Шәуешектегі жүздесу
26.06.2019
1362
0

Әбділдабек САЛЫҚБАЙ

(әңгіме)

Миләди 1918, қазақша жылқы жылғы көкек айының соңғы күндерінің бірі еді. Күн арқан бойы көтерілген. Шәуешек сыртындағы саялы бақ сұлу қалыңдықтай жасанып, құлпырып тұр. Шие гүлдеп, алма ағаш бүрлеп, жиде мен бөртегүлдің жұпар аңқыған хош исінен тіршілік атаулы балбырап, балқи түскен. Бақ ішіндегі алаңқайға биік үстел қойылып, бетіне ақ мата жабылыпты. Үстелдің төргі жағына ағаш орындықтар тізіліпті. Көгалды алаңқайды шеңберлей өңкей ақ шаңқан киіз үйлер тігілген. Алаш Орда азаматтарын күткен Шәуешек зиялылары шабыс тілеген мәредегі бәйге аттардай тықыршиды. Әсіресе, әлгінде әйгілі Әсет әнші мен Қанағат болыстың тобын қарсы алып, ақ боз үйдің біріне түсірген Нияз, Хасенжан сияқты әбжіл жігіттер киіз үйлерді аралап, ештеңе ұмыт қалмасын деп, пысықтап жүр.

«Ау, Ақа, не дегенің, бүй дегенің,
Алашқа бар қазақты жи дегенің.
Сыртта жүрген ағайын суық бауыр,
Оған мысы жүре ме үйдегі елдің».

Әсет НАЙМАНБАЙҰЛЫ,
«Алашқа!»

…Осыдан бірер күн бұрын қос салт атты Еміл бойындағы Тасөткелден өтіп, Көктұмаға қарай сар желдіріп келе жатты. Жүрістері суыт. Бұлар Әлімғазы болыстың ауылынан шыққан Әсет пен Сейтек еді. Әсет Әлімғазының өтінішімен мұнда кеше келген. Жол түссе, одан әрі Лепсі, Шұбарағаш жаққа барып қайтпақ ойы да бар. Алайда алысқа ұзаса, көптен күткен қонақтармен жүз көріспей қалам ба деп, бөгеліп қалды. Айтқандай-ақ, сиыр сәскеде Қанағат болыстың Сейтек деген сенімді серіктерінің бірі шауып жетті. Түтігіп кеткен. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған Алаш арыстарының жолға шыққанын естіп, болыстың өзі оншақты серігімен, қарулы жігіттермен қарсы алуға аттаныпты. «Құдай қаласа, келіп те қалған шығар. Тез жүрейік. Тездетейік», – деп дегбірі кетті. Содан екеуінің асығыс аттанған беті.
Әсет алдыңғы жақтағы Арқалды қыраттарына, Қоскеліншекке әлсін-әлсін көз тастап қойып, ежелгі әдетімен ой жетегіне ерді. Екінің біріне ұштығын ұстатпас өмірдің мәні мен сәні сынды тылсым сырларға шым-шым батып бара жатты… Алла Тағалам әу баста қазаққа дархан көңіл, кең пейілді аямай-ақ берген ғой. Сол кең пейіліне сай Алтай мен Атырау арасындағы ұшы-қиырсыз сахараны да пешенесіне жазыпты. Ол аз десеңіз, атам заманнан бермен қарай келе жатқан тағдырға мойын ұсыну, барға қанағат қылып, жоққа сабыр ету де осы халықтың күнделікті өмір салтымен үйлесіп, жымдасып кеткендей.
Мұның шариғи мәнісін Әсетке сонау бозбала шағында ұстазы Зейнолла хазірет жіліктей таратып берген еді. «Балам, кемел болмысты, көркем мінезді, тақуа мұсылманнан бақытты жан жоқ. Басына қайғы бұлты үйірілсе, сабыр қылады, бақыт құсы қонса, шүкіршілік етеді. Сол шүкіршілігі мен сабыр-қанағаты үшін Жаратқан Аллам сүйген құлына еселеп нығмет береді, – деп еді Зейнолла хазірет. – Осылайша ол жан баласымен жанжалдаспай, шыбынға да залал келтірмей, Алланың адал несібесін теріп жеп, берекелі, бақуатты ғұмыр кешеді. Ендеше қабілет-қарымың барда кемелдікке жеткізер, танымыңды тереңдетер ғылым жолына түс, тақуалыққа ұмтыл!»
Иә, хазірет айтты екен деп, Әсет бұ жалғанның қызығын тәрк етіп, не ғылым, не тақуалық жолға түсе қойған жоқ. Бірақ «Құран кәрім» мен пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) сахих хадистерін жадына түйіп, жастайынан жақсылыққа құмартып, ізгілікке ұмтылып өсті. Соның арқасында, шүкір, кемел болмыс пен көркем мінезден де кенде емес. Әйткенмен, көңілінің терең бір түкпірінен анда-санда бір алаңның қылаң беретіні рас. Кейінгі жылдары сол алаң айқындалып, айшықталып, арман мен аңсарға айналып бара жатқандай ма қалай…
Қаршадайынан қазақтың жыр-дастандарына құмартып, ертегі-аңыздарына қанығып өсіпті. Қиялы ұшқыр, жаны жайсаң қыр халқының домбыраша күмбірлеген көкірегінен шымырлап шығып жатқан қара өлеңге аңсары ауыпты. Туғаны жоқ тура бидің қара қылды қақ жарған әділдігі мен қара тілді шешендердің тапқырлығы тәнті етіпті. Бірте-бірте мұның бәрі әншейін еліктеу-солықтау емес, тұла бойын кернеген тұмса күш, тума дарынмен ұштасып жатқанын арғы бір аңғарымен ұққандай болған.
…Балалық шақтан есте қалғаны әкесінің қолынан балта мен шоттың түспейтіні. Төңіректегі жұрттың бәрі қазанға қақпақ, оқтау, келі-келсап, қыл аяғы саптаяқ іздесе де, әкесі Найманбайды жағалайтыны. Бір күні ата-анасы аяқ астынан аз ғана жүгін атарбаға тиеп, Арқаның ақшомшыларына еріп, Семейтаудың етегіне жетті. Онда да көп тұрақтамай, әкесі Өскемен жақтағы бір байдың кіресін тартатын Елеуке деген пысық жігітпен шығысып, бұларды Алакөлдің жағасындағы Қазанқапқа әкелді.
Қазанқапта отырғандағы мына бір оқиға күні бүгінгідей көз алдында. Ұмытпаса, тоғыз-ондардағы шағы. Анасы Кермеқас: «Тезек теріп әкел», – деді. Ата-анасының сөзін екі етпейтін қағылез бала сүтпісірім уақытта бір қап тезекті арқалап қайтты. Ошақ басына әкеп, қаптан төккенде жел қағып, күн жеп бозарған тезектер көзіне пыр-пыр етіп ұшқан бозторғай болып көрінді. Жанарынан от ұшқындап тұрып, осыны айтып бергенде анасы:
– Балам, басыңа бозторғайдай бақ қонып, ұя салайын деп тұр екен! Иә, Жаратқан Аллам, қолдай көр! – деп, күбірлеп дұға жасады. Осыны естіген әкесі де көптен бергі өтінішін орындап, қарағаштан домбыра шауып берді. Пәлендей шешен болмаса да, бірсыдырғы қоңыр даусы бар аспап. Ең бастысы – ешкіммен ортағы жоқ, ең алғашқы жеке домбырасы.
Бір күні екі кештің арасында баяғы Елеуке келе қалды. Кешкі астан соң әкесі қонақпен бірге қараша үйдің төрінде әлденені қызу талқылап отырған. Әсет күні бойы қозы бағып, шаршап келіп еді, мұрттай ұшты. Ертеңіне кешке келсе, үй-ішімен буынып-түйініп отыр екен. «Көшеміз», – деді анасы. «Қайда?» «Көктұмаға». «Ол қандай жер?» «Бара көресің. Жақсы жер дейді…» «Неге көше береміз? Астымыздан су шықты ма?!» Әсет былтыр күзде ғана көшіп келген Қазанқапқа бауыр басып қалып еді. Көл жағасы. Құс пен балық дегенің жыртылып айырылады. «Тезірек жаз шықса екен, армансыз көлге шомылатын» деп қиялдап жүрген. Енді сол арманы аяқ асты болайын деп тұр. «Қой, балам! Бұл сөзіңді әкең естімесін… Сен әуелі онда не бар екен деп, сұрамайсың ба?!» – деп жымиды анасы. Алакөлді қимай тұрған Әсет үндеген жоқ. «Онда не бар?!» – деші. «Иә, не бар екен?» – деді құлықсыздау. «Медресе бар екен! Құдай қаласа, күзде сені оқуға берсек пе дейміз…» «Медресе, оқу» дегенде, баланың көзі шырадай жанды. Қаршадайынан хат танып еді. Енді үлкен оқуды оқысам, қара танысам дейтін. Шамасы келсе, он сегіз мың ғаламның сырын ұқсам деп қиялдайтын. Алайда онысы әзірге қол жетпес армандай көрінетін. Енді, міне, сол арманы қолсозым жерден жарқ етіп көрінгендей… «Ағаммен бірге мен де оқиыншы, апатай», – бес-алты жасар қарындасы Әсекейдің даусы ойын бөліп кетті. «Сен – қызсың ғой, қарғам-ау… Қыздарды оқытатын оқуы бар деймісің!? – деп жұбатты оны анасы. – Әуелі ағаң оқысын. Ағаң молдадан үйренгенін саған үйретеді. Жарай ма?!» «Жа-рай-ды…»
Ертеңінде таң бозынан атарбамен жолға шығып, жолай бір қонып, келесі күні екінті әлетінде Көктұмаға жетті. Бір қазақтың ауласына атты доғарып, үйінен шәй ішті. Еңкейсең басың қабырғаға тиетін ауыз үйлі жапырайған жаман тамда өзімен қатарлас қызы бар қырықтар шамасындағы ерлі-зайыптылар тұрады екен. Шайдан соң солардың тамының ық жағына бұлар да қосын тікті. Көп ұзамай әкесі ауыл сыртынан салдау мен сырғауылға жарар мол ағаш қиып әкеп, там соғуға кірісті.
Қытаймен шекараның бергі бетіндегі Көктұманың қос аты бар еді. Ресей шенеу­ніктері қойған ресми атауы – Бақты. Іргелес Бақты тауына орай аталған көрінеді. Ал жергілікті қазақтар оны осындағы ауылдың бұрынғы атымен Көктұма дейді. Киіз үйден басқаны көрмеген қырдың халқы қатар-қатар тізілген тамдары мен базарына қарап, «Көктұма қаласы», «Бақты қаласы» деп те әспеттейді. Күз түсе Әсет осы Көктұманың медресесіне оқуға барды…

(Толық нұсқасын газеттің №25 (3659) санынан оқи аласыздар)

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір