзиясы туралы бейнелі сөзі есімде. «Әрбір жас ақынның өлеңдерін құсқа теңесек, оның ішінде қыраны, бүркіті, ителгісі, қаршығасы мен үйрек, қаздары болады ғой. Сол жас ақындарға: «Ал, айналайындар, өз құстарыңды ұшырыңдаршы», – десек, аспанда топырлаған торғайдан басқа ештеңені көрмейтін сияқтымын. Қай торғай кімдікі, ажырата алмайсың» деген сыңайлы пікір білдірген-ді. Алыстан орағытып қойған сауалымның астарын аңғарған шығарсың. Қазіргі жастар поэзиясының қанат қағуы қалай?
– Құстар дегеніңнен есіме түсіп отыр, қазақ поэзиясындағы ақын қыздардың өлеңдерінен олардың әртүрлі құсқа ұқсай­тын­дары, кейде ол есімдердің өздеріне ұнайтындары бар. Мәселен, Фариза – сандуғаш, Марфуға – аққу, Ақұштап – шағала, Күләш – бозторғай, Қатира – қар­лығаш, т.б. Ал өзімнің қандай құс еке­німді біле алмадым. Ақын Серік Тұр­ғынбек «Адайдан шыққан Ақбибім, ақын­нан шық­қан ақтұйғын» десе, Жарылқасын Аман: «Алдымнан арбап ұшқан – ақ лашын» депті. Құстардың жаратылысын Есенғали­дай білмесем де, мен де құс екенмін деп ойлап қоя­мын кейде. Аспан кең ғой, адамдардың сиыспайтыны болмаса, құстар сиысады екен. Әрқайсысының өз биігі өзіне аян. Өйт­кені олар өз шамасын біледі. Ақын­дар да сондай. Тек мойындағысы келмейтіні болмаса.

– Сөзің аузыңда, тағы да Ғамзатовқа оралайық. Ғамзатов ұмытпасам, «Журавли» деген кітабы үшін Лениндік сыйлықтың лауреаты атанғанда мәскеулік журналистер:
– Осы кітабыңыздың ішіндегі қай өлең Лениндік сыйлыққа лайық деп ойлайсыз? – деген сұрақ қойыпты. Сонда Ғамзатов:
– Өмірімде екі өлеңімді жоғалтып алдым. Содан артық өлеңдерім жоқ! – деп жауап берген екен. Жауап болғанда қандай жауап! Осы реттегі сұрағым: өзің әсіресе қай шығармаңды қадірлейсің?
– Менің баспадан жарық көрген кітаптарымның аты көбіне аспанға байланысты екен. Мәселен, «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», «Жұлдызым» екен. Келесі кітапты апарғанымда редактордың «Жерге түссей» дегені есімде. Одан кейін «Жан гүлім», «Махаббатым мәңгілік» кітаптарым мемлекет есебінен шыққан. Тәуелсіздік алғалы ақындардың қаржыға тәуелді болып қалғаны белгілі. Айтпақшы, тағы да екі кітап «Ай туады бозарып», «Күн шығады қызарып» кітаптарым да аспанға байланыс­ты болып шығыпты. Мұны қазір ғана байқап отырмын. Елу жылдығымда «Жыр кітабы», «Сыр кітабы» шықса, алпыс жылдығымда алты том, алпыс бесімде «Диалог», «Егіз лебіз» шықты. Ал жетпіс жасқа он том шығарып, көңілді бір демдеп отыр­ғаным бар. Соңғы кітаптардың барлығы өз қаржыма шықса, он томдық шығармалар жинағым Атырау облысының әкімі Нұрлан Асқарұлы Ноғаевтың демеу­шілігімен жарық көргендігін айтпай кетуге болмас. Ұзынның созылып, жіңіш­кенің үзіліп жатқан кезеңіндегі, ақын-жазушы­лардың бәсі қотыр қойдың бағасымен теңесіп жатқан кезеңде ақынға қол ұшын созу жігіттің жігітінің ғана қолынан келетін­дігіне көзім жетті. Мені сыйлайтын қалам­дас­тарымның, әріптестерімнің атынан алғыс айтуды парызым деп санаймын.
Сұрауыңа келсек, жарық көрген кітапта­рымның ішіндегі жанымның қазба байлы­ғына тереңірек үңілген «Ай туады бозарып» кітабымның мәні өзгеше.

– Біздің білуімізше, осыдан он-он бес жыл бұрын Мемлекеттік сыйлықтың бәйгесіне қатыстың. Мәреге жетпесең де, мәртебең төмендеген жоқ. Соңғы жылдарда сол сыйлықты алған кейбір қаламгерлерден гөрі ала алмай қалғандардың абыройы асқақтау сияқты. Солай ма? Себебі не?
– Мемлекеттік сыйлыққа номинаттар жарияланған күннен бастап шығармашылық топтардың арасында бір дүмпу басталады. Вулкандар атылады. Бітеу жаралар жарылады. Тырнақ астынан кір іздеушілер егжей-тегжейіңді зерттеп, жақсыңды жасырып, жаманыңды асырып қаламдарын қанға малып, обал-сауапты ұмытады екен.
Мен де осыдан он бес жылдай бұрын номинант болып көргем. Сол кездегі Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалин: «Қайтесің әуре болып, өзің шетте жүрсің, мұндағылардың тамыр-таныстары, көзкөргендері көп. Небір нәрселер айтылады. Жүрегің ауыратын болып қалады, кейбіреулердің өліп кетуі де мүмкін», – деген еді.
– Сонда сыйлық тек асфальт таптап жүргендерге ғана тиесілі ме? Ауылдарда құрылыс, білім, ауылшаруашылығы салаларындағылар алып жатыр ғой, тек әдебиет пен өнер саласы қалыс қалып отыр. Мен осы қасаң қағиданы бұзсам, – деп ем… Нұрлан: «Өзің біл, онда» деді.
Мен ұрлық қылғанда… дегендей, сол жылы 46 адам тіркелді. Бір ғажабы мен барлық комиссиядан өтіп, соңына шейін барғам. «Шығасыға иесі басшы» дегендей, сол кезде комиссия төрағасы мәдениет министрі Е.Ертісбаев еді. Ол менің өтіп кету мүмкіндігім барына емеурін танытқанмен:
«Вы своих репрессированных оппозиционировали?» деген қитұрқы сұрақ қойды.Ол кезде репрессия құрбандарына арналған музейде директор болатынмын. Тартынып қалмай: «Они были оппозиционерами и остаются в оппозиций!» деп жауап қаттым. Сұрауының астарында менің сол кездегі «Ақжол» партиясының мүшесі екендігім меңзеліп тұр. Төраға сыпайы шығарып салып, визиткасын ұсынды. «Хабарласыңыз» дегенімен қайта хабарласпадым. Өз биігім­нен түскім келмеді. Нәтижеде тек юбилярлар алды. Ешқайсысына таласым жоқ, бәрі де лайықты жазушылар болды сол жолы. Сыйлық алмай кетсе де бір-бірінің жүрегін жараламаса екен деймін қаламдас­тарыма. Онсыз да өмір қысқа!

– Абырой-атағың бір басыңа жетерлік. Мақтауға, марапаттауға зәру емессің. Атақ алу үшін барын салып, битін сығып жүгіретін ақын-жазушыларға қалай қарайсың? Айталық, Абай мен Махамбет, Қасым мен Мұқағалилар атақ алмаса да, алты Алаштың жүрегінде қалды ғой.
– Абыройың өзіңе, атағың айналаңда­ғыларға керек. «Атағы бар екен» деуге. Біреулер атағыңа қарап бағалайды. Бірақ бүгінде сол атақтан мән кеткен сияқты. Тамыр-таныс арқылы немесе қалтасы барлар­дың қанжығасына байлануда. «Атты тағаласаң есек аяғын көтередінің» кері. Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды, осыдан 5-6 жыл бұрын министрліктің маңында жүрген біреу бір дорба «Мәдениет қайрат­кері» деп аталатын төсбелгіні шымкенттік атаққұмарларға елу мың теңгеден сатып кетіпті деп естідік. Ірілі-уақты жиындарда таныстыру кезеңінде бізге берілген «ҚР-ның Еңбек сіңірген қайраткері» атағымен шендесіп, теңдесіп жататын бұл шатыстыруды байқап қалған Төлен Әбдік, Әлібек Асқарлардың араласуымен министрлік «Мәдениет саласының үздігі» деп өзгертіпті. Атақтылардың көбейіп кетуі бұрын Алматыда Совминнің немесе Астанадағы президент клиникасына тіркеуге алынатын заң­ның өзгертілуіне әкеліп соққан. Қазір онда шын қайраткерді де, өтірік қайраткерді де тіркемейтін болыпты деп естіп жатырмыз.
Атақ пен абырой синонимдер болғаны­мен екеуі екі бөлек нәрсе. Атақты адамның (пенденің) қолынан алғанмен, абыройды өзің жинайсың. Абырой мен атақ – бақ пен Қыдыр сияқты. Бақ қонғанмен Қыдыр дарымаса, ол атақтың нұры тез сөнеді.

– Ана тіліміздің алға жылжуы үшін ақ тер, көк терге түсіп жүргендер аз емес. Солардың бірі өзіңсің. «Өзге тілдер – тірі тышқан болғанда, Ана тілім ажал құшқан арыстан» деп те түңіліп кеткен кезің бар. Еңбегіңді ескеріп берген «Тіл жанашыры» деген құрмет белгісін кеудеңе неге тақпай жүрсің?
– Берілген төсбелгінің бәрін іле берсем, кішкене кеудеме сыймайды-ау деймін. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі әр айтулы датаға арналған мерекелік медальдардан құралақан қалған жайым жоқ. Тіптен Ресейдің Алтын медалінің (Сергей Есенин атындағы) де иегерімін. Бірақ бұл сим­воликалық белгілерді күнделікті, тіптен, мерекелерде де бірен-саран адам ғана кеудесіне тағып шығады. Неге екенін қайдам (ұрлап алмаса, сатып алмаса), тағуы керек қой. Бір жағынан «өзіңде бармен көзге ұрғың» келмейтіні де бар.
Әрине, құрметтің жаманы жоқ. Дей тұрсақ та «ҚР-ның Еңбегі сіңген қызмет­кері» атағы мен «Алаш халықаралық әдеби сыйлығының», «Парасат» орденінің иегері, т.б. бола тұра осы атақтардың тұрмыстық өмірде де тіптен зейнетақыға да тигізер пайдасы жоқтығы қынжылтады.

– Адам баласы үшін ең қымбат нәрсе – уақыт. Оны тиімді пайдалана білсең ісің ілгері жылжып, тамырың терең­деп, жапырағың жайқалады. «Ырысың да артады, бір ісің де артады». Ал сен, Ханбибі, қаншама алтын уақытыңды Алаш ардагерлеріне арнадың. Көміліп қалған көмбелерін аршып, тарихшылардың жұмысын атқардың. Не үшін? Патриоттық сезім бе?
– Біз көбіне ақындығымызды алға салып, азаматтығымызды ұмытып кетіп жатамыз. Мәдениет саласындағы біраз мекемелерде қызмет атқарып, соңында Құдай айдап «Саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейге» жетекшілік жасадым. Қай қызметте болсын, сол саланың жілік майын шағып, бүге-шігесіне шейін білмекке іздену әдетім. Бұл қызметім – менің өмірге деген көзқарасымды қалыптастырды. Тарих қойнауына үңілдім. Жазықсыз жапа шек­кен­дердің тарихын сараладым. Білгенім бір тоғыз болса, білмегенім тоқсан тоғыз екендігіне көзім жетті.
Бұрынғы білгенім үстірттеу екен. Бүгінгі күн тәртібінен қалыс қалып келе жатқан Алаш қайраткерлерінің тағдыры ғана емес, олардың соңында қалған өлшеусіз мұрала­рына көңілімді бұрдым. Мен тарихшы немесе ғалым емеспін, бірақ сол кісілердің еңбектерін зерттеп, оның жарық көруіне септігім тисе, несі оғаш деген ой түйдім. Бір газеттен 1922-23 жылдары «Шолпан» журналы шыққанын, оның Қазақстанда үш саны ғана кездесетінін, негізі сегіз саны жарық көргендігін көріп қалғаным бар.
Кезінде Ташкент қаласы қазақ зиялы­ларының негізгі ордасы болғанынан хабарым бар болғандықтан, Өзбекстан архиві мен кітапханаларына жиі соғуды әдетке айналдырдым. Бір сапарымда Әлішер На­уаи орталық кітапханасының архивінен «Шолпанның» барлық (8) санын кездес­тірдім. Шекарадан тышқан жорғалат­пайтын кез. Өзбек ағайындардың тамырын басып, тілін тауып алып өттім. Келген соң бірден Тұрсынбек Кәкішев ағаның үйіне тарттым. Ол мына еңбектерді көріп, балаша қуанды. «Шіркін-ай, осының басын қосып, кітап қып шығарар ма еді?..» – деп ішкі арманын да қосып қойды…


Біздің кейіпкер:
Ханбибі Есенқарақызы 1949 жылы маусым айының 30-ы күні дүниеге келген. Еңбек жолын ұстаздық қызметтен бастаған ақын 1971-1976 жылдары бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысы Сарыағаш ауданы «Қызыл ту» газетінің қызметкері болды. 1976-1980 жылдары облыстық телерадио комитетінде редактор, 1980-1987 жылдары халық шығармашылығы облыстық орталығында бас маман, 1987-1993 жылдары облыстық «Қайырымдылық» қорының төрайымы, облыстық «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы, Ш.Қалдаяқов атындағы облыстық филармонияның директоры қызметтерін атқарды. Кейінгі 15 жылда облыстық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музейдің директоры болды. «Қанат қақты», «Бұлтсыз аспан», Жұлдызым», «Жангүлім», «Жан айқайы», «Махаббат мәңгілік», «Жыр кітабы», «Сыр кітабы», «Шындыққа қарай жүздім мен» (т.б.) атты кітаптардың авторы. 1998 жылы ҚР Еңбек сіңірген қызметкері атанды. 2008 жылы «Парасат» орденімен марапатталған. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.

Сұхбаттасқан
Көпен Әмірбек

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір