«ТАС КІТАПТАР» ТІЛ ҚАТАДЫ
26.06.2019
1747
0

Еліміздегі көрікті жерлерді, тарихи орындарды, арғы заманнан жеткен жер-су атауларын насихаттау, туризм саласын дамыту мақсатында ашылған «Жерұйық» айдарының бүгінгі саны «Таңбалы» қорық-музейіне арналады.

Бес жүз жылдан арғысын тасқа жазып, бес жүз жылдан бергісін хатқа жазған ата-бабаларымыз мекен еткен бар өңір құндылыққа, өзіндік ерекшелікке ие. Сайын сахара төсінде саналы мәдениет жаратқан халықтың өркениеті мен дамуынан сыр шертетін, қадау-қадау ғасырлардан бері жоғалып кетпей, жалғасын тапқан мәдени мұралар арқылы біз кешегі тарихты, өтпелі дәуірді көз алдымызға елестете аламыз. Осындай мәдени құндылықтың бірі – «ашық аспан астындағы музей» атанған Таңбалы қорық-музейі. Өткен апта соңында бір топ журналист осы қастерлі мекенге жол тарттық.
Қазақ даласының сан мың жылдық сырын тас сандыққа сақтап қалған «Таңбалы» археологиялық кешені 2004 жылы ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұралар тізіміне енген. Бұл қорық-музейге ат басын бұра қалсаңыз, ен далада шашылып жатқан әр тастың өзіндік сыры мен сыны бар екенін түсінер едіңіз. Жартас бетіндегі санақсыз өнер туындылары жайдан-жай біздің даламыздан орын алмаған шығар деп те шексіз қиялға шомасыз. Не бір хикметтерді алып, құшағына сыйғызған қазақ даласының бір кереметтігі осында тұр. «Таңбалы» қорық-музейі тек жартас өнері ескерткіштерін көрсететін музей ғана емес, басқа да ежелгі ғасырлық ескерткіштердің негізгі ордасы болып саналады (1-сурет).
Ай мүйізді ат, шабандоз бала. Бұл сурет бізді сан ғасыр артқа шегініс жасатты. Арғымақ мінген бала «мына даланың иесі менмін» деп тұрғандай әсер беретіні даусыз. «Күлдір-күлдір кісінетіп, күреңді мінген» ер жүрек бабаларымыз озық мәдениет жасамады» деген қыжыртпа көзқарастарға осы суреттің өзі-ақ нанымды жауап бере алады. Бұл сурет – аттан ауып қалған көшпелі жұрттың ежелгі шынайы бейнесі, жылқыны серігіне балаған арғымақ мінез қазақтың пәлен ғасырлар бұрынғы боямасыз көрінісі. Оның шын кеспірін осы тас айна айтып тұр (2-сурет).
Жұмбағы әлі шешілмеген күнбасты адам. Осы сурет туралы әлі күнге дейін жүйеленген шешім жоқ. Әркім өз түсінігі бойынша баян етеді. Себебі, шағын ғана сурет бүкіл ғаламдық құбылысты, арысын айтқанда, адамзаттың алғашқы сәттерін, діни тұрғыдан алғанда, күнге табыну дәуірін өн-бойына сіңіріп жатыр. Тас тақтаның бетінен Күн, Адам, Жерді айқын көре аламыз. Тіршіліктің үш тұтқасы да осы үшеуі деп түсінген ата-бабаларымыздың керемет қиялына таңдай қақпауға шарасызбыз. Бала кезімізде аталарымыз: «Жерді дәу көк бұқа қос мүйізімен тіреп тұр, оның мүйізі талса, жер қозғалып, содан жер сілкінісі пайда болады», – деп айтып жататын. Сол халықтық аңыздың суреттегі нұсқасы осы болса керек. Халық санасынан туындаған әр аңыздың ақиқаты бар екенін түсінетін уақыт та жетті (3-сурет).
«Таңбалы» қорық-музейінің тағы бір хикметті жәдігері осы сурет. Қиыршық тасқа ыждағатпен салынған бұл өнер туындысында бір емес, бірнеше ғалым, сансыз тіршілік сыр шертіп жатыр деуге болады. Бас жағында алып күн, ортасында жер беті тіршілігі, одан кейін қолдасқан адамдардың берекелі өмірі. Барлап қарасаңыз, қол ұстасқан адамдардың арасында босанған ананың бейнесін, оған шаттанып, қол соққан тілеулестердің бейнесін көре аламыз. Осыдан-ақ ата-бабаларымыздың ұрпақ жалғастығының мәңгілік екенін шексіз қиял туындысы ретінде тасқа жазып қалдырғанын осы тас парақтардан оқуға болады (4-сурет).
Аталған қорық-музейдегі көп суреттер ұлтымыздың көшпелі кезеңдерін бейнелейді. Қазақ халқының тұрмыс-тіршілік көзі болған төрт-түлікке, жабайы аңдарға, босанған әйелге, атқа мінген балаға қатысты суреттер осы сөзіміздің айғағы. Әсіресе, Күнге табыну заманының тас бетіндегі бейнесі секілді күнбасты адам суреті дәуірлердің де артта қалатынын, уақыттан озған ештеңе жоқ екенін символдап тұрғандай. Ал, екінші жағынан зер салсаңыз, тағы басқаша мағына беретіндей.
Жартас бетіндегі құдды әлдебір кәсіби суретші сурет қағазына сызғандай әсем көрінетін суреттер: «Мен көшпенділердің сан мың ғасырлық тарихымын, осынау кербез даланың бастан өткергенін көзбен көрген бірден-бір куәгерімін, алмағайып замандардың сырын түйген естелікпін, нөсерлі дауылға, аптап ыстыққа, қаһарлы қысқа төзе білген, әр парағын ғұлама жылдар судырлатқанда ата-баба тарихынан сыр шертетін, ерекше пейілмен оқып білгенге рух беретін кітаппын, мұқабамды, парағымды аумалы-төкпелі дәуірлер мұжыды», – деп тіл қатып тұрғандай. «Таңбалы» қорық-музейіне жыл сайын ағылатын туристер легі толастаған емес. Өйткені, бұл мекен – жұмбақтар әлемі.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір