Мен өмірге нашақордың да көзқарасымен қарай аламын
28.06.2019
143
0

Әлихан НҰРБЕРГЕНҰЛЫ:

– Әлихан, жазуыңа қарағанда, оқуды ерте бастағаның білінеді. Бұл алғашқы шығармаң ба? Қай жастан бастап қолыңа қалам алдың?!
– Әңгіме, повесть, романдарды қызығушылықпен оқып жүргенімде бір күні қолыма Гетенің «Фаусты» тиді. Бұл кітаптың ерекшелігі сондай – мені ары қарай өзгеше ізденіс арнасына түсірді. Одан кейін Шекспирді, Байронды, жапон әдебиеті жауһарларын бірінен соң бірін шамам жеткенше талдап көрдім. Ал «Жан азасы» атты әңгіме менің алғашқы шығармам десем де болады. Себебі, бұл әңгімеге дейін азын-аулақ жазғаным осы шығарманы қағазға түсіруге жетеледі.

– Байқаймын, саған Франц Кафка, Төлен Әбдік секілді жазушылар ұнайтын секілді…
– Төлен Әбдіктің ұнайтын себебі – ол кісі қазақ әдебиетіне батысшылдық дәстүр­ді, жаңашылдықты алып келген қаламгер­лердің бірі. Оның шығармалары әділдік пен ақиқатты іздеп, ұрандап тұрады. Әр алуан оқиғаның мақсат-тілегі ізгілікті сақтап қалуды ғана көздейді. Жазу стилі бір бөлек. Төкең өзге жазушылардай таңғы шайды төрт-бес бет қылып суреттеп отырмайды. Идеяны ашуға керекті сюжетті ғана алға тартып, нақты ойды көркем жеткізуші болғандықтан, маған Төлен Әбдіктің туындылары ұнайды. Ол жазушыны қазақтың Мисимасы дейтін едім. Өйткені ол «Парасат майданы», «Ақиқат», т.б шығармаларында өлімнің эстетикасын көрсетеді.

– «Ортақ жауымыз – өзге ғаламшар­лықтар» деп кінәні өзгеге жауып, елді өзара бейбітшілікке үндегісі келетін адамдар жайлы жазасың. Ойлап қарасақ, әрбір ұлы тұлғаның өмір бойы аңсап өтетін қиял-мекені болған. Сенің аңсаған мекенің бар ма? Оның атауы қандай?
– Иә, жер бетіне төнген қандай да бір қауіпті өзге ғаламшарлықтарға немесе мүлдем жоқ астыртын ұйымдарға жаба салу соғысты қалап отырған елдерге тән тактика. Әлемдегі өзгерістерді, қандай да бір қиын­дықтарды айта келіп, жер планета­сының халқын бейбітшілікке шақыру да нағыз тыныштықты қалау емес. Террорлық әрекеттерді қауқарсыз мемлекет­тердің мойнына арта салып, оларды әлем алдында күстаналау да белгілі бір ойындар. Түпкі мақсаттары – үлкен территорияны иемденіп отырған азғантай xалықтарды жойып жіберу. Алайда бұл менің қиялға беріліп, бөтен ғаламшарға кеткім келеді деген сөзім емес. Маркестің Мокондасы, жел соқпай­тын Юпитер деп, гүл өспеген Марс деп ақылдан алжасудың керегі жоқ. Қиялымда бір сағым мекен де жоқ. Бірақ менің қалайтыным: заң бәріне ортақ, азаматтық құқығы толық сақталған, әлеу­меттік жағдайы орнықты, тұрақты азамат­тық қоғамда өмір сүргім келеді. Жазған туындыларымда сөз бостандығы, ой бостандығы болғанын қалаймын. Міне, осылардың бәрі сақталған қоғамда өмір сүрсем деймін. Әрине, азаматтық қоғамды қалыптас­тыратын өзіміз, алғышарттарын негіздейтін де өзіміз, егер біздің санамызға ой еркіндігін берсе, мүмкіншілік берсе, әрине.

– «Жан азасын» оқып отырып сан түрлі ойға қалуға болады екен. Дәрігер­дің бойындағы түсініксіз сезімдер бәрімізге белгілі болса керек. Біздің қазақ қоғамы әлдеқашан модернис­тік сәулетке, киімге көз үйретті. Алайда модернистік шығарманы түйсінуге, қабылдауға дайын ба?!
– «Жан азасы» әңгімесіндегі кейіпкер – адамның еркіндігі шектеліп, құқығы тапталған қоғамның бір өкілі. Ол жерге дәрігер ғана емес, басқа да кез келген адам өзін қойып байқаса, өзін-өзі толық көре алады деп ойлаймын. Қазақ оқырманы модернистік шығарманы қалай қабылдайды деп уайымдаудың қажеті жоқ. Қазіргі жастар да, орта буын да әр түрлі бағыттағы шетелдің кітаптарын оқып, танып, біліп жүр. Біздің шығармамызға, ізденісімізге осындай «қабылдай ма, қабылдамай ма?!» немесе «қоғам дайын емес» деген секілді ойлар кедергі келтіреді. Қоғамға, оқырманға модернистік шығарманы қабылдататын күш біз болуға тиіспіз. Мені қынжылтатыны мотивациялық түкке тұрғысыз кітаптардың көбейіп кетуі. Ол кітаптар белгілі бір стандарт негізінде немесе жүйе негізінде жазылса, құптар едім, олар бизнестің өте жеңіл түрі үшін жазылып жатыр. Сөйтіп, біздің қоғамға кері әсерін тигізуде. «Байлыққа жету үшін жалқаулықты тый» деп бір кітап жазады да, оқырманға жарнамалап, еш пайдасыз дүниелерімен кітапқа қызығу­шылығы енді ояна бастаған жастардың санасын улайды. Сондықтан біз оқырман не қабылдайды деп жалтақтамай, көркем туын­ды­лардың нағыз сүбелісін, керегін бере алсақ, өздері-ақ оны іздеп тауып алады.

– «Жан азасы» әңгіме болғанымен, көлемділеу секілді. Мазмұны да күрделі. Сондықтан оны әңгіме емес, «хикаят» деп ұсынсаң дұрыс болатын сияқты. Жалпы «Әңгіме жазу – кез-келген роман жазудан күрделірек» деген пікірмен келісесің бе?
– Жоқ, маған екеуі де ұнайды. Екеуінің де ішкі құпиялары мен өзіндік қиындықтары бар. Бірақ өзіме көлемділеу роман жазған жақсы секілді. Себебі романға көптеген ойлар, шым-шытырық сюжеттер, тіпті әр түрлі жанрды қоса қабаттап жазып жіберсе болатындай. Әңгіменің де өзіндік ерекшелігі бар. Ой нақты сюжеттің астарында жүріп отырмаса, бірі озып бірі қалып қалса, онда жұтаңдық пен білімсіздік байқалып қалады. Маған роман жазған да, әңгіме жазған да аса бір қиындыққа соқпайды…

Әңгімелескен
Б.Бөріханұлы

(Толық нұсқасын газеттің №26 (3660) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!