«Фолкнер жас жүректен шыққан күнәсіз сезімді поэзия деп түсінген болуы керек…»
26.06.2019
1267
0

Әбубәкір Қайран

Ол – ақын. Күлсе де, жүрсе де, мұңайса да, шай ішсе де, сөйлесе де. Бүгін көсіле, шешіле сөйлеп отыр. Жүзі жылы, көзі ылғи күліп тұрады. Кейде кісінің көңіліне қарап, көтермелеп қояды. Иегі мен маңдайына дейінгі аралықтан жан-дүниесінің кардиограммасын толық көруге болады.

– Есіміңіз Әбубәкір. Соған қарағанда аталарыңыз дінге берік адамдар болғанға ұқсайды?
– Иә, мен Шығыс Қазақстан аумағындағы Тарбағатай ауданында тудым. Би Боранбай, Шәкі би, Орақбай батыр – біздің аталарымыз. Шәкі би Құнанбаймен жақын дос болған, қатар жүрген адам. Сол Шәкі бидің тікелей ұрпағымын. Шәкінің баласы Аббас. Ол кісіні жұрт Аббас молда дейтін. Осы Аббастан Қайран, Қайраннан Рахметолла, Рахметолладан мен тудым. Атымды әкемнің туған ағасы Жүніс атамыз қойыпты. Байқап отырсаң, барлығы діни есімдер. Жүніс те, Рахметолла да құранға жүйрік болған адамдар. Ал шешем сексеннен асып, бес уақыт намазын үзбей кетті.
– Бір өлеңіңізде «Күнге сапар шегіп кетті киелі үн» деген жолдар бар. Жалпы, ежелгі тасқа қашалған таңбалардан да күнбасты адамдарды көреміз. Мағжан да осы тақырыпты терең қаузайды. Сіздіңше, қазақ танымындағы күн бейнесі ненің белгісі?
– Қазақ Ислам дініне дейін Тәңірге табынды. Ал, Тәңір дегеніміз – көк, көк дегеніміз күн. Егер күн болмаса, көк те болмас еді. Бүкіл табиғатты, жан-жануар, адамзатты жарылқап тұрған күн емес пе?! Содан да болар біздің ата-бабаларымыз күнге табынған. Бұл үлкен ғылым деп білемін. Жаңағы өлеңге келер болсақ, мұндағы айтылар ой – адам баласының замана дауылы өткен сайын азып, тозғындап бара жатқаны. Адамның болмысына күннен, ғарыштан келген қасиеттердің көбі қайтадан ұшып кеткен тәрізді. Адамдар расында, рухани жағынан кері кетіп бара жатыр. Бұл өлеңде адамзат қоғамына деген ренішімді, ызамды жеткіздім деп білемін.
– Өлең жазып жүрсіз бе?
– Қазір жеке лирикалық өлеңдерді төгілдіріп жазып жүрмін деп айта алмаймын. Тарихи поэмалар жазуға көп көңіл бөліп кеттім. Осы жағынан табысты еңбек ету үстіндемін. «Кенесары» атты үлкен поэма жаздым. Жүз беттей шығады. Сонан кейін Әз Тәукенің «Жеті жарғысы» туралы «Мизан» дейтін поэма дүниеге келді. Былтырғы жылдың аяғында «Үш арыстан» атты кесек поэма жазып бітіріп, «Жұлдыздың» жаңа нөміріне бердім. Бұл поэма Тоқтамыс, Ақсақ Темір, Едіге – осы үшеуі хақында жазылды. Тарихи тұрғыдан қарағанда, бұл үшеуін бір-бірінен ажыратып алуға болмайды. Тарихи дүние жазудың біршама қиындығы бар. Ғылыми деректерге үңілу, ақиқатын айыру сынды нәрселерге бек сақ болмаса болмайды. Дегенмен, биыл бір-екі өлең жазып қойдым-ау деймін. Егер өлең деуге келер болса.
– Фолкнер «Поэзияның жасы он алты мен жиырма алтының арасы» деп баға беріпті. Келісесіз бе?
– «Елу жастан кейін ақынға өлең жазудың қажеті жоқ» деген де пікірлер бар. Фолкнер тым қысқа қайырыпты. Ол кісінің бұлай деуіне не әсер еткенін білмеймін, менің ойымша, өлең төгіліп түскен тап-таза тұмса әлем. Мұндай өлеңдер тек жас кезде жазылатыны ақиқат. Оны мойындаймын. «Жас кезіңде жазғандай қайдан болсын» деп Мұқағали да айтады. Бұл дәл баға. Бірақ, ақынды нақты жаспен шектеуге келіспеймін. Фолкнер жас жүректен шыққан күнәсіз сезімді поэзия деп түсінген болуы керек.
– Өлең деген не?
– Өлең жайлы пікірім көп адамның пікіріне ұқсамайтын тәрізді. Мәселен, «Өмір деген не?» деген сұраққа әркім жеңіл ғана жауап беруге тырысады. Арғы мәніне үңілгің келсе-дағы бара алмай, аттың басын тез тартасың. Оған нақты анықтама беретін еш ғылым жоқ. Меніңше, бұған тек поэзия ғана нақты жауап бере алады. Мысалы, проза да, драма да, музыка да поэзиядай «Өмір деген не?» деген сауалға жауап бере алмайды. Кейде поэзиялық қуат келгенде қағазға жазып үлгере алмай кететін сәттер болады. Сосын орнын белгілеп кетіп, кейін ақ қағазға жақсылап көшіріп аласың.
– Қай жасыңызда өндіріп жаздым деп айта аласыз?
– Жас кезімнен бұрқыратып, өндіріп жаздым деп айта алмаймын. Өлең жазуға отыруым сирек болатын. Бір қызығы, бір отырғанымда бес-алты өлең жазып тастайтын кездерім болды. Таңға дейін жазатынмын. Сол қуатты бойыма жинап жүретін болуым керек. Жазылған өлең екінші бір өлеңді тудырып тұрады. Алдыңғы өлеңде айтылмай қалған бір ой жылт етіп, қайта қолға қалам алдырады. Міне, осындай өлеңдер жақсы шығады. Ал «мына жаста нақты өндіріп жаздым» деп айта алмаймын. Өзім көп жазуға қарсымын. Жаза беруге болады. Машықтанып алғаннан кейін «күніне қалай да бір өлең жазуым керек» деп отырсаң, жазасың. Бірақ олар ешқандай өлең болмайды. Совет дәуірінде неге шын ақындар аз болды. Өйткені, олар кітаптарын алдын ала жоспарға енгізіп, жинақты толтыру үшін арнайы жұмыс істеді.
– Қадыр Мырза-Әлі де солай жұмыс істеді емес пе, бірақ жаман ақын болған жоқ.
– Жақсы ақын не жазса да жаман жазбайды. Бұл жерде ең бір назар аударатын жайт – ақынның талантында болу керек. Ол керемет талант және өлеңді қалай жазуды әбден меңгерген сара талант. Алдына жоспар қояды, бөлімге бөледі, осының бәрі үлкен шығармашылық жұмыс. Бұл қасиет барлық ақынға қона бермейді. Қадыр ақын осы жағынан өзге ақындардан дараланады. Оның әрбір өлеңі бір-бірімен жалғасқан циклдық туындылар. «Домбыра» дейтін жинағы болсын, басқасын алып қарасақ та, бір өлеңді екіншісінен бөліп қарай алмайсың. Тұтас дүниелер.
– Темірхан Медетбек қандай ақын?
– Мықты ақын. Ерекше ақын. Бұл кісінің әу баста-ақ поэзиясының құрылысы басқа. Сонсоң ойын жеткізу ерекшеліктері мүлдем өзгеше ақын.
– Жеке өміріңізде бақыттысыз ба?
– Бір Жаратушы иеге мың тәубе, өзімді ең бақытты адаммын деп санаймын. Сондықтан да «жаратқаныңа тәуба», «бергеніңе тәуба» деп ылғи айтып жүремін. Жаратқаннан артық бақыт та сұрамаймын. Оның себебі, бір Алланың қолдауымен қатал қарсылықтарға, аса алмас асуларға жолыққам жоқ. Отбасылық өмірде өзімнің сүйген адамыммен бас қостым. Перзентті болдым. Бір қыз, үш ұл, он немерем бар. Осындай адам ең бақытты болмай, қалай болады?! Құдай көпсінбесін.
Осы сәтте біз отырған бөлменің ашық есігінен қос сұлу қолтықтасып өтіп бара жатты. Алпысты еңсерген ақын бір сәт құла ішіндегі торысына, екеудің ішіндегі ай жанарлы, аққұба өңді аруға көз тоқтата қарады. Осы бір тосын мінезден ақын бойындағы сұлулыққа ғашықтықтың мәңгілік сөнбейтінін, жыл өткен сайын шоқ тиген шырпыдай лаулай беретінін байқайсыз. Іштей ақындық болмыстың жарасты бедеріне қол соғасыз.

– Байқаймын, сұлулыққа құштарлығыңыз бір мысқал төмендемеген секілді?
– «Сұлулық» дейтін өлеңім бар. Сендер­дің газетке де шықты. Он бес шумақ өлең. Сонда сұлулықтың қандай болатынын, категорияларының бәрін жазғанмын (күлді).
«Оралхан ағам маған: «Әй, сволш, сен сатқынсың!» – деді»

– Шығармашыл таланттар поэзиямен бастап, прозаға келсе, сіз әуелде прозадан бастап, кейіннен поэзияға көшіпсіз…
– Иә, қызығы сол, мен әдебиетке прозамен келгенмін. Сегізінші, тоғызыншы сыныптардан бастап, «Семей таңына», «Қазақстан пионеріне» жазып тұратынмын. Алтыншы сынып оқып жүргенде «Қазақстан пионеріне» «Көкбура» дейтін әңгімем жарияланды. Онан соң бірталай әңгімелер жаздым. «Лениншіл жасқа» да бір әңгімем басылды. Прозамен біршама танылдым. 1977 жылы Жазушылар одағында Республикалық жас жазушылар кеңесі өтті. Семейден жалғыз өзім прозадан келдім. Бізді әкелген Медеу Сәрсеке деген ағамыз болатын. Поэзиядан Төлеген Жаңғалиев пен Айбек Сапышев келді. Сол жиында Оралхан Бөкей мені қатты мақтап, арқамнан қақты. Онда ара-тұра өлең де жазамын және өлеңдерімнің бәрін жатқа оқитынмын. Мені көрген Тұрсын аға (Жұртбай): «Сенің ақындығың мына келіп жүрген ақындардан кем емес», – деп, Қадыр, Тұманбай сынды ағаларға жетелеп апарып, өлең оқытқызды. Асау сарынмен өлеңді керемет оқитынмын. Содан өлеңдерім мақталып, «Мына бала прозада не істеп жүр?» деген сөздер естідім. Осы пікірлер әсер етті ме, білмеймін, бұдан соң прозадан суынып, поэзияға қарай біржола бет бұрдым. Жыл сайын Алматыда фестивальдар болатын. Үзбей келетінмін. Соның тағы біріне келгенімде Оралхан ағам маған: «Әй, сволш, сен сатқынсың!» – деді. Мен түсінбей абдырап қалдым. «Сатқын» деген ең жаман сөз ғой. Артынан: «Сен прозаны сатып кеткенсің», – деді…
– Кейіннен прозаға оралдыңыз ба? Жақында ғана «Қазақ әдебиетіне» «Күмән мен күнә» атты новеллаңыз шықты. Өз басым, тұшынып оқыдым.
– Иә, соңғы жылдарда өзімен-өзі түйдектеліп прозалық дүниелер келе бастады. «Мен неге жазбаймын?» – дедім ішімнен. Жазғым келіп жүрді. Еріксіз қолға қалам алып, жедел екі новелла жаздым. Бірі – жаңағы сендердің газеттеріңе шыққан «Күмән мен күнә», бірі – «Бақытты өмір сүретіндер» деп аталды. Газетке беріп едім, Дәурен сатыр-сұтыр жылдам-ақ басып жіберді. Іле жұрттың жақсы сөздерін естідім. «Құлпытас» деген тағы бір прозалық дүнием де жазылып бітті. Новеллалармен біршама шұғылдансам деймін. Бұл жанрдың негізгі ерекшеліктерін көп адам түсінбей ме, әлде қиынсына ма, білмеймін, иірімі көп, айтар ойы, құпиясы соңында ашылатын бұл бір керемет жанр ғой. Мені қызықтыратыны да осы. Оқырманды үйіріп әкеліп, соңында ашылатындығы. Баяндау тәсілдерінде де біраз өзгешеліктер бар.
– Әбіш Кекілбаевтың бір мақаласынан «Әбубәкірдің еркелігін де қоғам көтере алмады» деген сыңайлы жолдар оқып едім…
– Жасыратын ештеңесі жоқ, жас күнде басынан сөз асырмайтын тентектеу болдым. Менің ақындық атағымды шығарған «Қасқыр», «Аспан» атты өлеңдерім еді. «Ар мен Зар» деген поэмам да болатын. «Қасқыр» деген өлеңімнің ішінде сол кездегі қоғамға ашық қарсылық танытқан тасқындар болды. Мені өз-өзіне сыймай жүретін тентек деп қабылдайтыны сол буырқанған ойлардың, іштегі алаудың әсері ғой деймін.
– Еліктеу деген не?
– Жас кезімнен еліктеу деген нәрсені түсінген жоқпын. Еліктеп бастаған ақын кейіннен өз жолын тауып кетеді дегенге сенбеймін. Бұл кез келген шығармашыл жасқа кері әсерін тигізеді. Еліктегендердің көбі өзін таба алмайды. Әр талант өз ішіне үңілуге тиіс. Еліктеу – ақынға да, жазушыға да опа бермейді. Жастар осыдан аулақ болса екен.
– Алдағы жоспарларыңыз?
– Он бес баспатабақтан артық «Отан» атты кітап дайындап, «Таймас» баспасына өткіздім. Ол кітап былтыр шығып кетуге тиіс болатын. Бірақ шықпады. Сол дап-дайын кітабымды таяуда «Әдебиет» баспасына тапсырдым. Бұл кітап көбіне тарихи поэмалардан құралған. Алдағы тағы бір жоспарым – новеллаларымды еңсеріп, он бес-жиырмадай новеллалық дүние жазып тастасам деген үміттемін. Тарихи поэмаларға да қалам тарту ойда бар.
– Жаңа өлең оқып беріңізші.
– Бір тауымнан биік болды бір тауым,
Шымырлауым керек пе енді шырқауым.
Шындықтардың шылдырлаған шынжыры,
Ішімдегі іріп жатқан мылқау үн.

Шындықтардың шылдырлаған
шынжыры –
Ақын жанның айтылмаған мың жыры.
Шынжырымен шындық өліп кетсе егер,
Той жасайды топастықтың құзғыны.

Қаптап сонсоң ылғи ойсыз күлкілер,
Адалдықтың аппақ туын мың тілер.
Тойған торай томпаң қағып жүгіріп,
Күйсіз аққу күзгі аспанда күрсінер.

Бір кеңістік – ішкі дүние, ішкі әлем,
Ішкі әлемді бір нүктеде ұстап ем.
Сол нүктені сорлы басым айналып,
Ұятты күн ұясынан шықты әрең.

Есілем бе, көсілем бе, не етермін,
Не нәрсе екен түбіндегі кесемнің?!
Заһар болсын,
шекер болсын,
мен соны,
Бір-ақ ішіп, жетеріме жетермін!

Арқаланып оқыды. Өлең оқымағалы біршама уақыт болса керек. Зер салып қарасаңыз, ақын тұрпаты кәдімгі аңғал бала секілді. Жан көйлегін тарам-тарам жолдарда да, құйынды дауылдарда да кір шалдырмай сақтаған бұла ақын көз алдымда кенет көкжиекке сіңіп кете барды. Ауада ой, аңсар, үміт үшеуі ілініп қала берді.
– Әңгімеңізге рахмет! Жазар көбейсін!

Сұхбаттасқан
Батырхан СӘРСЕНХАН

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір