БӘРІНЕ ӘУЕЗОВ ЕКЕУіМІЗ КІНӘЛІМІЗ…
Газетіміздің өткен сандарында (№24-25) классик жазушымыз Ғабит Мүсіреповтің «Қазақ Совет әдебиетінің қазіргі жайы мен міндеттері туралы» атты 1959 жылы жазушылардың IV съезінде жасаған баяндамасының бастапқы жағын берген едік. Бүгін сол баяндаманың бір бөлімін ықшамдап ұсынып отырмыз. Мұнда классик жазушы Совет одағының әдебиетке жасаған қысымын ашық айтпай, оны қолдаған сыңай таныта отырып, әдеби мәселелерді кеңірек талқылайды. Әсіресе, тарихи шығармалардың көп жазылуының қай тұстан басталғанын, әдебиеттің заманмен үндес болуы қажеттігін айта келіп, Мұқанов пен Әуезовті, тіпті өзін де сынайды. Кей сөйлемдерінен шарасыздық та байқалатын секілді. Дегенмен, бұл тақырып – тек өткенді жырлау, тарихи тұлғалар туралы роман, әңгіме, повесть, поэма жазу – әдебиетіміздің әлі де өзекті мәселесінің бірі десек те болады…
Қазақстан Коммунистік партиясы Орталық Комитеті біздің әдебиетіміз бен мәдениетіміздің даму жолында елеулі кемшіліктер мен ескеретін олқылықтар бар екенін айтты. Бұл шынайы партиялық риясыз қамқорлық пен жанашырдың айтар кеңесі болды. Республикамыздың партия газеттері «Социалистік Қазақстан» мен «Казахстанская правда» осы нұсқауларға дереу үн қосты.
Бұл айтылған нұсқаулар біздің «Қазақ әдебиеті» газетінің де рухын көтеріп, жігерін өсіргенін ерекше атап өтуді міндет деп санаймын. Бұл газет содан кейін бірсыпыра ақын-жазушыларымыздың шығармаларындағы кем-кетікке әділ де тура бірнеше сын мақалалар жариялады. Газетіміз келешекте де осы партиялық сара жолдан таймас деп сенемін.
…Ал Қазақстан Компартиясы Орталық Комитеті сын таққан кемшіліктеріміз қайсы еді? Ол біздің республикамыздағы театрлар мен көркемөнер орындарының репертуарында, жалпы әдебиетімізде әлі күнге ескі тақырыптың басым екенін, ескі тақырыпқа жазылған шығармалардың сапалырақ болып шығуы осы олқылықты онан әрі тереңдете түсетінін айтты. Орталық Комитет мәдениет пен әдебиет саласында жүрген кейбір қайраткерлердің, өздері тілесін, тілемесін, жаңа тақырыпқа бет бұруға кедергі жасарлық сыңайы бар екенін айтты.
Ал әдебиетіміздің қомы ескі тақырыпқа қарай творчестволық ізденудің қай кезеңінде, қай кезінде ауды? Оған берер жауабым – сом шығарманың, үлкен көлемнің жолын іздеген кезде ауды демекпін. Меніңше, біздің әдебиетіміз жөнінде де, тіпті басқа әдебиеттер жөнінде айтар сөздің әділі осы болуы керек.
…Бәлкім, осы күні ерсі көрінуі де мүмкін, бірақ ескі тақырыпқа ауытқуды осыдан отыз жыл бұрын өзіміздің ардақты Сәбит Мұқанов бастап, кезінде шу көтерген «Сұлушашын» жазып тастап еді, «Сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дегендей, ізінше осы тақырыптас, осы тектес поэмалар қойдай өрді де, патриархалдық-феодалдық замандағы қазақ әйелдерінің күндік күйі жырлана бастады. Иса Байзақовтың «Құралай сұлуы» мен «Ақбөпесі», Сәкен Сейфуллиннің «Көкшетауы», Ілияс Жансүгіровтың «Күй», «Күйші», «Құлагері» шықты да, он жыл бойына поэзиямыздың өресі осылармен өлшенетін болды. Бұларға ере шыққан бір топ жас ақын он шақты поэма жазып еді, олары тым өрескел, бейпілдеу болып кетті. Сәбит Мұқановтың өз басы ескі тақырыптан іле жеріп, енді қайтып оралмастай, іргесін ашып, безіп кетті. Бірақ «Айтқан сөз – атқан оқ» дегендей, айтылар сөз айтылып, істелер іс істеліп қалды. Нысана нұсқалып, бағыт белгіленген соң, амал қайсы? Теріс тепкінің тегеурінінің күшті болғаны сондай, тіпті жаңашылдың жаңашылымын деп жүрген ақындардың бағзы біреулері ескі тақырыппен екі арадағы көне көпірді әлі күнге өртей алмай жүр. Өртеу былай тұрсын, әр саңылаулына бір түйір киіз тығып, жамап-жасқап та әуре. Ол аз болса, осыны қойсаң қайтеді, совет заманының оқушысы ескі ауылдың адамы емес, мәдениеті өскен, талғампаз қауым мұндай шығарманы қабылдамайды, – десең, аузын ашып таң қалады.
Драматургиядағы ескіге құштарлық қайдан басталды?
Драматургия саласында да бұған баяғы аға жазушылар – Мұхтар Әуезов пен Ғабит Мүсіреповтің өзі айыпты. Бұл айтқаным қалжың емес, кейінгіге содыры тиген шындықтың өзі осы. Еркіндікке бой ұрып, мекер өмірде мерт болған ерте заманның өр ұлы мен ерке қызын мадақтауға бұл екеуі де аз еңбек сіңірген жоқ. Сөйтіп, қазақ театрларының жаңа дами бастаған жас драма, опера көркемөнеріміздің тағдыры ширек ғасыр бойынша көрер көзге Мұхтар Әуезовтің «Еңлік – Кебек», «Айман – Шолпан», «Қобыланды батыр», «Қалқаман – Мамыр», «Бекет батырының», Ғабит Мүсіреповтің «Қыз Жібек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу», «Ақан сері – Ақтоқтысының» шылауында болғаны мәлім. Бір топ жас бұларға да ере шығып, Сағыр Камалов «Ер Тарғынды», Әбділдә Тәжібаев «Жомарттың кілемін», «Біз қазақпызды», «Көтерілген күмбезді», Шахмет Хұсайынов «Алдар көсені», Әлжаппар Әбішев «Қамбарды», Мұсатай Ақынжанов «Алтын сақаны» жазды.
Шынында, бұл мәдениеттің жаңа дами бастаған дәуірінде қашсаң да, құтыла алмайтын тарихи заңдылық еді. Біріншіден, сонау отызыншы жылдары ескілікпен екі арамыз тап қазіргідей алшақ емес еді. Ескілік етегін жинап, тайып тұру былай тұрсын, қайта тамыры терең, азу тісі балғадай, қабырғасы бүтін тұрған шағында халықтың рухани қазынасын исі жаңаның бәріне қарсы жұмсай бастаған соң, біз сол асыл қаруды жұлып алып, сүртіп, тазартып, жаңартып, халықтың өз қолына ұстатуға ұмтылдық. Екіншіден, өз қадірін білетін, өз басын сыйлайтын халықтардың бірде-бірі өзінің азаматтық, мәдени тарихын жасамай тұра алмақ емес. Үшіншіден, халықтың бойына сіңген көне сюжет, драматургияның ірі түрлерін игеру жөнінде жазушыға жеңілдік беретіні былай тұрсын, тіпті халықтың өзін театр мәдениетіне жақындатуға себепші де болды. Ғасырлар бойы шырмап келген надандықтың шеңгелінен, дін мен ғұрыптың алуан түнек торынан еңбекшілерді айырып ала қою о бір кезде оңайға түспейтін еді. Оның үстіне, ескі тақырыпқа жалаң, бір беткей бой ұрылған жоқ, ескі тақырып пен жаңа тақырып арбаса, таласа бірге жүрді. Сонда безбеннің жаңалық жағы анағұрлым салмақтырақ, басымырақ тартты. Мысалы, қазақ жазушыларының 25-30 жыл ішінде жазған 150 драмалық шығармасының 15-і ғана ескі тақырыпқа жазылған пьесалар. Бірақ, не керек, жазушының жүрегінен жылы нұр ала алмаған жаңа тақырып совет жұртшылығының да жүрегін жылыта алмады. Біздің бұл күнәміз – кешірілмес күнә. Жаңа пьеса сахнаға шықса, санымызды шапалақтап қуанып жүрдік те, сахнадан тайса, қабақ шытпадық. Демек, заман тақырыбына жазылған жаңа пьесаға керегінше көмек көрсете алмадық та, бір қайнауы ішіндегі шала піскен шығарманы сахнаға шығаруға себепкер болдық. Сөйтіп, пьеса баянсыз болды да, театр репертуарға зәруліктен арыла алмады. Жазушының жүрегінің жылы нәрі тамған, әдемі сөзбен әсіреленген, сырланған, боялған ескі тақырыпқа жазылған пьеса сахнада ұзақ тұрақтаған себебі осыдан екені өзінен өзі-ақ белгілі.
Осындай көп жылдар бойына созылған жосықсыз практиканың салдарынан ескі тақырыпқа жазылған шығармалар анағұрлым сапалы болып келді де, біз кешегі өткен онкүндікке апарған он төрт спектакльдің санатына жаңа тақырыпқа жазылған үш пьесаны әзер енгіздік: бұл үшеуі – Николай Ановтың «Мұрагерлері», Әбділдә Тәжібаевтың «Жалғыз ағаш орман иесі», Қанабек Байсейітовтің либреттосы бойынша қойылған «Достық жолы» балеті.
Ғафу Қайырбеков Алтынсарин туралы поэма жазыпты
Бұл жағдай драматургиямыздағы ескі тақырыптың сапа жағынан салмақтырақ болуы былай тұрсын, тіпті сан жағынан да басым болып кеткенін көрсетеді. Оған себеп – тәжірибесі мол, көрнекті мосқал жазушыларымыз ескі тақырыпқа күшті көбірек салғандығы болған сияқты. Безбеннің жаңа тақырып жағындағы басына схематикалық, ұсақ, поэзиялық қасиеті шамалы, идеялық көркемдігі тайыз шығармалар көп түскен тәрізді. Біздің сыншыларымыз ескі тақырыпқа жазылған пьесалардағы кейіпкерлердің толық тұлғалы болып шыққанын жиі сөз етіп жүреді. Бірақ сондай толық тұлғалы кейіпкерлер жаңа тақырыпта жазылған пьесаларымызда көп пе? Жоқ, көп емес. Өйткені ол образдардың толып жатқан олқы жақтары бар, өмірбаянының әр кезеңдерінен алынған шала-жансар жайлары көп, омырауға тағылған ордендері болғанымен, табиғилық, нанымдылық шамалы. Тіпті даңқы жер жарған халық батыры Аманкелді Имановтың образын жасауға бес автор қатынасып (оның бірі – мен), республика театрларының бәрі жабыла қолға алса да, әлі күнге толық тұлғасын не поэзияда, не драматургияда жасап шығара алмай келеміз.
Біздің прозамызда ең басты орында тарихи романдар тұрғаны баршамызға мәлім. Тарихи романдардың сан жағынан аз екендігін айтып жатудың қажеті жоқ, бірақ олардың қасиеті – көркемдік сапасында, шебер тілінде. Олар – тәжірибесі мол, қаламы ысылған шебер жазушылардың қолынан шыққан шығармалар. Демек, жаңа заман тақырыбына көп жазып жүргендер – қаламы ұшталып болмаған, тәжірбиесі аз, жас жазушылар. Аға жазушылардың ішінен жаңа тақырыпқа жабысып айырылмай келе жатқан жалғыз Ғабиден Мұстафин екені өтірік емес.
Егер жазушы немесе композитор баяғыда өтіп кеткен заманның тақырыбын алса, сол ескі заманды ойлап, соның қамында болатыны, ақыл-ойы, «өткен күндердің» шеңберінен шыға алмайтыны табиғи нәрсе екені рас. Осы пікірдің дұрыстығын дәлелдеу үшін, біздің басты жазушыларымыздың бірсыпырасы ұзақ уақыт бойына ескі тақырыппен айналысып жүріп, кей кездерде жаңа тақырыптарға қол қойғанын, бұл салада адал да ұқыпты еңбек еткенін, бірақ оларынан мәнді шығарма шықпағанын айта кетуді міндетім деп санаймын. Бұл сәтте олар өмірден қол үзіп, ескіліктің шырмауы аяқтарына оралғы болғаны мәлім.
Соңғы кездерде ескі тақырыпқа тіпті жас кадрларымыздың өзі, белсенді жанр болып танылатын поэзия саласында жүрген жазушыларымыздың кейбіреулері ауытқып, бұрынғы олқылықты онан сайын тереңдете түскен сияқты. 1958 жылы жарыққа шыққан 8 поэманың алтауының тақырыбы – ескілік. Поэзиямызды нығайту жолында бірсыпыра еңбек сіңірген ақынымыз Хамит Ерғалиев Құрманғазы туралы дастанының бірінші кітабын, өзінің айтуына қарағанда, жеті жыл бойы жазыпты. Енді екінші кітабын жазып жатқан көрінеді. Бұл дастанның жарыққа шыққан бірінші кітабы жуырда қатты да әділ сынға ұшырап, дастанды негізінен қайта қарап шығу керек деген пікір айтылды.
Өте жас ақындарымыздың бірі Ғафу Қайырбеков Ыбырай Алтынсарин туралы поэма жазды. Бұл поэма нашар шыққан шығарма емес, тіпті талантты шығарма деуге болады, бірақ автордың сылдыр сөзді қуып кеткендігі сонша, сын айтқан азаматтар шығарманың қазіргі көлемін кемінде екі есе қысқартуды талап етіп жүр. Осы пікірге мен де қосыламын.
(Жалғасы бар)
ПІКІРЛЕР2