ҚАЙТАЛАНБАС ЛАҒЫЛ ТАС
28.06.2019
1659
0

Эдит Шмитц

«Мына лағыл тас керемет. Мұндай тас енді қайтып қайталанбас, сірә. Бұл менің аса құнды дүнием», – деді ақырын ғана зергер Бендер.
«О!» – деп таңданды үлде мен бүлдеге оранған жас келіншек.
«Сүйіктім, саған алқа ұнай ма?!» – жігіті оның жүзіне барлай қарады.
«Ұнай ма дейсің бе?!» – деп таңданды келіншек. «Ұнай ма? Бұл лағыл тас ғажап қой! Мұндай тасты өмірімде көрген емен…»
«Алқа қанша тұрады?» – деп сұрады жігіт зергерден.
Сол-ақ екен, Герман Бендерден маза кетті. Жылына бірді-екілі кісінің осы лағыл тасқа көзі түсіп, қызығу­шылық танытқаны болмаса, әдетте дүкенге бас сұғушылар салған жерден бағасын сұрай бермейтін. Ал бағалы тасты сатып алғысы келгендермен ол қашанда ұзақ әңгімелесетін. Әңгімелері тіпті бірнеше күн мен аптаға созылға­нымен, әлі күнге дейін лағыл тасты сатып жіберудің сәті түскен емес. Өйт­кені тас өте қымбат тұрады. Бағасы қол жетпестей.
«Тас, әрине, арзан емес», – деді Герман Бендер енді сақтана сөйлеп.
«Түсінікті», – деді жігіт қысқа қайыра: «Қанша тұрады?»
Зергер Бендер терең тыныс алды. «100 мың».
Дүкендегілерді бір сәт үнсіздік биледі. Қымбат тастың елде жоқ құнын естіген әйел қарсылық танытқандай қасындағы күйеуіне үдірейе қарап еді, ол «қарсыласпа» дегендей сыңай танытты.
Дүкеншіден «Чек аласыз ба?» – деп қана сұрады.
Герман Бендер абдырап, үнсіз тұрып қалды. Дүкендегі екі сатушы әйел де өз құлақтарына өздері сенер емес.
«Бірақ 100 мың марка дәл қазір қалтамда жоқ», – деп қабақ шытты сатып алушы.
Оның жүзіне қараған зергер:
«Әрине», – деді көңілдене. – Біз сақтануымыз керек. Жылдамдатуға тыры­самыз. Қане, енді жайғасың­ыздар!»
Зергер Бендер ерлі-зайыптының басқа бөлмеге баруын өтінді. Сатып алушы қалтасынан чек алып шығып, толтырып, оны зергерге ұстатты. Чекке бір сәт зер сала қараған Герман Бендер іле оны сатушы әйелге берді. Сатып алушы чекке «Карл Шюрман» деп қол қойды. Арада он минут өткенде зергер Бендер чектің дұрыстығына көз жет­кізді. Одан кейінгі бес минут ішінде Карл Шюрман мен жас келіншегі дү­кеннен лағыл тасты алып шықты.
Өзіне өзі дән риза болған Герман Бендердің иығынан жүк түскендей еді. Бір сәт езуіне күлкі үйірілді. Мұндай қомақты түсім күнде бола бермейді. Лағыл тастың құндылығында сөз жоқ. Әрі асқан шеберлікпен жасалған. Әйтсе де, осы лағыл тас аздап ақаусыз да емес еді. Көрінер-көрінбес ақауы құнын түсіріп тұрады. Бірақ ол олқы­лықты тек маман ғана байқай алады. Содан бері тастың құнына 40 000 марка қосып сатып жіберудің сәті бір түспей қойды. Тіпті осы лағыл тас үшін тым құрығанда 60 000 марка алса да ұпайы толық болар еді.
Арада бірнеше апта өткенде зергер­лік бұйымдар дүкеніне келген Карл Шюрманды Герман Бендер жазбай таныды. Тіпті қаны басына шапшыды.
«Қайырлы күн, Шюрман мырза!» – деп жымиды ол. «Сізбен қайтадан жүздескеніме қуаныштымын. Қандай көмек көрсетейін?»
Жас жігіт қатқылдана қолын қалта­сына салғанда Герман Бендердің бо­йын үрей билеп, біреу үстінен мұздай суды ақтара салғандай болды. Қалтасы­нан визиттік картасын алып шыққан Карл Шюрман оны зергерге ұсынып жатып: «Міне, мынау келесі аптадан бастап біздің жаңа мекенжайымыз. Жағдай былай. Лағыл алқаға есі кеткен әйелімнің ала таңнан құла кешке дейін айтатыны да сол тас. Оған тағы бір бағалы дүние әперсем деймін. Құрып кеткенде дәл осындай сый жасасам. Әйелімнің туған күніне тағы бір лағыл тас сыйға берсем, оның қуанышында шек болмас еді. Бұл жолы оған білезік тарту етсем деймін».
«Лағыл тастың көлемі де, бағасы да алдыңғыдай болғанын қалайсыз ба?»
«Иә», – деп жымиды Шюрман.
«Бұл мүмкін емес. – Герман Бендер күрсінді. – Дәл осындай шеберлікпен жасалған лағыл тас енді кездесе қояр ма екен?»
«Өкінішті. Бірақ ақшаға бәрі де мүм­кін дегенім ғой. Жоқ болса, тапсырыс беру жағын ойластырыңыз. Лағыл алқа туралы мәліметіңіз бар ма?»
«Мырзам, бізде бәрі бар». Герман Бендердің аузына құм құйылды.
«Жақсы. Лайықты лағыл тапсаңыз, маған дереу қоңырау шалыңыз».
Визиттік картада «Хелен мен Карл Шюрман» деп жазылған. Онда қымбат қонақ үйдің мекенжайы көрсетіліпті.
Зергер лайықты деген лағыл тасты іздеп, алдымен Америкаға сұрау салды. Алты аптадан соң, Канада, Орталық, Оңтүстік Америка мен Еуропадан сұ­растырып көрді. Етене таныс, тіптен құлағы шалған белгілі деген аукциондарды шолғызды; ең мықты деген шеберхана атаулыға жазып, жүздеген зергермен байланысқа шықты. Ол екінші лағыл тасты айлар бойы іздеп, әуре-сарсаңға түсті. Бірде Рангун қа­ласынан бір азиялық «іздеген тасты таптым» деп хабарласты. Бірақ тастың иесі оны сатуға бейіл емес көрінеді. «Мүмкіндігінше тастың құнын түсір­туге тырысыңыз», – деді Шюрман Бен­дер оған қоңырау шалғанда. Біраз күннен кейін Герман Бендер лағыл тастың қожайынымен жүздесті. Бетіне майы шығып, іркілдеген бай «ол тас өте қымбат тұрады» деді.
«Айтыңызшы, тасты мен неге сатуым керек? Ақшам жетеді. Оны қажет­сініп отырғаным жоқ. Бірақ маған осы бір шағын жалт-жұлт еткен тас қажет. Өйткені мен сол лағыл тасты жанымдай жақсы көремін», – деді ол тасты көрсете.
Герман Бендер бір қарағанда-ақ тастың алғашқы лағылдан айырмасы жоқ екенін аңғарды. Бір аптаны қажет еткен зергер кейін Карл Шюрманмен телефон арқылы хабарласқанда «Лағыл тас керемет. Қайталанбас тас! Бірақ ұсақ тастары орнынан қозғалған сияқ­ты. Қожайыны тасқа 350 000 марка сұрап отыр», – деді. Бәрін бір сәт ой елегінен өткізген Шюрман: «Алыңыз», – деп келтесінен бір-ақ қайырды.
Герман Бендер банкке барып, бүкіл ақшаны чемоданға толтырып, әлгі саудагердің талабы бойынша қолына ұстатты. Чекті қажетсінбеді де. Үйге кел­ген соң зергер лағыл тасқа зер салды. Ол бұрын-соңды көрмеген баға жетпес керемет тас еді. Бірақ тас Шюрмандар сатып алған тас сияқтанды. Тастың осы түрінің білгір маманы Эдуард Клингер лағылды мұқият қарап шықпақ болып дүкенге бас сұқты.
«Саған мына тасты өткізіп жіберу­дің сәті түскен екен!» – деді ол дауыс­тап.
«Қателесесің! Сен айтып тұрған тас баяғыда сатылып кеткен. Мынау бас­қасы. Жаңасы. Бірақ бұл да өтіп кетті!» – деп жауап қатты Герман Бендер.
Сарапшы лағыл тасты мұқият қарап шықты. «Нақтырақ жауабын бір-екі күннен кейін айтамын. Тасты алып кетіп, тағы да зер салып қарап шыға­мын. Бұрындары тастың бір жерінде кішкене ақауы болған еді. Мына тастың да дәл сол жерінде ақауы бар сияқты. Егер солай болып шықса, онда дәл сол тас болғаны!»
Герман Бендердің жүзі қуарып кет­ті. Ол енді жанын қоярға жер таппай мазасызданып, телефонға жүгіре басып барып, Шюрман тоқтаған қонақ үйдің телефон нөмірін тере бастады.
«Өкінішті. Бірақ ерлі-зайыпты Шюрмандар осыдан екі күн бұрын ке­тіп қалды. Мекенжайларын қалдыр­ған жоқ», – деді арғы жақтан естілген әйел дауысы.

Немісшеден аударған
Рауза МҰСАБАЕВА

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір