Жазылған жайттың жалғасы
24.10.2015
1308
0
1199076_originalКемінде екі жүз жылдық тарихы бар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Ор­талық музейдің (әрі қарай – Орталық му­зей) сау басы тағы да саудаға түсіп отыр. Бұл тұста сау басы деп отырғаны-мыз – Орталық музейдің дәл қазір ел-жұрт арасында да, халықаралық деңгейде де өзінің қарымды еңбегінің қомақты табыс­тарымен үлкен беделге ие болғандығын біл­діру. Шынтуайтында, Орталық музей 2005 жылы ресми мемлекеттік аккредитация мен аттестациялаудан ойдағыдай өтіп, отандық музейлер арасында шынайы ғылыммен айналысып отырған бір­ден-бір музей десек, асырып айтпас­пыз. Музей ұжымы жарыққа шығарып, бұл күндері сирек басылымдар қатарына еніп үлгерген өз қорындағы тарихи-мә­де­ни құндылықтардың онға жуық ғылыми ка­талогтарының танымдық тағылымы өз алдына, түрлі-түсті сан алуан тарихи суреттер һәм кескіндермен көркемделген әрқайсысы 100 б.т. құрайтын бес томдық ғылыми-этнографиялық энцикло­пе­дия­ның жарыққа шығуы ғылым әлеміндегі то­лымды табыс ретінде бағалауға әбден тұрар­лық еңбек. Ал музей қызмет­кер­ле­рінің мәдени және білім саласындағы же­тістіктері – өз алдына әңгіме.
2012 жылы Алматы қаласының сол кез­дегі әкімі Ахметжан Есімовтің Қа­зақ­стан Республикасының Премьер-Ми­нист­рі Кәрім Мәсімовтің атына жолдаған ха­тындағы аталмыш музей мен оның қорын қа­ланың коммуналдық меншігіне беру жө­ніндегі өтініш-талабынан басталыпты. Дәл осы құралыптас төртінші хат тағы да осы жылдың 28 шілдесі күні аталмыш ад­реске жөнелтіліпті.
Расында да, дүйім жұртшылықты дүр­ліктірген һәм музей ұжымын әрі-сәрі пұ­­шайман күйге түсірген осынау «гөй-гөй­дің күйі» күні бүгінге дейін толастаған емес. Қатарынан төрт жыл!
Ең «жұмбақ» жайт – қызметін ауыстырып жатқан әкімнің әлгі соңғы хатқа да қол қойғандығы… Бұл хаттағы да айтылған не­гізгі уәж – Орталық музей Астанадағы жаңадан бой көтерген Ұлттық музейдің экс­позициясының мазмұнын қайталайды-мыс?! Алайда, білікті мамандардың айтуына қарағанда, құрылымы мен ауқымы жа­ғынан екі музей бір-біріне мүлдем ұқ­са­майды. Тіпті, олардың өзара ұқсастығы да, халықаралық музейлік тәжірибеге ден қойсақ, Орталық музейдің мем­ле­кет­тік деңгейдегі статусын төмендетуге негіз бо­ла алмайды. Себебі, өнегесі озық елдерде бір мемлекет тұрмақ, бір елді ме­кен­нің, бір қаланың аумағында аты да, за­ты да өзара ұқсас музейлер аз емес. Қайта мұндай «параллелизм» музей жұ­мысын жандандырудың ілкімді меха­­низмі – бәсекелестікті күшейтеді екен.
Сонымен, Орталық музейдің ғимараты мен оның қорын, Алматы әкімшілігі көк­се­­гендей, қаланың меншігіне беру оның мен­­шік субъектісі мен меншік форма­сы­ның мүлдем өзгеруіне алып келеді. Бұл де­геніңіз жап-жақсы жұмыс істеп тұрған Қа­зақстан ғана емес, Орталық Азиядағы қа­рия музейдің жоғарыда айтылған екі жүз жылдық тарихының аяқталуы деген сөз. Ал Алматы әкімшілігінің аталған хат­тардағы Орталық музейдің орнына көп функционалды мәдени орталық құру жөніндегі пікірін жоғарыда айтылған жай бойын­ша музейдің жойылатындығын ашық айтқандығы деп қабылдаған ләзім (осыған орай, 2004 жылы Қазақстан Рес­публикасы Президенті Әкімшілігінің тап­сырмасымен Орталық музей қызмет­кер­ле­рі Наурызбай батыр мен Қарасай ба­тыр көшелері қиылысындағы бұрынғы НКВД, кейінгі КГБ орналасқан ғимаратта жасақтаған саяси қуғын-сүргін тарихы атты республикалық музейінің қала балансына өткеннен кейінгі сатылып кетуі жайты еріксіз еске түседі).
Алматы қаласына дербес музей қажет болып бара жатса жаңа ғимарат тұрғызу я болмаса соған лайықты үй табу Алматы тәрізді алып шаһарға түк те емес. Есесіне еліміздегі ең көне музейдің шаңы­рағын шайқалтпай, іргесін бүлдір­мей болашақ ұрпаққа бүтін күйінде табыс­таймыз. Ел-жұрт емеспіз бе. Осынау ал­мағайып заманда қазақ мәдениеті мен ғылымындағы орны толмас ойсырауға апа­ратын мұндай келеңсіздікке елдің бет­ке ұстар зиялылары қатты алаң­дау­шы­­лық білдіріп отыр. Төменде отандық ғы­­лымның саңлақтары академиктер Әбдуәли аға Қайдар, Рабиға апа Сыздық, һәм Мұрат Әуезов, Дулат Исабеков, Сейдахмет Құттықадам, Бақыт Қайырбеков, Тимур Сүлейменов, Марат Сембі сынды барлығы он мыңға жуық қазақ мәдениеті мен әдебиетінің көрнекті өкілдері қол қойған Қазақстан Республикасы Пре­мьер-Министрі К.Қ.Мәсімовтің атына жол­­даған Ашық хаты жарияланып отыр.

Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрі
К.Қ.Мәсімовке

Аса құрметті
Кәрім Қажымұқанұлы!

Ғаламторда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейін Алматы қаласының коммуналдық мен­шігіне беру, сөйтіп оны қалалық музей ретінде қайта құрылатындығы туралы ақпарат пайда болды.
Біз мұндай қайта құру, шынтуайтында 200 жылдық тарихы бар, жемісті жұмыс істеп жатқан музейдің қол-аяғын құрсаулап, «сал күйге» түсіретін жайт деп санаймыз. Қазақстанның ең «қария» музейі тәуелсіздік жыл­дары отандық музейлері арасынан бірінші болып ғы­лыми-зерттеу мекемесі атанған еді. Мұндай статусқа қол жеткізудің бірегей нәтижесі ретінде энцик­ло­пе­диялық еңбек – «Қазақтың этнографиялық категориялар, ұғымдар мен атауларының дәстүрлі жүйесі» бес­томдығының жарыққа шығуын көрнекі айғақ ретінде кел­тіруге болады. Бұл еңбек отандық және шет елдік ма­мандар тарапынан аса жоғары бағаланып жатыр. Соң­ғы жылдары музей қызметкерлері тарапынан 20 ғы­лыми басылым мен 500-ден астам мақала жария­лан­ды. Әлеуетті шығармашылық ұжым қалыптасты. Қазіргі кез­де музейдің ғылыми қызметкерлері алты ғылыми-зерт­теу жобасын жүзеге асыруда. Олардың екеуі – ха­лықаралық жоба. Мұның барлығы, сайып келгенде, ғылыми кадрлардың мұқият іріктеу жолымен музейді толыққанды ғылыми-зерттеу мекемесіне айналдырудың жемісі болды. Жыл сайын музейге келушілер саны 130 мың­нан асып отыр.
Музейдің статусын төмендетуді қалайтын бастама­шы­лар Елордадағы мемлекеттік статус алған Ұлттық музейдің ашылуын тілге тиек етеді. Олардың ойынша бір мемлекетте екі «орталық» музей болмауы керек кө­рінеді. Біздіңше, Қазақстан үшін мұндай дәрежедегі екі музей артық емес, керісінше аздық етеді. Мәселен, Ресейде федеральдық деңгейдегі 200-ге жуық мем­лекеттік музей бар. Біз осы музейлердің бірі – Омбы музейімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейміз.
Премьер-Министр мырза, Сіз 2012 жылы біздің үн­деуімізді қолдап, ҚР Мемлекеттік Орталық музейдің қалалық балансқа берілуін, сөйтіп оның базасында «көп салалы мәдени-сауық орталығын» құрудан құт­қар­ған едіңіз. Бұл жолы Сізге тағы да зор үмітпен хат жа­за отырып, Сіздің пәрменді көмегіңіз бұл мәде­ниет­сіз­дендіру актісіне тосқауыл қояды деп сенім артамыз.
Ck12_01 Ck12_03 Ck12_04 Masimovu_n
ПІКІР ҚОСУ

Ваш адрес email не будет опубликован.

Пікір