ҚОҚСЫҚ
28.06.2019
1356
0

Мемлекеттік телеканалдардағы бағдарламалар материалдарының сын көтермейтіндігі туралы редакциямызға келіп жатқан оқырман хаттары күннен-күнге молая түсуде. Олар шетелдік жылдап бітпейтін киносериалдардың тәулігіне үш-төрт дүркін қайталанып берілетініне наразылықтарын айтады. Қазіргі «самопал» әндер мен әншілерді топ-тобымен экранға шығара беретіндіктеріне қарсылықтарын білдіреді. Соның бір парасы төмендегі сықақшы ақынның найзалы нақыштары

Эфирдің керегесі сықырлай ма,
Шала-жансар ән сыймай тыпырлай ма?!
Роза Бағланова айтқандай-ақ,
Елеп-екшеп, қоқсығын сыпырмай ма?

Әндері бөскенде рас бөскендей ме,
Әлемнің деңгейіне өскен дей ме?
Самопал сазгер-әнші – заманауи,
Үлкеннің ақылына еш көнбей ме?

Қосылып ән шырқайтын досым қайда,
Тосылып, тосқандаймын тосын жайға.
Байланған ғаламторға дәл бүгінгі
Өмірдің талабы әлде осындай ма?

Қазақтың қара өлеңі жалғанбай ма,
Модадан күпі шекпен қалғандай ма.
Өзгеріп танымастай ән мен жырым,
Киініп «замануи» алғандай ма?

Басыңды мені құптап имегенмен,
Аспаптың үніне құр күйлегенмен,
Ескі әндей, еске алып айтпайды ешкім,
Жаңа әнге жер тепкілеп билегенмен.

Жасқа да, жасамысқа, кәріге де,
Ескі әндер керек еді – бәріне де.
Қаны аздай қазіргі әннің қарап тұрсам,
Нашарлап кетті, ағайын, халі неге?

Айтқанмен қазіргі әнге өлердей сын,
Аспанға жұлдыз санап елеңдейсің.
Десем де Ескендердің «Елігім-айын»,
Атқандай рахатқа кенелмейсің,

Жаңа әнді жабылып жұрт қойды
ұға алмай,
Шәмшінің «Отырардағы тойы»
қандай?
«Қайықта», «Ақ маңдайлым», «Сыр сұлуын»
Күндіз-түн жүре алмаймын
ойыма алмай.

Десең де атақ-даңқың елге мәлім,
Десең де «шет еліңе келеді әлім».
Мың жерден мақтаса да жат жұрт сені,
Шет елге емес, қазаққа керек әнің.

Жан бар ма сазгерлікке ұста мұндай,
Болыңдар Нұрғисаның ұстамындай.
Мақтансаң, мақтаныңдар бір ән жазып,
Әлемді шарлап кеткен «Құстарыңдай».

Басыңа жаңбырдай боп жаусын өлең,
«Өлеңмен жер қойнына»
барсын денең.
Әлемнің дүлдүлдерін әнші Әміре
Табиғи, жеңген дара дауысыменен.

Әні жоқ, үні аспаптың күмбірлейді,
Шеттерінен «Жұлдызбын»,
«Күнмін» дейді.
Жадымызда жаңғырған ұстазымыз
Абылақат Есбаевты кім білмейді.

Жөн білсең, жолың кесіп бұл егестің,
Шындыққа жұдырықты білемессің.
Өзіңмен бірге жасап, бірге өлетін
Әніңе қысқа ғұмыр тілемессің.

Эфирдің керегесі сықырлай ма,
Шала жансар ән сыймай тыпырлай ма!?.
Көркемдік кеңес құрып ком. басшысы
Елеп-екшеп, қоқсығын сыпырмай ма?

Құрман МАЛДЫБАЕВ,
ШҚО, Үржар ауданы,
Қарақол ауылы


ЖЕЗДЕ МЕН БАЛДЫЗ АЙТЫСЫ

Әмір мен Гүлнәр ұзақ жылдар бойы бір мекемеде қызмет істеді. Әмірдің әйелі мен Гүлнәр рулас болғандықтан олар бірін-бірі «жезде», «балдыз» деп әзілдесіп жүреді. Әзілдескенде де кейде тіпті қатты кететін кездері бар. Бірақ оған ешқайсысы да ренжімейді. Әмір 70 жасқа келгенге дейін қызмет істеп, жұмыстан кетсе де, «туған» мекемесіне ара-тұра келіп тұрады. Гүлнәр болса 50-ді енді еңсерген, әлі қызметте. Екеуінің де өлең жазатындары бар.
Бүгін де Әмір «өз» мекемесіне кіріп, дәлізбен келе жатыр еді, ашық тұрған есіктен Гүлнәрдің «жезде» деп айқай салған дауысын естіді. Кабинетте заты әйел екі адам отыр екен.

– Жезде, апам қалай? – дейді Гүлнәр көзі ойнақшып.
Сонда Әмір сәл үнсіз отырып, былай дейді:
Мен сені баяғыдан «балдыз» деймін,
Жетеді саған сірә қай қыз деймін.
Апаң қартайып, қасына жолатпайды,
Жездең қалай жатады жалғыз деймін,
Осыны бір ойлашы балдыз деймін.
Отырғандар ду күледі. Әмір кабинеттен шығып кетеді. Бір сағаттай сондағы жігіттермен әңгімелесіп, қайтып келе жатқанында «жезде» деп айқайлаған Гүлнәрдің дауысы тағы естіледі. Кабинетке кірген Әмірге Гүлнәр былай дейді:
Мен сен баяғыдан «жезде» деймін,
Қыз іздеп, көшелерді кезбе деймін.
Айтқанын балдызыңның тыңдамасаң.
Қаларсың 70-інде сөзге деймін.
– Ой, бәрекелді, балдыз, – деп қуанып қалған Әмір сәл үнсіздіктен кейін:
Бұл маған «тиыш жүр» деп тыйғаның ба,
Жоқ әлде басқаларға қимадың ба?
Қыз іздеп, көше кезіп қайтейін мен,
Балпанақтай балдызым тұрғанында, –
деп кабинеттен шығып кетеді.
Бір сағаттан кейін оның телефонына СМС келеді. Онда былай деп жазылған екен.
Жыланның құйрығын сен басып кеттің,
Жеңдім деп мені өзіңше тасып кеттің.
Бір шумақ өлеңіңді айта салып,
Жездеке, неге жылдам қашып кеттің?
Әмір аз ойланып отырып, оған СМС-пен былай деп жауап қайтарады:
Маңдайға тағдыр жазған бұйрықпенен,
Жақсы ғой басып жүрсең құйрық деген.
Жылан болып қайтесің, балдызым-ау,
Қорқытпа мені ондай «сұмдықпенен».
Айтыс СМС арқылы одан әрі жалғасады.
Балдызы:
Үйде жатып, жездеке, ерігесің,
Жас жігіттей қиялға берілесің.
Қуарып, суалған шақ «жетпісіңде»,
Неменеңе жетісіп, желігесің?
Жездесі:
Қуарып, суалдың деп табаладың,
«Асып-тасқан» көңіліме қарамадың.
Мен де бір ұрпағымын сексенінде,
Серілік құрған кеше бабалардың.
Балдызы:
Мықты болды ол рас бабаларым,
Оларға қалай кінә таға алармын.
Жас ет жеп, қымыз ішіп, серілік қылса,
Білген ғой, сірә өзінің шамаларын.
Қуарып, суалмай ма жетпісінде,
Арақ ішсе бүгінгі ағаларым.
Жездеке, «сау сиырдың» бірі емессің,
Сондықтан көңіліңе қарамадым.
Балдызы СМС арқылы жіберілетін жездесі Әмірдің жауабын әлі күтулі.

Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір