ШЕҢГЕЛДІҢ ГҮЛДЕУІ мен ЕШКІНІҢ ЕСІ КЕТУІ…
28.06.2019
2922
2

Нұрлыбек САМАТҰЛЫ,
Республикалық «Таң-Шолпан»
әдеби-көркем, көпшілік журналының
бас редакторы

Өзімізде ештеңе жоқтай, өзгенің әлденесін аспандатып жіберетін мінезіміз-ай! Мысалы, жеміс беріп жарытпайтын сакура ағашының гүлдегенін жапондар кәдімгідей қуаныш қылып тойлағанын құдды бір нағашыларымыз мерекелеп жатқандай-ақ аузымыздың суы құрып айтамыз-ау! Соны өлеңге қосып жіберген ақындарымыз да баршылық. Дегенмен әр ұлт өзінің әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін бәрінен жоғары қойғаны абзал ғой. Осы ретте мені алыстағы жапон сакурасының гүлдегені емес, өз жерімізде өсетін шеңгелдің шешек атқаны әлдеқайда шаттыққа бөлейді.

Иә, кәдімгі шеңгел ше, шеңгелдің гүл­деуі жапонның сакурасынан кем бе екен? Шеңгел де ең ежелгі өсімдік. Оған орыстар да басқа ат қоймай, чингиль (чемыш, шенгил) дейді. Аяз бидің «шөп жаманы шеңгел емес…» дейтіні де қазақтың жадында. Ақ шеңгел деген түрі де бар. Ақ шеңгелді халық есте жоқ ескі заманнан-ақ әулие тұтса керек. Өйткені ол қазақтың «Жарты Төстік» атты ертегісінде айтылады. Ел арасында «ақ шеңгел адам сүйегі жатқан жерге өседі, сондықтан оны әулие көреді, оны шауып тастауға болмайды» деген аңыз бар.
Шеңгел мамыр айында жаппай гүлдейді. Гүлі сакураның гүлі сияқты қызғылт болып келеді. Кейде осы қызғылт түске күлгін бояу араласып кететіні бар. Мүмкін жердің құнарына байланысты шығар. Соры қалың, сусыз жерде өссе де малынып гүлдейтіні ғажап. Гүлі де өзгеше. Ойыңа осы кезде гүлдің «шешек» деген түркілік атауы түсе кетеді. Яғни, ұрпақ өрбітуші – шеше. Ал, «гүл» тәжіктің сөзі.
Шеңгелдің гүлдегені көктемнің жазға ұласқаны. Жазға ұласқан мезгіл қазақтың көші-қоннан қолы босап, жаны жай тауып, рақатқа кенелетін шағы. Бірақ жапон сияқты шеңгелдің гүлдегеніне еліге қоймайды. Есесіне табиғаттың осы бір ғажайып шағын елден бұрын ешкі сезеді. Сарыла күткеніне қауышқандай, тұп-тура есі шыға елбіреп қуанады. Жапондар сакура гүлдегенде қанша жерден қуанса да, сол қуанышын ешкіден асыра алмайтын шығар-ақ. Ал ешкінің сонда алабөтен мінезге басып, қутыңдап, құлдыраңдап кететінін көрсең. Жылына жалғыз мәрте болатын мұндай кәйіпті молынан татып қалмаққа асыққандай ерекше құмарлықпен, гүлден басқаны көзі көрмей, секіріп, орғып ойнақтай жөнелгенде, дәл сол сәтте ешкіден бақытты жануар таппайсың. Өріске беттеген отардан оқ бойы озып, желе жортып барып шеңгел тоғайға қойып кетеді-ау. Көзі тұнып, қалың гүлге ашқарақтана кіріседі сосын.
Етектегі гүлді місе тұтпай жоғарыға ұмтылып, адам сияқты екі аяқтап тұрып кететіндері де кездеседі. Екі аяқтап тік тұрғанда құлап түспеуі үшін бір орнында байыз таба алмай, тепе-теңдікті сақтап, салмағын екі аяғына кезек түсіріп, билей жөнелетінін қайтерсің. Сонда шолақ құйрығы да шаттанудың белгісін білдіріп, гүлдің ләззатын нақ сол жері сезіп тұрғандай шолтаңдап ала жөнелетіні қызық. Өзінен гөрі ашқарақ көзінің қарашығы бір орнында тұрақтамай, қарсы алдындағы қаптаған гүлдің қайсысын тістерін білмей, сақалы желп-желп етіп жан-жағына жалтақтаған түрі тым күлкілі. Жалмаңдап жеп жатып, көзі одан әрігіректегі басқа бір гүлге түссе болды, әлгі гүлді тастай салып, дереу көзі түскен гүлге қарай жанталаса жүгіреді. Жүгіріп бара жатып, жолай кезіккен тағы бір гүлге тұмсығын созып үлгереді. Ол гүлді іліп үлгерсе үлгерді, үлгермесе жанынан заулап өте шығып, келесісіне асығады. Осылайша түп шеңгелді шыр көбелек айналып кететін мінезі бар.
Ешкіекеңнің гүлге ессіз ғашық болғаны сондай, шеңгелдің тікені езуіне қадалғанын да сезбейтін тәрізді. Ешкіқотыр деген ауру содан шығады. Қотыр боп қалғанын кейі­нірек, шеңгел гүлін төгіп, жап-жасыл жұп-жұмсақ қоңырау байлағанда бір-ақ біледі. Ондай ешкілердің қотыр-қотыр езуі мен танауына әкеміз ақ у араластырған салидол жағып қояр еді. Ақ у езуін дуылдата ма, шібіш біткен түшкіріп, «ендігәрі гүлге жоламаспын» дегендей, дауысы өлімсірей шығып, мүсәпірсіп маңырап тұрғандары. Алайда езуі жазылысымен баяғы ішкен ант-суын тарс ұмытады.
Ешкіекеңнің шеңгел гүліне ессіз құмар­лы­ғына әсерленіп, сакураның гүлін жейтін жапон сияқты бір кезде өзің де гүлге «жа­йылып» жүресің. Бала кезімізде талай жедік, дәмі тәп-тәтті-ақ. Таңсық дәмін ауызбен айтып, қаламмен жазып жеріне жеткізе алмаспын. Рас болса, жапондар сакураның гүлдеуін уақыттың тездігіне балайды екен, ал мен шеңгел гүлінің дәмінен өмірдің тәтті­лігі сезіледі десем, иланар ма едіңіз. Жоқ, иланбайсыз. Илану былай тұрсын, күлесіз. Өйткені біз жаны нәзік жапон емес­піз. Анау-мынауға елең етпейтін қыңыр қазақпыз.
Сонымен ешкінің шеңгел гүліне деген «махаббатын» немен түсіндіруге болады? Сөйтсек, бар пәле гүлдің аталық және аналық мүшелерінде екен. Аналық гүлдің қақ ортасында, аталықтар оны қоршап тұрады. Аталықтың әрбірінде тозаңқап бар. Аталық піскенде тозаңқап жарылып, тозаң-ұрық (пыльца) аналықтың аузына түседі. Сол кезде гүл атаулы құмарлықтың шегіне – экстазға жетеді. Үлбіреп, бояуына қаны­ғып, жұпар шашып тұрады ғой. Бір өкініш­тісі біз гүлдің ләззатын сезіне алмаймыз. Тек түйсінеміз. Бояуына көзіміз қуанады, иісіне көкірегіміз масаяды. Гүлді көргенде жадырап сала беретініміз содан.
Әлқисса, табиғатта гүлдің тозаңдануы­нан, яғни ұрықтануынан өткен ғажап құбылыс жоқ. Көзге көрінер-көрінбес түкке тұрмайтын тозаң-ұрықтың ертең түйін байлап, жеміске айналатынына ой жүгіртіп қараңызшы…

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІРЛЕР2
Аноним 05.09.2023 | 15:01

Толықтырып салмайсындарма

Аноним 05.09.2023 | 15:02

Қотақпастар

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір