Егер Құдай бізден жалықса…
28.06.2019
254
0

Шілденің 4-5 күндері Нұр-Сұлтан қаласында Еуразия астаналары қаламгерлерінің І форумы өтеді. Форумға 20-дан аса елден 25 қаламгер және қазақ зиялы қауымы қатысады. Шараны Нұр-Сұлтан қалалық әкімдігі мен Қазақстан Жазушылар одағының Нұр-Сұлтан қалалық филиалы ұйымдас­тыруда. Орта Азияда тұңғыш рет өткізілетін басқосудың басты мақсаты – қаламгерлердің әдеби-мәдени байланысын күшейту, тәжірибе алмасу.
Назарларыңызға форумға келетін шетелдік ақындардан бір топ өлең ұсынып отырмыз.


Хусто Хорхе Падрон 1943 жылы Испанияда Канар аралдарының Лас-Пальмас-де-Гран-Канария қаласында дүниеге келді. Қырық жеті тілге аударылып, бес құрлықта марапатталған. Көзі тірісінде шығармалары әлемге ең кең таралған испан тілді ақын.

Егер Құдай бізден жалықса…

Егер Құдай бізден жалығып, бізді жек көріп кетсе,
Ол бізді басқа кейіпке өзгертер еді.
Тәнімізді алапес етер еді.
Бізді секемшіл, сезімтал етер еді.
Үнемі белгісіз шөл мен уайым, қорқыныш билер еді.
Үнемі өткен шақпен, естеліктермен қинайды.
Ол біздің қасымызға сансыз көп айналар орнатар еді.
Күндіз-түні сол айналарды
орны толмас, жоғалтқан дүниелерімізді
сан мың есе ұлғайтып көрсету үшін орнатар еді.
Біз соғылып сынар едік, құлар едік.
Айнада көп болып көрінер едік.
Айна біздің бет-бейнемізді айнытпай көрсетер еді.
Ол бізді қырық дуалдың артына қамар еді.
Бізді күйкі күйбең жұмысқа байлап қояр еді.
Біздің өмірімізді көлеңке дәрежесіне түсірер еді.
Біздің ішімізге пасық армандар,
даңққұмар, мансапқұмарлық,
зорлық-зомбылық, нәпсіқұмарлық,
жек көрініш уын құйып
ешқашан сүйе алмайтын адамға айналдырар еді.
Осы улы індет біздің жанымызды
кірлетіп, шірітер еді.
Осыдан күліміз көкке ұшар еді,
Зұлымдық бой көтерер еді.
Бейбастық пен көргенсіздіктің шегі болмай кетер еді.
Біз өлімді өзіміз жылап сұраған кезде, ол
Құдайдың әдетімен біздің шағымды
қорқыныш пен үрей билейтін уақытқа шегерер еді.
Егер Құдай бізден жалықса,
Егер Құдай бізді әділетті түрде жек көріп кетсе,
Біз онда аянышты, оспадарсыз, дөрекі,
өзіне-өзі қол жұмсаушы,
соқыр, азғын, қылмыскер,
қарғыс атқан тозақи пендеге,
бір сөзбен айтқанда,
Адамзат нәсіліне айналар едік.

Аударған Танакөз Толқынқызы


Екбер ГОШАЛЫ – 1973 жылы Товуз қаласында дүниеге келген. Бірнеше әдеби және ғылыми-публицистикалық кітаптардың авторы. Әзірбайжан Президентінің Жарлығымен «Терегги» медалін алған. Президент стипендиясының иегері. Әзірбайжан, қазақ, қырғыз, татар елдерінің бірнеше медаль, мақтау грамоталарымен марапатталған.

* * *

Арулар – ұл, ақындар – жыр жаратпақ,
Олар жырды, біз оларды парақтап,
Тербеткенде олар үміт бесігін,
Тербетеміз – өткен тарих шешімін.
Олар байрақ тігіп, көкке жайғанда,
Байрақ үшін бас береміз майданда.
Кілем тоқып, төсейді олар белдерге,
Жол тапсын деп сүйгені іздеп келгенде,
Жол саламыз тау қопарып,
тасты ойып,
Ұлы халық өтуі үшін қасқайып.
 
Олар сұлу болу үшін жаралған,
Еркек соны көру үшін жаралған.
Махаббаты сәуле шашып жанардан,
Жалықпайды сүйгеніне қараудан.
Қарағанда әйел махаббатпенен,
Қара тастың өзі гүлдей көктеген!
 
Біз де өлеміз, олар да өлер, анық та,
Әйелдерді саламыз біз табытқа.
Ал еркекті көктеуі үшін гүл шақта,
Салады олар, салады олар құрсаққа.
Еркек жүгін соны арқалап ақтайды,
Әйел бізді көз жасында сақтайды!

Аударған Ерлан ЖҮНІС


Сумьягийн Амиртайван – жылқы тақырыбын жанына серік етіп, шашасына шаң жұқпас жануарлар жайлы қалам тербеп жүрген, жаңа ғасырдағы Моңғол әдебиетінің белгілі өкілі.  

Оспанның ақ боз аты
Қия беттен жол тауып,
Жота кезіп, қыр ақтап.
Төрт аяғы тиген жер,
От шашады, жырақ қап.
Қызыл қырғын, шерлі азап
Қыр соңынан шүйлікті.
Қырғикөзді ер қазақ
Серік етті жүйрікті.
Шіңгіл, Қаптық, Нарында
Ұшақпен де шайқасты ол.
Зымырандай арындап
Зымиянмен айқасты ол.
Құйрық-жалын от шалып.
Құйғытады сайғақтай,
Ақ боз аты Оспанның
Тарихтағы айғақтай.
Моңғол тілінен аударған 

Сұраған Рахметұлы


Нұрлан Қалыбеков – қырғыз елінің ақыны. Қырғыз үкіметінің «Жастар» сыйлығының, «Жолон Мамытов» атындағы сыйлықтың, ҚР «М.Мақатаев» және «Ғ.Мүсірепов» атындағы сыйлықтарының иегері. Қырғыз Жазушылар одағының төрағасы.

Түңілу…

Өткіздім өмірдің жарымын,
Көрмедім бақыттың жарығын.
Ұрланды алтындай жастығым,
Отызда санамды басты мұң.
Бұл тағдыр аямас қаталды,
Тіледім, бермедің батаңды…
Тәңірді тілдеген кезім бар,
Бұл тілдеу ашумен жасалды.
Тамырын у жеген тағдырдың,
Сақтауға түбіне бал құйдым.
Өртеніп шарқ ұрған шақтарда,
Бүркіттей келеді жарды ұрғым.

Көңілдің түбінде жара бар,
Жүгімді көтермес қара нар.
Бабалар жұртында көшім бар,
Мен кетсем, біреулер табалар.

Жалғанның жалғанын түсіндім,
Үзігі екенмін түтіннің.
Мейірімге зар болып шаршадым,
Келеді өмірді бітіргім…
Үміттің шырағын жаға алмай,
Қалдым ба армансыз адамдай.
Залымдар жолымды кес-кестеп,
Өзімді жүрмін бе таба алмай?

Қарғыс бар, өзім де жаманмын,
Астында қалдым ба табанның.
Уайым құрт сынды жанды жеп,
Сарғайдым түсіндей сабанның.

Жоғалған жан аз ба ізі жоқ,
Жоғалсам іздеуші кісі жоқ.
О дүние, бұ дүниеде өмір сүр,
Құдайдың сенімен ісі жоқ…

…Өткіздім өмірдің жарымын,
Көрмедім бақыттың жарығын.
Ұрланды алтындай жастығым,
Отызда санамды басты мұң.

Аударған
Ербол Бейілхан


Гаврил Андросов – якут елінің ақыны, публицист, аудармашы. Ресей Жазушылар одағының мүшесі, Якутия Жазушылар одағы Басқарма төрағасының орынбасары. «Ұлттық тілді насихаттағаны үшін» сыйлығының лауреаты, мәдениет саласының үздігі, «Жас жазушы» сыйлығың иегері. Үш жыр жинағы жарық көрген. Өлеңдері орыс, поляк, болгар, қырғыз, тува және қырғыз тілдеріне аударылған.

Тылсым сағыныш

Менің саған дейтін тылсым сағынышым,
Жүрегімді бұ кеудемнен алып ұшып,
Сыйдырады Францияның бесеуін,
Тіпті, ұлы Якут даласын да.
О, сенің,
Құдіретіңе мендік білсең тылсымды,
Қара түнді жарып шыққан нұр сынды.

Құштарлығым, тауысардай мұршамды,
Оятардай ұйқыдағы вулканды.
Жай отындай жарқ-жұрқ етіп төбемнен,
Жоталарды көз жетпейтін,
Құрбан етер жолыңда,
Керек десең, тундраны шегерген,
Бұл өзіме көктен келген,
жаза екенін, сезем мен.

Саған, қалқам, жетпей қалған әндерім,
Шатып басын ашатындай әр ненің.
Құдірет боп құс жолымен ашылып,
Сыңарында сырғаңның,
Ойнайтындай асылып.
Содан кейін жүрегіңе байланып,
Жерге мәңгі қосақ болған ай сынды,
жүрейінші айналып…

Аударған Серікжан Қажытай

ПІКІР ҚОСУ

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Имя
E-mail
Пікір
 

error: Көшіруге болмайды! Авторлық құқықты бұзбаңыз !!