Қалиханның қасқа жолы
24.10.2015
1302
0
64134_405985006________________________2_Исі қазақтың атажұрты, қайран қасиеттi төр Алтайдың бел баласы, ұлтымыздың текті тұлғаларының ішіндегі бірегейі, аса көрнекті жазушы, дарынды драматург, киносценарийші, айтулы аудармашы, парасатты көсемсөзші-жорналшы Қалихан аға Ысқақтың торқалы тойы тұсындағы әңгімеміздің арқауы екі тарапта: қаламгерлік қыры мен кісілік келбеті туралы өрбігенін жөн көрдік. Сонда ғана ел-жұртының құрметіне бөленген жазушының кім екендігіне көз жеткіземіз.

Ең алдымен, өзімді Қалағаңмен таныстырған тағды­ры­ма байланысты бір-екі ауыз сырымды айта кетейін. Қа­лағаңның қылшылдаған қайран жиырма бес жастағы кезінде қасында отырып, талай-талай әсерлі әңгімелерін тың­даған сәтім күні кеше сияқты еді. Сол күннің қас-қа­ғым­да қалай зыр етіп өте шыққанын есіме алып, өкініштің оты­на өртеніп жүрген жайым бар. Небір ғазиз аға, дос, іні, бауырлардан қапияда көз жазып қалыппыз-ау! Солардың бел ортасында ғаламат та ғұмырлы шығармалар жазып қалдырған Қалағаң да бар. Бәріне де көндіретін, сендіретін өмір деген осы екен ғой. Мен сонау 1960 жылдың шіл­де­сін­де тағдырдың жазуымен «Лениншіл жастың» (қазіргі «Жас Алаш») қарапайым қызметкерлері қатарына қо­сыл­ған едім. Онжылдықты жаңадан бітірген баламын. Төрт бір­дей бөлімнің қызметкерлері сығылысып әрең сыйып оты­ратын тар бөлменің қақ төрінде әдебиет бөлімінің мең­герушісі Қалихан аға жайғасқан-тын. Жас жазушының қа­­рапайым, ақжарқын, ашық мінезді жігіт екенін бірден аң­ғардым. Келімді-кетімді авторлардың көпшілігі осы бө­лімнің еншісінде. Жасы бар, жасамысы бар Қалихан айт­қан уәжге келіспей, керіскен емес. Ренжігендері болса, іш­терінде шығар. Сыпайы, жұмсақ мінез, салиқалы сөз, түсінікті тұжырым кім-кімнің беталбаты дау шығаруына жол бермейтін. Ол кездері өлең-әңгімелер жариялайтын «Ле­ниншіл жас», «Қазақ әдебиеті» газеттері мен «Жұлдыз» жор­налы. Қазіргідей қаптаған басылымдар жоқ. Сондықтан жаз­ған жаңа шығармалардың жариялануы қиын-тын. Оның үстіне талғамы жоғары, танымы терең, тек жақсы шы­ғармаларды, жас талаптарды ғана жариялайтын жас­тар басылымының беделі де, абыройы да ерекше-тін. «Лениншіл жаста» өлең-әңгімесі жарық көрген талапкер есі­мі елге тез танылатын. Көңілжықпастыққа жол бер­мей­тін көкежасық, иә бір қайнауы жетпей жатса, ол жазба кері қайтарылатын. Сол талапты жазбай тануға тиіс Қал­ағаң­­ның өзі де сол талантты талапкерлер қатарында таныл­ған жас жазушы кезі. Оның жазушылық қабілет-дарынын әдебиет әлеміне танытқан да, таңдантқан да алғашқы хикаяты «Қоңыр күз еді» осы тұста жазылған. Сөй­тіп, өз басым Қа­ли­хан ағаның шығармасын қолжаз­басынан оқыған әріп­тес­терінің бірі болғанымды мақтан тұтамын. Өзімнің тыр­нақалды өлеңімнің тұсауын кескен де Қалағаң еді…
Ал «Қоңыр күз еді» хикаяты тек көркемдігімен, сол уа­қытқа тән жаңаша сипатымен ғана емес, өмір шындығын шырайын келістіре жазылғандығымен де жұртшылық жа­дын­да жатталып, санасында сақталып қалған ли­рикалық леп­ті прозаның бастауында тұрған туынды. Хикаят сол тұс­тағы ел тіршілік-тұрмысын жетім балалардың өмірі мен олар­дың жан-жүрегін сиқырлы сырымен арбаған алғашқы ма­хаббаттың арманда қалдырған сыры мен мұңын жырдай егілтіп те төгілтіп, қара сөзбен жазылған дастан дерлік шы­ғарма. Оның жазылғанына жарты ғасырдан асса да жас пен кәрінің жүрегін баулаған өмірлік өнегесі ерекше. Қазақ елі­нің басынан өткерген кешегі қоғамдық-әлеу­меттік өмір-тіршілігінің жанды суреттері жасөрім бала Қасымның өмір айнасына айналған көркем шығармасы.
Ал жазушы «Тұйық» романында бас кейіпкер Қа­жы­мұрат­тың жан дүниесіндегі арпалыс, дағдарыс, сілкі­ніс­тер­ді, мазасыз мезгіл-мінезін, құбылмалы қоғамның си­пат­тарын саралай суреттеу арқылы, ел адамдарының қилы тағ­­дырын, әлеуметтiк ортаның қайшылықтары мен қиын­шылықтарын ақиқат аясында көрсету қаламгер таланты­ның бір айғағы. Романда кеңестiк саясаттың келеңсiздiгi мен қоғамдық өмiрдiң кемшiлiктерi, кейiпкерлердiң iс-әрекетi, ой-санасындағы толғаныстары iшкi монологтар арқылы ай­­қындала, айшықтана бейнеленген. Жазушының әр сөзiнен сезiктенiп, тiптi тыйым салып, қиып тастайтын кер за­манда қаламгер Қалиханның қиыннан қиыстырып, жетi жұрт­тың жүрегiндегi сөзiн, көкейiн тескен рухани дер­тiн айтуы, әрине, көркемдік шеберліктің, шындықты астарлап жеткізудің шеберлік жолы.
Осы жерде менің топшылауымша романның «Тұйық» аталуының өзіндік сыры бар сыңайлы. Мәселенің мәнісі – Қа­жымұраттың тәніндегі кемістік емес, рухани әлемдегі жарымжандық.
Қалағаңның «Ақсу – жер жаннаты» романы – қазіргі кезеңнің де күйіп тұрған маңызды мәселелерін тереңнен толғаған туындысы. Онда қозғалған әңгіме күні бүгінге дейін толық шешімін таппаған қоғамдық-әлеуметтік са­ланың өзекті проблемасы. Шығармада экология мен эко­номикадағы күрделі мәселелерді қилы-қилы тағдырлар өмірімен өзектесе суреттелген. Қаламгер бұл шығарма­сында туған жер алдындағы перзенттік парызыңды қалай өтеп жүрсің деген салмақты сауал қойып, соның жауабын табуға шақырып отыр. Елінің ертеңін ойлап елеңдеген, бі­лім-білігін, қажыр-қайратын туған жердің тозбауы мен азбауын мұрат еткен Сиғат, Бекет сынды кейіпкерлер қазақ әдебиетінде бұрын-соңды кездеспеген көркем бейнелер. Өткен күндердің көрінісі: халықты зорлап ұжымдастырудың арты жаппай аштыққа ұрындырғаны, еріксіз ел-жұртынан айрылып, сергелдеңге түсуі, саяси қуғын-сүргін салдарынан ұлтының текті тұлғаларынан көз жазып қалуы сияқты қа­зақ баласы басынан кешірген сүргіндер шығармада шынайы көрініс тапқан.
Сондай-ақ, осы романда тіліміздің шұбарланғандығы, ұлттық дәстүр-салтымыздан айдың күні аманда айрылып, бол­мыс-тегіміздің бұзылғандығын жетемізге жеткізіп бақ­қан. Бақталастық, рушылдық, билікқұмарлық сынды мерез мінез-қылыққа бой алдырған қазақ қоғамының бүгінгі тіршілігі жайындағы қынжылыс та қаламгердің ұлт қамын ойлап, уайым шегіп жүргендігінің айғағы әрі бәрімізге сабақ болатын, ойланатын мәнді мәселе. Қысқасы, тәуел­сіздік алмай тұрған қысылтаяң кездері жарық көрген шы­­ғармада бүгінгі күннің толғақты мәселелері қозғал­ған.
Біз білетін Қалихан – санасы сәулелі сезімге толы, жү­регі жақсылыққа ынтық, жаны қайырымдылыққа құштар, тілі шұрайлы да шуақты, қиялы қанатты, көкірек көзі көреген, адамның жан сарайындағы сыр сандығының құпиясын ашып көрсетуге асық та шебер жазушы. Қа­лам­гердің қай шығармасын оқысаң да тірі кейіпкерлерімен тіл­десе кетесің. Ал Алтай табиғатының жанды суреттері ол ай­маққа ат басын тіремей-ақ, баяғыдан білетін, көрген, жүр­ген жерің сияқты қабылданары да ғажап емес пе?! Сөз­бен суреттеудің әсерлілігі мен нанымдылығы, құдірет­тілігі осы ғой!
Жазушы Қалиханның қай шығармасы болмасын көсем сөз бен көркем ойдың үздік үлгісі десек, әсте қателеспейміз. Әзіз жүрегі нұрлы, сара сапалы жазушының алуан сырлы хикаят-романдары арқылы ойлы оқырмандары жан жылуына шомылып, көңіл-күйлері көтеріліп, сезімдері сер­піліп, бірде жадырап, бірде жабырқап, адами өмірдің ғұ­мыр­лық ғибратын алары аян.
Қарымды қаламгер ұлтының ұлы дүрбелеңдер кезінде қай­ғы-қасірет шеккен шырғалаң тағдырын өз шығар­ма­ларында өмірі өшпестей тарихқа таңбалап кетті. Иә, Қа­лағаң тарихшы болмаса да таңды таңға ұластырып, ел мен жердің шежіресін шерткенде осыншама білім-білігінің тереңдігі таңдай қақтыратыны жеті жұртқа мәлім. Қалағаң­ның жаратылысы мен жазушылығының бұл да ерекше қасиеті. Жалпы, ол ділмарлыққа салынып, сұлу сөзді оңды-солды суша сапыра беруден аулақ. Жазушы әр сөзін, айтар ойының мәні мен мақсатын үйлестіре, орайластыра, орнымен қолдану шеберлігін шыңдаған шынайы талант. Сөздері сырлы, тұшымды, тұздықты болған соң тартымды. Ал тіл тартымдылығы, сөз кестелілігі ойының ұрымтал ұш­қырлығымен астасып жататындығынан болса керек. Әлгі қазақта қара сөзге дес бермеген деген лепес – қалыпты қағида осы Қалихан сынды хас таланттарға қарата айтылса керек.
Жазушы Қалиханның өзге әріптестерінен өзгешелігі – оның табиғат суреттері мен адам­дардың образ-бейнелерін сомдауда ешкімге ұқ­са­майтындығы. Жазушы аңғарған сырды кейіпкер­лер­дің өз ауыздарынан естігендей болып іштей иланамыз, күле­міз, қуанамыз, әсерленеміз. Сөйте тұра, түрлі ойға ба­тамыз. Заман, қоғам, өмір туралы толғанысқа берілеміз. Оның шығармашылық деңгейін өрелі биікке көтеріп тұрған табиғи таланты деп түйін түйеміз.
Бір кереметі – Қалиханның қай кітабын оқысаң да, Алтайдың асқар шыңдарын қиялай өр­мелеп өскен шырша, қарағай, қайың, самырсынның бұр­қыраған жұпар иісі танауыңды қытықтай жөнелетіні бар. Ал кейіпкерлерінің болмыс-тұрқы тірі кісідей көз алдыңа тұра қалады.
Кіндігі кесілген төр Алтайын ардақ тұтқан ағамыз Алты Алаш­тың атамекені болған алтын аймақтың жыршысы бо­л­ғаны бәрімізге аян. Бір таңғаларлығы: Қалиханның он­жылдықты аяқтай сала Алматыға аттанып, ұзақ жылдар туған жеріне ат басын бұрмағаны. Солай бола тұра, күллі көркем шығармалары асқар Алтайдың ажарын, оның қара­пайым адамдарының қилы тарихы мен тағдырын жырлауға арналуы ғажап қой. Бала кезінде көзі көріп, көңіліне ұялаған баба таудың тұма табиғатының сырлы су­реттері жадында қалай жатталып қалғанына, осы өңірдің өткен-кеткен замандардағы естіген уақиғалары ұмытылмай есінде қалай сақталғанына таңданбасқа не шара?!
Қалихан ағамыздың соңғы шығармасы «Ана тілі» бас­пасынан шыққан көптомдық естеліктері. Ол бас алдырмай оқылатын қызықты да тартымды, тәлімді де тұшымды туынды. Ол естелікті жаңаша жазудың үлгісі. Осы көп­томдыққа арнайы редактор болу бақытына ие болдым.Оның қазақ қауымының бірсыпыра текті тұлғаларын: ақын-жазушылары, өнер саңлақтары, ел азаматтары жай­лы тамылжыта толғап, ел-жұртына өнер мен өмірге сіңір­ген ерен еңбектеріне қоса жеке бастарының қадыр-қасие­тін жарқырата жазып, кісіліктері мен парасаттылықтарына бас идіріп, өмірлік өнеге алуға тұрарлық болмыс-бітімін келістіре кестелеуі жан сүйсінтеді. Жазушының аға ұрпақ, замандастары мен інілері туралы толғаныстары, сырласуы мен сыйласуы жайындағы жазбалары адамдықтың, адал­дықтың көрігінде шыңдалған шындық. Қызғаныш, іштар­лық, бұра сөйлеу сынды ағат мінездерден ада ағамыз өз кейіп­керлерінің бойындағы ар тазалығы мен жан тазалы­ғын алабөтен ардақ тұтып жазуы оның тал бойындағы киелі қасиеті.
Айта берсек, Қалағаң шығармашылығының қыры мен сыры туралы әңгіме әсте таусыла қоймас. Қаламгердің төл шығармаларынан тысқары, тәржімалық талантын айғақтайтын дәлел: Бунин, Куприн, Тургенев, Толстой сынды өзімен жазушылық мәнері ұқсас орыс классиктерін төл өр­негімен төгілдіре аударғаны – қазақ әдебиетінің қазынасын толықтырған дүрия дүниелер.
Айтпақшы, Алтайын анасындай аялаған да саялаған саңлақ жазушының атамекенінің адал перзенті екенін іс жү­зінде дәлелдеген Қатонқарағай ауданының аумағындағы атақ­ты мемлекеттік ұлттық парктің ашылуына аянбай ат­салысқан азаматтығы.
Көзі тірісінде мадаққа мастанып, марапатқа кенелген талайлардың талқаны таусыла сала есімдері ел есінен ұмы­тылып жатқанын білеміз. Сондықтан қасымызда жүр­генде бағаланбады деп байбалам салып, өкпе-назды қоздыра беру бекершілік. Өйткені, өнер адамдарының өмірін жалғастыратын, атын ардақтататын артында қалған мұрасының құндылығы, яғни туматаланттылығы. Ал жазу­шылық шеберлігі қайталанбас қарымды да дарынды Қа­ле­кеңнің кітаптары арқылы мың жасайтыны күмәнсіз. Жазу­шы Қалихан Ысқақтың қазақ әдебиетіндегі шығар­ма­шылық қасқа жолы кейінгі өнерлі жастар үшін адастырмас арман жолы болып, асқақ рухымен жебей де жетелей жү­ретіндігі жанға медет.

Қуанышбай ҚҰРМАНҒАЛИ,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі. 

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір