МЕМЛЕКЕТ БАСШЫСЫ ЖАЗУШЫЛАР ОДАҒЫНА КӨЛІК СЫЙЛАДЫ
25.06.2019
698
0

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Қазақстан Жазушылар одағының ұжымына қос бірдей темір тұлпар сыйға тартылды. Алматыға іссапармен келген ҚР Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің меңгерушісі Аида Балаева одақ төрағасы Ұлықбек Есдәулетке көлік кілтін салтанатты түрде табыс етті.

Кездесуде Аида Балаева ұлттық рухани әлеуетті ілгерілету ісінде қаламгерлер қауымы ауқымды рөл атқаратынын айта келе: «Ақындарымыз бен жазушыларымыз өзінің қалам қуатын ұлт игілігіне, мемлекет тәуелсіздігін тұғырлы етуге арнады. Талай игі бастамаларға серпін берген «Рухани жаңғыру» бағдарламасының жүйелі жүзеге асуына, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласынан туындайтын міндеттерді жұртшылыққа жеткізуде олар ауызбірлік таныта білді. Тиісінше мемлекет те әдебиет пен өнерді ұдайы қолдап келеді. Өткен жылы ғана «Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет» жобасы аясында ел тарихында тұңғыш рет әдебиетіміздің проза және поэзия жанрындағы іргелі туындылар БҰҰ-ның алты тіліне аударылды. Олардың әрбірі кемінде 10 мың тиражбен жарық көріп, әлемнің жетекші университеттерінің кітапханаларына тарады», – деді.
Ал Жазушылар одағының Бас­қарма төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет:  
«Жазушылар одағы былтырғы жылы халықаралық деңгейде бірнеше іс-шара ұйымдастырды. Әлемдік астаналарға арналған дәстүрлі поэзия фестивалін, Азия мен Еуропа  қаламгерлері бас қосқан халықаралық форум өткіздік. Әрдайым мемлекеттің қолдауын сезініп келеміз. Күні кеше ғана Жазушылар одағына қарасты Шығармашылық үйі қайта жасақталып, шипажайға айналды. Ұлт әдебиетіне жасаған қамқорлығы үшін Қасым-Жомарт Кемелұлына зор алғысымызды білдіреміз», – деді.

ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір